Әдебиет • 11 Тамыз, 2022

Әуезовтің Шыңжаңдағы шәкірттері

796 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетін айдынды көлге, толқыны жағаны ұрған теңізге теңесек, онда шетелдегі қазақ әдебиетін сол теңізге құяр бұлақ деп түсінген жөн сияқты. Табиғат заңдылығы бойынша теңіз бен бұлақтар бір-бірін толықтырып отырады. Ал қазақ әдебиеті мен шетелдегі қазақ әдебиеті де әне сондай бір тұтас заңдылыққа ие. Бірінен бірі нәр алып, кемелденіп, біріне бірі иек артады, сүйенеді. Шыны керек, шекара сыртындағы қазақ әдебиетіне Абайдың, Алаш арыстарының әсері болғанын мақтанышпен айта аламыз. Не жазса да, көркемдіктен айнымай, қазақ тілінің шұрайлылығын сақтап, оқырманына сөз мәйегін сыйлаған қандас жазушылардың жазған том-том кітаптарының кейбірі қазақ оқырмандарына жетпей жатқаны да шындық. Сол үшін қаны бір қазақ баласы сызықтың ар жағындағы ағайынның не жазып, не толғанғанынан кейде хабарсыз қалып жататын жайы бар. Шыңжаңдағы қазақ қаламгерлеріне поэзияда Абайдың, Мұқағали, Жұмекен, Айбергеновтердің әсері болса, ал прозада олар Мұхтар Әуезовтің стилін одан әрі жаңғыртты, шәкірттік жолын ұстанды. Сол тізімнің басында Мағаз Раздан, Оразхан Ахмет, Жұмабай Біләл сияқты қаламы жүйрік, ойы ұшқыр прозашылар бар.

Әуезовтің Шыңжаңдағы шәкірттері

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Тарихи романға ұста

Былайғы жұртқа «Алтайдың ақиық­тары», «Ата заман сөйлейді» атты кесек туындыларымен аты таныс жазу­шы Мағаз Разданұлы арғы беттегі ағайын­дардың арасынан шыққан шоқ­тығы биік қаламгер. Оның прозадағы пас­порты – «Алтайдың ақиықтары» атты тарихи романы 1998 жылы Үрімжіде жарық көрді. Үлкен әңгіменің майын тамызып жазған Мағаз Разданұлы осы романында Алтай бетін жайлаған қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, ұлт болып қалыптасу жолындағы тайталастары мен күресін, сол кездегі аумалы-төкпелі қоғамның келбетін жазады. Аталған роман туралы академик Рымғали Нұрғали былай түсінік береді: «Алтайдың ақиық­тарында» автор 1860-1930 жылдар аралығында болған Алтайдағы аққаптал шежірелерді шерте отырып, ақтайлақтың бауырын арқан кесіп ауа көшкен елдің ежелгі тарихына қалам тірейді. «Қызыл аяқтар қырғыны» деп аталған Күнгіл Жалсынның тобықтарына қызыл маталар оранып алып, қазақтарды қынадай қырған қанды оқиғасынан басталады. Елдің екі тізгін, бір шылбырын қолына алған Шаған кеген Ман Чіңнің Музың Тұңжы ханынан Алтайдың бір жерінен ғибадатхана салуға рұқсат қағаз алады. Ғибадатхана шығынын бөлі­суге атырабындағы Алаштың азулыла­рын шақырады, оның ірге тасын керейдің ата-бабалары көң төккен көне жұрттарына қалайды». Тарихи роман осылай тарих­тың арғы-бергі ақтаңдақтарын, сырларын оқырманға шынайы болған оқиға ретінде жеткізеді. Қай ғасырда да, қай заманда да қазақтың есесі кетпеген кезең болмаған. Алтай бетіндегі ауыр тағдырлар әне соны айғақтайды.

Мағаз Разданұлы романмен қатар қысқа әңгімелер жазудың да қас шебері. Оның «Ата заман сөйлейді» атты кітабы да сәтті туындылармен толыққан. Қалам­гердің «Кебенек кигеннің тойы» атты әңгімесі кішкентай адамның солшыл саясатқа, теріс пиғылды қоғамға деген запыранынан туған шығарма. Тергеуде отырған кейіпкер Байдар туған жылын айтқысы келмей: «Жылым жылқы, апам қайың бүрлеген қызыл тасқында туғансың деген» деп қырсығады. Тіпті бұл әңгімедегі ащы сарказм да оқыған адамның сай-сүйегін сырқыратады.

