Әлем • 17 Тамыз, 2022

Йеменде жағдай тұрақталып келеді

1062 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Йеменде тараптар атысты тоқтату мерзімін ұзарту туралы келісімге келді. Елдегі азаматтық соғыс пен атысты тоқтату келісімі осымен екінші рет ұзартылып отыр. Тараптардың бітімге келуі елдегі тыныштықты сақтау тұрғысынан үлкен мәнге ие.

Йеменде жағдай тұрақталып келеді

2014 жылдың қыркүйегінен бері Иран қолдайтын хусилер ел астанасы Сана мен кейбір аймақтарды өз бақылауында ұстап отыр. Бұл Йемен әскери күштері мен хусилер арасында жылдар бойы жалғасқан қақ­тығысқа себеп болды. Сауд Арабиясы бас­таған араб коалиция күштері 2015 жыл­дың наурыз айынан бері хусилерге қарсы шығып, Йемен үкіметіне қолдау көрсетіп келеді.

Естеріңізге сала кетейік, Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Йемендегі арнайы өкілі Грундберг Йемен үкіметі мен хусилер 2 сәуір күні әуе, құрлық және теңіз операцияларын 2 айға тоқтатуға келіскенін хабар­лаған болатын. Кейін 2 маусымда атыс­ты тоқтату келісімінің аяқталуына бір­неше сағат қалғанда тараптар атысты тоқтатуды тағы 2 айға ұзартуға келіскені туралы ақпарат шықты. Енді Йемен үкіметі мен хусилер бітімгершілікті 2 қазанға дейін ұзарту туралы келісімге қол қойды. Грундберг екінші рет ұзартумен 6 айға созылған атысты тоқтату келісімі Таиз және Худейдадағы қиындықтарды жеңілдететінін атап өтті.

Йеменде 2 сәуірде басталып, төрт айдан бері жалғасып келе жатқан және соңғы шешіммен алты айға созылған атысты тоқтату келісімі соғыс басталғаннан, яғни 2014 жылдан бергі ең ұзақ мерзімге атысты тоқтату қадамы ретінде белгілі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Йемендегі жағдайды тұ­рақтандыруы қақтығысқа қатысты ай­мақ­тық және халықаралық ұйымдардың ұстанымына байланысты болып отыр. Осылайша, БҰҰ мен Оман Йемендегі атыс­ты тоқтатып, екі тараптың бітімгершілік келісімінің уақытын ұзартып, оны тұрақты ету арқылы елде бейбітшілік орнатуға атсалысып жатыр.

БҰҰ-ның Йемендегі арнайы өкілі Грундберг атысты тоқтату мемлекеттік қыз­меткерлердің жалақылары мен зейнета­қы­ларын тұрақты төлеуге, Таиз және басқа аймақтарға жолдарды ашуға, халықаралық «Сана» әуежайына екі жақты рейстерді көбейту, жанармайдың мол болуы және Худейда портының тұрақты қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін алға тартты. БҰҰ-ның Йемен кеңсесі дайын­да­ған есебі бойынша атыс тоқтаған 4 айдың ішінде 30 жанармай тасымалдайтын кеме Худейда портына келген. Йемен үкіметі болса 29 шілде күнгі мәлімдемесінде атыс­ты 4 айға тоқтату процесі кезінде Худейда пор­тына жеткен жанармайдан 187 мил­лион доллар табыс тапқанын мәлімдеді.

Хусилердің бақылауындағы «Сана» халықаралық әуежайы 2016 жыл­дан бері алғаш рет қайта ашылып, Мысыр мен Иор­да­нияға коммерциялық рейс­тер­дің жүзе­ге асырылуына рұқсат берілді. Ком­мер­циялық рейспен қатар 10 мыңнан астам жолаушының саяхаттауына мүмкіндік туды. Сондай-ақ Йеменнің ресми агенттігі Шабва қаласындағы «Атак» әуежайы ком­мер­циялық рейстер үшін қайта ашыл­ғанын хабарлады. Әуежай бұған дейін азаматтық соғыс салдарынан 7 жылдан астам уақыт қызмет көрсетпеген. Естеріңізге сала ке­тейік, хуси жасақтары мен Йемен әскери күш­тері арасындағы қақтығыстар ұзақ уақыт бойы жалғасқан Шабва қаласы 2017 жылы хусилерден азат етілген болатын. Бүгінде Шабва Йемен үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері қолдайтын Оңтүстік өтпелі кеңесінің бақылауында.

