Жиддада Бахрейн, Кувейт, Оман, Қатар, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері кіретін Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің отырысы өтті. Оған Мысыр, Ирак және Иордания да қатысты. Шындығына келгенде Таяу Шығыс аймақтарына алыстағы күштерді біріктіру қазір Байденнің Эр-Риядпен келіссөздерінің нәтижесіне байланысты болып отыр. Осы орайда, сарапшылар АҚШ президенті «мина алаңынан өткелі тұр» деп есептейді. Кез келген қате қадам оған халықаралық аренада да, елінде де үлкен резонанс тудырады деген пікір-
де.
Негізі Байденнің билікке келуімен Таяу Шығыс АҚШ-тың сыртқы саясатының басымдықтары қатарынан шығып қалды. Бірақ сарапшылар дәл қазір әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты Ақ үйдің Таяу Шығыс елдеріне қатысты мұндай шешімі асығыс жасалған қадам деп есептейді.
Джо Байденнің 24 сағатқа созылған сапарының күн тәртібінде Украинадағы қақтығыс, Ресейдің мұнай мен газды пайдаланып бопсалауы секілді мәселелер кірді. Сондай-ақ энергетика бағасының өсуі және Ресей мен Иранның әскери ынтымақтастығы, Иран, Израиль және Йемендегі соғыс, адам құқықтары секілді мәселелерді қамтыды.
АҚШ-қа мұнай сатып, есесіне олардан қару-жарақ алып келген Сауд Арабиясы талай жылдан бері АҚШ-тың негізгі стратегиялық одақтасы болатын. Бірақ Байден президенттікке үміткерлікке түскен уақытта, 2018 жылы журналист Жамал Хашоггидің өлімі екі ел қатынасына сызат түсірді. Дегенмен ВВС сарапшылары Ресей әлемдік мұнай-газ нарығын әуре-сарсаңға салып, Иран ядролық қарумен сескендіріп жатқанда Байденге Эр-Рияд ауадай қажет деп есептейді.
Табиғи ресурстарға бай және Тегеранға қарсы Сауд Арабиясы Вашингтонға өзінің энергетикалық және қауіпсіздік жағдайын тұрақтандыруға көмектесуі мүмкін. Бірақ олар Байденнің президенттікке түсер кезде айтқан сөзін ұмытпағанын жоқ екенін айтады сарапшылар.
Кезінде америкалық барлау ұйымдары Эр-Риядты журналист Жамал Хашоггиді өлтіруге корольдіктегі ең жоғары лауазымды шенеуніктері тапырыс бергенін хабарлаған. Осыдан кейін Байден журналистің қазасына кінәлілер жазасыз қалмайтынын мәлімдеген-ді. Атап айтқанда, Джо Байден елдер арасындағы, әсіресе қорғаныс саласындағы сауда қатынастарын қайта қарауға уәде берді. Ол сондай-ақ партияластарын осы аймақтағы адам құқықтарын реттейтініне сендірді. Бірақ АҚШ президентінің бұл сапары өз елінде түрлі сауалдар туындатқан.
Осы орайда, Ақ үй Байденнің Сауд Арабиясына «иіліп сәлем беруге» бармағанын, керісінше, күрт өзгерген жаһандық жағдайда Батыстың мүддесін қорғауға талпынғанына сендіруге барынша тырысып жатыр. «Сауд Арабиясына байланысты саясатымыздың мақсаты – бұл елмен қарым-қатынасты бұзу емес, қайта құру. Бұған дейін де осы бағытты ұстандық және солай болып қала береді», деді Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан.
Сонымен қатар Джо Байден маусым айында Washington Post газетіне арнайы баған жазып, онда адам құқықтары мен бостандықтары мәселелеріне қатысты айтқан пікірінен айнымайтынын келтірген. Әсірісе Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен бетпе-бет кездеспейтінін, оны Хашоггиді өлтіруге және диссиденттерді қудалауға тапсырыс берді деп санайтынын мәлімдеді.
«Мұхаммед бен Салманмен жеке кездеспеймін, бірақ ол қатысатын халықаралық кездесуге барамын», деп жазды Байден. Сондай-ақ Ақ үй басшысы оның Сауд Арабиясына сапарына көпшілік қарсы екенін атап өтіп, Израиль, Иордан өзенінің батыс жағалауы және Сауд Арабиясындағы келіссөздерде адам құқықтары мәселесі басты назарда болады деп сендірді.
«Президент ретіндегі міндетім – елімізді қуатты және қауіпсіз ету. Біз ресейліктердің Украинаға жасаған қақтығыстарына тойтарыс беріп, Қытайды басып озу үшін ең жақсы жағдайға жетуіміз керек және әлемнің маңызды аймағында тұрақтылықты нығайтуға ұмтылуымыз керек», деп жазды президент.
Байденнің пайымдауынша, АҚШ мұндай жұмыста сәттілікке қол жеткізе алуы үшін бірқатар мемлекетпен тікелей жақсы қарым-қатынаста болуы қажет. Солардың бірі – Сауд Арабиясы. Ол Сауд Арабиясының көшбасшыларымен кездесу «Американың негізгі құндылықтарына байланысты, ортақ мүдделер мен жауапкершіліктерге негізделген» стратегиялық серіктестік үшін қажет деп санайды. Сондай-ақ бұл сапар Израиль мен араб әлемі арасындағы қарым-қатынасты жақсартатынына сенім білдірді.
Ақ үй басшысы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада Иранның ядролық бағдарламасы, Сириядағы азаматтық соғыс, азық-түлік қауіпсіздігі дағдарысы, лаңкестік, саяси мәселелер және Ирак, Ливия мен Ливандағы адам құқықтарының бұзылуы сияқты проблемалардың әлі де бар екенін сөз етті. Ол сапар барысында осы салалардағы мәселелердің бірқатар шешіміне қол жеткізудің маңызы зор екенін атап өтті. Байден сондай-ақ Таяу Шығыста тұрақтылық пен қауіпсіздіктің ендігі жерде салтанат құратынына үміттенетінін жазды.
Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманды реформатор ретінде көрсетеді. Ол технологияның дамуына үлкен мән беріп, Сауд Арабиясының экономикасын мұнайға тәуелділіктен арылтуды көздейді. Сарапшылардың пайымдауынша, оның халықаралық аренадағы имиджіне өз еліндегі оппозицияны қысымға алды деген айыптау нұқсан келтірді. Осы орайда, Вашингтон стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының вице-президенті Джон Альтерман ВВС-ге берген сұхбатында дәл қазір мұрагер үшін имиджін қайта қалпына келтіру маңызды екенін айтады. Сондықтан менің ойымша, олар Байденді ұятқа қалдыруға тырыспайды. Өйткені бұл олардың стратегиялық мақсаттарына зиянын тигізеді», дейді Д.Альтерман.
The Guardian газеті Ақ үй қателік жіберді деп есептейді. Джо Байден Таяу Шығысқа сапарында Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен бетпе-бет кездесті. Сондай-ақ басылым АҚШ президенті еліне Сауд Арабиясына мұнай экспортын ұлғайту туралы ешқандай маңызды мәлімдеме жасай алмай қайтқанын айтады. Сауд Арабиясы әлемдік нарықта тапшылық болған жағдайда мұнай өндірісі көлемін ұлғайтатынын мәлімдеген.