Ақсуаттағы әуежай жаңғыртылады
Tas Group компаниялар тобының негізін қалаушысы Дулат Тастекеев өңірдегі инфрақұрылымды, оның ішінде Ақсуат ауданындағы әуежайды жаңғыртуға өз ұсынысын жеткізді.
«Экономиканың қауқар күші – ірі бизнестен бөлек, шағын және орта кәсіпкерліктің жолға қойылуына байланысты. Кәсіпкерлердің нәтижелі жұмысы арқылы кез келген өңірде салық түсімдері артып, мемлекеттік бюджеттің кірісі ұлғаяды. Осы ретте Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев киелі өлкеден шыққан іскер азаматтардың басын қосып, туған өңірімізді дамытуға байланысты тиімді ұсыныстар айтылатын басқосуды өткізуді жөн деп тауыпты. Бұл бастаманы құп көріп, өз тарапымыздан кәсібіміздің бір бөлігін туған жерімізге көшіруге дайынбыз. Сондай-ақ Ақсуат ауданындағы әуежайды қалпына келтіруге байланысты арнайы жобамыз бар. Оны ресми түрде жергілікті құзырлы органдарға тапсырдық. Мұндай кездесулер жиі ұйымдастырылып, айтылған келелі ойлар құр сөз жүзінде қалмай нақты атқарылған іспен дәлелденсе, Абай жері қуатты өңірлердің қатарынан көрінеді деп ойлаймын», деді Д.Тастекеев.
Түркиялық компанияның тартуы
Абай Құнанбайұлы – тұтастай түркі әлеміне ортақ тұлға. Бұл орайда ұлы шайыр дүниеге келген өңірді көркейтіп, дамытуға бауырлас түрік ағайындар да ниетті. Мәселен, Siterm компаниясының басшысы Сакарья Атилай облыс орталығындағы әбден ескіріп, тозығы шыққан жылумен жабдықтау жүйелерін жаңартуға инвестиция салуға дайын екендерін айтты.
«Семейде жылуға байланысты қордаланған проблеманың бары екенін білеміз. Сондықтан түркиялық компания жылу орталығын салуға қаражат құюға қарсы емес. Осы арқылы қосымша жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік мәселелер шешімін табар еді. Бұл бағытта облыс әкімдігімен тығыз байланыс орнату көзделіп отыр», деді С.Атилай.
Инвестициялық ахуал қолайлы болуға тиіс
Қазақстанның Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерболат Сембаевтың айтуынша, Абай облысында туризм саласының келешегі зор. Бірақ бұл үшін инвестициялық климат қолайлы болуға тиіс. Бизнесті жүргізуге жан-жақты жағдай жасалса, кез келген мемлекеттен инвестор келуге ынталы болады деді дипломат.
«Экономиканың әр бағыты италиялық инвесторларға қызықты. Алайда кез келген инвестор үшін қолайлы жағдайдың қаншалықты жасалғаны маңызды. Бұл мемлекет пен Үкіметтің деңгейінде шешілетін мәселе. Мұның барлығы жаңадан құрылған Абай облысында да ескеріліп, қолға алынуы керек. Егер де қажетті жағдай жасалса, әлбетте инвесторлар елімізге келіп, екіжақты іскерлік байланысты дамытуға ниетті болады. Бір кездері бұл өңірде мал шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп жақсы дамып, дайын өнімдерімен еліміздің көптеген облысын қамтитын. Бұны Абай облысында да жаңғыртып, тың серпін беруге болады деп есептеймін», деді Е.Сембаев.
Тау-кен саласы өңірдің драйверіне айналады
KAZ Minerals Management компаниясының басқарма төрағасы Эльдар Мамедовтің пікіріне сүйенсек, жаңа облыстың құрылуымен Семейде іскерлік белсенділік жандана түсті. Бұл ретте тау-кен саласы Абай өңірінің қозғаушы күшіне айнала алады деп санайды кәсіпорын басшысы. Өйткені, облыста мыс, алтын және басқа да бағалы металдардың кен орны көп. Тек геологиялық зерттеу жұмыстары жолға қойылса игі.
«Абай облысында мыстың қайнар көзі жетерлік. Біздің компания бірнеше кәсіпорынға жетекшілік етеді. Оның ішінде Орлов кешенінің орны бөлек. Қазір онда 2 мыңнан астам адам еңбек етіп келеді. Кәсіпорынға таяу орналасқан Жезкент елді мекенінде кеншілік кәсіп – атадан балаға жалғасатын мамандыққа айналды десем қателеспеймін. Жаңа индустрияландырудың флагмандарының бірі – Ақтоғай кен байыту комбинаты саналады. Аягөз ауданында орналасқан бұл фабриканың екінші кезегін былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей өзі ашқан еді. Бұл орайда біздің компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыс істеп келе жатқанын айта кеткен орынды. Осы бағытта және өңірлік экономиканы өркендетуге өз үлесімізді қосуға дайынбыз», деді Э.Мамедов.
