Қазақстан • 25 Шілде, 2022

Қоғам үлгілі мемлекеттік қызметшіні көргісі келеді

345 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев осы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың нәтижесін жариялады. Агенттік төрағасының айтуынша, мемлекеттік қызметке іріктеу, цифрландыру, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бақылау, сондай-ақ қызметшілердің этикалық нормаларды сақтау секілді мәселелер бір ізге келтірілген. Алдағы міндеттер де ауқымды.

Қоғам үлгілі мемлекеттік қызметшіні көргісі келеді

Мемлекеттік қызметшілер жаңа әдіспен іріктеледі

«Мемлекеттік қызметтегі кадрларды іріктеу мен ілгерілетуде меритократия қағидаттарына негізделген ашық, ең бастысы, әділ жүйені қа­лып­тастыру маңызды міндет болып отыр», деді агенттік төрағасы Дар­хан Жазықбаев МҚІА 2022 жылдың бірін­ші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша ұйымдас­ты­рылған мәжіліс отырысында.

Мемлекеттік аппаратты білікті кадр­лармен қамтамасыз етуде Агенттік әкімшілік мемлекеттік қызметке қабыл­данатын қызметшілерді халық­аралық тәжірибеге сүйеніп іріктеуді жөн көріп отыр. Осылайша, канди­даттың цифр­лы және мәтіндік ақпа­ратпен жұмыс істеу қабілетіне тесті­леуді, құзыреттер бойынша әңгіме­лесуді, эссе жазуды және бейінді тестілеуден өтуді қамтитын жаңа тәсілдер енгізілмек. Іріктеу процесінің ашықтығы мен клиентке бағдарлануы конкурстық рәсімдерді толық цифрлан­дыру арқылы қамтамасыз етіледі. Ал кейбір лауазымдарға мемле­кеттік қызметке кіру тәртібі жеңілде­тілмек. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет­тен «шығу» бойынша тәртіп оңтайлан­дырылады. Қазіргі кезде тиісті заң жо­басы Парламенттің қарауына енгі­зілген.

– Мемлекеттік бастамалар мен салалық жобаларды іске асыру кезе­ңінде мемлекеттік органдарға арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тарту үшін келісімшарттық қызметшілерді жалдау мүмкіндігі беріледі. Агенттіктің өңірлік департаменттері өткізетін «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» шеңберінде іске асырылатын таланттарды мемлекеттік қызметке тартуды жаңғырту бойынша тәсілдер пысықталды. Осылайша, бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірлеу көзделеді, оны орындау және іріктеудің жыл сайынғы мерзімдерін белгілеу бойынша тәсілдер жетілдірілмек, – деді Д.Жазықбаев.

Сонымен қатар агенттік төрағасы Президенттік жастар кадр резервінің өкілдерін мемлекеттік қызмет жүйесіне және квазимемлекеттік секторға тарту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Резервке 2019 жылдан бастап іріктелген 350 қызметкердің 238-і бүгінде жұмысқа орналастырылған.

Мемлекеттік  қызметшіні бағалау

Агенттік Бағалау институтын жетілдіруді мақсат етіп отыр. Оның негізінде  мемлекеттік қызметшілер әр тоқсан сайын бағаланады. «Оның нәтижелері меритократия қағидаты бойынша мансаптық ілгерілету кезінде пайдаланылады. Осылайша, қатарынан 4 тоқсан бойы жоғары баға алған қызметшілерді тікелей қызметке тағайындау көзделуде. Сонымен бірге, қатарынан 2 тоқсан қанағаттанарлық баға алмаған қызметкер лауазымы төмендетіліп, бос орын болмаған жағдайда жұмыстан шығарылу мәселесі қарастырылуда», деп атап өтті агенттік төрағасы.

Бұған қоса кәсібилендіру мен сыбайлас жемқорлық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында қызметшілерге уақтылы ротация жасалмақ. Дархан Жазықбаевтың сөзіне сенсек, қазіргі таңда міндетті ротация қолданылатын тұлғалардың тізбесі кеңейтіліп жатыр. Ротацияға жататындар қатарына «А» және «Б» санаттары тобының лауазымдары енгізіледі. Басқа жерге ротацияланатын қызметшілерге тұрғын үй төлемдері қарастырылмақ. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімдерін біріздендіру жоспарланған.

