Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»
NPL+ көлемі азайды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған дерекке сүйенсек, 2022 жылғы маусымда негізінен, өтімді активтердің 10,2 пайызға немесе 1,53 трлн теңгеге өсуі есебінен банк секторының жиынтық активтері 5,7 пайызға ұлғайған. Сөйтіп, биыл 1 шілдеде активтер 39,23 трлн теңгені құрады. Екінші деңгейдегі банктердің 11,41 трлн теңгеден астам немесе активтердің 29,1 пайызын құрайтын өтімділігі жоғары активтерінің елеулі қоры бар. Еркін өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек.
«Банк секторының міндеттемелері маусым айында негізінен клиенттер салымдарының 8,3 пайызға ұлғаюы есебінен 7,1 пайызға өсті және 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 34,7 трлн теңгені құрады. Банк секторы міндеттемелерінің құрылымы негізінен банктердің жиынтық міндеттемелерінің 76,2 пайызын немесе шамамен 26,44 трлн теңгені құрайтын депозиттік портфельмен ұсынылған. 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк секторының жеткілікті капитал қоры бар. Негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) – 16,4 пайыз, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 19,8 пайыз. Бұл жүйе бойынша орташа алғанда заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асады», делінеді агенттік дерегінде.
2022 жылғы қаңтар-маусымда банктердің таза пайдасы 355 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2021 жылғы осындай кезеңімен салыстырғанда 46,2 пайызға төмен екен. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2022 жылғы 1 шілдеде – 2,7 пайыз (2021 жылғы 1 шілдеде – 3,2 пайыз), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 21,9 пайыз (2021 жылғы 1 шілдеде – 25,9 пайыз) болған.
«Экономикаға кредиттер 2022 жылғы маусымда 2,7 пайызға ұлғайып, 20,1 трлн теңгені құрады. 2022 жылғы маусымда жеке тұлғаларға кредиттер 2,9 пайызға 11,97 трлн теңгеге дейін ұлғайды, ал заңды тұлғаларға кредиттер 2,4 пайызға 8,08 трлн теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі 2022 жылғы маусымда 1,9 пайызға 18,25 трлн теңгеге дейін көбейді, шетел валютасындағы кредиттер көлемі 11,8 пайызға 1,8 трлн теңгеге дейін артты. Теңгемен ұсынылған кредиттердің үлес салмағы 2022 жылғы 1 шілдеде 91,0 пайызды құрады. 2022 жылғы маусымда 2,03 трлн теңгеге жаңа кредиттер берілді, бұл 2022 жылғы мамырға қарағанда 10,9 пайызға артық», дейді агенттік.
2022 жылғы маусымның қорытындысы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі кредиттік портфель жалпы көлемінің 3,6 пайызын құрапты (2022 жылдың басында – 3,3 пайыз).
Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының талдауынша, несие портфелінің өсімі бойынша сектордағы ең озық бес банк – «Банк Фридом Финанс Қазақстан» (+339 пайыз), «Еуразиялық банк» (+32 пайыз) және Al Hilal (+32 пайыз), «Банк ЦентрКредит» (+31 пайыз), «Отбасы банк» (+20 пайыз) пен Halyk Bank (+20 пайыз), сондай-ақ RBK (+18 пайыз). Депозит өсімі бойынша БЦК (+85 пайыз), Kaspi Bank (+80 пайыз), «Шинхан Банк Қазақстан» (+67 пайыз), RBK (+52 пайыз) және Altyn Bank (+50 пайыз) үлесі жоғары.
Экономикаға 20 трлн теңге берілді
Аса өзекті мәселе саналатын экономиканы несиелеу көрсеткіші де өсе бастады деп хабарлайды мамандар. Жаз кезінде экономикаға берілген займ көлемі 20 трлн теңгеден асқан. Осыған дейін сектордағы ең жоғары көрсеткіш былтыр тіркелген – 18,5 трлн теңге. Energyprom мәліметінше, биыл экономиканы несиелеу позитивті тренд көрсетіп жатыр. Жыл басынан бері 20,7 трлн теңге көлемінде займ берілген. Бұл 2021 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 27,5 пайызға жоғары. 2021-2022 жылдары сектордағы банк санының біршама қысқарғанын ескерсек, несиелеу көлемі өсімінің динамикасына жаңа ойыншылардың пайда болуының қатысы жоқ.
