30 Сәуір, 2014

Ботаникалық бақ

6148 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Бұл Қазақ елінің өсімдік әлемі жинақталған бірден-бір ғажайып жер Алматының көруге таңсық көрікті ғажаптарының бірі – Ботаникалық бақ. Бұрыннан солай болған, қазір де солай. Алатаудың еңісі жазылған дәл етегінде. Қос қапталынан қатар туған ай мен күндей, оңында – Қазақ Ұлттық университеті, сол жағында – «Атакент». Жоғарысында ағындаған әл-Фараби даңғылы. Төменінде көлденеңдей көсілген Тимирязов көшесі. Бәрі Ботаникалық бақты қаумалай қоршап, алақанға салып аялағысы келетіндей. Иә, қазақтың осынау бас бау-шарбағының аяланбас жөні де жоқ. Себебі, еліміздің және дүние жүзінің өсімдік әлемінің аса бай қазына-қоры осында сақталып келеді. Ботаникалық бақ – көз жауын алар, аралап рахат табар тамашалы орын ғана емес, ол – ғылым ордасы, сан-салалы қызмет атқаратын мекеме. Осыған байланысты уақыт талабына сай мәселе-міндеттері де жетіп артылады. Сол себептен де біз Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, Қазақ Ұлттық жаратылыстану академиясының академигі Гүлнар Ситпаева ханымға жолығып әңгімелесуді жөн көріп едік. Гулнар Ситпаева-1 – Құрметті Гүлнар Тоқбергенқызы, ең әуелі өз басқаруыңыздағы институт пен оған қарасты ботаникалық бақтар туралы мағлұмат берсеңіз? – Институт пен Алматының бас ботаникалық бағы бір-бірінен ажырағысыз, біртұтас ағза десе де болғандай. Екеуі де КСРО Ғылым академиясының қазақстандық бөлімшесінің ботаникалық секторы жанынан 1932 жылы ұйымдастырылған. 80 жылдық шежірелі жолдан өткен біздің институтымыз Қазақстандағы ботаникалық зерттеулер саласындағы бас мекеме болып табылады. Бұрнағы жылы осынау елеулі датаға арналған салиқалы халықаралық конференция өткіздік. Бұл жиында да өзіміздің басты міндетіміз: Қазақстанның ботаникалық әралуандығын зерттеу және оны сақтау мен ұтымды пайдалану мәселелері кеңінен қозғалып, келелі әңгімеге арқау болды. Ғылыми әлеуетімізге келер болсақ, институтта 3 академик, 15 ғылым докторы, 35 ғылым кандидаты, 8 зертхана жұмыс істейді. Жалпы қызметкерлер саны 180-ге жуық. Қай елде, қай жерде болсын ботаникалық бақ­тар әлемдік флораның тірі өсімдіктерінің біре­гей банктері деп саналады. Осы тұрғыдан келгенде Алматыдағы бас ботаникалық бағымыз маң­дайымызға біткен мақтанышымыз, құт-берекеміз дер едім. Ол, алқа тізбегіндегі асыл жақұттай, еліміздің ботаникалық бақтарының жүйесін бастап тұр. Қазақстан бойынша 5 мемлекеттің ботаникалық бағы бар. Олардың бәрі 2006 жылғы 7 шілдедегі «Ерекше қорғаудағы табиғи аумақтар туралы» ҚР Заңына сәйкес республикалық мәндегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесіне еніп, осындай айрықша мәртебе еншіледі. Тағы да аталмыш Заңға жүгінсек, Мемлекеттік ботаникалық бақ дегеніміз – табиғатты қорғау және ғылымды ұйымдастыру мәртебесін иеленген, ерекше қорғаудағы табиғи аумақ. Онда өсімдіктер әлемін, соның ішінде сирек және жойылып кету қаупі төніп тұрған өсімдіктер түрлерін сақтау, қорғау, оларды өсіріп-өндіру және пайдалану орайындағы зерттеулер мен ғылыми әзірленімдер жүргізіледі. Айталық, біздің бас бағымыздың аумағы 103,6 гектар болса, оның Жезқазған мен Бақанаста