Тарих • 25 Шілде, 2022

Ғұбайдолла хазірет

504 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ғұбайдолла халфе Совет үкіметінің қуғын-сүргінінен амалсыз туған жерінен жырақтап, жат жерде өмірі өксіп өткен дін қайраткерінің бірі. Заманында өте алғыр, зерек болып, қатарынан оза туғаны басына бәле болып жабысып, «совет үкіметіне сенімсіз», «халық жауы» ретінде сотталған, жер аударылған.

Ғұбайдолла хазірет

Суреттерде: Ғұбайдолла Ахмет­ұлы, 1923 жылы Мәскеуге барған бөкей­лік делегация, Ғұбайдолланың 1910 жылы 17 шілдеде Уфа муфтиятынан өзіне имам хатиб мударрис дәрежесі берілуін сұраған өтініші.

«Артықша жаза алмадым

үнім бітіп,

Жатырмын кетейін деп күнім бітіп.

Жат еттім ағайыннан балдарымды,

Ішімнен жарып шыққан

жандарымды –

Ақылым көптігінен қаңғыр болып

Кетірдім ақырында айбарымды, – деп жазыпты өмірден өтерінің алдында бір өлеңінде.

* * *

Ғұбайдолла Ахметұлы 1873, тауық жылы Ішкі Орда – Бөкейлікте қарабура алаша Ахметтің шаңырағында сегізінші бала, егіздің сыңары болып дүниеге келіпті. Сыңар бала іштен өлі түсіп, ал Ғұбайдолла өте кішкентай, «кебістей» болыпты. Туа сала Ғұбайдолланы наға­шы атасы тоқбас Бөкенбай бауырына басады. Бірақ мұның үш жасында асырап алған әкесі Бөкенбай, жеті жасында шешесі Баян сары кезіктен қайтыс болады. Ғұбайдолла да қатты ауырып, әрең оңалады. Сөйтіп өз үйіне қайта оралып, жетім баладай болып өседі.

Ғұбайдолланың 1948 жылы сәуір айында өз қолымен жазған өмірбаяны сақталған. «Үйде қарап отыра алмай, бірдеңе оқып отыратын әдетім еді. Оқиын десем жаңа кітап жоқ. Ең болмаса өз өмірімді қысқаша жазып тастайын деген ойға қалып, жаза бастадым» деп бас­таған ғұмырнама халфенің білім алу, қа­лыптасу кезеңін түгел қамтыған. Әсіресе төңкерістен бұрынғы қазақ даласындағы оқу жүйесі, медреселер бағдарламасы хақында керемет ақпар беретін дүние.

Белгілі зерттеуші Қабиболла Сыдиық­ұлы «Қазақ энциклопедиясына» жазған мақаласында Ғұбайдолла Ахметовтің Жаңақаладағы Байғұл медресесінде, 1890 жылдары Ордадағы екі класты қазақ-орыс мектебінде, кейін Ресейдің Вятка губерниясындағы Мамонов діни оқуында білім алғанын жазған.

Ал Ғұбайдолла өз өмірбаянында әуе­лі өз әкесі Ахметтен ежік үйренгенін, 8 жа­сында Достан молдадан, 9 жасында баш­құрт Іскендір Қатауолла Қадимұлынан оқығанын, 16 жасында, 1889 жылы Байғұл ұстаған Есмақай молдаға барғанын жазған. 1891 жылы Жаңақалада (қазіргі Жаңақазан – Қ.Қ.) Ғатауолла хазіретке шәкірт болады. Өзі оқи жүріп, қай жерде де ұстаздарының көмекшісіне айналады, жаңадан келген шәкірттерге мұғалімдік етеді. Осы­лайша, Ғұбайдолланың өзінің де мық­ты оқытушылық аты шыға бастайды. Сөйтіп, бай ауылдарға жалданып, бала оқытуға кіріседі. Өз жазуында 1898-1900 жылдары қысы-жазы бірдей дауым­шарда (байбақты руының бөлімі) бала оқытқанын, 1902 жылы Жаңақалада болғанын, 1903 жылы Жұмағалида бала оқытқанын жазады.

