Аймақтар • 15 Тамыз, 2022

732,5 млрд теңге тартылады

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы Саран қаласының индустриялық аймағы ел назары ауған экономикалық аумаққа айналып келе жатқаны рас. Бүгінде шағын ғана бұл қалада өндіріс ошақтарының құрылысы қызу жүріп жатыр. Мұның өзі Саран қаласына мол инвестиция тарту мәселесіне оң ықпалын тигізе бастағаны да жасырын емес.

732,5 млрд теңге тартылады

Таяуда облыстық әкімдіктегі жаңа инвестициялық кәсіпорындар туралы өткен кеңесте осы Саран қаласында теледидар, электр су жылытқыш, шаңсорғыш, ас үй пеші, шағын пеш, ас үй сорғышы, кір жуғыш машина және басқа да тұрмыстық техникалар шығаратын Artel зауытының пайда болатыны мәлім болды. Құрылысы күзде басталатын бұл кәсіпорының өндірістік қуаты жылына 1,1 млн дана өнім шығаруға жетеді деп жоспарланған.

Жалпы, аталған кеңесте мәлім болғандай, облыста барлығы 212,7 млрд теңге сомасына 11 инвести­циялық жоба, оның ішінде шетелдік капиталдың қатысуымен бес бірдей жоба жүзеге асырылып жатыр. Жауап­ты мамандар оларды іске қосу­дың нәтижесінде 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүм­кіндік туатынын айтады.

Облыстық өнеркәсіп және ин­дус­триялық-инновациялық даму бас­қармасының басшысы Мұрат Қы­дырғанбеков бүгіннің өзінде импортты алмастырушы бір жобаның іске қосылғанын мәлімдеді.

– Бұл – «Сарыарқа» ЕЭА аума­ғында геомембрана шығарумен айналысатын «АлтынАрна Geosynthetics» ЖШС жобасы. Кәсіпорында қазір 30 адам еңбек етеді, – деп атап өтті басқарма басшысы.

п

Сонымен қатар  М.Қыдырғанбеков жыл соңына дейін Балқашта сағатына 50 МВт-қа дейін қуат өндіретін күн электр стансасы іске қосылатынын және онда 20 адамның жұмыспен қамтылатынын жеткізді.

Саран қаласында үміт артқан үлкен жоба – «Татнефть» компа­ниясының қатысуымен салынып жатқан KamaTyresKZ шина зауыты жыл соңына аяғына дейін іске қосылмақ. Кәсіпорын жұмыс істей бастағанда 1 116 адам жұмыспен қамтылады деген болжам бар.

Сондай-ақ алдағы уақытта осы шағын қалада қағаз негізіндегі са­нитарлық-гигиеналық өнім өнді­рісі жұмыс істей бастайды. Әуел­де шикізат шетелден сатып алын­ғанымен, келешекте кәсіпорын қағаз негізді өз бетінше дайындайтын бо­лады. Алдын ала есептеулерге қа­рағанда, мұның өзі зауыттың қуа­тын жылына 21,4 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Айта кету керек, 100 адамға жұмыс тауып беретін аталған кәсіпорын – моноқалаларды дамыту, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарла­маларының қатысушысы.

Бұдан бөлек, облыста катодты мыс өндіретін жаңа зауыт пайда болады. Жылына бес мың тоннаға дейін катодты мыс шығаруға қуаты жететін бұл кәсіпорында 140 адам жұмыс істемек.

Кеңеске қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек биылғы бірінші жартыжылдықта тартылған инвес­тиция көлемінің 264 млрд теңгеден асқанын атап өтті.

– Жыл соңына дейін өткен жылға қарағанда 5,5 % өсіммен 732,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл жобаларды іске қосу өндіріс көлемін ұлғайтуға, шикізаттық емес экспорттың өсуін қамтамасыз етуге және импорт көлемін төмендетуге мүмкіндік береді, – деді жиынды қорытындылаған Ж.Қасымбек.

 

Қарағанды облысы