Экономика • 13 Шілде, 2022

Экономист Жақсыбек Құлекеев: Мұнай кранды кері бұрағанда тоқтай қалатын су емес...

5234 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Әлемді шарпыған қымбатшылық пен геосаяси текетірестің салқыны бізге де сезіліп отыр. Қайтпек керек? Қазақстан қандай бағытты ұстануы тиіс? Ел газетіне эксклюзивті сұхбат берген белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев осы және өзге де сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Экономист Жақсыбек Құлекеев: Мұнай кранды кері бұрағанда тоқтай қалатын су емес...

Қазақстанның ғана басындағы мәселе емес

– Жақсыбек Әбдірахметұлы, әңгімені әлеуметті алаңдатып отырған азық-түлік бағасының тұрақсыздығынан бастағанымыз дұрыс болар. Баға неліктен ырыққа көнбей барады?

– Бұрын да айтқанмын, қазір де қайталайын, бұл Қазақстанға ғана тән мәселе емес. Әлем бойынша бағаның өсуі соңғы 30-40 жылда болмаған деңгейге көтерілді. Әсіресе, соңғы екі-үш жылдағы инфляцияның қарқыны қатты. Бұған әсер етіп отырған бірнеше себеп бар.

Бірінші себеп – пандемия. Салдарынан шектеулер күшейіп, шекаралар жабылды. Тиісінше тауарлардың бір мемлекеттен екіншісіне тасымалдануы қиындады. Бұрын іргедегі Қытайдан екі аптада жеткізілетін заттарды пандемия кезінде үш айлап, жарты жылдап күтуге тура келді. Сауда жақсы жүруі үшін тауарлардың тасымалы үзілмеуі һәм кідірмеуі керек. Тасымалдан кеткен кемшіліктің салдары бірден сезіледі. Әсіресе, біздің жағдайымызда. Өйткені Қазақстанда халық тұтынатын заттың көбі сырттан әкелінеді. Сондықтан тасымал тізбегі кідірсе яки үзілсе тауар дефициті орын алады. Артынша тауар бағасы да өзгереді. Сондай-ақ логистикада қалыптасқан тәртіп бұзылған жағдайда жол шығыны қымбаттайды. Бір ғана мысал, тауар тасымалдау мерзімі 10 күннен үш айға дейін өсетін болса, онда жол шығынының да еселеп артатыны да анық.

Екінші себеп – климаттың өзгеруі. Мұның салдарын біздің халық та сезініп отыр. Айталық, былтыр еліміздің бірнеше өңірінде қуаңшылық болды. Әсіресе, батыстағы облыстар біраз қиналды. Мал қырылды. Егін бітік шықпады. Биылғы жағдай былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда тәуір әйтеуір. Түптеп келгенде осының бәрі тауардың өзіндік құнына әсер ететін фактор. Мұндай қуаңшылық әлемнің көптеген елінде кездеседі. Мысалы, Еуропаның оңтүстік аймағындағы Италия мен Грекия бұрын-соңды болмаған қуаңшылықпен бетпе-бет келіп отыр. Өзен-көлдер тартылып, құрғап жатыр. Әдетте өзен-көлдің суын өсімдік шаруашылығына пайдаланатын мұндағы халық ойдағыдай өнім ала алмады. Өнімнің көлемі азайса, бағасының да қымбаттайтыны заңдылық. Сол секілді Африканың да көптеген аймағы қуаңшылықтың зардабын тартуда. Климаттың өзгеруі дегеніміз – қуаңшылық қана емес. Бір аймақта температура күрт көтерілсе, енді бірінде керісінше жағдай қалыптасып отыр. Мысалы, Антарктидада, Арктикада мұз еруде. Салдарынан мұхиттың суы көтеріліп жатыр. Мұхитқа жақын орналасқан кейбір мемлекеттерде жойқын су тасқындары тіркелуде. Әсіресе, мұхиттың Оңтүстік Азия бөлігіндегі мемлекеттерде, айналасын су қоршаған Аустралияда осындай келеңсіз жағдайлар жиі қайталанады. Еңбекші халықтың бүгін-ертең жинап аламыз деп отырған өнімдері судың астында қалып, түкке жарамай жатыр. Бұл да көптеген тауардың жоспарланған көлемде өндірілмеуіне себеп.

