Экономика • 21 Шілде, 2022

Қант жыры қашан тыйылады?

228 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әлемде жер көлемі жағынан то­ғы­зыншы орында тұрмыз, осы­ның көбі ауыл шаруашылығына жа­рамды жерлер деп мақтанамыз. Алайда ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіру жағынан тоғы­зын­шы орында тұра алмаймыз. То­ғы­зыншы орынды айтасыз, ха­лық­қа ең қажет деген өнімдерді өндіре ал­май, импортқа тәуелді болып отыр­ған күйіміз мынау.

Қант жыры қашан тыйылады?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жуықта ғана болған, әлі де жалғасып келе жатқан «қант дүрбелеңі» көп адамға ой салды. Жалпы, Қазақстанда «қант жыры» бұрыннан бар. Екі-үш жылда бір қайталанып қоятын әдеттегі бас ауруы десек те, биылғы дүрбелеңнің төтенше сипаты болды. Мамандар бұл проблеманы Ресейге салынған санкциямен, Ресейдің қант экспортына тоқтам салуымен байланыстыруда. Солай болса, солай шығар. Бірақ біздің ойымызша, түпкілікті себеп бұл емес. Себебі бұл «әлеуметтік-экономикалық кеселдің» алғашқы нышаны көп жыл бұрын қазақстандық қант зауыттарының қызылша өсіретін жергілікті фермерлер өнімін сатып алудан бас тартып, әлемнің тағы бір шалғайында жатқан Бразилия секілді елдерден қант құрағын тасымалдауынан бастау ал­ған болатын. Өйткені Қазақстандағы қы­зыл­ша егістігінің көлемі ондаған есе қысқарып, екі-үш мың гектар деңгейіне дейін төмендеген, көптеген қызылша өсіруші нәпақаларынан айырылған еді. Соңғы жылдары Үкімет халықтың жанайқайымен қызылша өсіру ісіне қайта мән беріп, егістік көлемін едәуір ұлғайтты десек те, проблеманың шешім таппағаны соңғы оқиғадан айқын көрінді.

Жуықта Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал шын мәнінде, керісінше болуы керек», деп Үкіметтің осы бағыт­та­ғы жұмыстарын біраз сынға алды. Атышулы қант мәселесіне де тоқталып өтті. Салалық министрлік осыдан біраз бұрын ғана «Қазақстан 2023 жылы құс еті, шұжық, балық, ірімшік, қант, сүт өнімдері жөнінен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қол жеткізеді» деп мәлімдегенімен, нақты картинаның басқаша қалыптасқанын атап көрсетті.

Бұрын іске қосылған жеті қант зауытының қазір төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Соның өзінде өз қуаттарының 31 пайызы деңгейінде ғана. Министрлік қызылша егістігінің көлемін 6 есе арттырамыз дегенімен оның көлемі де қысқара түскен. Міне, осындай жағдайлар салдарынан Қазақстан қазір қанттың 90 пайызын шеттен тасымалдауға мәжбүр болуда. Сондықтан Президент елімізде қант өндірісін дамыту жөнінде шұғыл түрде жеке жоба жасауға тапсырма берді.

Мемлекет басшысы Үкіметтің әр саладағы жұмыстарын кеңінен қамтып, кемшіліктерін атап көрсетіп, сыннан тиісті қорытынды шығаруды талап еткен болатын. Президент сөзі кәсіпкерлік ортаны да дүр сілкіндіріп, қазір Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында бірлесіп жұмыс істеуге деген ниет күшейе түсті. Үкімет пен бизнес арасында диалог құру үшін ұсыныстарды жалпылау, ведомстволар өкілдерімен талқылау және кейіннен іске асыру бойынша барлық мүмкіндік қалыптастырылды. Салалық жұмыс топтары әр министрлік жанынан құрылған, сондай-ақ Палата барлық негізгі мем­лекеттік және ведомствоаралық комис­сиялардың құрамына кірген. Апта са­йын Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен жиындар өткізіледі. Жақында Премьер-Министр деңгейінде Отандық кәсіпкерлер кеңесі құрылды.

