Өткен шақта айтудың өкінішіне қимайтын асыл аға Мақтай Сағдиевтің ел көзiне алдымен шалынатын екi ерекшелiгi бар еді. Ол ерекшелiктер оның бойының да және ойының да бiрдей нарлығында жатыр. Құдайдың өзi тума табиғатымен туыстырып, кеңiнен, кесек мiнез бен алғыр ақылды, келiстi тұлға мен кескiн-келбеттi ерек дарқандықпен бiр басына бере салған. Апырай дерсiз, Мақаңның мiнез-құлық жаратылысындағы қазына-байлықты айтып тауыса алмайсыз. Оның бауырмалдығы, мейiрбандығы, парасаты, кiсiлiгi, жан сұлулығы, қайсарлығы... бәрі-бәрі күні бүгінгідей көз алдымызда, жадымызда.
«Мақтай Сағдиев қалайша мақтаулы ел ардағы, халқына әйгiлi Мақтай Сағдиевке айналды?» деген сұрақтың жауабы бiр ауыз сөзбен берiлмейтiнi және белгiлi. Сағдиевқа тән мiнездер, тән қасиеттер, тән даралықтар, тумысты тектiлiктер, туабiттi ерекшелiктер қандай болып келедi екен? Соларды бiр ой елегiнен өткiзiп, зерделеп көрейiкшi.
Өткен ғасырдың елуiншi жылдарындағы Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстан тыңын көтерудiң кең көлемдi оқиғасы әлдеқашан тарих сахнасына енiп, тарих шежiресiне жазылды, мұрағат мұрасына айналды. Ал сол тың жорығының жас сардарларының бiрi, келе-келе Тың генералы болған Мақтай Сағдиев туған елiнiң жаңа өмiрiн, жарқын қоғамын құрушылардың алдыңғы лектегi көш бастаушыларының, егемендiк Туын жер жүзiне желбiрете асқақ көтерушiлердiң қатарынан табылып еді.
«Тың генералы» дегеннен шығады, осы арада бір оқиғаны еске алмай болмас. 1973 жылдың қоңыр күзi. Ол кезде Мақтай Рамазанұлы Торғай облыстық атқару комитетінің төрағасының бiрiншi орынбасары, обкомның бюро мүшесi. Астық жиналып жатқан қауырт та қарбалас науқанның үстi. Дауылдай сапырған жұмыс бабында да төзiмi тастай Мақаңды қайнату қиын, ал қайнатып алсаң, пәлеге қаласың, ат құйрығын кесуге дейiн барады. Ол заманда егiн жинауға көмекке Мәскеудiң пәрменiмен әскер жiберiледi. Көп жерлерде жергiлiктi халық үшiн әскердiң көмегi мен лаңы, бұзақор тентектiгi бiрдей болатыны да ешкiмге жасырын жағдай емес. Обкомның аудандағы бекiтiлген бюро мүшесi Сағдиев генералдармен бiрге жүредi, мәселе шешедi. Октябрь ауданында бiр кеңшардың егiнi орылып бiтiп, ендi екiншi кеңшарға комбайндарды көмекке айдау керек. Ал комбайн барса, соған ерiп, соңынан iле-шала автомашиналар баруы керек екендiгi және белгiлi... Егiн даласы ығы-жығы адам, қаптаған машина, күн желдетiп тұр, шаң. Сол арада Мақаң генералға қарап тiл қатады: «Ендi автомашиналарды Герцен атындағы кеңшарға аттандырайық», дейдi.
