Әдебиет • 28 Шілде, 2022

«Тілалшақ» – ащы кекесін, өткір сын

347 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кімнің болсын қоғамнан өзіндік орнын тауып, ортаға бейімделіп, мына аумалы-төкпелі өмірден өз үлесін ала білуі маңызды. Ал егер сен өз жолыңды таба алмасаң, өзін­дік пікірі, ойы бар адам ретінде қалып­таспасаң, кім көрінгеннің қол­жаулығы боласың.

«Тілалшақ» – ащы кекесін, өткір сын

Белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Тілалшақ» деген әңгімесінде көтерілген мәселе, ондағы бас кейіпкер – Құлболдың іс-әрекеті жүрекке салмақ салады, ой-өрісіңді сан-саққа бұрады. Құлболды сияқты мың-миллион адам қоғамды құрдымға сүйреп әкетіп бара жатқандай сезінесің.

Құлболды – айдалада панасыз, шарасыз, жалғыз қалған жан. Оның мұндай күйге жетуіне ең бастысы өзі, одан кейін аяр, ешкімді де аямайтын, әлсіз жеріңнен ұстап алып, тыпыр еткізбей өзінің құлына айналдыратын ортасы кінәлі.

Құлболды. Әкесі оның есімін Құдайдың құлы емес, адамның, ортасының құлы болсын деп қойғандай. Бәлкім, әкесі ұлының есімін Құдайдың құлы болсын деп Құлболды қойған шығар, бірақ ол бәрібір адамның, ортасының, жүйенің құлы болды. «Әкесі» демекші... Ғалымдардың айтуынша, қадір-қасиет адамға қанмен келеді. Құлболдының әкесі де бүтін бір ауылдың, колхоз басшыларының «барып кел, шауып кел» деп жұмсайтын, әркімнің шаруасымен «ертеңнен кешке дейін көшеден көшеге тепеңдейтін де жүретін» адам болады. Тіпті ол әлдебір шаруаға өзі емес, басқаның жұмсалып бара жатқанын білсе кәдімгідей ренжитін жағдайға дейін жеткен. Міне, осындай әкеден Құлболды туған. Атқа бұт артуға жарап қалған кезден бастап әкесінің «қасиетті борышын» өтеу Құлболдының мойнына ілініп жүре берген. Бұған ренжіген ол жоқ. Ақымақ әкесі «Тілалшақ болған өзіңе жақсы» деп ақылсымағын айтқан. Тұқым қуалағандікі болар Құлболды әке­сінің міндетін қапысыз орындайтын жан болғаны сонша, өз есімі ұмытылып, ауыл-аймақта «Тілалшақ» деп аталып кеткен.

Тілалшақтың «кәсібі» мектепте оқып жүргенінде керемет дамыды. Сынып жетекшісінен бастап мектептің бүкіл мұғалімі Тілалшақты жұмсамай ас батпайтын халге жетеді. «Ал» десең оның не шаруа екенімен ісі жоқ, тұра шабатынын бірінен-бірі естіген мұғалімдер ендігі жерде кезек-кезек жұмсайтын болды…

Тілалшақ өстіп жүріп сабақты кілең төрт деген бағамен бітірді. Бестік, үштік, екілік жоқ. Кілең төрттік оның «еңбегінің» өтеуі. Оқулықтың бетін ашып көрмегенге бестік қою енді қиын ғой.

Кім баласынан үміт күтпейді дейсіз. Тілалшақтан да ата-анасының күтері мол. Мақсаттары – баласын білдей институтқа түсіру. Содан «Алматыға оқуға барамын, деп бірақ ненің оқуына баратынын біл­мей, біреу сұраса «Көрем ғой»-дан әрі аса алмай, әрі-сәрілеу жүргенде, бұларға жамағайын болып келетін, осы ауылдан шыққан тұңғыш «замдеканның» келе қал­масы бар ма». Мұны әкесі ешкімнің де көңі­лін қалдырмай шапқылай бергеніміз­дің қайтарымы деп білді. «Замдеканға» тапсырылған бала институтқа сырттай оқу­ға түседі, дұрысы түсіреді. Мұнда да ол дөкей­лердің қолбаласына айналып, іссапар­ларға олармен бірге шығып, неге жұм­саса да «қатырамыз» деген бір-ақ ауыз сөзбен келісіп шапқылаумен күн өткізеді. «Қатырамыз» дегеннен басқа сөз айтпайтын тілалшақтығын білген институттағы басқа да кісі жұмсағыштар, дөкейлер мұны «ерттеп мініп» құлша құнжыңдатады. Бірде институт басшылығы ауысып, өзін жұмсап жүргендер жаппай жұмыстан кеткенде оқудан шығып қалып, иесіз иттей қаңғырып қалады. Сонда да ол өзіне «қой мұным жарамас, жөнді жол табайын» деп ойланбайды. Өзін жұмсайтын, жұмсағанда да тыным таптырмайтын тағы біреулерді іздейді, аңсайды. Ол сөйтіп жүріп бұрын өзін талай жұмсаған бір дөкейден «жұмыс» сұрап барады. Әлгі дөкей оны «жұмысқа» қабылдайды. Сөйтіп, Тілалшақ абыройлы, атақ-даңқты дөкейлердің киімдерін көтерумен, жүктерін тасып, жатқызып, тұрғызумен кәсібін жалғайды. Өзіне де сол керек. Бірақ «дәурені» ұзағынан болмайды. Заман өзгеріп, бұл жұмсалынбай далада қалады. Ақырында әйелі де бала-шағасын ертіп, мұны тастап кетеді.