филиалдары бар. Ал Шығыс Қазақстанның Риддер қаласындағы Алтай және Ақтаудағы Маңғыстау ботаникалық бақтары өз алдына дербес мәртебеге ие болып отыр. Соңғысы экспериментальдық бағытта, айрықша жағдайда жұмыс істейді. Бұлардың бәрі кезінде біздің бас бақтың бастамасымен құрылған болатын. – Енді осы ботаникалық бау-бақтардың мән-маңызына, қызметіне кеңірек тоқталсаңыз? Бес қана бақ байтақ Қазақстанға аздық етпей ме? – Жоғарыда айтқанымызды тәптіштеп тереңдете түссек, біздің мемлекеттік ботаникалық бақтарымыз отандық және әлемдік табиғи-мәдени флора өсімдіктерінің жиынтық топтамасын, яғни коллекциясын жинақтап қалыптастырады, әмбе оның сақталуын қамтамасыз етеді. Кейде сырт көз байыбына бармай, жаңсақ ойлайтындай, біздің айналысып жүрген ісіміз, атқарып жатқан жұмысымыз әншейін еріккеннің ермегі емес. Мемлекеттік тұрғыдан да, жалпыадамзаттық өркениет өресінен қарағанда да керекті, қажетті, көкейкесті шаруа. Бұл ботаникалық бақтар өсімдіктердің интродукциясы мен селек­ция­сын зерттейтін тәжірибелік ғылым алаңы іспеттес. Әрі оның іс жүзіндегі практикалық маңызына да баға жетпейді. Ең бастысы, бұларда Қазақстанның өсімдік әлемін сақтау мен тиімді пайдаланудың көкейкесті мәселелері зерттеліп, амал-әдістері іздестірілуде. Әлбетте, өсімдіктердің коллекциялық қорларын қалыптастыру, сақтау һәм пайдалану орайындағы ғылыми-зерттеулер мемлекеттік тапсырыстар негізінде іске асырылады. Қазақстанның биологиялық әралуандық туралы конвенсияға қол қоюы бұл орайдағы жауапкершілігімізді арттыра түсті. Сонымен бірге біз биологиялық әралуандықты сақтауға қатысты басқа да құжаттарды орындауға міндеттіміз. Осы мақсатта өзіміз әзірлеген әдістемелер бойынша Қазақстандағы ботаникалық бақтар жүйесін кеңейтуге атсалысудамыз. Өткен жылы Астана қаласында ботаникалық бақ құрудың ғылыми негіздемесін жасадық. Елордада бұл үшін 100 гектар бөлініп қойылған. Оның бір ғанибет ерекшелігі сол, саябақтың аймағы болуы да алдын ала ескерілді. Түркістан қаласындағы ботаникалық бақ та кезінде біздің институттың, ғұлама ғалымдарымыздың бірі Иса Омарұлы Байтуллиннің бастамасымен өмірге келген-ді. Барлық ассортиментін табиғи жағдайға үйлестіре бейімдеп біз әзірлегенбіз. Бұл бақ қазір Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің құзырлы қарауында. – Жоғарыда айтылған Конвенсияға қатыс­ты міндеттер қалай орындалуда? – Бұл міндеттерді негізінен бес ботаникалық бақ орындап жатыр. Яғни біз Қазақстанның бүкіл флорасын сақтаудамыз. Жай сақтап қана қоймай, елдегі қазіргі ботаникалық әралуандықтың жай-күйіне мониторинг жүргізіп отырмыз. Біз өсімдіктер интро­дук­циясының экологиялық негіздерін әзірлей­міз. Неге дейсіз ғой? Өйткені, қайсыбір қаланы, ай­та­лық, Алматыны көгал­дандыру үшін бір нәрсе ұсынбас бұрын дүние­жүзілік флорадан алып келген өсімдіктерді әуелі өз бағымызда тексереміз. Бұл өсімдіктер қала көшелерін жасыл желекке бөлеп жасанып шығу үшін де кезінде өсімдіктер ас­сор­тименті арнайы іріктелген болатын. Қазір Алма­тыны көркейтіп өсіп тұрған 90 түрлі, тіпті одан да көбірек ағаш өсімдіктері әуелгі тамырын осы ботаникалық бақтан тартқан. Олар біздің институттың ұсыныс­тары бойынша егілді. Орталық