Бұған зәбiрленген тоңмойын әрi ақылсыз генерал: «Мен генералмын, не iстейтiнiмдi мен өзiм бiлемiн!», деп салады. Содан әңгiме насырға шабады. Қаумалап маңайларында тұрған жұрт үрпиiсiп қалады. Қайткен күнде де бiрден ашуға бой алдырмай, сабырға жеңдiрген Мақаң ел көзi азайсын деген ғой, аудандық атқару комитетiнiң төрағасы Жанұзақовқа: «Мына кiсiлердi анталатпай, Герценге тез жiбере бер», деп жарлық бередi. Көпшiлiк жұрт бұрылып алып, жолға түсiп тартады. Манадан берi тағатсыз, зығырданы қара қазандай қайнап, тек елдiң азайғанын күтiп тұрған Мақаң ендi генералды қолынан ұстап:
– Дәл қазiргi сәтте, әрине, сен генералсың. Ал мен мына байтақ даланың баяғыдан бергi маршалымын. Осыны есiңе сақта! – деп әумесер генералды қарынан ұрып жiберген ғой. Алпамсадай адамның қаһарлы сұсынан шошып, батпан соққыдан қатты ауырсынып қалған генерал демiн баса, сұп-сұр болып ойланып: «Жарайды енді, жолдас маршал, сенікі жөн екен», деп мыштай болып, өз алаңғасарлығы мен астамшылығынан болған ыңғайсыз жағдайдан әрең құтылып, машиналарды айтқан кеңшарға айдауға бұйрық берiптi. Кеудесiне нан пiскен генералды бiздiң даламыздың маршалы – Мақаңның мысы солай басқан екен.
Солдафондармен «соғысы» сондай болған Мақаң Мәскеудiң Кремлiнде, Коммунистiк партия мен Кеңес өкiметiнiң басшыларымен, жарты жаһанды билеп-төстеп тұрған билiгi шексiз әмiршiлермен жүздескенде де айдыны асып, жүзi жарқырап, еңсесi әмәнда әлгiлерден биiк болып жүрген. Бұл жағдайларды көзбен көрiп, куәгер болған, шын жүректен тәнтi болып, таңырқай да, сүйсiне де бiлген бiр ғажап орыс адамы – 80-жылдардағы Қостанай облыстық партия комитетiнiң хатшысы Петр Черныш.
Сонымен, 1983 жылдың ақпан айы. Мақтай Рамазанұлы Қостанай облыстық атқару комитетiнiң төрағалығына беку үшiн Мәскеуге, КОКП Орталық Комитетiнiң хатшылығына келген. Қасында –Петр Черныш. Ол обком хатшысы болып бекуi керек...
Мiне, олар хатшылықтың мәжiлiс залына кiрдi. Бұл баяғыда Сталиннiң кабинетi болған көрiнедi. Бүйiрдегi есiктен партиядағы сол кездегi екiншi адам Константин Черненко бастатқан Орталық Комитеттiң хатшылары, Саяси бюроның кейбiр мүшелерi шықты. Көп ұзамай Бас хатшы болып сайланып, аз уақыт болса да Кеңес Одағын билеу бақытына, тарихта қалу құрметiне ие болған Черненко, қаусаған, шүйкедей ғана, ақкөңiл кiшкентай шал ұзын үстелдiң қақ төрiнен орын алды. Үстелдiң бiр басында «үп» десең ұшып кеткелi тұрған, сол кездiң өзiнде дімкәс, екi иiнiнен дем алған құйттай ғана қаңбақ шал Константин Устинович, ал екiншi басында оның үстiнен құзар шыңдай асқақтаған, сымбат-көркi келiскен, мәртебелi жиналыстың сұрақтарына сенiмдi түрде, тау бүркiтiндей саңқылдап жүйрiк жауап берiп, көргеннiң көзiн сүйiндiре таңырқатқан таудай Мақаң... Өткен ғасырдың сонау алыстағы 60-70-жылдарында қазақ халқының осындай азаматтары болғаны қандай жақсы, қандай бақыт едi десеңiзшi! Сөйлесе сөздiң шешенi, бастаса қолдың көсемi болған, әманда ақ алмас берендей жарқылдаудан, жарқыраудан танбаған қайран бiздiң қасиеттi ағалар! Жаңағыдай жерлерде Құлагердей суырылып озған сәттерiнде олар әркез туған халқының мерейiн өсiрдi ғой, бейпiл ауыздарды бетке соқты ғой, елдiң мүддесiн қорғады ғой.
Г.В.Колбин бастатқан Мәскеудiң жандайшаптары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң арнайы Пленумын шақырып, Д.А.Қонаевты жүндей түтiп жазаламақшы, ел ардағын қорламақшы болғанда, осы қиянатшыл әрекетке бiрiншi болып қарсы сөйлеп, ол ниеттi iске асыртпай тастаған да сол кездегi Көкшетау облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Мақтай Сағдиев болатын. Коммунистiк өктемдiк қаһарын төгiп, Асқаровтарды түрмеге тыққан шақтағы Мақаңның бұл ерлiгiн, әрине, қазiр бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi.