Үшінші себеп – геосаяси жағдай. Яғни Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс. Екеуі де Еуропадағы, әлемдегі ірі мемлекеттердің қатарына жатады. Әсіресе, Ресейдің жаһандық экономикадағы орны бөлек. Сондықтан соғысқа байланысты Ресейге салынған санкциялардың салдарын әлемнің өзге де мемлекеттері сезінуде. Ресей территориясы ең үлкен құрлықтық аумақты алып жатыр. Сол себепті ол тауарлардың, жолаушылардың тасымалына айрықша әсер етеді. Оңтүстік Азияның Еуропаға бағыттаған тауарларының басым бөлігі осы территория арқылы өтеді. Оны айналып өту өте қиын. Сол секілді Еуропадан Оңтүстік Азияға қатынайтын ұшақтардың дені Ресейдің үстімен ұшады. Санкция салынғалы бері солтүстіктегі көршіміздің «аспанын пайдалану» сап тыйылды. Ресей ұшақтары да ешқайда ұшпайтын болды. Осылайша, Оңтүстік Азиядан Еуропаға және кері бағытта тасымалданатын жүктің көлемі күрт төмендеп кетті. Осының бәрі әлемде қалыптасқан логистикалық тізбектің бұзылуына алып келді.

– Ендеше, жаһандық экономиканы тығырыққа тірейтінін біле тұра, Ресейге қарсы санкция салу қаншалықты тиімді?

– Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әлемнің 54 мемлекеті коалиция құрып, Германияға қарсы шаралар қолданғаны тарихтан мәлім. Осылайша, оның экономикасын күйзелтіп, соғысты шектеуге тырысқан еді. Нәтижесінде, әлем Германияны жеңді. Қазір де 50 шақты мемлекет Ресейге қарсы коалиция құрып, санкция салу ісіне қосылып отыр. Ондағы мақсат – Ресей экономикасына нұқсан келтіріп, әскери өнеркәсібінің әлеуетін төмендету. Соғыс – өте қымбат «ойын». Бұл кез келген экономикаға үлкен салмақ салады. Иә, Ресейге қарсы санкция салу жаһандық экономикаға кері әсер етерін бәрі біледі. Бірақ соғысты тоқтатпаса, оның зардабы тіпті орасан болмақ. Сондықтан әлем елдері мәжбүрлі түрде осындай қадамға барды.

Ресейге қарсы санкциялардың әлем нарығында тауар бағаларының өсуіне тигізіп жатқан әсері мол. Ресей де, Украина да Қазақстанмен экономикалық тұрғыдан тығыз байланыстағы мемлекет. Кеше бір одақтың құрамында болсақ, бүгін алыс-берісіміз, барыс-келісіміз дұрыс жолға қойылған серіктеспіз. Осы қақтығыстың салдарынан біздің экономикамыз да зардап шегіп, екі ел арасындағы қақтығысқа еріксіз «араласып» жатқандаймыз.

Экономикамыздың бағыты дұрыс

– Сонда Қазақстан баға саясатын өздігінен реттей алмай ма?