* * *

Ғұбайдолла халфенің өміріндегі ерек­ше кезең – Ресейдің Вятка губер­насындағы Бүби медресесінде жаңаша оқуы болған сияқты. Өйткені татардың озық ойлы ағартушылары, ағайынды Ғабдулла, Ғубайдулла және Мухлиса Нығметуллиндер қалыптастырған медреседе дін сабақтарынан бөлек шет тілдері, тарих, жағрафия, әдебиет пәндері оқытылған. Бұл сабақтарды Стамбұлдан, т.б. алыс-жақын жерден арнайы алдырған үздік мұғалімдер оқытқан. Тағы бір айта кетерлігі, Бүби қыздар медресесі мұсыл­ман қыздар­дың жан-жақты білім алып, қоғам­ның алдыңғы қатарлы тұлғасы бо­луға тәрбиелейтін. «Ұсұл-жәдид», яғни жа­ңаша оқу деп аталған бұл жүйеге дәс­түрлі медресе жүйесі де, патша үкі­меті де ерекше қарсы болған. Буби секіл­ді жәдидтік медреселердің оқу бағдар­ламасын сүзгіден өткізген патша инс­пекторлары «Мұндай оқу орындарын тез арада жабу керек. Өйткені мұнда оқыған татар балалары өте білімді, хал­қын алға сүйрейтін ағартушыға айналады» деген үкім шығарған.

Міне, осы медреседе Ғұбайдолла Ахмет­ұлы 1910 жылы білім алады. Ал 1911 жылы қаңтардың 29-ынан 30-ына қараған түнде тұтқиылдан тінту болып, оқы­тушылар тұтқынға алынады, медресе жабылады. Оқу орнының жетекшілеріне панисламшы деген айып тағылады.

Сол сапарында кейіпкеріміз күллі Ресейдің ислам мекемелерін біріктіретін Орынбор мұсылмандары діни басқар­масына соғып, өзіне имам хатиб мударрис дәрежесі берілуін сұрай­ды. 1910 жылы 17 шілдеде толтырыл­ған өтінішінде Ғұбайдолла Ахмет­ұлы Астрахан губернасы Ішкі ордалық Қамыс Самар қисымлық №14 бөлімнен екен­дігін, Жаңа Қазан ауылында имам ахун Ғатауолла Ғалікеевтің медресесі құзы­рында оқығанын, тиісті емтихан тапсырып, арызымен бірге 1 сом 50 тиындық марка төлегенін, керекті төл­құжаты, куә­лік, анықтама қағаздарын өткізгенін» жазған.

Осы істе Қамыс-Самар қисымы №13 бөлімінің қазағы Қайырғали Жақып­­байұлы Ғұбайдолла Ахметұлына Жаңа Қа­занда бес жыл мұғалім болып тұрған­дығы хақында куәлік берген.

Келесі күні, 18 шілдеде Ғ.Ахметов комиссия алдында шариғат іліміне жүйріктігін көрсетіп емтихан тапсырып, арнайы куәлік алады.

* * *

Ғұбайдолла Ахметұлының шағын өмірбаянын жазған Қабиболла Сыдиық­ұлы оны «отыз жыл бойы мұғалім болып, халықтың әдеби мұрасын жи­наумен айналысты. ХХ ғасырдың бас кезінде Батыс Қазақстан аймағындағы қазақ зиялылары С.Меңдешев, Ғ.Қараш, Х.Досмұхамедов, Н.Мамаев, А.Құдай­бергенов, Ғ.Байғұловтармен бірге қызмет істеп, достық қарым-қатынаста болған. Қазақ мектептерін ашу жұмыстарына атсалысқан. 1937 жылы саяси қуғын-сүр­гінге ұшырап, жұмыстан қуылып, жоқ­шылыққа душар болған» деп жазады.

Бір таңғаларлық оқиға, 1916 жылы Астрахан губернаторы И.Соколовскийге наразы болған қазақтардың арызын Санкт-Петербургке жеткізу үшін жаңа­қалалық қос молда астанаға сапар шеккен. Олар Нығметолла Ибрагимов пен Ғұбайдолла Ахметов еді. Оларға тіл­маш әрі жолбасшы болып Сейітқали Мең­дешев жүреді. Тарихшы Сәбит Шілдебай бұл топтың «Петерборға 1916 жылы маусымда барғанын, Мемлекеттік думаның жанындағы Мұсылман фракциясына Астрахан қазақтарының арыз-шағымын табыстағанын, Мұсылман фракциясы оларға көмектесуге ынта танытқанымен, мәселені шешуге қауқары жетпегенін» жазады. Осы сапардан кейін 1916 жылғы маусым жарлығына қарсы қозғалысқа қосылып кеткен Сейітқали Меңдешев түрмеге қамалса, қос хазірет те жандармерия назарынан тыс қалмаса керек.