Қазақстан өңірінің қалаларын көгалдандыруға өз базамыз­дан алып, әуелі Жезқазған ботаникалық бағында сынақтан өткізіліп арнайы сұрыпталып сараланған өз ассортиментімізді ұсындық. Астана­ны көгал­дандыру үшін ассортимент таңдау ісінің де барлық жауапкершілік-жұмыстарын біздің институт өз мойнына жүктеді. Бұл жұмысты 2002 жылы абы­ройлы аяқтаған едік. Батыс Қазақстан өңірі үшін де солай жасалды. Практикалық тұрғыдан өте ма­ңызды, аса бағалы іс. Сөйтіп, инс­титутымыз Қа­зақ­станның қалаларын жасыл желекке малындырып көгалдандыру ісіне белсенді қатысып келеді. Бұл ағаш ектің, іс бітті деген сөз емес. Біз нақты қан­дай да бір облыстың немесе өңірдің қалалық орта­сына сай келетін, бейімделе алатын өсімдіктерді ұсынамыз. – Олай болса, Алматы қаласын көгалдан­дыру­дың жай-күйін қалай бағалар едіңіз? – Мегаполистегі экологиялық ахуал бұдан 10-15 жыл бұрынғыдан мүлдем басқа, ол жылдан-жылға өзгере түсіп келеді. Осы және басқа жәйттерді ескергенде Алматыға жаңа көгалдандыру схемасы қажет. Қала бүгінгі таңда жасыл желектің бас реконструкциясына кірісіп жатқан кезде бұл мәселе өте көкейкесті. Қазіргі Алматыға 150 жылдан асып барады. Бұл мұндағы өсімдіктердің көпшілігі үшін тым ұзақ мерзім. Оның үстіне қаладағы қоршаған ортаның жай-күйі баршамызға мәлім. Жаңа көгалдандыру схемасында қала аумақтарының экологиялық жағдайы сипатталған, әрбір экологиялық ахуалға орайласқан өсімдіктер ассортименттері көрсетілген карталар жасалғаны дұрыс. Осындай үлгі көгалдандыру нысандарын жобалау жұмыстарын әрі оңайлатып, оңтайландырып, әрі тиімді ете түседі. Бұл қала аудандарының келешектегі дамуы үшін керек. Қаланы көгалдандыруға қажетті екпе материалдарға келешекті көздей отырып тапсырыс берілгені жөн. Алматыны жасыл желекпен жаңаша көмкеріп көркейтудің бас реконструкциясы осындай байыптылық тұрғысынан жүзеге асқаны абзал. – Экологиялық жағдай қалаларымызда ғана емес, байтақ даламызда, елдің көптеген аумақ­тарында да асқынып тұрған жоқ па. Мұның сіздің институтқа қатысты жақтары бар ма? – Әлбетте. Неге болмасын? Қазақстандағы эко­ло­гиялық жүйесі нашарлаған аймақтар әрдайым біздің назарымыздан тыс қалмайды. Бұлар сонымен бірге жаһандық түйткілдер қатарына жатады. Айталық, Арал теңізі жағасының құрғауы. Сосын Семей полигоны. Одан соң мұнаймен ластанған аумақтар. Бұл жерлердегі өсімдік жамылғысының құрылымы бұзылған, топырақ қабаты зақымданған. Осыған байланысты біз Қызылорда облысының, Батыс Қазақстанның мұнай өндіру қарқынды жүріп, соның салдарынан ластанып жатқан аумақтарында және солардың төңірегінде фитомелиорациямен айналысып, осы орайдағы ауқымды жобаға қатысудамыз. Фитомелиорация дегеніміз – залалданған жерлерді өсімдіктердің көмегімен қалпына келтіру. Яғни ахуалға сәйкес өсімдіктер ассортиментін іріктеп, сол арқылы топырақтың бастапқы табиғи құнарын қайтарамыз. Бұл бағдарламаға белгілі микробиолог, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Амангелді Саданов жетекшілік етуде. Әуелі микробиологтар әзірлеген штамдардың көмегімен топырақ қабаты өңделеді. Содан кейін іске ботаниктер, яғни біздің институттың мамандары кіріседі. Сөйтіп, техногендік әсерден зардап шегіп