Медицина • 04 Тамыз, 2022

Қатерлі ісікке шалдыққандар қатары көп

646 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетудің кешенді жоспары бар. Былтыр қабылданып, 2025 жылға дейінгі аралықты қамтитын жоспарда сан алуан саланы өркендету көзделіп отыр. Оған басты байлық – денсаулық саласы да енгізілген.

Қатерлі ісікке шалдыққандар қатары көп

Облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сын­ың басшысы Асхан Байдуә­лиевтің айтуынша, кешенді жоспарға сәйкес медицина саласындағы кадр жетіспеушілігін жою мақсатында бірқатар жұмыс қолға алынып отыр. Әсіресе саладағы кадр жетіспеушілігін оң шешуге баса мән берілген. Қазір Атырау об­лысында 6 747 медицина қызметкері жұ­мыс істейді. Оның ішінде 1 515 дәрігер, 5 232 орта буын медицина қызметкері тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп жүр. Соған қара­мастан әлі де 201 дәрігер жетіспейді. Ауруханалар мен емханаларда, өзге емдеу орындарында реаниматолог, акушер-гинеколог, инфекционист, жалпы тәжірибе дәрігері, педиатр секілді жоғары білімді кадрлардың орны бос тұр. Ауылдық жерлердегі медицина меке­мелеріне 40 дәрігер қажет.

– Жоғары медициналық оқу орнын бі­тір­ген түлектерді білікті дәрігер ретін­де білімін одан әрі резидентурада жалғас­тыруына жағ­­дай жасалып отыр. Былтыр Ақтөбе қа­ла­­сындағы М.Оспанов атын­дағы Батыс Қа­­зақстан медициналық университетінің өңір­лік филиалы ашылды. Қазір басқа өңір­лерден келген 35 резидент облыстағы меди­циналық мекемелерде жұмыс істеп жүр. Қа­былданған осындай шаралардың нәти­же­сін­де кадр тапшылығы былтыр 2020 жылмен салыстырғанда 11%-ға төмендеді. Ал жақында Атырау облысының түлектері үшін С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті 30 грант бөлді. Бұл – мектеп бітіруші түлектерге үлкен мүмкіндік. Об­лыстық әкімдік жыл сайын Атырау жоға­ры медициналық колледжінде білім алу үшін 70-тен астам грант бөліп келеді, – дейді А.Байдуәлиев.

Оның мәлімдеуінше, кешенді жоспарға сәйкес 14 медициналық нысанның құры­лы­сын жүргізу көзделген. Мәселен, Атырау қала­­сының «Өркен», «Нұрсая» шағын аудан­дарында әрқайсысы 250 келушіні қа­был­­дайтын жаңа екі емхана салынады. Жаңа емханалардың жобалау-сметалық құжат­тары жасақталды. Сонымен қатар 250 емде­лу­шіге арналған психикалық денсаулық орта­лы­ғының құрылыс жұмыстары төртінші тоқсанда басталады. Атырау қаласында жедел жәрдем стансасын 3 подстансамен салу жобасына түзету енгізілді. Жоба ішкі аудит департаментінде сараптамадан өткі­зі­ліп жатыр. Жақында құрылысын бастау көзделген. Ал онкология диспансері маңынан салынатын радиологиялық корпус жобасының жобалық-сметалық құжаты жасақталды.

Облыстық онкология диспансерінің директоры Эльмира Сапарованың дерегіне сүйенсек, қатерлі ісікпен ауыратын 4 509 науқас тіркеу тұр. Оның ішінде жыл басынан бері қатерлі ісікпен 241 науқас тіркеліп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29 науқасқа азайып, ауру көрсеткішінің динамикасы 11,9 пайызға төмендегенін байқатады. Қатерлі ісікке шалдығу дерегінің жоғары көрсеткіші Мақат, Қызылқоға, Индер аудандарында байқалып тұр. Статистикаға қарағанда, бірінші орында өкпе рагы тұр. Екіншіден, сүт безі, үшіншіден, колоректалды обыры, төртіншіден асқазан обыры асқынған. Ал жатыр мойны және сүт безі обырын анықтау үшін әйелдерді скринингтік тексерудің қорытындысы 92,0% және 94,0%-ды қамтып отыр. Скринингтің нәтижесінде, сүт безі обырының 26, жатыр мойны обырының 16, тоқ ішек қатерлі ісігінің 5 жағдайы ерте сатысында анықталған.

Аталған диспансер директорының орын­басары Руслан Бривковтың дерегіне қара­ған­да, бас және мойындағы қатерлі ісік ауруы визуалды байқалатын ісіктер қатарына жатады. Алайда науқастардың 60 пайызы аурудың асқынған кезеңінде ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді.