– АҚШ-та соңғы 40 жылда болмаған баға өсімі байқалып отыр. Бұл елдегі инфляцияның қазіргі деңгейі 8,6 пайызға тең. Әдетте АҚШ-тағы инфляцияның 3 пайыздан аспайтынын ескерсек, қазіргі көрсеткіш алпауыт мемлекет үшін тым жоғары. Сол секілді Еуроодақ құрылғаннан бергі соңғы 20 жылда бұл ұйымдағы инфляция деңгейі де 2-3 пайыздан асқан емес. Қазір Еуроодақтың да инфля­циясы 8 пайызға жақындап қалды. Байқаған­дары­ңыздай, дамыған елдердің экономи­касындағы бағаның өсуі де жоғары деңгейде болып отыр. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етуде. Әрине, бізбен салыстырғанда, дамыған елдердегі халықтың табысы өте жоғары. Олардың тұтыну тауарларын сатып алуға жұмсайтын табысының мөлшері аса бір қомақты да емес. Соның өзінде олар бағаның өсуіне қатты наразылық білдіріп жатыр.

Алпауыт елдердегі жағдай әлгіндей болғандықтан, Қазақстан секілді кішігірім мемлекеттердің жай-күйін елестете беріңіз. Дамыған елдердегі инфляцияның жоғарылығы біздің экономикамызға әсер ететіні де түсінікті. Салдарынан қазір Қазақстан экономикасындағы инфляцияның деңгейі 14 пайыздан асты. Бізде соңғы жылдары мұндай инфляция болған емес. Иә, тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары инфляцияның 3 мың пайызға дейін жеткенін білеміз. Қазір оның бәрін ұмыттық. Өйткені соңғы уақытта жүргізілген дұрыс экономикалық саясаттың нәтижесінде, елде макроэкономикалық тұрақтылық қалыптасты. Халық та осы тұрақтылыққа үйренді. Сондықтан тұрғындардың баға өсуіне қатысты дүрлігетіндей жөні бар. Бір анығы, Қазақстан баға саясатын өздігінен реттей алмайды. Бұған біздің шамамыз жетпейді.

– Ел экономикасының қазіргі жай-күйі қалай?

– Экономикамыздың бағыты дұрыс. Бес айдың қорытындысы бойынша өсім бар. Бірінші тоқсанда экономика 4 пайыздық өсім көрсетті. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Жартыжылдықтың қорытындысы әлі шыққан жоқ. Дегенмен, өсім 4-5 пайыз шамасында болуы мүмкін. Оған толық негіз бар. Алайда ел экономикасының кейбір секторында қалыптасып отырған жағдайлар алаңдататынын да ашып айтуға тиіспіз. Мәселен, біздің экономикамызда металлургияның алар орны ерекше. Ресей санкция шырмауына түскелі бері, өздерінің металлургиялық өнімдерін сыртқа экспорттауға шектеу қойды. Мұның салқынын біз де сезіп жатырмыз.

Қалай дейсіз бе? Ресейдегі «Северсталь», «Магнитогорск металлургия комбинаты» секілді ірі компаниялар өнім өндіруді қысқартты. Біріншіден, экспорт шектелді. Екіншіден, металл өнімдерін көп пайдаланатын Ресейдің өз ішіндегі өндірістердің дені тоқтап қалды. Бұл елде автомобиль шығаратын жиырма шақты ірі зауыт бар еді. Бұлардың көбі шетелдік компаниялармен бірлескен кәсіпорын болғандықтан, шетелдік брендтердің барлығы дерлік Ресей нарығынан жылыстағаны мәлім. Олардың «АвтоВАЗ», «ГАЗ тобы», «КаМАЗ» секілді кәсіпорындары да өндірісті барынша азайтты. Өткен айдың қорытындысы бойынша Ресейдегі автомобиль өндірісі 90 пайызға төмендеген. Бұл өндіріс тоқтады деген сөз. Осының салдарынан металға деген сұраныс азайды. Қостанайдағы Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі өндіретін темір кенінің бір бөлігі Қарағанды металлургия комбинатына жіберілсе, бір бөлігі Ресейдің металлургиялық компанияларына жөнелтілетін. Көрші елдегі зауыттар тығырыққа тірелген соң, шикізатқа деген қажеттілік төмендеді. Қажеттілік болса да, олар алдымен өз өніміне басымдық береді, тиісінше сырттан келетін шикізатты шектейді. Енді, міне, «Соколов-Сарыбайда» кен өндіру кеміп келеді. Бұл шикізат өндіретін секторларға әсер етуде. Осы бір мысалдан-ақ Қазақстан мен Ресей экономикасының қаншалықты тағыз байланысты екенін аңғаруға болады.