Жазушы өз шеберлігімен Құлболды өмірінің «асау белестерін» баяндау арқылы бүгінгі қоғамымыздағы өзекті мәселелердің бірі ұрпақ тәрбиесіндегі кемшіліктерді, оның қауіпті үрдіске айналып бара жатқанын, Құлболды сияқты сандаған жастың ортамызда өріп жүргенін анық аңғартады. «Тілалшақ» арқылы жазушы қазіргі қазақ қоғамының дертін ащы кекесінмен сынаған.

Қандай мәселенің де түпкі себебі, іріңді өзегі болады емес пе. Біз сөз етіп отырған Құлболдылар сияқты мың-миллиондардың шығу себебін жазушы мына төмендегі жолдар арқылы ашып көрсетеді, түйткілдің түпкі мәніне зер салдырады.

«Бұл мекемеде кезінде, небір марқасқалар қызмет істеп, құрметті демалысқа шыққан екен. Марқасқа болғанда, атақтан, абыройдан кенде болмаған. Кеуделері толған орден, медаль. Шетінен зиялы, құрметті, ғұлама… Зейнетке шығып кеткен дейтін емес, қай-қайсының да жүрген-тұрғаны барып тұрған міндет. Төбесі көрінгеннен алдынан құрақ ұшып шықпасаң, қолтығынан сүйемелдеп кіргізбесең, «Ал көке» деп отырғызбасаң, айтқанын екі еткізсең, бәлеге қалатының оп-оңай екен. Өздері құрметті демалысқа кеткенімен біреуінің баласы, біреуінің нағашысы немесе жиені, біреуінің қайын жұрты дегендей, дәурендерінің жүріп тұрған кездерінде билікке жетелеп, итеріп, кіргізіп кеткен жағдайлары бар боп шықты. Оларын айтпайды, ал мұның бастығына: «Мына креслоға өзіміз жабылып отырғызған баласың» дегенді, сөз жоқ келген сайын бір әуендетіп өтеді. Мұның ар жағы қилы-қилы бұйымтай».

«...Кезінде абырой, атағы болғанды қазақтың хан көтеріп алатын дәстүрі бар ғой. Обалы не керек, қайсысына қай жерге еріп барса да Тілалшақтың көре­тіні – анаған деген ыстық ықылас, кең пейіл, «кезінде өйткен де, бүйткен ағамыз ғой, мәртебеміз, мерейіміз», дес­кен қазақ. Біреу сөйтіп жалбақтап жатса, анау жүрсе – талтақтамай, отырса – шал­қақ­тамай қайтеді. Сөйтіп қана қойса жақсы, сапары – киген аса бағалы кос­тюм-шал­бар, шапан-шапқыт және күзге жеткізі­летін соғыммен біте қоймайды. «Осы сен­дер, менің есімімді мектепке, көшеге неге бермейсіңдер?» – деп үдейді. Енді біреуі­нің салатын салмағы – «Туған ауыл­дан бір зәулім үй салып берсеңдерші, жастың келген шағында жатайын да жам­бастап, туған топырақтың төсінде…».

Жоғарыдағы жолдардан бүгінгі аға буынның кейбір өкілдерінің жағымсыз келбеті, ұсқынсыз үлгісі қылаң береді. Жазушы аға буынға тән жаман қылықтар жағымсыз үрдістерден Құлболдылардың қаптап өсіп шығатынын меңзейді. «Таң құланиектенгенде есін жиған. Шоқайып ұзақ отырды. Үсті-басы малмандай, лай-батпақ». Далада қалған Құлболдының кейпі осындай. Мұндайдан ұрпағымызды Құдай сақтасын!