Аймақтар • 03 Тамыз, 2022

Бұралқы иттерді көбейткеннен не ұтамыз?

1080 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ит пен мысық болсын, басқа да тіршілік иесінің себепсіз өлтірілуі – құптарлық іс емес. Елімізде жан-жануарларды асқан қатыгездікпен өлтірудің бірнеше фактісі кездесті. Бұл өз кезегінде Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенатында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның қабылдануына түрткі болған еді. Заңға сай жануарларды азаптағандарды түрлі жазаға тарту, мысалы, оларды мертіктіріп не өлтірген адамға 30 млн теңге көлемінде айыппұл салу немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Бұралқы иттерді көбейткеннен не ұтамыз?

Осы заң көшедегі бұралқы иттердің айын оңынан туғызды. Кез келген ауыл, қала көшелерінде топтасып асыр салып, қоқыстарды шашып және ең сорақысы – малдар мен адамдарға шабуылдап жүрген жабайы, қабаған иттер саны артты. Себебі заң бойынша «қаңғыбас жануарларды олардың көзін жою арқылы реттеуге болмайды», тек жабайы иттердің көзін жоюға «халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде ғана рұқсат» делінеді.

Бұл «қамқорлық» иесіз иттердің саны күрт өсуіне ықпал етті, осыған орай бұралқы иттерден зардап шегушілер саны да артты. «Атуға болмайды» дегенді желеу еткендер көшедегі иесіз иттерді, тіпті олар адам денсаулығына, өміріне нұқсан келтіргеннің өзінде атуға қарсы шығып, ел арасында қызылкеңірдек дау-дамай басталды да кетті. Тереңірек қарасаң, екі тарап та заңға сүйеніп отыр –  иттерді жақтаушы тарап «қаңғыбас жануарларды олардың көзін жою арқылы реттеуге болмайды» делінген десе, екінші тарап «халықтың өміріне қауіп төнгенде көзін жоюға болады» дегенді алға тартады. Заңда қаңғыбас иттерді қорғау мәселесі айтылды ма, демек оның біздің еліміздің тұрмыстық әлеуетіне, халықтың менталитетіне сай нұсқасы – қалай, қайтіп қорғау керегі нақты көрсетілуі керек еді. Қазір ел ішінде иесіз иттерді қорғай­мыз деген белсенділер жаппай көбей­ген. Бірақ адам талаған иттер үшін жауап беріп, таланған адамның мораль­дық-материалдық шығынын көтеріп, ем-домына көмектесіп, ит үшін ке­шірім сұрап жатқан ешкім жоқ. Тіпті адам өлімімен аяқталған оқиға­лар да кездеседі, алайда құйрығын бұлаң­датқан бұралқы иттер әлі масайрап жүр!

Таяуда Түпқараған ауданына қарасты Сайын ауылында иесіз иттерге қатысты қып-қызыл дау өршіді. Себеп – иесіз иттердің адамдарға жиі шабуылдауы. Сайын Шапағатов ауылының ветеринар-фельдшерінің айтуынша,  ауылда бір айда үш баланы бұралқы иттер қауып жарақаттаған және бұл ең жоғары көрсеткіш екен.  Жуырда биыл мектеп табалдырығын аттайтын баланы үш ит талап, татар дәмі, көрер жарығы таусылмаған бала қазір ауруханада бір отадан аман шығып, екінші отаны күтуде. Жабайы ит былай тұрсын, үй күзетуі үшін ұсталатын асыранды иттердің өзі көшеге бос жіберіліп, бұралқылармен бірге адам талау деректері бар. Жабайы ит аштыққан адамды жеу мақсатында таласа, үй, қора-жай күзететін қолдағы үйретілген ит адам көрсе ұры-қарақшы, жау көргендей ызалана шабуылдайтыны белгілі. Бұралқы ит пе, иесі бар ит пе – қай ит талағанын дәлелдеу де оңай емес, нәтижесінде, ешкім жауапкершілікке тартылмайды! Заңға сай итін тіркетіп, құжатын алып, серуенге арнайы тұмылдырық кигізіп, 10 метрлік баумен жетектеп қыдыртуға міндетті иелері жабайы иттерге төбетін қосып жіберіп, жауапкершіліктен жалтарып шыға келеді. Ал ит қапқан адамның денесіне тарауы мүмкін құрт ауруының қаупі терең қаралып, алдын алу шаралары жан-жақты жүргізіле ме? Бұған ешкім жауапты емес.

Сайындықтардың айтуынша, бұралқы иттерді қорғауды жауап­кер­шілігіне алған еріктілер Ақтау қаласындағы қаңғыбас иттерді Сайын ауылына әкеліп, жұмысы аяқталмаған, есіктері ашық құрылыс нысандары мен әлі құрылыс салынбаған ашық жерлерге жіберген. Сөйтіп, кей отбасыларға сиректеу тасымалданған тағамдармен азықтандыруды тапсырған көрінеді. Жануарларды қорғау үшін табылған ең тиімді тәсіл осы болса, заңның шикі тұсы көп екені анық аңғарылады. Ендеше, бұл мәселеге жүйелі жұмыс жүргізу керек.

Елімізде бір күшіктегенде бірне­шеуін өмірге әкеліп, көше толтыра көбейіп жатқан бұралқы иттер мәселесі реттеуді қажет етеді. Тіпті иттен де маңызды мәселесі көп елімізде бұралқы иттерді «бақытты ету» қажет пе? Онсыз да дауымыз көп еді, енді бұған ит дауы қосылды. Бірақ таланған адамдарға, тұрғындардың күнкөрісі – қой-ешкі, тауықтарға кім араша? Мектепке баратын мезгіл жақын қалды, балалар иттен қалай қорғалады? Осындайда, бұған дейін киіктердің санын реттеу үшін белгілі бөлігін атуға рұқсат берген үкімет бұралқы иттер мәселесін реттеуде қолға мылтық алудан неге бас тартып отыр деген заңды сұрақ туындайды.

 

Маңғыстау облысы