– Әлемдік мұнай нарығындағы жағдайды тұрақты деп айта аламыз ба?

– Мұнай-газ секторында Ресейге қарсы қабылданған шектеулер салыстырмалы түрде аздау және дені күшіне әлі енген жоқ. Еуропа Ресей көмірін тамыз айынан бастап алмаймыз деп мәлімдеді. Мұнайын осы жылдың соңына дейін алады. Келер жылдың наурызынан бастап Ресейден жанар-жағармай алуды тоқтатпақ. Еуропа құбырмен Ресейден алатын газға шектеу қойған жоқ. Дегенмен шектеуді Ресейдің өзі енгізіп, қазір бұрынғымен салыстырғанда газ сатуды бес есеге жуық азайтты. Соған қарамастан, көршіміз қазір мұнай өнімдерін бұрынғыдан да көп көлемде сатып жатыр. Ескеретін жағдай – ол санкцияға байланысты Ресейдің өз мұнайын Қытай мен Үндістанға әлдеқайда арзан бағаға өткізуге мәжбүр болып отырғаны. Мысалы, Brent маркалы мұнайдың баррелі 129 долларға дейін барған кездері болды. Бірақ сол кездерде Ресей өз мұнайын бұдан шамамен 40 долларға төмен бағаға сатты. Сондықтан санкцияның «игілігін» Қытай мен Үндістан көруде десек қателеспейміз. Еуропа Ресей мұнайын алуды шамалы азайтты, бірақ Азиядағы екі алып керісінше алатын мұнай көлемін ұлғайтып отыр. Сосын Қытай бұрын Иранның мұнайын көп мөлшерде алатын. Санкция шырмауында отырғандықтан Иран оны шамалы арзан бағаға өткізетін. Қазір Иран өз мұнайын Қытайға бұрынғы көлемде сата алмайтын болды. Себебі Ресей бағаны мүлдем төмендетіп жіберді. Қытай арзан мұнайды таңдайды, әлбетте. Дегенмен Иран да өз өнімін қалайда өткізуі керек. Сондықтан бұл мемлекет те Қытай мен Үндістан нарығынан айырылып қалмас үшін өз мұнайының бағасын арзандатуға мәжбүр. Осының барлығы әлемдік мұнай бағасының бір күнде 10-12 долларға дейін арзандауына алып келді. Біршама уақыт бұрын бір баррель мұнай 120 долларға сатылса, қазір баға 100 долларға дейін төмендеді. Ресей бұрын қандай дисконтпен сатса, сол деңгейді қазір де сақтауға мәжбүр. Әрине, көрші ел үшін мұнай бағасының жоғары болғаны тиімді. Дегенмен осындай жағдайлар мұнай бағасының тұрақсыздығын туындатуда.

Мұның Ресей үшін де зардабы зор

– Аға, әңгіме ауаны еліміз үшін тағы бір өзекті мәселеге қарай ойысып келе жатқан секілді. Каспий құбыр консорциумын айтып отырмын.