Қызмет алушылардың құқықтары қорғалады

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет­тердің сапасы да артпақ. Өйткені «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңға енгізілген соңғы түзету­лерде «қоғамдық маңызы бар қызмет» деген жаңа ұғым енгізілді.   Ол үздіксіз негізде жүзеге асырылатын және қоғам өкілдерінің заңды мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған.

«Бұдан былай мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалаудан бөлек, агенттік қоғамдық мониторинг шеңберінде қоғамдық маңызы бар қызметтерді бағалап, оларды ұсыну сапасын жақсарту бойынша ұсыным шығарады. Бүгінгі күні қызмет алушылар тарапынан шағымдарды күтпей, қызмет көрсету мерзімдерінің сақталуына және бас тарту негіздеріне қашық­тықтан мониторинг жүргізу жұмысы оң нәтижесін көрсетіп отыр. Бұл қызмет алушылардың шағым­дарын күтпей-ақ, тиісті шараларды қа­былдауда проактивтілік пен жеделдікті қамтамасыз етеді», деді Д.Жазықбаев.

Сонымен бірге қызмет алушы­лардың бұзылған құқықтарын қорғау мәселесіне назар аударылған. Бұл салада ақпараттандыру жұмыстары айтар­лықтай нәтиже беріп отыр. Мәселен, агенттік мәліметі бойынша жыл басынан 5 мыңнан астам түсіндіру жұ­мыстары ұйымдастырылған. Нәти­жесінде, 111 қызмет алушының құқық­тары қорғалып, қалпына келтірілді. Бұл өткен жылдың тура осы кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға (91), ал 2020 жылмен салыстырғанда 42 пайызға (64) артық.

Әдептен асуға болмайды

Әр адам әдепті болып, этика сақтап жүру қажет, әсіресе бұл мемлекеттік қызметшіден қатаң сұралатын талап. Тәртіп бұзса Әдеп кеңесінің алдында «жазаланады». Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер жаңа редакцияда қабылданған Әдеп кодексі бо­йынша жауап береді. Аталған Кодексте адал ниет, адалдық, әділеттілік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану іспетті мемлекеттік қызметтің әдептілік қағидаттары айқын көрсетілген. Мәжілісте агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев Әдеп жөніндегі кеңестердің жұмысына да тоқталды. Оның айтуынша, Әдеп жөніндегі кеңестерде мемлекеттік қызметшілерге қатысты 542 мәсе­ле қаралған (тәртіптік істер – 189, профи­лактикалық бағыттағы мәселелер – 321). Осылайша, Әдеп жөніндегі кеңестердің қызметі көбінесе этикалық нормаларды бұзудың алдын алуға және мемлекеттік қызметшілердің заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.

«Осы жұмыстың арқасында әдеп нормаларын бұзғаны үшін жазаланған адамдардың саны жыл сайын азайып келеді. Атап айтқанда, соңғы екі жылда олардың саны 2 есе азайған. Әдеп жөніндегі кеңестермен 2393 ұсыным енгізіліп, ол 96 пайызға орындалды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 1323 азаматтың құқығы қалпына келтірілді», деді Д.Жазықбаев.

Сонымен қатар Әдеп жөніндегі кеңестердің ұсынымдары негізінде 32 мемлекеттік қызметшіге қолданылған тәртіптік жазалардың күші жойылып, 63 тәртіптік іс тоқтатылған. Жұмыс уақытын жүйелі түрде бұзуға жол бермеу жөніндегі жұмыс нәтижесінде 1047 қызметшіге қосымша демалыс сағаттары берілген. Үстеме жұмысқа заңсыз тартылған қызметкерлерге 38 млн теңгеден астам ақшалай өтемақы төленген.

«Қоғам мемлекеттік қызмет­ші­лердің бойынан біліктілікті, әдеп­тілікті, ашықтықты, адалдықты, адамгершілік қасиет пен жоғары мәдениеттілікті көргісі келеді», деп түйіндеді сөзін Д.Жазықбаев.