Қоғам • 31 Шілде, 2022

6,6 млн-ға жуық азамат – сақтандыру жүйесінде

184 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне шамамен 6,6 млн жұмыс істейтін азамат қатысады және 1,1 млн-нан астам адам жыл бойы әлеуметтік төлемдер алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел хабарлады.

6,6 млн-ға жуық азамат – сақтандыру жүйесінде

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қазақстандықтар үшін мін­дет­ті әлеу­мет­тік сақтандыру жү­йе­­сінің артық­шы­лықтары тура­лы айта отырып, спикер 2005 жылдан бастап әлеуметтік тәуе­келдер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарды әлеу­меттік қорғаудың қо­сымша дең­гейі ретінде әлеуметтік сақ­тан­дыру жүйесі енгізілгенін атап өтті. Міндетті әлеуметтік сақ­тандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілердің жұ­мыскерлер үшін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің және жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін тө­лей­тін әлеуметтік аударымдары есе­бінен қалыптасады.

Міндетті әлеуметтік сақтан­дыру ын­ты­­мақтастық қағи­дат­та­рына негіз­дел­ген, өйткені әлеу­меттік аударымдар барлық жұ­мыс істейтін азаматтар үшін төленеді, ал төлемдерді еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілігі мен босануына, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайларына әлеуметтік тәуекелі бар адамдар ғана ала алады.

«Жұмыс істейтін азамат­тар­дың ар­тық­шылығы – олар қордан тө­ленетін тө­лемдер түрінде әлеу­мет­тік тәуекелдер туындаған жағ­­дайда қосымша әлеуметтік қолдау алуға құқылы. Мысалы, қордан еңбекке қабілеттілігінен айырылу немесе асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер мүгедектік немесе асы­раушысынан айырылу бойын­ша бюджеттен осыған ұқсас мем­лекеттік жәрдемақыларға қо­сым­ша жүзеге асырылады», деді Н.Кемел.

Сондай-ақ еңбек ету қа­бі­летінен айы­рылу бойынша тө­лем медициналық-әлеуметтік сараптаманың жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін 30%-дан 100%-ға дейін белгілеген жағдайда жүзеге асырылады және еңбек қызметінің жалғасуына қарамастан жүргізіледі. 2021 жылы аталған төлемді шамамен 94,7 мың адам алды.

Асыраушысынан айырылған жағ­дай­да төленетін әлеуметтік төлем асыра­уын­дағы адам 18 жас­қа толғанға дейін, ал күндізгі оқу бөлімінде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленеді. 2021 жылы асыраушысынан айырылған 57,7 мыңға жуық отбасы аталған тө­лемді алды.

Сонымен қатар сатып алу қа­білетін қамтамасыз ету үшін еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айы­рылуы бойынша төлемдердің мөл­шері жыл сайын артып ке­леді. Мәселен, 2022 жылы осы төлемдердің мөлшері өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 9%-ға ұлғайды (1 қаңтардан – 5%-ға, 1 сәуірден – 4%-ға).

Жұмысынан айырылған жағ­дайда қордан төленетін әлеу­меттік төлем жұ­мыстан шығу себептеріне қарамастан та­ға­йын­­далады. Төлем міндетті әлеу­мет­тік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 ай­ға дейін тағайын­далады. 2021 жылы шамамен 105,7 мың адам аталған төлемді алды.

Жұмыс істейтін әйелдердің мүдде­лерін қорғау мақсатында 2008 жылдан бастап ана мен баланы әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Мәселен, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша демалыстың барлық күніне тағайындалады. 2021 жылы жүктілік және босану бойынша 205 мыңға жуық адамға төлем тағайындалды.

1 жасқа дейінгі бала күтіміне бай­ланысты табысынан айы­рылған жағдайда қордан ай са­йынғы әлеуметтік төлем ба­ла­ның туған күнінен бастап та­ғайын­далады. Төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады. 2021 жылы бұл төлем шамамен 385 мың адамға тағайындалды.

«Әлеуметтік төлемдерді та­ғайындау үде­рістерін сәтті авто­маттандыру бү­гін­де «бір терезе» қағидаты бойынша ком­по­зиттік қызметтер көрсетуге мүм­­кіндік береді. Осылайша, ең­бекке қабілеттілігінен айырылуы бойынша төлем алу үшін медициналық-әлеуметтік сарап­тама арқылы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін алғаш белгілеген кезде жүгінуге болады, жұмысынан айырылуы бойынша төлем алу үшін egov.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелген кезде немесе халықты жұмыспен қамту орталығы немесе enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жүгінуге болады, жүктілікке және босануға төлем үшін egov.kz порталы ар­қылы, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлем үшін egov.kz порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүгінуге болады», деп атап өтті Н.Кемел.

Қордан әлеуметтік төлемдерді алуға қыз­мет ­көрсетудің проактивті фор­ма­ты белсенді түрде енгізілуде, ол үшін азаматқа смс-хабар­ламаға жауап беру жеткілікті.

Ақпараттық жүйелерде алушы туралы мәліметтер болған жағдайда, ол төлемдерді алу үшін үйден шықпай және қағаз тасығыштағы құжаттарды растаусыз онлайн режімде жүгіне алады. Осылайша, 2022 жылдың бірінші жарты­жылдығында қор көрсеткен электрон­дық мемлекеттік қызметтердің үлесі 47%-ды құрады.

«Міндетті әлеуметтік сақтан­дырудағы маңызды фактор ресми жұмыспен қамту немесе қызметті тіркеу болып саналады, өйткені төлемдер мөлшері қорға әлеуметтік аударымдар түскен табыстарға тікелей байланысты. Осыған байланысты, төлемді алу үшін жүгінудің алдында egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы, ХҚКО немесе қор филиалы арқылы қорға әлеуметтік аударымдардың дұ­рыс және уақтылы түсуін тек­се­руді ұсынамыз», деп түйіндеді Н.Кемел.