– Иә, соған келе жатырмыз. Каспий құбыр консорциумына қатысты сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Сондықтан мұнай тасымалдау үдерісі де әзірше тоқтамады. Бәрі штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Әрине, консорциумның Қазақстан үшін маңызы зор. Былтыр әлем нарығына шығарған 67 млн тонна мұнайдың 54 млн тоннасын осы құбыр арқылы экспорттадық. Жап-жақсы көрсеткіш. Егер консорциум жабылса, әлем нарығына осыншама көлемде өнім жетпей қалуы мүмкін. Яғни мұнай сатылымы азаяды. Бұл әлемдік нарықты теңселтіп, бағаның қымбаттауына алып келуі мүмкін. Меніңше, консорциумға қатысты шешімдердің жылдам қабылданып жатқандығының астарында басқаша мән жатыр. Бұл мұнай бағасының төмендеуіне қарсы жасалып жатқан әрекет секілді. Бағаның арзандауына G7 елдері басшыларының кездесуі де әсер еткен сынды. Алпауыт мемлекеттердің басшылары соңғы кездесуде бағаны қазіргі деңгейде ұстап, одан әрі көтермеуге уағдаласты. Мұның экономикалық негізі мынада: Ресей өз мұнайын нарықтағы бағадан 40 долларға арзан сатуда, салдарынан мұнайын өткізе алмаған Иран да бағаны арзандатты, енді өзге мемлекеттер де бағаны төмендетуге мәжбүр. Мұнай бағасының арзандауы дәл қазір Ресейге мүлдем қажет емес. Жалпы, қазіргі уақытта әлемдік нарықта мұнай тапшылығы жоқ. Каспий құбыр консорциумына қатысты сот шешімі осы тенденцияны бұзу үшін, яғни мұнай бағасын аздап көтеру үшін қабылданған секілді.

Біз үшін Каспий құбыр консорциумы төңірегіндегі мәселенің дұрыс шешілгені керек. Өйткені мұнай өндіру әрі тасымалдау – үздіксіз жүретін үдеріс. Оны тоқтатуға болмайды. Мыңдаған шақырымдық құбырдағы мұнай қатып қалса, оны үлкен температурамен қыздырып, қайта айдау берекесіз іске айналмақ. Мұндай жағдайда құбырлардың жарамсыз болып қалу қаупі де жоғары. Құбыр бо­йында үлкен насос стансалары тұр, ірі зауыттар орналасқан. Консорциумды тоқтату солардың да жұмысына нұқсан келтіреді. Жалпы, мұндай үздіксіз үдерісті тоқтатуға үлкен дайындық керек. Мұнай кранды кері бұрасаң, тоқтай қалатын су емес. Мұның осындай технологиялық ерекшеліктері бар. Сондықтан Ресейдің ішкі заңнамасының өзінде үздіксіз үдерісті бір сәтте тоқтатуға шешім қабылдауға болмайтыны анық жазылған. Демек бұл Ресейдің ішкі заңына қайшы келмек. Кез келген елде солай. Экономикалық тұрғыдан үлкен нұқсан әкелетін үздіксіз үдерістерді тоқтатуға уақыт берілуі керек. Әйтпесе, мұның астарында экономикаға, халыққа зиян әкелер салдар көп болуы мүмкін. Консорциумның үлкен акционерлерінің бірі, біздің Ресейдегі ірі серіктесіміз «Транснефть» компаниясының өзі аталған жағдайға қатысты сотқа шағым түсірді. Дұрыс шешім қабылданады деген үміттеміз. Солай болғаны қажет.

– Балама жолдар қарастырылып жатыр ғой...