– «Сізді неше жылға соттаған еді?»

– Мен соттаған дегенді білмеймін, әйтеуір, қар үш жауғанда қайтасың, деген болатын».

Байдар да, қоғам да тонын теріс киген қырсықтардың өзі болып шығады. Автор жаламен сотталған Байдар қарттың туған ауылына оралған сәтін де сәтті береді. Ол осы әңгімесі арқылы қазақтың «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген даналық сөзінің мәнін, оның шындығын алға тартады. Яғни аққа Құдайдың жақ болатынын айтқысы келген.

«Қарт асықпастан одан:

– Үйлеріңе кім келді? Мынау көп адам не? Не істеп жатырсыңдар? – деп тәптіштеп сұрай бастады. Еркелей күл­ген Болаттың екі бетінен екі кішкене шұң­қыр пайда болды да, басын қисайта тұрып:

– Кебенек кигеннің тойын жасап жатырмыз, – деп тақ-тақ ете түсті. Қабағат разы болған қарт ғасырдың алақаны жаңа өмірдің кекілін баппен ғана сипап өтті». «Кебенек кигеннің тойы» осылай аяқталады. Кебенек киген қаншама азамат үміт дүниесінде өмір сүрді екен?!

Қара сөздің қайнарын қанып ішкен...

Қандас ағайынның тұшынып оқитын жазушысының бірі Оразхан Ахмет.  Ол да Әуезов салған дара жолда тынбай еңбектеніп келе жатқан қаламгер. Оның қаламынан туған «Өзгерген өңір», «Құмдағы іздер», «Көк белес» романдары, «Аманат» трилогиясы, «Көктемгі ойлар», «Сөнбейтін шырақ», «Ең соңғы көз жас», «Жасыл бақша», «Тұлпардың соңғы тұяғы» секілді әңгіме-хикаяттары жазушының ізденісінің қандай деңгей­де екенін айғақтайды. Оразхан Ах­мет­тің мейлі қай шығармасы болсын ұлтының тағдырын, үмітін, ар-на­мы­сын жоқтауға жол іздейді. Бірде Ораз­хан Ахметтен бір әдеби журналдың тілшісі:«Сіздің шығармаларыңызда қарапайым, кішкентай адамдар тура­лы ой толғататыныңызды білеміз. Пафос пен айғай-аттан аз. Бірақ мені бір таңғалдырған дүние бар. Сіздің шығармаларыңызда ханзу (қытай) кейіп­керлер жоқтың қасы екен. Мұның себебі не?» деп сұрағанда, ол: «Біздің мекенге бұрынырақта ханзу ұлтының көбі бізді басқаруға, еркін жүрген халық­­ты ноқталауға барды. Олардың ме­нің халқыма жасаған жақсылығынан гөрі қиянаты көбірек болды. Оларды шығармаларыма кейіпкер етіп, тек жақсы мінездерін жазар болсам – хал­қым­нан ұят, ал жаман қылықтарын тізбе­леп, оны жеріне жеткізе түйіндер болсам – жұртшылық мұнымды да құп көрмеуі мүмкін…» деп жауап беріпті дегенді естіген едік.  Жазушының бұл ашық пікірін сол журнал өзгертусіз басыпты. Қаламгердің бізге батылдығы мен шындыққа ғана жұмыс істеуі үлгі болмақ. 

Оразхан Ахметтің «Тұлпардың соң­ғы тұяғы» атты хикаяты оның маң­дай­алды шығармаларының бірі. Кейіп­керлер ауыл адамдары, олардың ара­сындағы бақастық, бақталастық, бір-бірімен күрес сол қоғамның бет-бейнесін еріксіз көз алдыңа әкеледі. «Біздің көз алдымызда қоңыр тай да, Дәулетбай да тез есейді. Тіпті әне-міне дегендей болған жоқ, қоңыр тай керіскедей құнан боп шықты. Жылқымен бірге жасасқан қазақ бекер айтсын ба, шынында да ол елді жалт қаратар жүйрік болды. Үлкенді-кішілі той мен топта бәйгенің алдын бермейді. Қашан болсын, топтан шығандап шығып, жалғыз қара боп келеді де тұрады. Ондайда біз оны сонау көз ұшынан, Дәулетбайдың белгі ретінде әдейілеп тартып алған қызыл шытынан танып, алақайлаймыз кеп. Неткен мерей, неткен қуаныш, шіркін!» Қазақ пен жылқының етене өмір сүруін айтқысы келгенімен, адам мен хайуанның арасындағы ақыл, ес, сезім, құштарлық ұғымдарын да алма-кезек шендестіреді. 

