Қоғам • 18 Шілде, 2022

Атырау жемқорлардан қашан арылады?

14500 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қоғамның наразылығын тудырып отырған мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық. Әсіресе облыстық әкімдікте жоғары лауазымды қызмет атқарған үлкенді-кішілі шенеуніктердің осынау «дертке» шалдығуы тоқтар емес. Тіпті жемқорлық дерегімен сотталған бұрынғы әріптестерінің теріс әрекетінен сабақ алмағандар әлі де осы қылмысқа бейімдігін көрсетіп отыр.

Атырау жемқорлардан қашан арылады?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облы­сы департаментінің басшысы Ерлан Досановтың айтуын­ша, соң­­ғы бір жарым жылда сыбай­лас жем­қор­лық қылмысын жаса­ғаны үшін 83 адам қылмыстық жауап­кер­шілік­ке тартылған. Жауап­қа тартыл­ған­­­дардың арасында мемле­кеттік орган­дардың 9 басшысы бар. Оның бесеуі – облыстық, біреуі – қа­ла­лық, екеуі – аудандық, тағы біреуі ауыл­дық деңгейдегі басшылық лауа­зым­ды атқарған. Осы кезеңде сыбай­лас жемқорлыққа қатысты 119 қыл­мыс анықталып отыр. Әсіресе әкім­дік­тер сыбайлас жемқорлық дең­гейі жо­ғары органдар қатарында қалып отыр. Сыбайлас жемқорлық қыл­мысы әлеуметтік қамту, құқық қорғау, салық қызметі, білім беру, ауыл ша­руа­шылығы секілді салаларда бай­қалады.

– Соңғы бір жарым жыл ішін­де сыбайлас жемқорлыққа қатысты ­82 қылмыстық іс өндіріспен аяқ­­тал­ды. Қылмыстық істің 63-і сотқа жолданды. Бұл істер бойынша кінәлі деп танылған 48 адам сотталды. Олар­дың сегізіне бас бостандығынан ­айыру, 35-не айыппұл түріндегі, ал бесеуіне өзге жаза тағайындалды. Сот­­қа дейінгі іс жүргізу шеңберінде мем­лекет кірісіне 1,1 млрд теңге немесе келтірілген залалдың 96 пайызы өтелді, – дейді Ерлан Досанов.

Департамент қызметкерлері мем­ле­кеттік сатып алу веб-порталына мо­ниторинг жүргізіп, тауарлар мен қыз­меттерге бағаны жасанды түр­де кө­те­ретін салаларды анықтаған. Оның ішінде білім беру саласында 15, ал ден­­саулық сақтау мекемелерінде 13 де­рек тіркелген. Мемлекеттік са­тып алу веб-порталына жүргізілген тұ­рақ­ты мо­ниторингтің қорытындысы­мен берілген ұсыныс негізінде 1,5 млрд теңгеден астам қаражат үнемделіп отыр. Асыра бағалау фактілері 103 мем­лекеттік органда анықталып, со­­ның нәтижесінде мемлекетке залал кел­тірілмеген. Бұл мемлекеттік са­тып алу саласындағы қылмыстық құқық бұзушылық деңгейі 6 есеге төмендеуіне ықпал еткен.

Жақында Атырау облысының қыл­мыстық істер жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық сотында бұрынғы облыс әкімінің бірінші орынбасары 10 жылға сотталды. Мұнай­лы өңірдің бұрынғы басшылары коронавирус инфекциясы күрт өршіген 2020 жылдың шілде айында Жылыой ауданының Құлсары қаласында аурухана салу туралы шешім қабылдаған. Аурухананың құрылыс жұмыстарын «БКК» ЖШС орындаған. Осы кезде облыс әкімінің бұрынғы бірін­ші орынбасары құрылыс саласына жетекшілік ете отырып, «БКК» ЖШС директорының орынбасарынан келісімшарт сомасының 10% мөлшерінде пара талап еткен. Кейін облыстық құрылыс басқармасы бас­шысының қатысуымен пара сомасы 7%-ға, яғни 185 млн 500 мың теңге мөлшеріне келісілген. Әкімнің бірінші орынбасары басқарма басшысына параға сұралған қаржыны алып келуді тапсырған. Өзінен лауазымы жоғары басшыға құлдық ұратын басқарма жетекшісі жәбірленушіден 185 730 004 теңге (423 900 АҚШ доллары және 5 000 000 теңге) мөлшерінде пара алған. Басқарма басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлерімен параны алу кезінде ұсталған.