– Дәл қазір Қазақстанда Каспий құбыр консорциумын алмастыратын балама жол жоқ. Егер компания жұмысы тоқтаса, оның Қазақстанмен қатар Ресей экономикасына тигізер зардабы да зор болмақ. Иә, консорциум арқылы негізінен Қазақстанның мұнайы тасымалданады. Ресейдің де мұнайы өтіп жатыр. Былтыр құбыр арқылы 11 млн тоннадай Ресей мұнайы экспортталды. Компания жұмысы тоқтаса, Ресей де өз мұнайын сыртқа шығара алмай қалады. Мұның артында өндірістің, онда еңбек ететін адамдардың тағдыры тұр. Сондықтан мұндай асығыс шешім қабылдау Қазақстан үшін ғана емес, Ресей үшін де зардап әкелмек. Иә, балама жол табуға болады. Бірақ бұған біршама уақыт керек. Қомақты қаржыны талап етеді. Консорциум жұмысы шынымен тоқтаса, бірнеше жылда оған балама болар жолдарды табарымыз анық. Мүмкіндіктер бар. Негізі Қазақстан «Теңізшевройлдағы», «Қашағандағы» мұнай өндіру көлемін арттырып, Каспий құбыр консорциумының қуаттылығын еселеуді көздеп отыр еді. Қазір құбыр арқылы жылына 67 млн тонна мұнай тасымалдауға болады. Оны 80 млн тоннаға дейін жеткізу көзделді. Акционерлер ол үшін қыруар қаржы жұмсады да. Өкінішке қарай жағдайдың осылай боларын ешкім білген жоқ. Ресей тарапы бізге аса бір қиындық тудырмаса да, ойланатындай-ақ әрекеттер жасап жатыр. Азды-көпті шектеулер біздің елде мұнай өндіріп отырған алпауыт компанияларды да алаңдататыны анық. Негізі бұл салада көңілге күдік ұялататын ештеңе болмауы керек. Сенім бәрінен маңызды.

Адами капитал алға сүйрейді

– Қазіргідей алмағайып кезеңде Қазақстан экономикасы қандай бағытты ұстануы керек?

– Біріншіден, көршілес мемлекеттердің барлығымен жақсы саяси-экономикалық қарым-қатынасты сақтауға тиіспіз. Геосаяси жағдайға байланысты түрлі пікір айтылып жүр. «Ресеймен қарым-қатынасты тоқтату керек» дегенді де естіп қаламыз. Соңғы жүз жылға жуық мерзімде тығыз өндірістік қатынаста болған екі ел экономикасын қысқа мерзімде ажыратып алу оңай емес. Оның бізге қажеті де жоқ. Саяси-экономикалық қарым-қатынасқа сызат түспеуі керек. Президенттің дәл осындай ұстанымда екенін көріп, біліп отырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресейге қарсы қолданылып жатқан санкциялық шаралар кезінде өте ұқыпты болып, өзіміз санкцияға түсіп қалмайтындай әрекет жасау керектігін баса айтты. Өйткені санкцияның ел экономикасына тигізер зардабы зор болады. Сондықтан отандық банк жүйесі Ресейге аударылатын, Ресейден келетін қаржының бәрін қатаң қадағалап отыр.

Екіншіден, тауар тасымалдайтын балама дәліздерді күшейту керек. Ресейге қарсы санкциялар ұзақ мерзімді сипатқа ие. Оның қанша жылға созыларын ешкім дөп басып айта алмайды. Әрине, жылдам аяқталғаны дұрыс. Десе де, Ресейдің қазіргі санкциялардан алдағы 20-30 жылда құтыла алмайтыны анық. Санкцияны қабылдау да, оны алып тастау да Еуроодақтың барлық мүшесінің ортақ келісімімен шешілетін шаруа. Бір мемлекет қарсы шықса шешім қабылданбайды. Жоғарыда айтқанымдай, санкциялар Ресей экономикасына ғана кері әсер етіп отырған жоқ, тұтас әлемнің экономикасына салқынын тигізуде. Бірақ үш-төрт жылдан кейін жаһандық экономика үшін бұл қалыпты жағдай болып кетуі әбден мүмкін. Ал Ресей мемлекетінің экономикасы санкцияның салдарынан жыл санап төмендей береді. Тіпті әлемдік экономика Ресейдің дамуын өзі реттеп отыруы да ықтимал.

