Әлем • 29 Шілде, 2022

Ұлыбритания: Екі үміткер қалды

296 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлыбританияда жаңа премьер-министрдің кім болатыны қызу талқыланып жатыр. Қазіргі таңда екі үміткер қалды. Олар Риши Сунак пен Лиз Трасс. Қай-қайсы да «сен тұр, мен атайын», деп тұрған тәжірибелі маман. Оның үстіне, екі саясаткер де қоғамда әжептәуір бедел жинап үлгерді.

Ұлыбритания: Екі үміткер қалды

Таяуда ел премьер-министрі лауазымы сайысының кезекті туры өткен. Үштіктің таласынан финалға Риши Сунак – 137 дауыспен, Лиз Трасс – 113 дауыспен өткен еді. Дегенмен ағылшын бұқаралық ақпарат құрал­дары Консерватившілер партиясы депутат­тарының қызу қолдауына ие болған Сунақтың шешуші сайлауда табысқа жете алмауы мүмкін екенін айтады.

Осы аптаның басында Ұлыбритания премьер-министрлігіне үміткерлер арасында алғашқы теледебат өтті. Екіжақты пікір­таласта Украинадағы қақтығыс, өмір сүру сапасы, салық және қоршаған орта мәсе­лелері талқыланды. Консерватившілер партия мүшелерінің YouGov сауалдамасына сәйкес, пікірталас кезінде Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Лиз Трасс бұрынғы қазынашылық канцлері Риши Сунакқа қарағанда басым түскен. Оған партияның 507 мүшесі қатысып, респонденттердің шамамен 50 пайызы Трасстың белсенді болғанын алға тартты. Қазынашылық канцлері Сунакты қолдағандардың көрсеткіші – 39 пайызды құрап отыр.

Bloomberg арнасының пайымдауынша, YouGov сауалдамасы Сунактың әлі де өз партиясының қолдауын қажет етеді. Соңғы таңдауды Консерватившілер партиясының 175 мың мүшесі жасайды. Бұған дейінгі сауалдамаларда Риши мырза жеңіліп келген-ді. Кейінгі сауалдамада респонденттер Трассты Сунакпен салыстырмалы түрде қарапайым халықпен көбірек қарым-қатынас жасайтын, адамдарда сенім ұялататын саясаткер ретінде атап өткен екен.

Толық аты-жөні Мэри Элизабет Трасс 1975 жылы Оксфордта дүниеге келген. Қазіргі таңда Ұлыбританияның сыртқы істер министрі. Трасс сайлауда жеңіске жетсе, Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі қызметіне тағайындалады. Ол Оксфорд университетін философия, саясат және экономика мамандығы бойынша бітірген.

Трасс 2010 жылы Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Дэвид Кэмерон Консерватившілер партиясының «А-тізіміне» енгізілгеннен кейін Оңтүстік-Батыс Норфолктен депутат болып сайланды. Лиз ханым 2012 жылы Кэмерон үкіметіндегі министрлер кабинетіне Білім министрі ретінде енді.

Кейінгі жылдары құрылған үкіметтерде әртүрлі лауазымдарға тағайындалған Трасс 2021 жылдың қыркүйегінен бері Ұлыбританияның сыртқы істер министрі қызметін атқарып келеді.

Бұған дейін Трасс Халықаралық сауда министрі ретінде атқарған қызметі арқылы көпшілікке танылған еді. Алайда жергілікті халықтың бір бөлігі Трассты Халықаралық сауда министрлігін «Инстаграм министр­лігіне» айналдырды деп сынады. Instagram парақшасын белсенді түрде жүргізетін Трасс кейде фермаларда, әуе кемелері мен танктердің рөлінде, кейде әлем астаналарына баратын мықты әйел образы бейнесін қалыптастырған.

Кейінгі кезде Украинаға қызу қолдау көрсетуі арқылы «Тұманды Альбионда» аты шықты. Халық Трасстың фотосуреттерінде ашық қызыл, көк немесе сарғыш түсті киім киіп, Ұлыбритания туының символына ерекше назар аударуын Маргарет Тетчерге еліктеуі деп бағалайды.

«Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі қызметіндегі екінші әйел» ретінде белгілі Трасс еңбек жолында жағым­ды оқиғалармен көпшілік есінде қалған. Ол ең алдымен Консерватившілер пар­тия­сында салықтарды азайту және қорғаныс шығындарын ұлғайту туралы көзқарасы қоғамда қызу қолдауға ие болды.  Иранда ұзақ уақыт бойы ұсталған екі ағыл­шын азаматының босатылуын қамтамасыз етті.

Украинадағы соғыс кезінде ресми Киевке көрсеткен қолдауы және Мәскеуге қарсы санкция жариялаудағы белсенді рөлі де Лиз Трасс туралы оң пікірдің қалыптасуына ықпал етті. Алда-жалда Трасс сайлауда жеңіске жетсе, Англия премьер-министрі атанған үшінші әйел болмақ. Бірақ сарапшылар оның партия мүшелері арасындағы танымалдығы жоғары болғанымен, әлемдегі инфляция мәселесі мен Украинадағы соғыс кезінде Ұлыбританияны басқаруға қауқары жетпейді деп санайды.

Риши Сунактың саяси аренадағы еңбек өтілі бертінде басталды. Ол 2015 жылы Ұлыбритания парламентінің депутаттығына сайланды. 2019 жылы қаржы министрі лауа­зымына тағайындалып, биылғы 5 шілдеге дейін осы қызметті атқарды. Сол күні әріптесі, денсаулық сақтау министрі Сажид Джавид премьер-министр Борис Джонсонмен келіспейтінін анық айтқаннан кейін Сунак та қызметтен кететінін жариялады.

Сунак пен Джавидтің қызметінен кетуі Джонсонның премьер-министр қызметіне нүкте қойды. Риши Сунак карантин кезеңінде  халықтың жаппай жұмыссыз қалу мәселесін шешуде ұсынған экономикалық қолдауы көпшіліктің ықыласына ие болды. Дегенмен салықтың төмен деңгейін жақтайтынын айтқан Сунак пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіруді жеделдету үшін жасаған әрекеті 1950 жылдардан бері Ұлыбританиядағы ең үлкен салық ауыртпалығына жол ашты.

Әйтсе де, Сунакты тұрғындар жаппай қолдай қоюы екіталай. Ол пандемия өршіп тұрғанда премьер-министр Борис Джонсонмен бірге мерекелік шараға қатысып, коронавирустық шектеу шараларын бұзғаны үшін айыппұл төлеген еді. Сондай-ақ Су­нақ­тың Украина-Ресей қақтығысына қатысты мәселеде де мүддесін көздеуі халыққа ұнай қойған жоқ. Риши Сунак пен оның әйелі Infosys IT компаниясына иелік етеді. Аталған компания сәуір айында Ресейден шығатынын жариялады.

Украинадағы арнайы операция бастал­ғаннан кейін Лондон Мәскеуге қарсы санк­циялар енгізген. Бірақ Сунак біраз уақыт Ресей нарығында табыс табуды жалғас­тырып, Ұлыбританияның басқа компа­нияларын Ресейге инвестиция салудан бас тартуға шақырған. Риши мырзаның осы әрекеті үкімет басшысы лауазымына таға­йындалуына кедергі болуы мүмкін.

Қорыта айтқанда, дәл қазір «Тұманды Альбионда» жаңа премьер-министр лауазымы кімге бұйыратыны қызық болып тұр. «Даунинг-стритте» алдағы уақытта кім отыратыны 5 қыркүйекте анықталады.