шөлейттенген жерлерді экологиялық тұрғыдан қалпына келтіру әдістемесі бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл кезеңдердің барлығы картографиялық негізде жүзеге асырылуда. Бір қуанарлық жағдай, Арал теңізінің жағасын фитомелиорациялау айтарлықтай табысты жүргізілуде. – Ал енді ғаламдық ауа райының жылынуы да алдымыздан бірталай түйткілді сұрақтар тартып отырған жоқ па? – Әлемдегі ауа райының жылыну қарқыны төтенше жоғары. Өз елімізді ғана алар болсақ, мұндағы ауаның орташа жылдық температурасы әрбір 10 жыл сайын 0,31 градусқа көтерілуде. Соның салдарынан республика атыраптарында бұған дейін қалыптасқан барлық өсімдіктер әралуандығы мен олардың фитоценоздары мүлдем жаңа температуралық жағдайға кіруге мәжбүр. Биологиялық түрлер мен экожүйелер ауа райының мұншалықты шұғыл өзгерісіне бейімделе алмайды. Климат құрғақшылығы күшейе түсуде. Мұның бәрі ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігін алаңдатарлықтай төмендетеді. Бұған дәнді дақылдар түсімінің азая түсуі айғақ. Бұл түйткіл солтүстік жартышардың барлық елдеріне: Орталық Азия өңіріне, Ресей, Украина, Америка мен Еуропа мемлекеттері аумақтарына ортақ. Міне, біздің институт ғалымдары осынау ғаламдық проблеманы шешуге атсалысуда. Осы жағдайдағы өсімдіктер әлемінің ахуалы «Климат өзгерісі кезіндегі өсімдіктердің хронобиологиялық талдамасы» деген іргелі еңбекте нақты талданып, шынайы көрініс тапты. Экожүйе мен өсімдіктерге климат өзгерісінің тигізетін әсері ғылыми ізденістеріміздегі басым бағытқа айналуда. Біз ҚХР-дың ботаник-эколог ғалымдарымен бірлесе отырып ауа райы жылынуының Орталық Азияның экологиялық жүйесіне ықпалын зерттеу орайындағы жобаны орындап жатырмыз. Айтайын дегенім, Ботаника және фитоинтродукция институты әзірлеген әдістемелік негіздер өсімдіктер жүйесінде болып жатқан өзгерістерді қадағалап назарда ұстауға, талдауға, сөйтіп, осының арқасында табиғатты тиімді пайдалануды іске асыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде мұның өзі ұлан-ғайыр күш-жігерді талап етеді. Елдің экологиялық және азық-түлік қауіпсіздігі орайындағы зерттеулердің басты бағыттары айқындалып, ұзақ мерзімді кешенді хронобиологиялық зерттеулердің бас бағдарламасы әзірленуі керек. Осы саладағы маман кадрлардың даярлануын қамтамасыз ету де ауадай қажет шарттардың бірі. Ал бұл келелі де көкейкесті міндетті шешуге біздің институтпен ынтымақтаса Өсімдіктер физиологиясы, Жануарлар физиологиясы, Зоология, Топырақтану, География, Микробиология, Математика институттары, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті, Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ, Казгипрозем, Казгидромет, Қазақ экология және климат ҒЗИ, т.