«Экономиканы несиелеудің артуы аясында берешек қарыз мөлшері азайып, портфель сапасы жақсаруда. Экономикаға берілген займдар портфеліндегі берешек қарыз үлесі биыл 3 пайызды құрады, былтыр 6 пайыздан асып түскен, ал 2014 жылы 20-21 пайызға дейін жетіп еді. Екінші деңгейлі банктердің жалпы қарыз портфеліндегі төленбегеніне 90 күннен асқан берешек үлесі 3,61 пайызды құрады», деп хабарлайды агенттік. Әрине, бұл қарыз алушы заңды тұлғалар жауапкершілігінің де арта түскенін айғақтайды. Былтыр төленбеген (NPL+) берешек – бүкіл несие портфелінің 7,18 пайызын, 2020 жылы – 9,43 пайызды, ал сонау 2014 жылы 33,5 пайызды құраған екен.
Сарапшылар пандемия секілді қиын-қыстау кезеңде экономикаға қаржылық қолдау көрсету аса маңызды деп санайды. Қазір екінші деңгейлі қаржы институттары ішінде ең ірі кредитор болып отырған – Halyk Bank. Шоғырландырылған аудиттің қаржылық есептілігіне сәйкес 2021 жылдың соңында банк берген несие көлемі 6,3 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 29,6 пайызға жоғары көрсеткіш. Бөлшек, тұтынушылық және ипотекалық займдар сомасы – 1,9 трлн теңге немесе бүкіл көлемнің 30,5 пайызы. Аталған банк өз қаражатын негізінен қызмет көрсету (747,6 млрд теңге), көтерме сауда (437,1 млрд теңге) және бөлшек сауда (343,3 млрд теңге) салаларына бағыттаған. Коронавирус пандемиясы кезінде дәл осы салалар өте қатты зардап шеккен еді.
Ал ресейлік еншілес «Сбербанктің» берген займ мөлшері – 2,3 трлн теңге. Соның 1,2 трлн теңгесі – тұтынушылық, тұрғын үй және автонесиенің еншісіне тиеді. Сауда саласына жіберілген қаржы көлемі – 321 млрд, өндіріске жіберілгені – 270,6 млрд теңгені құраған. Еске салайық, «Сбербанк Қазақстанның» да санкция құрығына ілінуіне байланысты еншісіндегі несие портфелінің бір бөлігі (330 млрд теңге – ред) қазақстандық Halyk Bank-ке көшкен болатын. Экономиканы несиелеу тұрғысынан үздік үштік қатарына кірген «Банк ЦентрКредит» жалпы 1 трлн теңгеден астам қаражат ұсынған. Соның басым бөлігін, 55,6 пайызын жеке тұлғалар несиесі құраса, 6,6 пайызы – сауда секторына, 5,7 пайызы – жылжымайтын мүлік арендасына, 5 пайызы – энергетика, 4,7 пайызы мұнай-газ саласына берілген.
Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары банктердің бәрібір жеке тұлғаларға займ беруді қолай көретінін мәлімдейді.
«Банктердің жиынтық бөлшек портфелі 11 пайызға, корпоративті несиелеу 4,1 пайызға өскен. Халықты несиелеу негізінен ипотека (+17 пайыз) және тұтынушылық несие (+7,7 пайыз) есебінен ұлғайып жатыр. Қазақстандық банктер мына ТОП-5 салаға айрықша мән береді. Олар – өнеркәсіп, сауда, құрылыс, транспорт және ауыл шаруашылығы. Алғашқы екі позиция басқаларынан әлдеқайда озып тұр. Займдарын кешіктіріп төлеу жағынан құрылыс саласының үлесі басым (портфелдің 12 пайызы)», дейді қауымдастық.