Бөкейлік хазіреттердің астанаға осы сапарының ізі «Қазақ» газетінің 1916 жылғы 31 мамыр және 9 маусымдағы №183-184 сандарында қалыпты. Ғұбай­долла Ахметұлы, Сейітқали Меңдеш­ұлы, Нығметолла Ибрагим баласы және Ғұмар Қарашев қол қойған «Бөкей­лік керегі» атты мақала дәл осы сапар­дың мақсұт-мүддесін ашып көрсетеді. Ресей Мемлекеттік Думасында бөкейлік қазағының депутаты жоқтығын, сон­дық­тан мұсылман фракциясы жанынан құрылған бюроға «елдің ішіндегі мұң-мұқтажды мұсылман фракциясына түсіндіріп, думаға кіргізіп» тұратұғын кісі шығаруға шақырады. «Неге десеңіз, біз­дің мұқтажымыз, мұңымыз басқаға қара­ғанда көбірек. Тек «жоқтамағанның малы түгел» болғандықтан өзімізге білін­бейді. Себебі біздің Ішкі Орданың жерін ілкімдеп иеленіп отырған халықты қуып шығаруға бастықтарымыз Құдайдың тар күніне сауешания жасап отыр. Әп-әдемі етіп жасалған Ішкі Ордаға хас законной вердикт келешек думаға түсіп қаралуға отыр. Оқу, оқыту деген жағымыз сәулесіз, қараңғылықта тұр. Мұнан басқа тиісінше басқара алмағанымыздан ауырлық, өтірік сияқтыны санай берсек талай дес­теге жететін. Бұлай болса, ел билеген азаматтар-ау! Шаруасы бүтін байлар-ау! Ұрпағымыздың көз жасына қалмауды ойлаған билер! Біз де бір ұйымдық қылып қарайық! Басқалардай депутатымыз болмаса, ол біздің кемшілігіміз емес... Қолымыздан келетін мұсылман фракциясының қасына бюроға біріміз болсын, екеу болсын, ел жайын білетін, қамын көздейтін адамдарымызды жібе­ріп, кісі қатарына қосылайық» деп жазады мақала авторлары.

*  *  *

Бөкейлікке совет үкіметі орнаған тұс­та Ғ.Ахметов мұғалімдік жұмысында болатын. Батыс Қазақстан облыстық архивінде сақталған 1923 жылғы бір құжатта оның Бөкей губерналық білім бөлімінің құрамында, Жаңақала уезі Тұрдығұл болысында қызмет ететіні көрсетілген. Бір қызығы, большевиктер де сауатты, елге ықпалды мұғалімді іш­тарта қоймаған. 1923 жылы 3 қыркү­йек пен 29 қазан аралығында саяси сенім­сіз, сайлау науқанына кедергі келтіруі мүмкін 64 адамды халықтан ажыратып, Орда қаласына жинау туралы құпия қаулы шыққанда, соның арасында Ғұбайдолла Ахметұлының да аты-жөні жүр екен.

Шынында да Ғұбайдолла халфенің басына қара бұлт қайта-қайта үйірілгені де дәл осы кез. Өзі де, баласы Хисмет те «молда», «жат элемент» ретінде сайлау құқынан айырылады.

к

«1925 жылы Орал жері бос қалды. Соған көшем деушілер болса, баруына болады деп ерікті түрде ауаткомнан тәртіп берген. Соған Ғұбайдолла бастаған біразырақ үй (қарабуралар) көшкен. Кейін байларды, молдаларды тәртіпке ала бастағанда Ғұбайдолла оны сезіп, жылысып, аман-есен сөзсіз тұрғанда Ресей жеріне қарай көшіп кетеді. Сол жақта сөзсіз-бөзсіз дегендей аман жүріп, қайтыс болған» деп жазады Ізмұқан Байғуатов 1984 жылы Әйіп Бектасұлына жазған хатында.