Сонымен бiрге, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының, 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасының халық бiлмейтiн негiзгi бiр қаһарманы да Мақтай Сағдиев болғанын осы арада айта кетудi орынды санаймын. КСР Жоғарғы Кеңесi Төралқасының Төрағасы болып келгеннен кейiн ол Желтоқсан оқиғасына катысқандарды ақтау жөнiнде республиканың Жоғарғы сотына, республика Прокурорына қатаң нұсқау бердi. Олардың партия органдарының қаулысына сәйкес берген анықтамалары қабылданбады. М.С.Горбачев жiберген эмиссар партия хатшысының түкiрiгi жерге түспей, ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс болып тұрған шақта Мақтай Рамазанұлы айдауда азапта жүрген қыршын қыздар мен жiгiттерiмiз үшiн жiгерлi жанашырлық, бас-көзге қарамас батырлық танытты. Әрине, бұдан бұрын Қонаевты қорғағаны және бар, жастарды жазадан азат ету ниетi мен бұл жөнiндегi үзiлдi-кесiлдi нұсқауы Орталыққа, Колбинге ұнамай қалғаны өзiнен-өзi түсiнiктi. Сөйтiп, империя билеушiлерi тарапынан Мақаңа деген өшпендiлiк қоламтасы бықсуға бет бұрды. Ендi тек мұқатуға, сүрiндiрiп құлатуға оңтайлы уақыт, сырдаң сылтау ғана керек болды. Ондай мүмкiндiк, дес бергенде, аяқ астынан табыла кеттi. Ол – алпысқа толған мерейлi тойдың мерзiмi едi. Әдетте, республиканың жоғары басшылары мерейжасқа байланысты марапатталатын той-томалақ өткiзiлушi едi. Бiрақ мұндай сый-құрмет Жоғарғы Кеңес Төралқасы Төрағасының еншiсiне бұйырмады, айналып өттi. Ар-ұят сезiмiн сыпырып тастаған Қазақстан партия ұйымының бiрiншi хатшысы Колбиннiң той иесiне осындай шешiм қабылдағанын Мәскеуде ауруханада жатып бiлген Мақаң бұған абыржымады.
Кейiнiрек КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң сессиясында одақтық Халықтық бақылау комитетiнiң төрағасын сайлау жөнiнде мәселе көтерiлгенде Қазақстан делегациясы атынан Сағдиев сөз алып, Колбиннiң кандидатурасын осы қызметке ұсынды. Жақсы көрiп, емешесi езiлгендiктен емес, керiсiнше, жек көрiп, қалайда құтылу үшiн ұсынылғандығын жұрттың бәрi бiлiп отырды. Колбин кетсе, басы ашық мәселе, орнына ендi қайткенде де жергілікті азамат келетiнi кәмiл ғой. Ұсыныс қабылданып, республика Орталық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып сайлануға жергiлiктi азаматтарға тiкелей жол ашылды.
Мақтай ағамыздың көрнектi де өрнектi iздерi Көкшетау өңiрiнен де көптеп табылады. Жақсының салдырған кенттерiндей көлбеңдеп алдыңнан шығады. Соңғы бiр үйi ғана қалып, ендi болмаса құруға бет алған жерiнен тiк көтерiп Мақаң салдырған Мәлiктiң ауылы. Кеңес Одағының Батыры ғұлама ғалым Мәлiк Ғабдуллиндi айтамыз. Көкшетау мен Бурабайдың арасындағы тас жол бойының қос қанатында аққулардай тiзiлген ақшаңқан үйлердi топтаған Кенесары ауылы. Көкшетау қаласына кiреберiстегi Құлагер ескерткiшi. Қаладағы «Құлагер» қымызханасы, еттi қазақша мүшелеп сататын «Сыбаға», одан соң арнайы «Балапан» дүкендерi – бәрi Мақаңның Көкшедегi көздерiндей. Әсiресе, Абылай хан даңғылы бойындағы қолдан қаланған Оқжетпестi айтсаңызшы. Бұл тау тiкелей Мақтай Рамазанұлының ойлап тапқан ой-ниет, ұсынысымен Зерендi жерінің тақта-тақта тастарымен текшеленiп, сол қалпы көшiрiлiп әкелiп, табиғаттың өз тума жаратылысындай жымдастырылып орнатылған-ды. Көкшетаудың көркiн келтiрiп, елдiң өзi «Мақтайтау» атандырған осы ғажайып дүние уақыттың көш-керуенiмен, халықтың алғыскер жадымен мәңгiлiк ескерткiшiне айналып та бара жатыр. Көкшетаудың көп тауына қосылған iнжу-маржан сияқты, Сағдиев салтанатын паш еткен «Мақтайтау»... Мұндайда бұрынғы мұғалiм Мақтай, агроном Сағдиев, басшы Сағдиев құрылысшы Сағдиевке айналып кетер едi.