б. институттар мен мекемелер қатысуы тиіс. Әрине, бұл жұмыстың бір орталықтан, мысалы, Ұлттық Ғылым академиясы тарапынан үйлестіріліп отырғаны, қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілуі құба-құп болар еді. – Айтып отырған жайларыңыздың мемлекет­тік маңыздылығы мен көкейкестілігіне еш күмән жоқ. Осы орайда нақты қандай жұмыстар атқарылуда? – Аталмыш мәселе Елбасының назарында десек те болады. «Қазақстан-2050» Стратегиясында ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатері қатарында азық-түлік қауіпсіздігі мен табиғи ресурстардың сарқылу қауіпі аталғаны белгілі. Бұлар біздің жұмысымызға тікелей қатысты болғандықтан бас­ты да басым бағыт-бағдарымызды айқындады. Өсімдіктер Қазақстан экономикасының табиғи жолмен жаңарып, еселеніп отыратын басты ресурсы болып табылады. Біздің осы реттегі ғылыми- зерттеулеріміздің құндылығы да сонда. Осыған орай институтта орындалған және орындалып жатқан жобалар, атап айтқанда, 11 гранттық жоба, 2 инновациялық, оған қоса біз әзірлеген тағы бір ауқымды бағдарлама – міне, осылардың бәрі табиғи ресурстардың сарқылуы проблемасын шешуге бағытталған. Мысалы, біздің институт Қызылорда облысында мия тамырын өңдейтін зауыт салу жобасына қатысуда. Ғалымдарымыздың мия өсіру, оның пайдалы қасиеттерін бағалы дәрі-дәрмектік шикізат ретінде кәдеге жарату жөніндегі әдістемелік ұсыныстары осынау инвестициялық бизнес-жобаның негізіне алынды. «Бизнес-Групп» ЖШС-мен бірлескен бағдарламаның бюджетке түсірер кірісі де аз болмас. Амандық болса, зауыт биыл іске қосылмақ. Ал азық-түлік қауіпсіздігі аясында 5 ботаникалық бақтың қатысуы көзделген бағдарлама әзірлеп, бастама көтердік. Бұл бағдарламаны үкімет қолдады. Ол Қазақстанның дақылдық өсімдіктерінің жабайы туыстарын, тектес түрлерін зерттеуді мақсат тұтқан. Ең бастысы, бағалы тектік ресурстардың тұқымдық банкі жасалмақшы. Бұл жұмысты біз бірінші рет қолға алып отырмыз. Жалпы, тұқымдық банк Қазақ егіншілік институтында бар. Бірақ онда негізінен бидай, күріш, тары сияқты алқаптық дақылдар сақталуда. Біз болсақ, түп-тұқиянынан бергі нағыз жабайы, табиғатта сирек ұшырасатын бірегей өсімдіктер банкін жасақтаймыз. Жердің құты солар. Бұлар селекциялық жұмыстар үшін де пайдалы. Келешекте бұл материалдардан жаңа сұрыптар алынады. Нақты іске тоқтала кетсем, 2013 жылы қанат қақ­­қан осынау бағдарлама ауқымында біз 5 бота­никалық бақ тарапынан күллі Қазақстан бойынша 30-дан астам экспедиция шығардық. Елдің оң­­түстігі мен оңтүстік-шығысында институттың өзі­­нен ғана 16 экспедициялық зерттеу жүргізілді. Рес­­публиканың батысы мен шығысы, солтүстігі, Ор­­та­лық Қазақстан, Алтай, Іле, Маңғыстау – түгел қам­­тылды. Бұл өте қиын да күрделі жұмыс. 10 күн­ге, екі аптаға, бір айға кетесіз. Үйдің бетін көр­­мей­сіз. Осы жұмыстарды сәуір айында бас­тап, қара күздегі қазанда бір-ақ тоқтап, есебімізді жаздық. – Сонымен, бұл орайда алға қойылған міндет орындалды ма? – Осы жайға кішкене түсінік берсем артық болмас. Кеңес уақытында барлық тұқым Вавилов атындағы Бүкілресейлік институтта сақталатын. Ол бүкіл әлемнен, соның ішінде Қазақстаннан да жиналып алынған өте бай қор. Әлбетте, біз қазір дербес мемлекетпіз. Бүгінге дейін олардан тұқымды жаздырып алуға, үнемі сұрауға тура келіп жүрді. Сондықтан, алда осындай тәуелділікті болдырмас үшін өзімізде жаңағыдай тұқымдық қор жасау жөнінде стратегиялық міндет қойылған еді. Қандай да бір табиғи зілзала, жер сілкіністері, т.