«...Байлар мен құлақтардың қарсы­лығы ашық байқалып отырған жоқ, бірақ кей жерде кедейлер арасында бай-көпес элементтердің құйыршықтары көрі­ніп қалуда. Мысалы Ғұбайдолла Ахметовті (хазірет) сайлау пұрсатынан айыру бо­йынша өткен жиналыста кедейлер – Ахметовтің жақындары ашық қарсы шы­ғып, «Ахметовтің даусы алы­нуға жат­пайды» деп мәлімдеді. Басым көп­шілік батырақтардың көзқарасы дұ­рыс бол­ғандықтан ғана Ахметов сайлау және сайлану құқынан ажыратылды...» – Бұл Орал губерналық «Красный Урал» газетіне 1928 жылы шыққан мақаладан үзінді.

Осылайша, Ғұбайдолла халфе отбасымен Ресей жеріне қоныс аударады. Онда да бір жерге тұрақтамай, Саратов облысының ішінде жиі қоныс аударып отырған сыңайлы. Ал елде қалған әріптестері – мұхтасиб Нығметолла Ибра­гимов, Ғатауолла Байғұлов, Қайыр­ғали Жақыпбаев т.б. хазіреттер 1937-1938 жылдары жаппай сотталып, атылып кеткен болатын. Ғұбайдолла да 1942 жылы 6 наурызда Саратов облысы Перелюбский ауданы, Анин-Верх селосында тұрған жерінен тұтқындалып, «антисоветтік үгіт-насихат таратты» деген айыппен 1942 жылы 14 қазанда Саратов облыстық сотының үкімімен 5 жылға сотталған.

*  *  *

«Ғұбайдолла пәндей лауазым ұста­маған, ауыл балаларын жинап, діни оқу­мен оқытқан. Бірақ сол кездегі Жаңа­қала, Жалпақтал бойындағы указной молда, хазіреттермен жиі қарым-қатынас ұстаған. Өйткені бұл кісі өте сөзшең және білгіш адам еді. Олар өз думандарынан бұл кісіні еш уақыт шет қалдыра алмаған. Өзінің орта шаруасы болған Қисмет, Әнуар, Мүбарак деген үш ұлы, Сақым (Сақыпжамал) деген бір қызы болған. Қызын Ғұмар Қарашевтың баласы Қадер дегенге берген, яғни Ғ.Қарашев екеуі құда» деп жазады жоғарыдағы хатында Ізмұқан Байғуатов ақсақал.

Ғұбайдолла Ахметовтің Ғұмар Қа­раш­пен құдалығына олардың көзқарас жақын­дығы, ұсыл-жәдидті қолдауы да әсер еткен сияқты. Тоқыш Қиланбеков­тің естелігіне қарағанда Сақыпжамал Абдыл­­қадырға (Ғұмардың ұлының толық есімі) 1917 жылы 16 жасында ұзатылған. Сақыпжамал да жақсы ақын болған, атасы Ғұмар, өз күйеуі Қадер қаза тапқанда шығарған жоқтаулары өте әсерлі.

Сақыпжамалды ұзатқасын Ғұбай­долла құдасына барып, 2-3 күн жатып, өте риза болып, «Ғұмар құдам, мәде­ниетке құмар құдам, Сақыпжамалды қасына шақырып алып, өлең айтты­рып, рақмет айтып отыратын еді!» – деп бек риза болған екен. Өкінішке қарай, Сақып­жамалдың да ғұмыры қысқа бол­ғанға ұқсайды.

Әйіп ақсақал Сақыпжамалды «оқыған адам» деп жазады. «Ол да оқыған адам, әкесі де халфе, Ғұмар атасы да халфе. Сол Сахыпжамал – өлеңші адам, атасы мен жолдасының өлімін қайғылап, көп жатып, көңіл көтеруге бір жазғытұры атқа мініп, кең даланы көрейін деп шығады. Елдің аянышты хәлін көріп, оны суреттеп өлең жазды» дейді. «Са­қып­жамалдың сөзі» деп аталған бұл өлең 1920 жылдардың басындағы Бөкей­ліктің берекесі кеткен хәлін өте әсерлі бейнелейді.

*  *  *

Енді бір аз сөзді Ғұбайдолла Ахмет­ұлынан қалған мұралар хақына бұрсақ. Бұл жайында алдымен ауызға түсетіні – «Қалила мен Димна» кітабының қазақша аудармасы.