Атақты ЖенПИ – Алматыдағы қыздар институтына да республика басшыларынан әйгiлi Жұмабай Шаяхметовтен кейiн қадам басқан тек Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Төралқасының Төрағасы М.Сағдиев екен. Сол кезде ол студент, негiзiнен ауылдан келген қазақ қыздарының тұрмыс-жағдайларын жақсартуға нақты көмегiн тигiздi. Институт ректоры С.Исаев қыздардың күнделiктi тамағына шығарылатын шығын 1 сом 20 тиын екенiн айтқанда, Мақаң қолма-қол Қаржы министрлiгiнiң басшыларына осы шығын көлемiн тез арада ұлғайтуға нұсқау бердi. Қыздардың күнделiктi тамағының шығыны 1 сом 80 тиынға көтерiлген едi. Сонымен бiрге, қыздар үшiн арнаулы бiрнеше медициналық кабинеттер аштырды. Содан берi бiраз уақыт өткенiмен, институт ұжымы Мақаңның әкелiк жүрек жылуына толы жақсылық-шарапаттарын жадында сақтаған.
Өмiр сапары сарқылған саңлақтардың есiмдерiн есте қалдыру мәселесi де Мақаңның маңдайына жазылыпты. Мұны ұйымдастыру, әрине, оңай емес, кедергi себептер шаштан асады. Осыған қарамастан, ардагерлер көсемi Сағдиевтiң ұсынысымен, тiкелей қатысуымен бұрынғы республика басшыларының тұрған үйлерiне ескерткiш тақталар қойылды. Ол ардақты қайраткерлердiң iшiнде Т.Тәжiбаев, М.Бейсебаев, Қ.Егiзбаев, К.Ахметов, М.Фазылов, тағы басқа есiмдер бар-тын. Алматы қаласының әкiмдiгi Сабыр Ниязбеков тұрған үйге ескерткiш тақта қоюға қаулы алды. Бұған дейiн тым кешеуiлдеген бұл шешiмнiң де дүниеге келуiне аянбай атсалысқан Мақаң еді.
Бiр айта кетерлiк жай, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұлттық қаһарманымыз Талғат Бигелдиновке ескерткiш болмай келіпті. Ескерткiш бары бар, бiрақ ол Қырғызстанда орнатылған. Осы олқылықтың да орнын толтырған өзiмiздiң мазасыз Мақаң. Батырдың мәртебесiне сай көрнектi ескерткiш өзiнiң атажұрты – Ақмола облысының орталығы Көкшетауда ашылғанда Мақтай Рамазанұлы осы салтанатқа Талғат Жақыпбекұлын өзi ертiп апарды. Бiртуар ардагерлерiмiз сый-құрметтi осылай көзi тiрiсiнде көргенi де жақсы-ау...
Жоғарыдағы әңгiмеге қарап жұрт бұл Сағдиев жұмыстан басқа ештеңенi бiлмеген екен-ау деп қалып жүрмесiн. Асылы, ол кiсi жұмысты да iстей бiлдi, бiлiмге де құштар болды, өмiрдiң өзге қызықтарынан да құралақан қалмаған. Жаны сұлу, мiнезi дарқан, серi адам. Сұлулықты сүйдi. Әсiресе, Мақаңның аңшылығы туралы аңыздар көп айтылады. Әрине, аңшы болған соң азырақ өтiрiктiң қосылуы заңды. Бiрақ басқа аңшылардан бiр ерекшелiгi, Мақаңның аңшылығының аңызынан гөрi ақиқаты басымдау ма деп қалдық. Өзiнiң қыры мен сырын жақсы бiлетiн көптеген жолдастары да аңшылықты оның бiрiншi хоббиi ретiнде атайды.