Автордың шығарманы жазу барысында оқиғаны өрбіту, оған оқырман нанатындай етіп эпизодтар қосуы оның шеберлігін көрсетеді. Жетім қалған құлынды есекке емізіп өсірген ауыл адамының әрекетін айналасындағылар дұрыс көрмейді, тіпті оның бұл қылығын ерсі деп қабылдап, жатырқай қарайды. Мына қызықты қараңызшы, ойда-жоқта есекке телініп, оның сүтін емген жылқы тура есекке тарып өседі. Есек көрсе оқыранып, соларға қарай жүгіреді. Автор бәйгенің бұл сәтін: «…бар қылығы есек пен жылқы ортасындағы дүбәра. Көре қалса, күлге аунайды, тоқпақтап жатсаң, судан өтпейді. Қарап тұрып өзің ұяласың. Содан оны қораның түбіне тыққыштаумен болдық. Мақсатымыз – елге көрсетпеу, ұяттан қашу», деп сурет­тейді. Кейін қартайып өлгенде ауыл адамдары оның етін арамсынып, етін шұңқырға көмдіріп тастайды. Айтары көп, астары бар бұл шығармаға автор өзінің қоғамға, ортасына деген көзқарасын суреттегені шындық. Жазушы мейлі адам болсын, хайуан болсын бәрі өз тегіне ажыраса, жат болады, жериді деген ұлы идеяны, мәңгілік ұғымды алға тартады.

Ілгеріде қазақ үшін жақсы көретін жылқысының өлуі ауыр қазамен тең болған. Ақанның құлагерінің басын құшақтап жылауы сол қасиеттің шағын мысалы. Ал Тәкен Әлімқұловтың «Ақ­боз ат» атты романындағы кейіпкердің оққа ұшқан жүйрік аттың басын құшақ­тап «Дүниеден ұлы жүйрік кетті», деп еңкілдегенін көз алдыңызға елесте­тіңізші, бәрі де жылқыға деген құрметтің туындысы. Сол үшін біздің «Тұлпардың соңғы тұяғы» қазақ пен жылқының қасі­ретін айтқан шығарма деуге толық негіз бар. Егер осы шығарманы оқысаңыз, сіздің көз алдыңызға ен далада қатар өмір сүріп, қиындық пен қыспақты қа­тар көрген қазақ пен жылқы келері анық. Әрине, сіз онда тағдыр деген сөзге тоқтайсыз. Иә, бәрі тағдырдың ісі. Астарлап айту, философиялық тұрғыдан ой айту – Оразхан шығармашылығының өзіне тән дара қасиеті. Ұлт әдебиеті үшін оның қаламы небір тың дүниелер бере алды, енді соны таразылап, оқып, түйсінген абзал. 

Әуезовтің шәкірті ретінде Оразхан Ахмет қазақ әдебиетіне ірі романдар берді. Оның кең тынысты, эпикалық үлгі­де жазуы да Мұхтар Әуезовтің шығар­машылықтағы еркін құлаш сер­меуінің бір көрінісі. Ол Мұхтар Әуезов шығармашылығы туралы бір сөзінде: «Абай – әдебиетіміздің мақтанышы. «Абай жолы» – романы қазақ рухани мәдениетінің асылы. Осы бір Еуразия ортасында өмір сүрген жауынгер халықтың бекзаттық мінезін, парасат-пайымын, өзіндік мәдениетін әлемге танытқан шығарма. Бүгінгі күні әуелі қазақ әдеби тілінің энциклопедиясы болып отыр. Ал шығармадағы Кеңестік көзқарас орысшыл жарамсақтар жағынан еріксіз таңылғандығы айдан анық. Қытай қазақтарында осы роман ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бері бес-алты дүркін аса мол тиражбен басылым көрді. Қазір және де кітапханадан таппайсың. Бірақ әр қазақтың үйінен табасың. Әр жыл сайын радиода оқылады, электронды нұсқасы да бар. Әуелі осы кітапты толық оқып шыққан диктордың өзі осы күнде аса жоғары беделге ие», дейді.  Мейлі қай елде өмір сүрсін сол елдегі қазақ қаламгерлері үшін Әуезов мәңгі ұстаз.