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы Үкімет және жалпы елдің алдында тұрған сын-қатерлерді нақты бел­гі­леп берді. «Қазіргі экономикалық жағдайда елдегі барлық институтқа бірігіп, Мемлекет басшысы тапсырған міндеттерді бірлесіп орындауға күш салу маңызды. Біз бүкіл бизнесті біріктірген Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ретінде кәсіпкерлер мен нарық қатысушыларына Үкімет және әкімдіктермен барлық аудандық және өңірлік палаталар мен алаңдар арқылы осы процеске белсенді қатысуға ұсынамыз, шақырамыз», дейді Р.Баталов.

Палата сарап­шы­ла­ры қант сала­сы­­на тал­дау ж­үр­­гізіп, одан әрі да­­мы­ту, оның ішінде ішкі нарықты қантпен толықтыру бойынша өзіндік тұ­жы­рым қалыптастырды. Негізгі индикаторлар – саланы жер, су, тұқыммен және тағы басқа ресурстармен қамтамасыз ету. Мысалы, ішкі нарықты 50% және одан да көп өз қант өндірісімен қамтамасыз ету үшін 104 мың гектар суармалы жерді (қазір 12,3 мың гектар) осы өнімге арнап тұрақты ауыспалы егіске енгізу керек. Осыған ұқсас талдау құс шаруашылығы бойынша жүргізіліп, ішкі нарықты құс етімен қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі факторы заманауи және сапалы машина-трактор паркі екені белгілі. Егістіктерде тозған ауыл шаруашылығы техникасын қолдану мау­сымдық жұмыстарды жүргізу мер­зім­д­ерінің ұзаруына ғана емес, сонымен қатар егіннің шығымына, жанармай мен қосалқы бөлшектерді сатып алудың көбейіп, артық шығын жұмсалуына, ақаулардың салдарынан техниканың тұрып қалуына және тағы басқа салдарға алып келеді.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде ауыл шаруашылығы техникасының тозуы 76 пайызды құрап отыр. Техника паркі барлығы 147,7 мың трактор мен 38,1 мың комбайнды құрайды, оның ішінде пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын 118 мың трактор мен 29 мың комбайн бар. «Егер біз нарықты салалық бизнес-жоспар ретінде есептесек және ішкі нарықты шартты түрде 60 немесе 70% қантпен, құс еті немесе сүтпен қамтамасыз ету көрсеткішін қойсақ, онда қаржылай және қаржылай емес қолдаудың барлық шарасы, қажетті инфрақұрылым, жер, кадр және басқа ресурстар осы мақсатқа жету үшін жұмыс істеуге тиіс», дейді Р.Баталов аталған мәселеге орай.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агро­өнер­кәсіп кешені комитетінің төра­ғасы Жигули Дайрабаев қазіргі кезде азық-түлік қауіпсіздігі – бірінші міндет екенін айтты. «Азық-түлік өнімдеріне баға өсіп жатыр, аграрлық елдерде астық өнімділігі төмендеп барады. Қарыз қаражат, суармалы су, тыңайтқыштардың жеткіліксіздігі және басқа да көптеген фактор сала дамуына кедергі болып тұр. Саланың тиімді дамуын ауыл шаруашылығы техникасы паркінің ағымдағы жай-күйі тежеп отыр, парктің тозуы 80 %-ды құ­рай­ды. Сондықтан агроөнеркәсіп ке­шені нарығына қатысушыларды Пре­зи­­дент қойған міндеттерді ақылдаса шешу үшін бірігуге шақырамын», дейді Ж.Дайрабаев.

Ол сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасына салынатын утиль алымға қатысты өз пікірін де білдірді. «Президент ӨКМ операторының қаражаты есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу мақсатында жеңілдетілген несие беру механизмін енгізуді тапсырды. Бірақ бұл шара жеткіліксіз болуы мүмкін. Өйткені бүгінде фермерлер өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған кезде оның құнына қосымша 7 млн теңгеге дейін утиль алымын төлейді, бұған қоса 12 % мөлшерінде ҚҚС төлейді. Осының барлығы ауыл шаруашылық техникаларын мүлде қолжетімсіз етеді. Ауыл шаруашылығы техникасына утиль алымын жою техникалық паркті жаңарту мәселесін шешуге көмектесер еді», дейді кәсіпкер.

