Менің ойымша, ата кәсіп малшы еңбегінің обалы, ең алдымен, оны жеңілдету бағытында түк істей алмаған Қазақстан ғылымында жатыр. Мал шаруашылығы мен техника саласында аты дардай ғылым докторлары мен кандидаттары елімізде қаптап жүр. Бірақ Қазақстандағы малшы кәсібі заманға сай дами алмауда. Ал шетелдіктер туралы бұлай айта алмайсың. Оларда мал шаруашылығын автоматтандыру, роботтандыру мен механикаландыру ісі баяғыда жолға қойылған. Дамыған әрбір ел өз жерінің табиғатына сәйкес мал бағуға себі тиетін технологияларды жасап алған. Бұл технологиялардың бір ұшығы бізге де келіп жатыр. Дронмен мал іздеу, мотоциклмен мал қайыру секілді жаңалықтардың үрдіс алып келе жатқаны сезіледі. Бірақ бұл технологиялар таулы-тасты, сайын далалы қазақ жеріне толық сәйкес келе бермейтінін байқауға болады. Сонда Қазақстан ғылымы тым құрығанда малдың қиын ойып бере алатындай сенімді техниканы жасай алмай не бітіріп отыр? Байқап қарасаңыз, қазіргі нарық заманында қидың өзі әр нәрсеге қолданарлықтай бағалы шикізат көзі. Тек оны түрлендіру, осы іске аздап ғылым мен өнертапқыштықты араластыру арқылы құрылыс пен отын саласында жаңа заттар шығару ғана қолымыздан келмей отыр.
Неге бұлай? Басымыз істемей ме? Жоқ! Қазір Қазақстан шахматшылары мен математик жасөспірімдері мен балалары түрлі халықаралық додада жарып шығуда. Демек проблеманың түп төркіні ғылым мен ауыл шаруашылығын, әсіресе атакәсіп мал шаруашылығын ұйымдастыру ісінде тұр деген ойдамыз.
Осыдан біраз жыл бұрын Қайролла Исмағұлов деген өнертапқышпен кездесіп, әңгімелескен едім. Ол маған былай деді:
«Мен Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында малшы отбасында дүниеге келдім. Кеңес өкіметі кезінде заманға сай білім іздеп атакәсіпті ұстап қала алмадым. Сол кезде ел басқару ісіне араласа бастаған ағам Мырзаш Исмағұловтың ақылымен Ленинград қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде оқып, гидроакустик мамандығын алдым. Артынша әскерге шақырылып, Солтүстік теңіз флотының сүңгуір қайығында қызмет етіп, елге оралған соң ең алғашқы өнертабысымды өмірге әкелуге мына бір жағдай түрткі болды.
Әскерден елге келген соң біраз уақыт мамандығым бойынша жұмыс таба алмай, малдағы әкеме көмектесуіме тура келді. Сол жылдардағы шопан еңбегінің жағдайы түсінікті ғой, барлық жұмыс қолмен атқарылады. Қораның қиын ою да сондай шаруаның бірі. Бүкіл қораның әбден сүрленген күрек бойы қалыңдықтағы қиын аударып, тазалау екі адам үшін бірнеше күнге созылатын үлкен жұмыс. Мен сол жұмысты жасай жүріп, осыны техникамен атқарудың жолдары жоқ па екен деп көп бас қатырдым. Ақыры оның да жолын тапқандай болдым.
Ол кездері малшыларға құдықтан су тартатын «ЗИД» моторы берілетін. Сондай мотордың біреуі менің әкеме де бұйырыпты. Сол моторды қи оюға ыңғайладым. Әрине, ол үшін талай қағазды шимайлауға тура келді. Ленинградта кәсіптік-техникалық училищеде оқығанымның көп пайдасын сол кезде көрдім. Сөйтіп, әлгі мотормен қораның қиын екі сағаттың ішінде аударып тастадым. Менің бұл техникалық жаңалығымның бір кемшілігі – қораның іші мотордан шыққан көк түтінге толып кете береді де, адамның қолқасын қабады. Содан «Исмағұлдың баласы қи оятын мәшине ойлап тауыпты» деген хабар көп ұзамай малшылардың арасына тарап кетті. Көрші отырған қойшы-қолаң әдейілеп іздеп келіп көріп, таңғалғаны бар» деп еске алады Қайрекең.
Мұнан кейін Қ.Исмағұлов бір ауысымда халал жолмен 25 бас ірі қараны, 50 бас ұсақ малды сойып, ішек-қарнын тазалап, мүйіз бен тұяғын жекелеп алатын жылжымалы қасапхананы ойлап тауыпты. Мұндай қондырғылар Германияда, Ресейде бар екен. Бірақ олар өте қымбат, ал Қайролланікі олардан көп арзан.
Демек малшыға көмектесу үшін ең алдымен, Үкіметте ниет болуы керек. Осы саладағы ғылыми жобалар мен өнертабыстарға ауық-ауық байқаулар жариялаудың өзі көп мәселені шешкен болар еді. Бұдан басқа да жолы көп екені анық.