Ұлттық қор активтерін сақтап қалу қалай жүзеге асады?
Жақында Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, онда Қазақстан Ұлттық банкі қаржылық тұрақтылықтың негізгі тәуекелдері мен осал факторларын кешенді талдау және бағалау нәтижелерінен тұратын 2021 жылғы қаржылық тұрақтылық туралы есебінің қорытынды нәтижесі қаралып, бекітілді.
Ұсынылған есепке сүйенсек, 2021 жылы карантин шектеулерін жеңілдету – іскерлік белсенділіктің өсуіне ықпал жасап, оның экономикалық өсу перспективаларына да оң әсер еткен. Дегенмен жеткізу тізбегінің толық қалпына келмеуі және энергия жеткізушілер бағасының жоғары болуы инфляциялық қысымды күшейте түсті. Соның әсерінен экономикасы дамыған елдерде ақша-кредит саясатының қатаңдауы, мемлекеттік қарыз деңгейінің өсуі және бюджет тапшылығы жаһандық сын-қатерлерге айналды.
«Фискалдық саясат үшін негізгі тәуекел факторы мемлекеттік қаржының теңгерімсіздігі болып қала береді. Бұл бюджет шығыстары мен мұнайдан тыс кірістер арасында сақталып отырған тым жоғары алшақтықтан-ақ көрінеді. 2014 жылдың соңында мұнай бағасының төмендеуі мұнай секторынан түсетін қосымша үстеме табыстың жинақталу кезеңіне тұсау салды. Бұл, өз кезегінде, ұзақ уақыттан бері Үкімет қолындағы таза активтердің көлемін төмендетті. 2021 жылдың соңына қарай таза активтер ІЖӨ-ге қатысты ең төменгі мәндеріне жетті (ІЖӨ-нің 10,2 пайызы – мемлекеттің таза активтері, ІЖӨ-нің 4,8 пайызы – мемлекеттік таза активтер).
Мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен орнықтылығын арттыру мақсатында Бюджет кодексіне енгізілген фискалдық ережелерді сақтау маңызды. Олар Ұлттық қор активтерінің сақталуын қамтамасыз етеді және бюджет шығыстарының шамадан тыс өсуін тежейді», дейді Ұлттық банк.
Сонымен бірге 2021 жылы қаржы ұйымдарының несиелік қызметі COVID-19-дан кейін экономикалық өсудің қалпына келуі аясында қарқын ала түсті. Банктердегі несие портфелі 27,9 пайызға өсті. Бұған жеке тұлғаларға (40,9 пайыз) және ШОБ субъектілеріне (29,2 пайыз) жаңа несие беру елеулі әсер етті. Ұлттық банктің хабарлауынша, банктердегі несие портфелінің сапасы корпоративтік және бөлшек портфельде айтарлықтай жақсарған. Сондай-ақ нақты сектор кәсіпорындарының, әсіресе COVID-19 кезеңінен кейін осал факторлардың артуына байланысты корпоративтік портфель сапасының төмендеу тәуекелі жоғары деңгейде сақталып отыр. Ал бөлшек портфель өсімінің жоғары болуы елде экономикалық ахуал нашарлаған жағдайда тәуекелдердің туындауына әкеліп соғуы мүмкін.
«Банктік емес сектордағы тәуекелдерді төмендету, оның ашықтығын арттыру және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында 2021 жылдан бастап реттеу периметріне енгізілген микроқаржы ұйымдары (МҚҰ, кредиттік серіктестіктер және ломбардтар) да банк секторынан өзге экономикадағы маңызды кредиторлардың бірі саналады. 2021 жылы депозиттердің долларлану деңгейі 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда 39 пайыздан 37 пайызға төмендеді. Бұл процесс биыл да жалғасты (мамырда – 33 пайыз)», делінген Ұлттық банк хабарламасында.