Қазақстан қаржыгерлер қауым­дас­­тығы кеңесінің төрайымы Елена Бахмутованың да Мемлекет басшысы айт­қан нарықтық құралдарды енгізу және қолданыстағы процестер мен ме­ханизм­дерін жаңарту мәселелеріне қа­тысты ұсыныстары жоқ емес. Қаржы­гер­дің айтуынша, банктік несиелеу – бизнесті қаржыландыру мүмкіндігінің бір ғана түрі. Нарық толық жұмыс істеуі үшін және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне қолжетімді болуы үшін маңызды макроэкономикалық мәселелерді шешу қажет. «Бізде еліміздің жалпы ішкі өнімінің 37 %-ы «Самұрық-Қазына» қоры активтерінен құралады. Өткен жылғы шоғырландырылған есеп­тілік деректері бойынша, оның қарыз алу көлемі – негізінен еурооблигациялар шығару арқылы 7,7 трлн теңгені құрады. Бұл – корпоративтік қарыз алушыларға берілген барлық несие портфелінің 97 %-ы. Демек бұл іс жү­зінде баламалы экономика. Осы тар­тылған ресурстардың 80 %-дан астамын «Самұрық-Қазына» тұрақты валютада және шетелден тартты. Бұл ретте олар зейнетақы активтеріне қол жеткізе алды, шамамен 1,7 трлн зейнетақы активтері есебінен орналастырылды. Ал басқа корпоративтік қарыз алушыларда мұндай мүмкіндіктері бар ма? Жоқ. Егер сіз салыстыратын болсаңыз, онда зейнетақы активтері есебінен корпоративтік сектор облигацияларының үлесі «Самұрық-Қазынаның» үлесіне қарағанда 100 есе аз болғанына көз жеткізесіз. Бізде қатарлас квазимемлекеттік жүйе бар, ол кезде даму институттары тікелей бюджет ақшасы есебінен несие алады, ал «Самұрық-Қазына» іс жүзінде отандық банк жүйесіне ықпалдастырылмаған. Ел экономикасындағы олқылықтар міне, осындай жағдайлардан туындайды», дейді Е.Бахмутова.

Қазақстан қаржыгерлер қауым­дас­ты­ғы кеңесінің төрайымы бизнес тарапынан тиімді нарықтық экономиканы қалыптастыру кезінде қарыз алушылар бүкіл әлемдегі сияқты стандарттың жол берілетін ең төменгі деңгейіне сәйкес келуге тиіс екенін атап өтті. Ашықтық болуы керек. Әйтпесе, корпоративтік портфельдің бір бөлігі есептен шығарылған кез қайталануы мүмкін. «Сондықтан ұсыныс ретінде бизнес пен несие беруші ұйымдар арасында түсіністік болғанын қалар едік. «Атамекен» ҰКП алаңы – бізге осындай мүмкіндіктер беретін орын. Біз макроэкономикалық тәсілдер тарапынан әрекет етуге және базалық тәсіл – инфляцияны төмендетуге шақырамыз. Бізге қатар қаржы жүйесін құратын эко­но­микадағы мемлекеттік секторды азайту керек, бізге жеке нарықпен бәсе­ке­леспейтін, керісінше синергияны құ­ратын «Бәйтерек» құрылымындағы даму институттарымен тиімді өзара іс-қимыл орнату қажет. Біз нарық қағидаттары негізінде капитал нарығын қайта іске қо­суымыз керек және негізгі түрткі зей­нет­а­қы активтері болуы мүмкін. Оны сақ­тықпен, біртіндеп және абайлап нарық­қа шығарып, экономиканы дамыту үшін пайдалану керек», дейді қаржы сарапшысы.

Сонымен қатар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және дамыту үшін бизнеске мемлекеттік саясаттың тұрақты болуы, атап айтқанда агробизнеске 5-7 жыл ішінде мемлекеттік қолдау шараларын өзгермейтіні туралы мемлекеттің кепілдік беруі қажет екенін айтады.

Әрине, кәсіпкерлердің мұндай ұсы­ныс­тары орынсыз емес. Бір жақсысы, қазір мәселелердің талқылануында демо­кра­тиялық сипаттардың белең алғаны сезіледі. Бұрынғыдай ешкім «жауырды жаба тоқып отырған жоқ». Соған қарап ел халқын талай жылдан бері анда-санда бір дүрбелеңге салып отыратын қант мәселесі осы жолы нақты шешімін табар деген үміттеміз.