– Сот облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасарын Қылмыс­тық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен (Мемле­кеттік қызметті атқаратын лауазымды адамның қорқытып алу жолымен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшерде пара алу­ға оқталуы), құрылыс басқармасы­ның басшысын Қылмыстық кодекс­тің 28-бабының 5-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен (Аталған іс-әрекеттерге көмектесу) кінәлі деп таныды. Сот үкімімен әкімнің бірінші орынбасарына 10 (он) жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Басқарма басшысы жазаны ауырлататын мән-жайлар мен заң талаптарының болмауы ескеріліп, Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігі қолданылып, 5 жыл бас бос­тандығынан айыру жазасына сотталды. Екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құ­қығынан айырылды, – деді аталған соттың баспасөз қызметі.

Құрманғазы аудандық сотында округ әкіміне қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігімен пара алу, 369-баптың 1-бөлігімен қыз­меттік жалғандық жасау, ал серік­тестік директорына Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігімен пара беру, 385-баптың 1-бөлігімен құжаттарды қолдан жасау дерегімен айыптау үкімі шығарылды. Ауылдық округ әкіміне әкім аппаратына тиесілі ғимаратты сатуға серіктестік директоры жәрдемдескені анықталған. Әкім жалған мәліметтер енгізілген ресми құжаттарды тіркеуші органға бергені үшін серіктестік директорынан 800 мың теңге сомасында пара алған.

Аудандық соттың үкімімен ауыл­дық округ әкіміне 32 млн теңге, серік­тестік директорына 16 млн теңге мөл­шерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Екеуі де мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқы­ғынан өмір бойына айырылды.

Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жылыойсу» МКК директоры 2019 жылдың наурызынан 2021 жыл­дың наурызына дейін монополиялық жоғары бағаларды белгілеп, Құлсары қаласында сумен жабдықтау және канализациялық қызметтің тариф­терін негізсіз көтерген. «Ол аса ірі мөлшердегі қаражатты жымқырып, 126 млн теңге залал келтірген. Тер­геу кезінде аталған залал мөлшері то­лық мемлекетке қайтарылды. Сон­­дай-ақ тергеу кезінде Құлсары қа­ла­сы және Жаңа Қаратон кентінің тұрғындарын сумен жабдықтау қыз­метіне бекітілген тарифтер 54,4 па­йызға төмендетілді», деп хабарлады агенттік.

Сот үкімімен аталған кәсіпорын басшысы кінәлі деп танылды. Оған мем­лекеттік мекемелерде мате­риал­­­дық жауаптылығы бар басшы қыз­­метімен айналысу құқығынан 6 жыл бас бостандығынан айыру жаза­сы тағайындалды. Қыл­мыстық кодекс­тің 63-бабының талаптарына сай, тағайындалған жаза шартты деп есептеледі.

Қазір сот қарауында сыбайлас жемқорлыққа байланысты бірнеше іс бар. Соның бірі – бұрынғы облыс әкімінің тағы бір орынбасарына қатысты іс. Күдікке ілінген оған Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен, онымен бірге ұсталған облыстық мәде­ниет, тілдерді дамыту және архив ісі бас­қармасының басшысына Қыл­мыс­тық кодекстің 367-бабының 2-бө­лігімен тергеу жүргізілген. Күдік­тілер Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқы­лы серіктестік басшысынан 4,5 млн теңге сомасында пара алған деп айып­талған.

Тағы бір іс облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған шенеу­нікке қатысты болып отыр. Қар­жы мониторингі агенттігінің қызмет­керлері Атырау облысында аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жым­қыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын аяқтады. «Әлеуметтік нысандар, мектеп, екі отбасылық дәрігерлік амбулатория, спорттық-сауықтыру кешені құры­лысына бөлінген бюджеттің аса ірі мөлшердегі қаражатын жымқыру дерегі бойынша «Атырау облысы Құ­рылыс басқармасы» ММ-ның лауазымды тұлғалары мен «Техника-Рем строй» ЖШС-ның басшысына қатысты соталды тергеп-тексеру жүр­­гізу аяқталды. Анықталған ақша жым­қыру көлемі – 467 миллион теңге. Серіктестіктің басшысына қа­­тысты күзетпен ұстау бұлтартпау ша­расы қолданылды» деп ақпарат та­ратты агенттіктің баспасөз қызметі.

Агенттіктің дерегінше, серіктес­тіктің 79 миллион теңге көлемін құрайтын мүлкіне тыйым салынған. Облыстық құрылыс басқармасы бас­шысының бұрынғы орынбасары мен тағы бір тапсырушыға қа­тысты үйқамақта ұстау түріндегі бұл­тартпау шарасы қолданылған. Қазір қылмыстық іс сотқа жолданды.

Міне, мұнайлы өңірде бюджет қаржысын жемқорлық ниетпен жым­қырмақ болғандардың жымысқы әре­кетіне тосқауыл қойылды. Бұл өзге мемлекеттік қызметкерлерге сабақ бола ма? Жалпы, Атырау облысы жем­қорлардан қашан арылады? Өңір тұрғындары бұл сауалдың жауабын кімнен сұрарын білмей отыр.

 

Атырау облысы