Қоғам • 31 Шілде, 2022

«Көгілдір отын» – көптен күткен игілік

526 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе бас шаһарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде астананың 4 мыңнан астам тұрғын үйі газ желісіне қосылған.

«Көгілдір отын» – көптен күткен игілік

Қазіргі таңда үйлерге «көгілдір отын» кіргізу үшін техникалық шарттарды алу процесі жеңілдетілген. Осыған байланыс­ты үй-жайын экологиялық таза отынмен жылытқысы келген тұр­ғын­­дардың қатары да көбейе түсті. Де­ген­мен мұн­дай игілікті пайдалануға қолы жетпей жүрген отбасылар да жоқ емес.

Тұрып жатқан үйіне газ тартқысы келсе де, оған әлеуметтік жағдайы келмей, қиналып жүрген отбасылардың бірі – Талғат Сансызбайұлы Ташкеев пен оның жұбайы Зылиха Аханқызы Қалбаева. Бірақ олар да «QazaqGaz» ұлттық компаниясы арқылы «кө­гілдір отынның» қызығына кенелгелі отыр.

Ерлі-зайыптылар әлеуметтік жағдайы төмен отбасы саналады. Отағасы зейнеткер болса, зайыбы денсаулығына байланысты есепте тұрады. Сондықтан отбасының газ тартқызуға кететін шы­ғын­дарды көтеруге және оған қажетті құ­рыл­ғыларды сатып алуға қаржылай мүмкіндігі жоқ.

«Біздің отбасының жалпы кірісі мәз емес. Мен – зейнеткермін, ал әйелім жарты күнге тазалықшы болып жұмыс істейді. Екеуміздің айлық табысымызды қосқанда, 130 мың теңгеден аспайды. Осыдан екі жыл бұрын біздің көшеге газ тартылатынын естідік. Қуа­ны­шымыз қойнымызға сыймай, бар­лық рұқсат қағаздарын жинап, же­ке­меншік компанияға хабарластық. Сөйт­сек, үйге газ құбырын жүргізіп, қазандық орнату үшін шамамен 1 мил­­лион теңге керек екен. Мұндай қаржы бізде қайдан болсын?! Табысымыз мар­дымсыз болғандықтан, банктер бізге несие­ де бермейді. Сөйтіп, газдан үмі­ті­міз­ді үзген едік», дейді отағасы.

Газбен жабдықтаушылар әл-ауқаты төмен осындай отбасыларды назардан тыс қалдырмай, әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Талғат Сансызбайұлы қалалық әкімдік берген әлеуметтік көмек алушылардың тізімінде алдыңғы қатарда тұр. Көптен күткен игілікке қол жеткізетініне риза болған зейнеткер көмір жағып күнелтудің күйбеңі көп екенін айтады. Олар үйін жылыту үшін қыс бойы 10 тоннадай көмір жағады екен. Былтырғы қыста көмірдің әр тоннасын 22 мың теңгеден сатып алған. Оған газ баллонын толтыруға кететін ай сайынғы мың жарым теңге шығынды қосыңыз.

«Бұл үйде тұрып жатқанымызға 20 жыл болды. Осынша уақыт бойы күл тасып, көмір жағудың қиындығын бір кісідей көрдік. Көмірді шелектеп тасыдық. Бірақ жас ұлғайған сайын шелекпен көмір тасу оңай емес екен. Қолымызда қолғанат та жоқ. Ақыры, көмірді өзіміз көтере алатындай етіп аз-аздан әкеп жүрдік. Бұл мандымайды. Әрі аз-аздан сатып алудың шығыны да көп. Ал қазір үйімізге газ келіп, бұл қиындықтан да құтылатын болдық. Қуанып жүрміз. Газ қызметінің мамандарына алғысымыз шексіз. Үйіміз газға қосылса, қысқы отынға кететін шығындарымыз он есе, тіптен одан да көп қысқарғалы тұр. Бұл дегеніңіз – біз сияқты табысы аз жандарға үлкен көмек. Отбасылық бюджетіміз де үнемделетін болды әрі экологиялық таза отын қоршаған ортаға да тиімді екені айтпасақ та түсінікті», дейді Талғат Ташкеев.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ («Qazaq­Gaz» ҰК» АҚ-ның еншілес компания­сы) өкілдерінің айтуынша, үйлеріне газ желісін тартқызған зейнеткерлер қаржылай жағынан едәуір ұтады. Себебі қыс мезгілінде аумағы 100 шаршы метрді құрайтын үйді газбен жылыту үшін олар айына небәрі 16-17 мың теңге төлейді. Бұған қоса, газбен жылытылатын жеке тұрғын үйлерде ыстық су да қажетінше әрдайым ағып тұрады. Мамандар «көгілдір отынды» үйге кіргізу, әсіресе жасы келген егде адамдар үшін өте ұтымды екенін, оларға артық ауыртпалық түсірмейтінін, уақыт жағынан да үнемді болатынын айтады.