Тоғыз жол торабының тиімділігі
Семей қаласының гүлденген кезі Мейрамхат Айнабековтің есімімен тікелей байланысты. Шаһардың экс-әкімі Президент Қ.Тоқаевтың Абай облысын құрудағы бастамасы әділетті шешім екенін жеткізіп, осы мүмкіндікті тиімді пайдалану керек деп санайды.
«Жақсы, облыс құрылды. Енді қай бағытта жұмыс істеп, халықтың жағдайын қалай көтеруге болады? Осыны ойластыру керек. Рас, біздің облыс біраз ауыр жағдайда тұр. Кезінде мұнда ауыл шаруашылығы, тамақ және жеңіл өнеркәсіптің дамуы жақсы еді. Бізде мұнай, газ өндірілмейді. Қазір облыс әкімінің алға қойып отырған мақсаты – бұрынғы басым салаларды жаңғыртып, қайтадан қатарға қосу. Бір ғана мысал келтірейін. Біздің облыста 1 млн-ға тарта халық тұрады. Егер бір адам жылына үш аяқкиім пайдаланатынын ескерсек, онда 3 млн-дай аяқкиім өнімі қажет екенін байқауға болады. Бір аяқкиімнің бағасын шартты түрде 10 мың теңгеге бағаласақ, онда жылына 30 млрд теңгеге аяқкиім өнімін тігуге болатынын көресіз. Қазір осы 30 млрд теңге Қытайға, Түркияға және Ресейге жіберіліп отыр. Өйткені өзіміз өндіріп, шығарып жатқанымыз жоқ. Сондықтан ауыл шаруашылығын көтере отырып, тамақ және жеңіл өнеркәсібіне шикізат дайындауды мақсат тұтсақ ұтарымыз көп болады деп ойлаймын. Бұл шаруаны атқару үшін жергілікті азаматтардың береке-бірлігі қажет. Тағдыр Семейден шыққан азаматтарды суға да салды, отқа да орады. Бірақ олардың сағы сынған жоқ. Шама-шарқы келгенше әр салада табысты еңбек етіп келеді. Қуантарлығы, өңір азаматтары «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген тәмсілді берік ұстанады. Облыс құрылып жатқанын естіген іскер азаматтарымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, туған өңірін көркейтуге жұмыла қызмет істейді деген үмітіміз басым. Географиялық орналасуымыз қай жағынан алсақ та тиімді. Темір жол мен автомобиль жолдары бар. Шығыста Қытай, солтүстікте Ресей іргелес жатыр. Біздің азаматтар осы мемлекеттермен жұмыс істеуге қабілетті деп санаймын», деді М.Айнабеков.
Облыс әкімі таяу келешекте өңірде металлургия, тамақ және өңдеу өнеркәсібі жолға қойылып, сол секілді аграрлық әрі туристік бағыт қасиетті өлкенің басым салаларына айналатынына сенімді.
«Облысымызға тән ерекше мәдени колоритті қолдап, көбейтетін боламыз. Осы бағыттағы тактикалық қадамдарымыз анықталды. Біріншіден, бұл – экономиканың металлургия, тамақ, қайта өңдеу өнеркәсібі мен аграрлық секторын дамыту. 2025 жылға дейін тау-кен өнеркәсібінде 5 инвестициялық жобаның құрылысы жоспарланған. Абай облысы қолданыстағы сауда-көлік дәліздерін жетілдіріп, жаңа бағыттарды қалыптастыруға қолайлы географиялық орынға ие. Келешекте 82,5 млрд теңгеге Семейді айналып өтетін автомобиль жолын салу жоспарланып отыр. Бұл халықаралық және өңірлік транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. «Бір белдеу – бір жол» тұжырымдамасы аясында болашақта Бақты – Аягөз теміржолын, сондай-ақ Семейде құрлық портын салу көзделіп отыр. Бұл мультипликативтік әсер етіп, жүк және жолаушылар тасымалын дамытуға ықпал ететін болады», деді Н.Ұранхаев.
Бұдан бөлек облыста тарихи-мәдени және экологиялық туризмді дамытудың әлеуеті зор. Медициналық туризмді де дамытудың алғышарттары бар. Бұл бірінші кезекте Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орны – Семей медицина университетінің қызметімен байланысты. Сол секілді Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық пен Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығының жұмысы да бұл бағытта үлгі аларлықтай.
Абай облысы