«1946 жылдың жаз айларында Ғұбай­долла Ахметов Гурьев қаласында тұратын жақын туысқандарына келіп, Совет көшесіндегі 131 үйде тұрған болатын. Ол күнде Гурьев қаласында Қазақ ССР Ғылымдар академиясының филиалы жұмыс істейтін еді. Филиалдың сол күндегі директоры Қарымсақов Сапар болатын. Академияның президенті Қаныш Сәтпаевтың тапсыруы бойын­ша жолдас Қарымсақов әдейі іздеп келіп Ғұбайдолла Ахметовпен сөйлесіп, оған келісім бойынша бірнеше кітапты араб, парсы тілдерінен қазақ тіліне аударуды тапсырған еді. Соның ішінде Фирдаусидің «Шаһ-намасы», «Қалила және Димна» кітабы тағы басқа шығыс елдерінің шығармалары бар еді. Бұл жұмыстарды семьясының айтуынша ол кісі 1951 жылға дейін бітіріпті. Содан кейін науқастанып, төсек тартып жатуына байланысты Ғылымдар академиясына аяқтай барып еңбектерін тапсыра ал­майды. Өзі қайтыс болғаннан кейін оның бұл еңбектері әркімнің қолына түсіп, тарап кетеді. 1961 жылы менің қолыма түскен «Қалила мен Димна» кітабының қолжазбасын апарып тапсырдым. Одан басқа кітаптарының қол­жазбалары әзір менің қолыма түскен жоқ» деп жазады Фарид Ғатауов 1964 жылы. Осы ақсақал Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атында­ғы Әдебиет және өнер институтына Ғұбайдолланың бірнеше шығармасын тапсырған.

Бір өкініштісі, Ғұбайдолла халфенің мұрасы жинақталып, баспа бетін көр­ген емес. Жоғарыда сөз болған әйгілі шы­ғыс мұрасы, арғы тегі үндінің «Панча­тан­трасынан» тартатын «Қалила мен Дим­наның» Ғұбайдолла аударған нұс­қасы да жарыққа шықпаған. Біз Алматы қаласына арнайы сапар шегіп, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының қолжазба қорын сүзіп шықтық. Ол жерден табылғаны – жоғарыда айтылған Ғұбайдолла хал­фенің өзі жазған өмір­баяны (онда 1873 жылы дүниеге кел­генінен 1910 жылы Бүби медресесіне бар­ғанға дейінгі өмі­рі қамтылған), Әли­хан Бөкейханның «Григорий Нико­лаевич Потаниннің жайы» атты көлемді мақаласы, «Ғұбай­долла мен Сүйін қарт­тың кездесуі» атты естелік (авторы Тоқыш Қиланбеков) және Ғұбайдолланың бірнеше шығар­масы берілген. Өкінішке қарай, «Қалила мен Димнаның» аудармасын Фарид Ғатауов «өз қолыммен тапсырдым» десе де, таба алмадық.

«Ғұбайдолла Ахметұлының өз қолы­мен жазған өмірбаяны Қазақ ССР ғы­лым­дар академиясының философия инс­титутында көрінеді. Сол кісінің Октябрь революциясынан бұрын қа­зақ балалары үшін мектеп ашу туралы жазған арызы да Уфаның архивінен алынып, сол институтта сақтаулы. Ал оның бұрынғы Вятка губерниясына барып оқып, халфелік атақ алып шық­қандығы туралы өз өмірінен жазған қызық әңгімесі бір құдасында бар еді. Оны әзір қолыма түсіре алмай отырмын» деп жазыпты 1962 жылы Фарид Ғатауов. Алайда Ғылым академиясының қолжазба қорына, яғни қазіргі Ғылыми кітапханаға да сұрау салып, Ғұбайдолла мұрасынан әзірге дерек таппай отырмыз.

Хазіреттің анық фотосуреті де қолы­мызға түспей отыр. 1923 жылы Бө­кей губернасының бір топ мәдениет, әде­биет және өнер қайраткері РСФСР Ха­лық ағарту комиссариатының шақы­руымен Мәскеуге барғаны белгілі. Ішін­­де Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ахмет Мамыт­ұлы, күйші Сейтек т.б. бар топтың ортасында Ғұбайдолла Ахметұлы да тұр. Шүңірек көзді, жағы қусырыңқы, мұртты жігіт ағасы бұл кезде ердің жасы 50-де болған екен.