– Қайрат Қапарұлы, Ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан құрудағы зерттеу университеттерінің басты рөлін ерекше атап өтті. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына ҚАТУ зерттеу университеті ретінде қандай үлес қоса алады? Оған университеттің әлеуеті жеткілікті ме?
– ҚАТУ-ға зерттеу университеті мәртебесінің берілуі оның құрамына үш еншілес ұйымның – А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының, Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорация ғылыми-зерттеу институтының енуі сияқты маңызды оқиғамен тұспа-тұс келді. Бұл, біріншіден, университет ғылымының қарқынды дамуына, екіншіден үш кәсіпорынның аяғынан тік тұруына негіз болды. Қазір, екі жыл өткеннен кейін біздің алдымызда өндіріс, білім және ғылымды ықпалдастырудың жаңа жолы ашылғаны анық. Ал біз басында жалақы бойынша да, банктер алдында да қарыздары бар, ұзақ мерзімді даму туралы нақты көзқарасы жоқ, техникалары ескі дағдарыстағы кәсіпорындарды алған едік. Осындай, шын мәнінде, бірегей өндірістерді қалпына келтіруге университетіміздің барлық дерлік ғылыми әлеуеті жұмылдырылды. Біздің ғалымдар, мамандар оларға үнемі барып тұрды. Күні бүгінге дейін біз тұқым себу, көктеп өскен егінді өңдеу немесе егін жинау сияқты жұмыстың барлық кезеңін мұқият қадағалап отырамыз. Мен ҚАТУ мысалында ғылым мен өндірістің қалыптасқан тандемін сөз емес, іс жүзінде байқауға болады деп сенімді түрде айта аламын.
– Бүгінде қол жеткізген нәтижелеріңіз қандай?
– А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ҒӨО – Қазақстанның дақылдарының жаңа сорттарын шығарумен, сондай-ақ оларды өсіру технологияларын әзірлеу бойынша қолданбалы зерттеулермен айналысатын республикадағы жетекші мекеме.
Ғылыми әзірлемелерді ендіру, сондай-ақ агротехнологияны сақтау өткен жылы егін жинау жұмыстарын 16 қыркүйекте, яғни оңтайлы мерзімде аяқтауға мүмкіндік берді. Мұнда гектарына 14,7 центнер (бұл аудандық және облыстық орташа көрсеткіштерден тиісінше гектарына 5 және 5,5 центнер жоғары) өнімділікпен 3657 тонна жоғары репродукциялы тұқым жиналды.
ҒӨО цифрлы технологияларды, ақпараттық-талдау, анықтамалық және геоақпараттық жүйелерді, Жерді қашықтықтан зондтау деректерін, заманауи зияткерлік техниканы пайдалана отырып, біртіндеп «Ақылды ауыл шаруашылығы» тұжырымдамасына көшті.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің су үнемдеу технологияларына, органикалық егіншілік қағидаттарына көшу жүзеге асырылуда.
Нәтиже ретінде айтарым, бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін сатудан түскен табыс артты. Тұтастай алғанда, ҚАТУ-дың қатысуымен 2021 жылы бағдарламалық-нысаналық, гранттық және базалық қаржыландыруға өтінімдерді қалыптастыру, негіздеу арқылы 1 071,5 млн теңге бюджет қаражаты тартылды. 311,2 млн теңге кредиторлық берешек толығымен өтелді. ҒӨО-ның бүгінгі күні банктік қарыздары жоқ.
«Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС соңғы екі жылда үдемелі құрғақшылық жағдайында рекордтық көрсеткішке ие болды. Дақылдардың барлық түрі бойынша гектарына орта есеппен 20 центнерден астам өнім алды.
Ал осыдан екі жыл бұрын кәсіпорынның дамуында мұндай жетістік туралы сөз болуы мүмкін емес еді. Университет ғалымдары өз білімдерімен, ғылыми ізденістерімен кәсіпорын қызметіне араласқаннан кейін ғана Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы аяғынан нық тұрды.
Мұнда өткен жылдың қорытындысы бойынша 12 316 гектар алқаптан 24 869 тонна астық бастырылып, орташа өнімділік гектарына 20,2 центнерді құрады (соңғы 15 жылдағы рекордтық өнім), бұл облыстық орташа көрсеткіштен 9 центнер, аудандық орташа көрсеткіштен 6 центнер жоғары. 2021 жылы 8 мың тонна перспективалы сорттардың жоғары репродукциялы тұқымдары жиналды. Бұл тұқымдар толығымен сатылды. Оның бір мың тоннасы екі ел арасындағы үкіметаралық келісім бойынша Қырғызстанға экспортталды. Өткен жылдың соңында жалпы табыс 1,8 млрд теңгеден 2,8 млрд теңгеге дейін өсті, ал таза пайда 187 млн теңгеден 956 млн теңгеге дейін, яғни 5 еседен астам өсті. Стансаның бірінші бөлімшесінің техника паркі толығымен жаңартылды.
Мұндай көрсеткіштерге екі жылдан аз уақыт ішінде қол жеткізілгенін ерекше атап өткім келеді. Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы біздің университетке берілген уақытта кәсіпорынның қарызы 940 млн теңге болатын. Бүгінгі таңда кәсіпорынның тұрақты дамуы туралы нық сеніммен айтуға болады. Оның инфрақұрылымы жаңартылып, жұмысшыларының жалақысы көтерілді.
