Қазақстан • 12 Шілде, 2022

Жаңа облыстардан Сенат сайлауына кандидаттар ұсынылады

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы отырысында Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері қаралып, ережелері нақтыланды, деп хабарлайды Egemen.kz ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа облыстардан Сенат сайлауына кандидаттар ұсынылады

Отырыс барысында сайлауға дайындық және оны өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту, сайлау құжаттарының кейбір нысандарын бекіту, депутаттыққа кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерлерін белгілеу мәселелері зерделенді.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Конституцияға сәйкес Сенатта әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және астанадан екі адамнан өкілдік ететін депутаттар болуы керектігін атап өтті.

Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы мәслихаттар депутаттары сайлайды. Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуді Орталық сайлау комиссиясы басқарады, өңірлерде тиісті аумақтық сайлау комиссиялары қамтамасыз етеді.

Ортсайлауком төрағасының орынбасары Константин Петровтың баяндауынша, үш облыстың әрқайсысынан 2 депутат сайланады: олардың біреуі – 2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне, екіншісі – 2020 жылғы 12 тамызда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне сайланады.

Конституцияға сәйкес, 30 жасқа толған, ел аумағында кейінгі 10 жылда және тиісті облыс аумағында кемінде 3 жыл тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алады. Сонымен қатар үміткердің жоғары білімі мен кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы керек. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтардың сайлауға және сайлануға құқығы жоқ. Соттылығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған адам, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсін сот таныған адам Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат бола алмайды.