Ресей экономикасы дағдарыстан көз ашпайтыны белгілі болып отыр. Себебі алдағы жылдарда бұл елде ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделген күрделі озық технологиялар шығару қиынға түседі. Өйткені бүгінгі озық технологиялар – әлем ғалымдарының ортақ жетістіктерінің нәтижесі. Ресейді алдыңғы қатарлы ғылым мен технологиялардың жетістігінен алшақтату ол елдің әлеуетін шектеп, экономикасының қарапайымдалуына алып келеді. Мысалы, бұл ел қазірдің өзінде LADA Granta-ны шығаруда отыз жылға кейін кетіп қалды. Аталған көліктің қозғалтқышы – 1990-жылдардың өнімі. Мұнда ABS жүйесі, қауіпсіздік жастықшасы, инжектор деген игіліктер жоқ. Шанағы бұрынғы LADA Granta-ға ұқсас болғанымен, ішкі дүниесі түгел ескі. Сондықтан ендігі жерде Ресей өндіретін көліктер еуро стандарттарға сәйкес келмеуі мүмкін. Бұл бір ғана мысал. Ресей экономикасының кез келген саласында осындай тенденциялар орын ала береді. Бұл бір жағынан Қазақстанға тиімді. Ресей – 140 миллионнан астам халқы бар үлкен нарық. Демек халық тұтынуды тоқтатпайды. Ресейдің ең жақын шекаралас мемлекеті біз болған соң олардың Қазақстаннан жақсы тауарларды сатып алуы тоқтамайды. Қазақстан ендігі жерде өндірісті ішкі нарық үшін ғана емес, көршілес Ресейдің нарығына да бейімдей отырып ұйымдастыруы керек. Қазірдің өзінде Ресейден кеткен автомобиль шығаратын ірі компаниялар Қазақстанға келуді көздеп отыр. Осындай мүмкіндікті мейлінше дұрыс пайдаланған абзал. Бұл жерде сақтық жасап, санкцияға түсіп қалмау жағына қатты мән беру де маңызды.

Үшіншіден, инвестиция тартуды тоқтатпау керек. Өкінішке қарай, қазір Қазақстан экономикасына келетін инвестицияның қарқыны төмен болып тұр. Бұған бірнеше себеп бар. Негізгісі – Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақта бірге болғандықтан, инвесторлар «Қазақстан да санкцияға түсіп қалуы мүмкін» деп қауіптенеді. Олардың күдігін сейілту үшін нақты қадамдар жасауымыз керек. Елде де, сыртта да инвестициялық форумдар өткізіп, мемлекеттің ұстанған бағытын, Президенттің жүргізіп отырған саясатын түсіндіру маңызды. Әлемнің Ресейге қарсы санкциялық саясатын қолдайтынымызды, Ресейдің ықпалына жығылып қайталама санкцияға түсіп қалмаудың жолдарын қарастырып отырғанымызды, мейлінше әлемге тән тәртіпті сақтайтынымызды жеткізу керек. Сонда инвесторлардың Қазақстанға деген сенімі күшейеді. Қазақстан үшін ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерді де айтуға тиіспіз. Ресейде, Орталық Азияда жұмыс істеген инвесторлар Қазақстанның әлеуетін онсыз да жақсы біледі. Сондықтан олар өздері де қызығушылық танытуы мүмкін. Қаңтардағы оқиға – Қазақстанның ішкі сая­си тұрақсыздығынан туындаған жағдай. Бұл жағдай да инвесторларды әлі де болса алаңдатып отыр. Осының да күмән-күдігін сейілтетіндей іс-әрекет жасауымыз қажет. Қазір саяси тұрақтылық қалыптасты. Экономикалық жағдай да жаман емес. Осының барлығын ішкі инвесторларға да, сыртқы инвесторларға да түсіндіруіміз керек. Сонда ғана біздегі инвестициялық климат жақсарады.

Төртіншіден, экономиканы тығырықтан алып шығатын білімді, білікті, іскер азаматтарға жағдай жасап, олардың өз әлеуеттерін толық іске асыруына мүмкіндік беру керек. Олардың Қазақстан билігіне деген сенімін күшейтетін шараларды қабылдау маңызды. Билік пен бұқараның, билік пен бизнестің ортасында өзара сенім болған жағдайда ғана экономика алға жылжиды. Қазірдің өзінде осы бағыттағы тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»