Тағы бір еншілес ұйым – «Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің (ҚазОШАҒЗИ) 3 филиалы бар: Алматы, Батыс және Алтай. Өткен жылы мұнда аумағы 4 гектар болатын ғылыми тәжірибелік орман питомнигін құру жұмыстары басталды. ҚАТУ мен ҚазОШАҒЗИ-дің бірлескен жұмысының нәтижесінде 2021 жылы ҒЗИ-дің кірісі 1,6 есе артып, 511 млн теңгеге жетті.
Үш ұйымның әрқайсысы өзінің бірегей қызметін атқарады және олар университет үшін ғылыми-зерттеулерді жүргізу және білім алушылардың оқу тәжірибесінен, ғылыми тағылымдадан өтуін ұйымдастыру тұрғысынан қуатты өндірістік база болып саналады. Студенттер, магистранттар, докторанттар қажетті кәсіби біліктер мен дағдыларды тікелей осы өндірістерде игереді.
– Сіз бүкіл оқу процесі егістікке ауыстырылды деп айтқыңыз келе ме?
– Жоқ, әрине. Оқу дәстүрлі форматта жалғасуда. Біздің университетте оқығысы келетіндер саны жыл сайын артып келеді. Оған, әрине, жоғары оқу орнының білікті профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ университеттің жабдықталу деңгейі, зертханаларында ғылыммен айналысу үшін жасалған жағдайлардың әсері мол.
Өткен жылы «Орман шаруашылығы, жабайы табиғат және қоршаған орта» атты жаңа факультет ашылды. Бұл – жоғары сұранысқа ие бағыт. Университетте қосдипломды білім беру бағдарламасы бар, біз әлемнің 30 елінің университеттерімен және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен ынтымақтастық орнаттық.
Францияның AgroParisTech аграрлық университетімен ынтымақтастығымыз академиялық қызметте мол тәжірибе алуға мүмкіндік беріп отыр. Түлектеріміздің 90 пайызы оқу орнын бітіргеннен кейін жұмыспен қамтылады. Біздің еңбегіміздің басты көрсеткіші осы емес пе?
– Айтыңызшы, жоғары білікті маманды қалай тұрақтандыруға болады? Өйткені қазіргі кезде көптеген адам заманауи ғимаратта, жайлы жағдайда жұмыс істегісі келетіні белгілі…
– Иә, біз ескі ғимаратта орналасқанбыз, бірақ қазекем айтқандай, бастысы – «сұлуынан жылуы» ғой. Біз үшін әрбір оқытушы, әрбір қызметкер қымбат. Сондықтан оларға ең қолайлы жағдайды, біріншіден, жұмыс орнында, екіншіден, университеттің жергілікті кәсіподақ ұйымы арқылы жасаймыз. Кәсіподақ мүшелері үшін әртүрлі материалдық көмек түрі қарастырылған. Мәселен, олардың барлығы қалалық және қала маңындағы қоғамдық көліктерде тегін жүретін карталарымен қамтамасыз етілген. ҚАТУ-де кемінде бір жыл жұмыс істеген қызметкер елдегі заманауи үздік емханаларда тегін тексерістен өтуге және ем алуға мүмкіндік беретін медициналық сақтандырумен қамтамасыз етіледі. Жергілікті кәсіподақ ұйымы жыл сайын өзінің жүздеген мүшесін Қазақстандағы шипажайларға тегін жіберіп, барып-қайту жол ақысын да төлеп отырады. Оған қоса кәсіподақ мүшелеріне бағалы сыйлықтар берілетін түрлі іс-шара өткізіледі. Айта кететін жайт, биыл кәсіподақ ұйымының қатары кеңейді. Университет пен еншілес кәсіпорындардан бөлек, жергілікті кәсіподақ ұйымының құрамына агроөнеркәсіп кешенінің тағы 4 кәсіпорны өз еркімен қосылды.
– Қайрат Қапарұлы, аграрлық ғылымда мәселе көп шығар? Аграрлық жоғары оқу орындары деңгейінде нені өзгертуге болады деп ойлайсыз?
– Әртүрлі деңгейде шешілетін мәселе жеткілікті. Мысалы, жобалық-мақсатты қаржыландыру бойынша жобаларды іске асырудың мерзімі қысқа. Үш жыл ішінде жобаны толық жүзеге асыру мүмкін емес екені анық.
Бірақ біз шағымданумен айналыспаймыз, жұмыс істейміз. Жас ғалымдардың ғылымға деген құштарлығы қуантады. Қазіргі таңда магистранттар мен докторанттар жасаған жобалар іске асырылуда. Олар – шын мәнінде өміршең жобалар. Таяуда солардың бірі – «Құс: ауладан дастарқанға дейін» атты жоба ENACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO студенттік кәсіпкерлік, стартаптар және инновациялар саласындағы Ұлттық байқаудың жеңімпазы атанды. Қазір осы жоба жеңімпаздары күзде Пуэрто-Рикода өтетін халықаралық чемпионатқа дайындалуда.
ҚАТУ-дың «Balqymyz – энергетикалық сусын» атты тағы бір жобасы Ғылым қоры ұйымдастырған республикалық байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Бізде мұндай мысалдар көп. Әрбір жоба қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020-2022 және 2021-2023 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруы аясында қазіргі уақытта 31 жоба жасалуда, оның 19-ы – жас ғалымдардың жобалары, олардың жалпы сомасы 1 029,83 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ 2021-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бағдарламалы-нысаналы қаржыландыруы аясында жалпы сомасы 8 420,47 млн теңгені құрайтын 12 ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылуда.
Жақында QS әлем университеттерінің Халықаралық рейтингінің нәтижелері белгілі болды. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті осы беделді рейтингтегі ТОП-16 қазақстандық ЖОО-ның қатарына енді.
Әңгімелескен
Миргүл БАҚТЫҒАЛИҚЫЗЫ