Жалпы, Йемен шекарасының сыртын­дағы араб коалициясы елдерін нысанаға алған хусилер коалиция құрылған 2015 жылдан бастап сәуір айында атысты у­а­қыт­ша тоқтату басталғанға дейінгі ара­лық­та баллистикалық зымырандар, ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар және әскери кемелермен 1300-ден астам шабуыл жасағаны анықталды.

Сауд Арабиясы бастаған араб коалиция­сы атысты тоқтату процесі кезінде хусилерге қарсы күш қолдануды доғарған кезде олар да Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмір­ліктеріне қарсы шабуылдар жасамайды. Бұл – аймақтағы атысты тоқтатудың не­гізгі бастамасы. Дегенмен хусилер келі­сім­ге сай әрекет етпей, атысты тоқтату ре­жімін бұзғаны туралы ақпараттар бар. Йе­мендік тәуелсіз ұйымдардың мәліметі бойынша 2 сәуір күні атысты тоқтату бас­тал­ғаннан шілде айының соңына дейінгі мерзімде 1 700 рет атысты тоқтату келі­сімі­нің бұзылғаны анықталып, оның
1 578-і хусилер тарапынан жасалғаны бел­гі­лі болған.

Йемен Сыртқы істер министрі Ахмед бин Мүбарак шілде айының соңында жаса­ған мәлімдемесінде хусилерді «күніне 50 рет атысты тоқтату келісімін бұзды» деп айыптады. Бин Мүбәрәк бұл заң бұзушылықтардан 81 адам қаза тауып, 331-нің жарақат алғанын айтты. Алайда БҰҰ-ның Йемендегі арнайы өкілі Грунд­берг­тің айтуын­ша, шілде айында бейбіт тұрғындардың қаза­сы атысты тоқтату ке­лі­сімі күшіне енген алдыңғы үш айға қарағанда азайған.

Бейбіт тұрғындар өлімінің азаюына қарамастан, атысты тоқтату ке­зеңінде көптеген аймаққа қойылған мина­лардың жарылуы әлі де қарапайым тұрғын­дар­дың ажалына себеп болып отыр. Бұл туралы Йемен ресми өкілі: «Хусилердің Йемен аумағына орналастырған миналар мен соғыс қалдықтарының жарылуы салдарынан 2 сәуірден 1 тамызға дейінгі аралықта 168 бейбіт тұрғынның зардап шеккенін тіркедік», деп мәлімдеді. Мәлім­де­медегі деректерге сәйкес 57 адам, оның ішінде 28 бала, 4 әйел қаза тауып, 111 адам ауыр зардап шеккен.

Сарапшылар Йемен үкіметін басқара­тын президенттік кеңес төрт ай бойы атыс­ты тоқтату режімін бұзбау үшін хуси­лерге жеңілдіктер жасады деп санайды. Оның ішінде, ең маңыздысы – хусилерге Йемен төлқұжатының берілуі. Сондай-ақ хусилер басқаратын Худейда портына мұнай өнімдерінің тасымалдануына рұқсат берілді. Бұл хусилік әскерилердің соғыс шы­ғындарын қайта қалпына келтіруге мүм­кіндік туғызады.

Үкімет бұл жеңілдіктерді 2015 жылдан бері қоршауда болған және 3 мил­лион йемендік тұратын Таиз қаласындағы жағдайды жақсарту үшін жасағаны белгілі. Алайда тараптардың шарттарына қайшы болса да Хуси жасақтары Таизге апаратын негізгі жолдарды әлі ашпаған. Йемендіктерге үлкен жүк көліктері үшін қолай­сыз тар жолдар арқылы өтуге ғана рұқ­сат берді. Жол мәселесіне қатысты БҰҰ-ның өкілі Грундберг екі тарапқа Таиз жолдарын кезең-кезеңмен ашу тура­лы келісімге келуді ұсынған. Ол ұсы­ныс­қа қатысты келіссөздер жүргізуге тырыс­қа­нын, бірақ хусилер бұл бастаманы қабыл­да­мағанын мәлімдеді.

Жылдар бойы жалғасып келе жатқан бұл қақтығыста 377 мыңға жуық адам қаза тапты. Әлемдегі ең кедей елдердің бірі саналатын Йемендегі азаматтық соғыс салдарынан елдің жағдайы бұрынғыдан бетер нашарлап кеткен.