Қоғам • 16 Тамыз, 2022

Технопарк тегін оқытады

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Astana Hub технопаркі IT саласында карьераны жоспарлауға бағытталған Beta Career бағдарламасының жаңа легін іске қоспақ. Қатысушылар бағдарлама бойынша тегін оқиды.

Технопарк тегін оқытады

Бүгінгі таңда Қазақстан мен ТМД елдерінен 1 500-ге жуық адам табыс­ты жұмысқа орналасу үшін оқудан өтіп, өз дағдыларын шыңдаған. Beta Career бағдарламасының түлектері ірі IT компанияларда, соның ішінде АҚШ, Малайзия және басқа да елдерде жұмыс тапқан. Кейбірі қажетті тағылымдамадан өтті.

– IT мамандардың көпшілігі карьераны қалай тиімді құру керектігін дұрыс түсінбегендіктен, істеп жатқан жұмысына, мансаптық өспеуіне қа­нағаттанбайды. Дені сұранысқа ие бағыттарды білмейді. Бірақ табысқа жету үшін кешенді жоспар құру қажет. Мысалы, қазір Go, Java, сондай-ақ Data Science мамандары мен DevOps инженерлері сұранысқа ие. Біздің міндетіміз – қажетті, ең бастысы, қа­лаған жұмысты табуға көмектесетін негізгі дағдыларды үйрету, – дейді Astana Hub-тың экспорт және даму жөніндегі басқарушы директоры Абай Әбсамет.

Beta Career – мансап құру процесі туралы бірегей түсінік беретін ке­шенді онлайн-курс. Бағдарламаға IT саласындағы студенттер мен түлек­тер қатыса алады. Оқыту бейне дә­ріс­терден, практикалық вебинарлар­дан, сарапшылармен тестілік сұхбаттар­дан, трекерлермен кездесулер мен кеңестерден, сондай-ақ онлайн бос орын­дар жәрмеңкесінен тұрады.

Оқыту нәтижелері бойынша бағ­дарлама қатысушылары IT-ком­па­нияда жұмысқа орналасу үшін тиімді түйіндеме жасауды және оларға ілеспе хаттар жазуды үйренеді, тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын дамытады, IT салада қандай мамандықтар сұ­ранысқа ие екенін біліп, үздік компанияларда қажетті жұмыс табуға мүм­кіндік алады.

Бағдарламаның жаңа легі 22 тамызда басталады. Қатысуға өтінімдер 19 та­­мызға дейін қабылданады.