Аталған форум бір аптаға созылады және Түркістандағы іс-шараға Қырғызстан мен Өзбекстаннан еріктілер келсе, дәл осы күні Бурабай ұлттық паркінде өткен форумның ашылуына Тәжікстан мен Түрікменстан өкілдері қатысты. Форумның бірінші күні «Әлемдік кафе» форматындағы стратегиялық сессиялар, білім беру, экология, медицина, жұмысқа орналастыру, инклюзия, бұқаралық спорт, этно-еріктілік және басқа бағыттар бойынша нақты кейстері бар ойын форматындағы воркшоптар өтті. Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу облыстары, Шымкент қаласы, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен 200-ден астам адам қатысқан іс-шарада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Бекетқызы құттықтау сөз сөйлеп, еліміздегі волонтерліктің дамуы туралы баяндады. «Қазақстан азаматтары еліміздің қайырымдылық және әлеуметтік өміріне белсенді қатысуда. Бұған спорт жарыстарын, қайырымдылық марафондарын, қиын емделетін аурулары бар балаларды қолдау бағдарламаларын, балалар үйлері мен онкологиялық бөлімшелерде іске асырылып жатқан жобаларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысатын волонтерлердің сандық көрсеткіштері дәлел бола алады. Мүмкін, бұл қазақстандық менталитеттің ерекшеліктеріне байланысты шығар. Тарихи тұрғыдан алғанда, ел тұрғындары үшін ерікті көмектің негізі топтық қолдаудың әртүрлі нысандары немесе асар болды. Өткен жылдың өзінде Birgemiz жобасына қиын өмірлік жағдайларда балалар мен жастарды қолдау, медициналық, экологиялық волонтерлік, материалдық және рухани мәдени-тарихи мұраны сақтау, жануарларды қорғау бойынша волонтерлік, әлеуметтік, төтенше жағдайлар саласындағы волонтерлік және онлайн-волонтерлік салаларында 70 мыңнан астам ерікті қатысты. Аталған саланы тұрақты дамыту үшін біз 2021-2023 жылдарға арналған волонтерлікті дамытудың Жол картасын әзірледік, ол елеулі шаралар кешенін қамтиды», деп атап өтті Гүлбара Сұлтанова.
Сондай-ақ спикер қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен волонтерлік қозғалыс ұйымдастырушыларының арасындағы өзара іс-қимылдың заманауи жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын және бұл қызмет волонтерлікті қолдау стандартына негізделетінін айтты. «Біз волонтерлердің бірігуі барлық қолданыстағы жобаларды қалың жұртшылыққа көрсетеді және бұл жаңа волонтерлік бастамаларға серпін береді деп үміттенеміз. Оған мұқтаж адамдардың барлығын қолдауға көмектесетін жаңа инновациялық тәсілдерді пайдаланамыз. Бұл көп жылдар бойы волонтерліктің түрлі бағыттарында жұмыс істеп келе жатқан барлық адамдар үшін үлкен жеңіс деп санаймын», деп атап өтті АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары.
Өткен жылы волонтерлік қызметпен айналысатын азаматтар мен ұйымдар саны артып, іске асырылып жатқан волонтерлік бағдарламалар мен жобалар ауқымы кеңейді. Нақтырақ айтқанда, волонтерлік ұйымдар мен топтардың саны 3 есеге ұлғайып, бүгінгі күні олардың саны 600-ден асады. Ал тұрақты волонтерлер саны 4 есеге артты, бұл 200 мыңнан астам адамды құрайды. Сондай-ақ 1,5 миллионнан астам азамат көмек алды.
Форумның ашылуына қатысқан Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев волонтерлік ізгіліктің алғашқы қадамы екенін айтып өтті. Сондай-ақ іс-шара барысында елімізде әлеуметтік, оқиғалық және эко-волонтерлік қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Коронавирус өршіп, республика бойынша пандемия болған кезде елімізде еріктілердің белсенділігі артқаны мәлім. Барлық өңірдің белсенді азаматтары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, ардагерлерге азық-түлік себетін тасумен, оны сұрыптаумен, call-орталықтарда жедел ақпарат берумен, мұқтаж отбасылардың тізімін жасаумен айналысты, бұдан басқа да көптеген іс-шара атқарды. Пандемия кезінде онлайн, медициналық және Pro-bono бағыттары жақсы дамыды. Түркістан облысында 10 мыңнан астам волонтер бар. Өңірдің ерікті жастары қоғамдық өмірдің барлық саласына белсене араласады. Аудан, қалалардағы жастар ресурстық орталықтары көптеген іс-шараларға бастамашысы болып отыр. Еріктілер Bilim, Qamqor, Úmit, Sabaqtastyq, Taza Álem және Saulyq атты бірнеше салалық бағыттар бойынша жұмыс істейді. Рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстарына еріктілерді тарту бағытында құрылған «Асыл Мұра» жобасы да жүзеге асырылды. Арыс қаласында 2019 жылдың маусымында оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс кезінде еріктілердің көмегі көп тиді. Төтенше жағдай кезінде жедел топпен бірге мыңнан астам жедел волонтер жасағы құрылды. Олар халыққа алғашқы көмек көрсетіп, құжаттарды жинау және жапа шеккендерді көшіріп, азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысты. Мақтааралдағы су тасқыны кезінде де Түркістан облысының еріктілері тынымсыз көмек көрсетті. Пандемия уақытында волонтерлер тобымен медициналық маскалар таратып, індеттің алдын алу іс-шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Форумның екінші күні, қатысушылар «Өз жобаңмен/идеяңмен бөліс» ашық микрофон кезінде өңірлердегі волонтерлік жобалар туралы айтып берді. Осылайша, олар өзара ынтымақтастыққа, жаңа бірлескен жобаларды құруға және халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік алды. Форум барысында 4 бағыт бойынша волонтерлік акциялар өтеді. Айта кетелік, форумның тең ұйымдастырушысы – Ұлттық волонтерлер желісі және Біріккен Ұлттар ұйымының еріктілері.
Түркістан