Елдің әскери-әуе күштері 73 жастағы Готабая Раджапаксаның Мальдив аралдарына ұшқанын растады. ВВС-дің хабарлауынша олар Мальдив астанасы Мале қаласына таңғы сағат 3.00-де жеткен.
«Конституция ережелеріне сәйкес және Шри-Ланка үкіметінің өтініші бойынша Шри-Ланка Әуе күштері бүгін таңертең (сәрсенбі) президентті, оның әйелін және екі қауіпсіздік қызметкерін Мальдив аралдарына жеткізу үшін ұшақ берді», делінген хабарламада.
Ел президенті өткен сенбі күні резиденциясына халық басып кірген соң 13 шілдеде қызметінен кетемін деп уәде берген болатын. Содан кейін жасырынып, артынша шетелге қашқан. ВВС таратқан мәліметке сүйенсек, Раджапакса мырза Мальдив аралдарында қалмайтынын және үшінші елге баруға ниетті екенін мәлімдеген. Оның ағасы, Шри-Ланканың бұрынғы қаржы министрі Базил Раджапакса да елден АҚШ-қа біржола кетуді ұйғарған.
Шри-Ланка халқы бұл хабарды естігеннен кейін ел астанасында Коломбо көшелеріне тағы да митингке шықты. Көпшілік қаланың басты алаңы Galle Face Green-ге жиналды. Бұл күні қарапайым халыққа микрофон ұсынылып, тұрғындар жылдар бойғы жиналған жанайқайын ортаға салды. «Жеңіске жетуді» көздеген халық ұрандатып үкімет пен оның көшбасшыларына қарсы шықты. Кейбір демонстранттар жауапкершіліктен құтылуды ойлап қашып кеткен Раджапакса мырзаның іс-әрекетіне ашуланып, пікірлерін жасырмады.
«Оның жасаған әрекетін орынсыз деп санаймыз. Біз оны қалдырғымыз келеді. Ақшамызды қайтарғымыз келеді! Барлық Раджапаксан фермада жұмыс істеткізіп, ашық түрмеге отырғызғымыз келеді. Сонда олар халықтың жағдайын түсінер еді», дейді наразылық танытушылардың бірі Г.Нимал BBC-ге берген сұхбатында. Ал Решани Самаракун университетінің студенті бұрынғы президенттің кетуі «болашақта экономикалық және әлеуметтік жағынан дамыған елге айнала алатынымызға үміт береді», деді.
Шри-Ланка халқы кейінгі онжылдықта басынан кешкен ең ауыр экономикалық дағдарысқа президент Раджапакса отбасы мен оның үкіметін кінәлайды. Соңғы бірнеше ай бойы тұрғындар электр қуатының күнделікті үзілуімен, жанар-жағармай, азық-түлік және дәрі-дәрмек сынды негізгі қажеттіліктердің тапшылығымен күресіп келді. Елде автобус, пойыз және медициналық көлік секілді қажетті транспорттарда жанармай жетіспеушілігі қатты байқалған. Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, жанар-жағармайға шикізатты импорттау үшін валюта жеткіліксіз. Сонымен қатар инфляцияның өсуі халықтың ашу-ызасын тудырды. Мектептер жабылып, билік жұмыскерлерді материалдық қажеттіліктерді үнемдеу мақсатымен үйден жұмыс істеуге шақырды.
2009 жылы азаматтық соғыс аяқталғаннан кейін Шри-Ланка сыртқы сауданы ынталандырудың орнына, ішкі нарықты тауарлармен қамтамасыз етуге баса мән берді. Қазіргі уақытта Шри-Ланка жыл сайынғы экспортынан 3 миллиард долларға артық импорттайды. Сондықтан елде шетел валютасы таусылған. 2019 жылдың соңында Шри-Ланканың валюталық қоры 7,6 миллиард долларды құрады. Бұл шамамен 250 миллион долларға төмендеді. Елдің бұрынғы президенті Готабая Раджапакса 2019 жылы енгізген мемлекеттік кірісті жылына 1,4 миллиард доллардан астам салықты жаппай қысқартқаны үшін сынға қалды. Осылайша, ел дағдарысқа ұшырады.