– Жұтынғанда ауырсыну, тілдің ауруы, дауыстың өзгеруі, мұрын мен тамақтың тас тұрғандай бітелуі сияқты қарапайым белгілер қатерлі аурудан хабар беруі мүмкін. Сол себептен, осындай белгілер байқалса, дәрігерге көрініп, уақытында арнайы зерттеуден өткен дұрыс. Қатерлі ісікті ерте диагностикалау үшін мойынға УДЗ, МСКТ, МРТ зерттеулері жүргізіледі. Қатерлі дертке күдік болса, биоп­сия алынады, – дейді Р.Бривков.

Дәрігердің мәліметінше, өңірде 230 адам бас және мойын қатерлі ісігіне шалдыққан. Еріндегі қатерлі өзгерісі бар – 31, тіл, ауыз қуысы және жұтқыншақ ауруы – 54, сілекей безі – 1, аңқа, жұтқыншақ (жұтқыншақ пен мұрын қуысының қосылған жері) – 1, ауызаралық жұтқыншақ – 3, қалқанша безі 5 науқастан анықталып отыр. Оның ішінде 19 науқас емделуге жатады. Ал 6 науқас ем алу курсын аяқтаған. Өкінішке қарай, 7 адам емделуден бас тартыпты. Қазір 6 науқас ем алуды жалғастырып жатыр, – дейді Р.Бривков.

Өңірде эхинококкоз ауруының көрсеткіші төмендегені байқалып отыр. Дегенмен об­лыс­тық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Жайнагүл Өтепқалиеваның түсіндіруінше, эхинококкоз – ең қауiптi паразитарлық аурудың бiрi. Оны эхинокок құрты тудырады. Бұл – адам организмі үшін өте қауіпті гельминт. Ауру ит тұқымдас қасқыр мен шибөрi, сiлеусiн мен мысықтан жұғады. Эхинокок құрты ит тұқымдас жануарлардың ащы ішегінде өсіп-өніп, солардың дәреті арқылы суды, шөпті, жерді ластайды. Аң терісін, ит пен мысықты ұстағанда эхинококктың құрты қолға жабысады. Қолды жумай тамақ ішкенде, ластанған өзендердің суын қайнатпай ішкенде құрт адамның асқазанына түседі.

– Көп жағдайда эхинококкоз ісіктері профилактикалық медициналық тексерістер немесе басқа шағымдармен қаралған кезде анықталып жатады. Ауру жұққан кезден бас­тап, оның алғашқы белгiлерi бiлiнгенге дейiн кем дегенде жарты жыл, ал кейде 3 жылдан 10 жылға дейiн уақыт өтуi мүмкiн. Өткен жылы 9, оның ішінде 14 жасқа дейін балалар арасында 2 жағдайы тіркелді. Ал биыл жыл басынан бері 1 жағдай анықталып отыр. Эхинококкты емдеу тек қана стационарда жүргізіледі. Оған халықтық емдеу тәсілдері көмектеспейді, – деп түсіндірді Ж.Өтепқалиева.

Оның айтуынша, бұл аурудың белгісі сары сулы iсiктiң орналасқан жерiне, не оның ағымына байланысты болады. Мәселен, ­бауыр эхинококкозында науқастардың жұ­мыс­қа қабiлетi төмендейдi. Жалпы әл­сiз­дiк, бас ауруы,­ бауырдың үлкеюi, оң жақ қабыр­ғаның асты сыздап ауруы байқалады. Өкпе эхинококкозында тоқтаусыз жөтел, қан түкiру, кеуденiң ауырғаны байқалып, өкпеде сырыл пайда болады. Ал мидың, бүйректiң, көкбауырдың, кiшi жамбастағы және басқа да ағзалардағы эхинококкоздың клиникасы осы ағзалардың көлемді зақымдануы кезiнде байқалатын ауру белгiлерiне ұқсас келедi.

– Биыл өңірде өлім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 8,3%-ға төмен­де­ді. Денсаулық сақтау саласында кей көр­сет­кіштердің оң динамикасы байқалып отыр. Атап айтқанда, туберкулез дертінен болатын өлім 44,4%-ға, ал аталған аурумен сырқаттанушылық 18,5%-ға төмендеді. Қатер­лі ісікке шалдыққандар арасындағы өлім 9,7%-ға, сырқаттанушылық 8,9%-ға төмендеп отыр. Қан айналымы жүйесі сыр­қатымен ауыратындардың өлімі 4%-ға азайды. Алайда қан айналымымен сырқат­та­нушылық 12,4%-ға өсті, – дейді басқарма бас­шысы А.Байдуәлиев.

Бұл көрсеткіштер ауырып ем іздегенше, түрлі сырқатқа шалдықпау жолын табудың қажеттігін ұғындырып отыр. Тегінде «Тәні саудың – жаны сау» деген тәмсілді ұмытпаған жөн-ау.

 

Атырау облысы