Аңшылық салған ең үлкен олжалардың бірі Димаш Ахметұлымен бiрге саят құрып, аңға шыққан шуақты сәттер болғаны да рас. Димекеңмен бiрге аң аулау бақыты сол тұста ең жоғары қызметтерде жүргендердiң арасында да екiнiң бiрiнiң пешенесiне жазыла бермеген. Ол кісі мен Мақаң арасындағы әдемi сыйластықтың айшықты көрiнiстерi аңшылық құрған сәттерінде де мәндi әрі мағыналы болатын.
Жолдас-жораларының, тұрғыластарының iшiнде Мақаңды шын жүрегiмен жақсы көрiп, тебiрене сыр шертпейтiнi кемде-кем. Адамды бiр көргеннен, бiрiншi кездескеннен үйiрiп әкетуi оған құдай сыйлаған құдiреттi қасиеттерiнiң бiрi болса керек. Себебi, оның дәл осы қасиетiне көп адамдар асқан қызығушылықпен ден қойып назар аударады. Сағдиевтiң адами табиғаты мен дарқан жан дүниесiн ешқандай әлеуметтiк-саяси сiлкiнiстер өзгерте алмады. Қашан болсын ол адамдық табиғи қалпынан айнымады. Мақаңды көп жұрттың қызметкер, бастық, шенеунiк емес, ең алдымен адам ретiнде бағалағаны, кiсiлiгiн сыйлағаны да сондықтан шығар. «Қазақ тілінде жатық сөйлеуді «Социалистік Қазақстан» газетін күнде түк қалдырмай оқу арқылы үйреніп едім», деп Сауытбек Абдрахмановқа сыр ашуы да көп жайды аңғартқандай.
Мақаң адал жар, отбасы камқоры, балаларының сүйiктi әкесi болды. Адамды жақсы бiлiп, жан дүниесiн, жүрек сырын, адамгершiлiк қасиеттерiн, шынайы мәдениеттiлiгiн терең ұғыну үшiн жақындарына деген жан жылуын пайымдау керек. Көпшiлiкке жақсы көрiнiп, отбасының күлi бұрқырап жатса, ол да болмайды ғой. Кейде адамның жақсы екенiн бiр көргеннен сезсең де, оның ұлылығын, дарқан дарынын кейiннен араласа келе, сөйлесе келе танисың. Көбiнесе кiсiнiң кiшкентай жүрегiнiң қаншама мейiрбандықты, қайырымдылықты, кiшiпейiлдiлiктi, қамқорлықты сыйғызып тұрғаны оның отбасына, балаларына, жақындарына деген қарым-қатынасынан көрiнiп тұрады. Осы орайда да Мақаң маңдайы ашық, жүзi жарқын, кiм-кiмге де өнеге, үлгi болып өтті.
Иә, тағдыр тағындағы Мақаңның адами болмысы, өмiрлiк мұратының айқындамалары осындай болды, қашанда адамгершiлiк пен iзгiлiк туын жықпады, құдай берген кiсiлiк қалпынан айнымай өтті. Мақаңның бiрiншi саясаты да – кiсiлiк пен адамгершiлiк болатын. Мақаңның жүрегi – жақсылық жасауға ұмтылып тұрған жүрек еді. Қазақтың аяулы ақыны Төлеген Айбергеновтің: «Қажет жерiнде қатыгездiк пен қаталдық керек десек те, Адамның заңғар ұлылығын сен Сағынышымен есепте», – деген жалынды жырлары осы Мақаң сияқты, тұла бойы тұтасымен бауырдан жаратылғандарға қаратып айтылған болар. Халқының құрметiне бөленіп өткен Мақтай Сағдиевтiң заңғар ұлылығы да сол өз жүрегiнiң мейiрiм нұрларынан, iзгiлiк жырларынан, адамдық болмысындағы тек жақсылық аңсаушы сағыныш сырларынан нәр алушы еді. Енді Мақтай ағаның өзі де сағынышқа айналды. Осындай абзал жүректі абыз қашанда қазағымен, халқымен бірге жасай бермек.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.