Сарапшылар Готабая Раджапаксаның Президент болып тұрған кезінде, отставкаға кетпес бұрын шетелге қашып кеткісі келгенін айтады. Сөйтіп, ол жаңа әкімшіліктің жазасынан құтылып кеткісі келген деген болжам бар.
Жалпы, Шри-Ланка 1948 жылы Ұлыбритания билігінен тәуелсіздік алған болатын. Үндістанның оңтүстігінде, Үнді мұхитында орналасқан. Елдегі 22 миллион халықтың 99 пайызын үш этностық топ – сингалдар, тамилдер және маврлер құрайды. Шри-Ланка президент басқаратын унитарлы мемлекет саналады. Дегенмен Махинда Раджапакса отбасымен бірге билікті қолына жиып алғалы бірнеше жылдың жүзі болған. Ол 2009 жылы сингалдықтар арасында зор беделге ие болды. Өйткені оның үкіметі жылдарға созылған азаматтық соғыста тамилдік сепаратистік көтерілісшілерді жеңген-тұғын. Сөйтіп, мемлекет басшысы лауазымына қол жеткізді. Содан соң билік тізгінін сол кезде қорғаныс министрі қызметін атқарған ағасы Готабая қолына алды.
Ұзақ уақыт бойы Шри-Ланкада маңызды тұлға саналған президент Готабая Раджапаксаның заңға қайшы іс-әрекеттерінен де халық құлағдар. Қорғаныс министрі қызметін атқарып тұрғанда 2009 жылы аяқталған көтерілісшілерге қарсы даулы Тамил соғысында әскери операцияларды басқарғаны белгілі. Соғыс кезінде адам құқықтарын бұзып, сондай-ақ қарсы шыққандарды қудалады деп айыпталды. Бірақ Готабая Раджапакса өзіне тағылған айыптың бәрін әрқашан жоққа шығарады.
Раджапакса отбасы Шри-Ланка мемлекетінде жиырма жыл бойы үстемдік етті. Сингалдық буддистердің қолдауымен Готабая Раджапакса 2019 жылы президент болып тағайындалды. «Оның тақтан кетуі экономиканың дұрыс басқарылмауына және өмір сүру құнының өсуіне ашуланып, наразылыққа шыққан халық үшін тамаша жеңіс», дейді сарапшылар.
Енді елді қаржылық күйреуден шығаруға барын салып, жұмыс істейтін үкімет қажет. Бүгінде елдегі өзге партиялардың саясаткерлері жаңа үкімет құру туралы айтып жатыр. Бірақ әзірге олар ортақ мәмілеге келе алар емес. Сондай-ақ халық олардың шешімін қабылдай ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз.
Конституцияға сәйкес, егер президент отставкаға кетсе, оның орнын премьер-министр атқаруы керек. Премьер-министр парламентте президенттің орынбасары саналады. Алайда сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі премьер-министр Ранил Викрмесингхе мырза халық арасында танымал, беделді тұлға емес. Наразылық білдірушілер өткен сенбіде оның жеке резиденциясын өртеп жіберген-ді. Дегенмен Ранил Викрмесингхе жаңа үкіметіне жол ашу үшін отставкаға кететінін мәлімдеді, бірақ қай уақытта екенін нақтыламады. Конституциялық құқық сарапшылары қазіргі парламент спикері Махинда Япа Абейвардена президент міндетін уақытша атқарушы лауазымына ең ықтимал кандидат ретінде қарастырылатынын алға тартады. Бірақ Абейвардена да – Раджапаксалардың одақтасы. Сондықтан оның билігін халық қолдай ма, жоқ па, белгісіз.
Президенттің міндетін уақытша кім атқарса да, оған парламент мүшелері арасынан жаңа президентті сайлауға 30 күн беріледі. Жеңіске жеткен кандидат Раджапакса мырзаның қалған мерзімін 2024 жылдың соңына дейін атқарады. Апта басында елдегі оппозицияның негізгі жетекшісі Саджит Премадаса ВВС-ге президенттік сайлауға түсетінін айтты. Бірақ оған қоғамдық қолдау жетіспейді, бұқара халық саясаткерлерге күдікпен қарайды.
Осылайша, әзірге партиялар болсын, оппозиция мүшелері болсын немесе Шри-Ланкадағы саяси өзгеріске түрткі болған наразылық қозғалысының да елдегі көшбасшылыққа нақты кімді ұсынарын таба алмай дал.