Оқшау жазған талант

Шыңжаңдағы қаламгерлер арасынан дара шыққан жазушының бірі ретінде Жұмабай Біләлдің есімі жиі аталады. Оның шығармашылықтағы өзіндік ерек­шелігі ешкімді қайталамай, дара жолмен жүруі. Қара сөзге жан бітіріп, оқшау теңеу табатын жазушының осы­ған дейін Шыңжаң баспаларынан «Арулар», «Боз жігіттер», «Жел шығыс­тан тұрғанда», «Дала торғайлары» сияқ­ты көптеген романы жарық көрді. Оның осы шығармаларын өзге ұлт қаламгерлері де жақсы бағалап, аударып, жариялады.

Қаламгердің «Боз жігіттер» атты романы көп оқылған шығармалар сапында. Бұл романда Жоламан атты кейіпкер өзінің бастан кешкендері арқылы сырт­қы әлемге қарата ой толғайды, сыр айт­қысы келеді. Айналада болып жатқан құ­былыстарды өз көзімен көріп, содан сыр түйеді. Оның өмірі үне­мі өзге­ріске ұшырап, шындықтың кей­пі ашыла береді. Тұтас романның өн-бойын­да өзіне тән бір әуен бар, кейіп­кер соны бастан-аяқ қуалап, ғұмыр кеше­ді. Жазушының шеберлігі сонда, ол кейіпкердің көрген-білгені арқылы өзінің ішкі ойын айтқысы келеді.  

Ал оның «Дала торғайлары» атты романы сан қилы тағдыр кешкен қазақ халқының әр кезеңдегі тағдыры баяндалады. Ақ патшаның ол елдегі қазақтарға жасаған зорлық-зомбылығы мен қыс­пағы осы романда көзбен көргендей етіп суреттеледі. Жұмық елінің арғы бетке көшіп барғанда көргендері кітаптың негізгі оқиғалары ретінде сипатталады. Мұхтар Әуезов «Қараш-қараш оқиға­сында» қазақ басынан өткізген қиын­дықтардың қалай тәптіштеп, рет-ретімен суреттесе, Жұмабай Біләлұлы да «Дала торғайларында» тарих дәуірдің сол сәттерін айна қатесіз ақ қағазға түсіреді. Жазушының жиған материал­дары, өзінің жады осындай көлемді романның өмірге келуіне басты себеп деуге болады. Ол жазған оқиғалар мен халық тіршілігі көркем шығама болып оқырманға жетті, бұл да әдеби үрдіс үшін керекті дүние.

Жазушы Жұмабай Біләлұлы бір сұх­ба­тында: «Мен «Абай жолын алғаш рет 1953 жылы оқыдым. Сол кезде он бес-он алты жастамын. Содан кейін 1959 жылы «Қазақстан пионері» газетінің бірнеше санынан «Көксерек» повесін оқыдым, бұл шығарма жан жүйкемді сілкіледі. Құдіретті қаламгердің ой толғанысы ұзақ жылдар бойы менің жан дүниемді басқа бір жұмбақ әлемге жетелей берді. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Себебі біздің ұлттың өміріндегі ұлы адамның тағдырын, тарихын ұлы шығарма етіп жазу тек Әуезов секілді тұлғаның ғана қолынан келетіні ақиқат. Ал «Көксерек» туралы айтсам, бертінге дейін Мұхаң қасқырдың бөлтірігіне ниеті ауып, сол туралы жазды», деп ойлап жүрдім. Сөйтсем, жазушы бұл шығармасы арқылы «қасқыр сені жейді» дегенді білдірмек екен. Менің бүкіл шығармаларымның өн-бойында өріліп түскен меңзеу, ишаралау сынды символдық деталдарға «Көксеректің» әсері болғаны шындық», деп Мұхтар Омарханұлы туралы шынайы көзқарасын айтады.

Қазақ әдебиетінде тау болар, тіпті соған лайықты тұлғалар аз емес. Деген­мен солардың ішінде оқшауланып, өз мұнарасын биіктетіп тұрған жалғыз жазу­шы – Мұхтар Әуезов. Ол артынан сансыз шәкірт ертіп, өз мектебін келер ұрпаққа аманаттаған даңқты сөз зергері бола алды. Сол үшін де шетелдегі қазақ қаламгерлерінің көбі оның жолын ұстанып, көптеген прозалық еңбек жазды. Бұл да болса Әуезовтің шарапаты болса керек.