б. құдай бетін аулақ қылсын, бірақ біздің әрқашан өз тұқымдық банкіміз бар екендігі енді көңілге тоқ. Біз оны өз институтымызда – бас ұйымда сақтаймыз, сондай-ақ түгелдей қосалқы нұсқасы 5 ботаникалық бақта бар. Өзара алмасып тұрамыз. Бірімізде бір жағдай бола қалса, екіншімізде сақталады. Мұның бәрі Қазақстанның игілігі, байлығы. – Ботаникалық бақтар институт құзырында ма? – Иә. 2012 жылы Қазақстанның ботаникалық бақтары мен дендрологиялық саябақтарының Кеңесі құрылған болатын. Бұл Кеңеске мен жетекшілік етемін. Бұған жоғарыда аталған бес ботаникалық бақ, дендросаябақ, орман питомнигі кіреді. Енді осы құрамға Шымкент дендрологиялық саябағы мен Түркістан ботани­ка­лық бағын да қосу ойдағы шаруа. Ал біз өз тара­пымыздан Ресей және Белоруссиямен қатар Ботаникалық бақтардың халықаралық кеңесіне мүшеміз. – Байқайсыз ба, әңгімеміз Алматының ботаникалық бағына айналып соға беретін сияқты. Бас бақтың жай-күйін, келешегін оқырман қауым да білуге құштар. – Тоқсаныншы жылдары ғылымды қаржы­лан­дыру біраз нашарлағаны ешкімге құпия емес. Осы оншақты жылда ботаникалық бақтың жү­дең­кіреп кеткені де рас. Біздің 104 гектар аумақ­тағы інжу-маржандардың ерекшелігі сол, олар тірі коллекциялар, әрі Алматының оттегімен ты­ныс алып жатқан өкпесі ғой. Қораптарға салып қоя салатын емес, топырағын қопсытып, құнар­ландырып, уақтылы суарылуын, күтіп-бапталуын қам­тамасыз ету керек. Коллекциялық қорларды ба­йытып, жаңа өсімдік түрлерін енгізіп тұру қажет. Қазір арнайы орынжайлардың жоқтығынан жоғары түтікшелі өсімдіктердің 255 мың үлгісін, саңырауқұлақ түрлерінің 150 мың үлгісін, қына тек­тестердің 600 түрін жинақтаған Гербарий қоры­ның және қазба өсімдіктердің 500-ден астам жиынтығын біріктірген Палеоботаникалық қордың бірегей коллекцияларына көзден бұлбұл ұшып жойылып кету қаупі төніп тұр. Бұл коллекцияларды сақтап қалып, одан әрі дамыту үшін Бас ботаникалық бақ аумағында барлық стандарт-талаптарға сай, кемінде 3000 шаршы метр алаңдық жеке заманауи ғимарат салынуы тиіс. Әлбетте, біз ботаникалық бақтарды стратегия­лық нысандар ретінде айқындап отырмыз. Биыл қаржыландыру лайықты дәрежеде болады деп үміттенеміз. Солай болған жағдайда аумақты біршама абаттандырып, бірқатар реконструкциялар жүргізіп алар едік. Бүгінгі таңда бас ботаникалық бақтағы өсімдіктер коллекциясын суаруда су тапшылығымен бетпе-бет келудеміз. Қалалық су құбырлары мекемесі мүлдем сусыз қалдырудан да тайынар емес. Дәтке қуат жалғыз артезиан құдығымыз бар. Бұл қиындықтан құтқаратын бір ғана жол – бас бау-бақты дербес артезиандық суару жүйесіне көшіру. Ол үшін кемінде бес артезиандық құдықты іске қосу қажет. Осы және басқа да түйткілдердің шешілуі, сайып келгенде, қаржыға тіреледі. Коллекциялық қорларымызды сақтау мен дамыту, ботаникалық бақтарымызды көргенде көз тоятындай етіп көркейту орайындағы бағдарламамызды Үкімет деңгейінде мақұлдату жолында әрекет етудеміз. Бұл бағдарламаның іске асуы кемінде 300 миллион теңгені қажет етеді. Осылайша, базалық, гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруды ұлғайта алсақ, қазақтың даласы мен қаласының жасыл желегі де жайқала түспек. Сонымен қатар, Қазақстанның өсімдік әлемі туралы арнайы заң қабылданса, сол ғажайып әлем түрлене түлеп, ботаникалық бақтарымыздың да бағы жанатынына біз кепілміз. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.