Волонтерлік қызмет, қайырымдылық, үкіметтік емес ұйымдарға қатысты заң Мемлекет басшысының аталған салаларға мемлекеттік қолдауды нығайту шеңберінде қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. Сарапшылардың айтуынша, заң жобасын әзірлеу кезінде жан-жақты талқылаулар жүргізіліп, жұртшылықтың пікірлері ескерілген. Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары да ұсыныс білдірген.
Заңда алдымен «волонтерлік қызмет», «қайырымдылық волонтері», «волонтерлік қызмет саласындағы уәкілетті орган» ұғымдары нақтыланып, мемлекеттік гранттардың тиімділігіне бағалау жүргізу жөніндегі нормалар күшейтілген. «Пандемия кезінде көптеген волонтерлер мен волонтерлік ұйым халыққа, дәрігерлер мен әскери қызметкерлерге көмектескені баршаға аян. Бірақ оларда жеке бөлмелері мен кеңселері, сонымен қатар сақтау орындары болған жоқ. Осыған байланысты азық-түлік пен медициналық жиынтықтарды қалыптастыра алмады. Бізде із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеумен айналысатын бірқатар волонтерлік ұйым бар. Оларда да жабдықтар мен мүліктерін қоятын жер жоқ. Себебі олар коммерциялық қызмет көрсетпейді және қаржыландырылмайды. Осыған байланысты депутаттар түзетулер енгізді», деді Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Вера Ким Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Енді жаңа заңға сәйкес волонтерлерге үй-жайлар сатып алу құқығынсыз ұзақ мерзімді жалға беріледі.
Бұдан басқа, құжатта мемлекеттік тапсырысты орналастыру, гранттық қаржыландыру және коммерциялық емес ұйымдар үшін сыйлықақылар беру салалары кеңейтілген. Атап айтқанда, заң жобасына екі жаңа тармақ енгізілді: волонтерлік бастамаларды дамыту және қолдау (бұрын болмаған), сондай-ақ жануарларға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, соның ішінде жануарлардың баспаналарын қолдау.
Сондай-ақ қайырымдылық волонтерлерінің қызметі ретке келтірілген. Осы заң шеңберінде қайырымдылық ұйымдарының немесе көмекке мұқтаж нақты жеке тұлғаның пайдасына қаражат жинау жөніндегі қызмет енді қайырымдылық ұйымының өзі мен волонтер арасында немесе волонтер мен мұқтаж жеке тұлға арасында жасалған азаматтық-құқықтық шарт болған кезде ғана жүзеге асырылатын болады. «Қайырымдылық волонтерлерінің жасы 18-ден төмен болмауы керек. Бүгінде волонтерлік қызмет, қайырымдылық түрінде және халықтан ақша сұрайтын көптеген адамдар бар екенін көріп отырмыз. Дүкендерде, түрлі мекемелерде адамдар қайырымдылық көмек көрсетуді немесе қандай да бір операция жасауды сұрайтын жәшіктер тұр. Бұл қызмет реттелуі керек. Біздің заңда бұл нормалар қарастырылған», деді депутат.
Негізі елімізде волонтерлік туралы бірінші заң 2016 жылы қабылданған. «Бизнестің, азаматтардың қайырымдылық және волонтерлік қызметке, әсіресе пандемия кезінде қатысуы жанданды. Оны статистикадан да көруге болады, сондай-ақ бұған 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялау өз әсерін тигізді. Жүргізілген әлеуметтік зерттеулер халық арасында қайырымдылық көмек көрсету бойынша оң динамиканы көрсетеді. Сонымен қатар қайырымдылық және волонтерлік қызметті ынталандыру жөніндегі шаралар жүйесі көзделген», деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.
Сонымен қатар жаңа заңға үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылдың жаңа тетігі – стратегиялық әріптестікті енгізу ұсынылған. Мамандардың айтуынша, ол халықаралық тәжірибе негізінде әзірленген. «Мемлекеттік органдардың стратегиялық әріптестер пулын бейінді, әрі кең өкілдік базасы бар үкіметтік емес ұйымдар қатарынан қалыптастыру – қоғаммен жұмысты жандандыруға, қоғамдық сұраныстарды дер кезінде мемлекеттің күн тәртібіне қойып отыруға мүмкіндік береді. Бұл тетіктің келесі тәсілдері бекітілді: стратегиялық әріптестіктің бағыттарын мемлекеттің жалпыұлттық басымдықтарын негізге ала отырып, мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде ел Үкіметі айқындайтын болады. Стратегиялық әріптестікті іске асыру ұзақ мерзімді негізде министрліктер деңгейінде ғана болады. Стратегиялық серіктестерді мемлекеттік органдар конкурс арқылы анықтайтын болады. Әр бағыт бойынша бір үкіметтік емес ұйым анықталады», деді ҮЕҰ-дың жұмысына тоқталған Мадияр Қожахмет.
Ал қайырымдылық жасау мақсатында қаржы жинайтын блогерлерге енді келісімшартпен жұмыс істеуге тура келеді. Халықтан беталды ақша жинау заңмен реттеліп, қадағаланады. «Блогерлер заңға бағынбай, келісімшарт жасамай қайырымдылық іс үшін деп халықтан ақша жинаса ол заңсыз әрекет болып есептеледі. Яғни ол – алаяқтық. Екіжақты келісімге келу қайырымдылық жасау кезінде түсініспеушілік, дау-дамай туындаған жағдайда мәселені заңмен реттеу үшін енгізіліп отыр. Келісімге келсе қайырымдылық үшін жиналған қаржыға қатысты ешқандай артық сұрақ туындамайды», деп түсіндірді М.Қожахмет. Сондай-ақ «егер блогер қандай да бір қайырымдылық қорының атынан жұмыс жүргізсе, онда ол жүгінген ұйыммен келісімшарт жасасуы тиіс. Ал егер блогер өздігінен қайырымдылықпен айналысса, онда көмек көрсететін адаммен келісімі болуы керек», деп қосты Вера Ким.