о

«Жеке секторды газбен қамтамасыз етудің тиімді тұстары көп. «Көгілдір отынмен» жылытылатын пешті «сө­ніп қалады-ау» деп уайымдап, үнемі қадағалап отырудың қажеті жоқ. Үйді бір рет жылытқаннан кейін өзі­ңіз қалаған температураға қойып алуға болады. Қазіргі заманғы газбен жаб­дықтау құрылғыларында адамға ың­ғай­лы барлық жағдай ойластырылған. Қажет болса, үйдің температурасын көбейтуге не азайтуға болады. Сондай-ақ құрылғының басқару тетіктері ар­қы­лы газ деңгейін бақылауға, қандай да бір апаттық жағдай туындаса, газды дереу тоқтатуға мүмкіндік бар. За­ма­науи газ құралдары барлық талапқа сай келеді: үнемді, ыңғайлы, ең бастысы, қауіпсіз», дейді «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.

Жалпы, «QazaqGaz» ҰК» АҚ ха­лық­тың әлеуметтік жағдайы осал санатын қолдау акциясын алғаш рет қолға алып отырғанын атап өткен жөн. Осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып, арнайы шарттар әзірленді. Компания қалалық әкімдікпен бірлесе отырып, астаналықтардың ішіндегі қамқорлыққа мұқтаж тұрғындардың тізімін жасады. Енді сондай азаматтардың үйлеріне газ тарту жұмыстарының жоспары пы­сықталып жатыр.

«Нарықта газды қақпадан үйге дейін қосып беретін жеке компаниялар да бар, бірақ бұған «QazaqGaz» ұлттық компаниясының ешқандай қатысы жоқ екенін айтқым келеді. Кезінде газбен жаб­дықтау саласында жекеменшік ұйым­дарды көбейту нарықтағы бәсеке­лестікті арттыру мақсатынан туындаған еді. Өкінішке қарай, жеке пайдасын көздеген кейбір компания өзара келісіп, газдың бағасын негізсіз көтеріп отыр. Сондықтан QazaqGaz жеке нарыққа бәсекелес бола алатындай жағдайға қол жеткізу үшін Үкіметпен жұмыс жүргізіп жатыр. Мақсатымыз – газдандыру саласында тұрғындардың қалтасы көтеретіндей тиімді бағаны ұсыну», деп атап өтті «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.

Айтпақшы, таяуда Ұлттық компания басшысы «көгілдір отын» қызығын көруді асыға күтіп жүрген Талғат Таш­кеевтің үйіне арнайы барып, табиғи газға қосатын кранды өз қолымен ашып берді. Әлбетте, көптен күткен игілікке қол жеткізіп, қуанышқа кенелген отбасы қонақтарды үйіне шақырып, сол сәтте газ пешіне пісірілген ыстық бауырсақтан дәм татқызды.

«Үйіме «көгілдір отын» келгеніне сене алар емеспін. Бұл сәтті біз көптен күттік. Тіпті газ келмей қала ма деп те уайымдадық. Енді, міне, түтінге тұн­шығып, көмір жағудан, күл тасудан арылатын болдық. Осыны ойласам, бір ауыр жұмысты артқа тастағандай бойым жеңілдеп сала береді. Бүгін газ келіп, көңілім жайланып отыр. Бұрын көмір сақтаған орынға енді гүл отырғызамын деп шештім», дейді қуанышын жасыра алмаған Зылиха Қалбаева.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары газға қосылудың ең ыңғайлы уа­қыты жаз мезгілі деп санайды. Себебі суық түсе салысымен жұрт үйлерін «кө­гілдір отынмен» жылытуға жаппай ұм­тылады екен. Осы кезеңде монтаж жұмыстарын жүргізетін бригадаларға сұраныс көбейіп, олар шамадан тыс қарбаласқа түскенімен, тапсырыстардың бәрін уақтылы орындауға үлгермей жатады. Сондықтан мамандар «қыс шанасын жаз сайлап», жылы үйдің қамын қазірден ойластырып, ертерек қамдануға кеңес береді.

р