Білім • 29 Шілде, 2022

Мектеп түлектеріне – білім гранты

547 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысында жалпы білім беретін 200 мектеп бар. Биыл орта мектепті 5 999 түлек бітірді. Өңірдегі кадр тапшылығын жою үшін түлектердің маман­дық таңдауына, жоғары білім алуына қандай көмек көрсетіледі?

Мектеп түлектеріне – білім гранты

Облыстық білім басқармасы басшы­сының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес бөлінген білім грантында кәсіптік, техникалық, гуманитарлық бағыттағы түрлі мамандықтар қамтылған. Биыл Атырау өңірінің түлектері үшін 4 мың грант бөлінді. Оның 3 200-ін техникалық, ал 800-ін педагогикалық мамандықты таңдаған түлектерге беру көзделіп отыр.

– Бұл мамандықтардың өңір үшін маңызы зор. Сол себептен, түлектерге берілетін гранттың артықшылығы бар. Себебі грант алғандарға кейіннен еңбек өтілі түрінде қайтару жауапкершілігі қарастырылмаған. Түлектерге шәкіртақы алып, Қазақстанның ең үздік жоғары оқу орындарында білім алуына толықтай мүмкіндік берілген, – дейді А.Дүйсекенова.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің дерегіне қарағанда, өңірде 6 747 медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 1 515 дәрігер, 5 232 орта буын медицина қызметкері тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп жүр.

– Мұнайлы өңірдің медицина саласында әлі де 201 дәрігер жетіспейді. Ауруханалар мен емханаларда, өзге емдеу орындарында реаниматолог, акушер-гинеколог, инфекционист, жалпы тәжірибе дәрігері, педиатр секілді жоғары білімді кадрлардың орны бос тұр. Ауылдардағы медицина мекемелеріне 40 дәрігер қажет, – дейді А.Байдуәлиев.

Оның айтуынша, жоғары медициналық оқу орнын бітірген Атырау облысының түлектерін білікті дәрігер ретінде білімін одан әрі резидентурада жалғастыруына жағдай жасалып отыр. Жыл сайын осы мақсатқа 70-тен аса грант бөлінеді. Мәселен, 2021 жылғы желтоқсанда Атырауда М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің филиалы ашылды. Қазір басқа өңірлерден келген 35 резидент облыстағы медициналық мекемелерде жұмыс істеп жүр.

– Мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударып келеді. Өйткені ұлт саулығы – жаңа әділетті Қазақстанды құру жолында­ғы мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты. Өңірдегі кадр жетіспеушілігін жою мақсатында бірқатар жұмыс қолға алынды. Мәселен, С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті атыраулық түлектер үшін фармация факультетіне 30 грант бөлді. Бұл – мектеп бітіруші түлектерге үлкен мүмкіндік. Облыстық әкімдік тарапынан Атырау жоғары медициналық колледжінде білім алу үшін жыл сайын 70-тен астам грант бөлінеді, – деді А.Байдуәлиев.

Сондай-ақ дәрігерлер мен медбике секілді медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың нақты жоспары жасалған. Жоспарға сәйкес 20 бағыт бо­йынша 80 тақырып бекітіліп, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, нео­натолог, балалар хирургі, онколог және басқа мамандық иелері облыстың медицина мекемелерінде, ұлттық ғылыми-зерттеу институттарында, Израиль мен Германия Республикасында білімін жетілдіреді.

 

Атырау облысы

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20