Мәселен, жыл сайын жол салу жұмыстары қызған кезде осы битумның тапшылығы қатты сезіледі де жатады. «Бақсақ, бақа екен» демекші, аталған материалдың тапшылығын бұл өнімді алдын ала сатып алатын трейдерлер тудырады екен. Бұлар битумды арзан бағаға сатып алады екен де, сұраныс пен баға өскен кезде қымбатқа өткізетін көрінеді. Бұл жердегі әккі әрекеттің жолы тіпті де қарапайым: қаражат жағынан қысылмайтын аталған компаниялар битум өндіретін зауыттармен тікелей келіссөз жүргізіп, өнімді өздеріне тиімді бағаға сатып алады. Ал жұмысты тапсыру мерзімі қос бүйірден қысқан кезде, мердігердің оны қандай бағаға да болсын сатып алмасқа амалы қалмайды...
«Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының директоры Айбол Бидайбеков бұған әлі күнге дейін тыйым салынбай келе жатқанына қынжылыс білдіреді.
– Біздегі климаттық ерекшеліктерге сай, жол салу мерзімі өте қысқа. Мамыр мен тамыз айларының аралығында қимылдап қалмасаңыз, қапы қаласыз. Мердігерлер жылдық жоспарды осы мерзімде орындауға жанын салады. Ал дәл осы уақытта битум бағасы үш есеге дейін қымбаттап кетеді, – дейді А.Бидайбеков.
Жалпы, битум деген – өзіндік ерекшеліктері мол материал. Мәселен, қыста қатып қалады да, оны тасымалдау тым қымбатқа түседі. Бұдан бөлек, шикізатты тиеу кезінде оны қыздырмаса тағы болмайды. Міне, әрбір осындай амалдың материалдың сапасына әсер ететіні сөзсіз.
Мамандар мамыр айында жөндеу жұмыстары басталғанда, битумды өндіріске енгізіп, асфальтбетон алу үшін оны қайтадан қыздыру қажет. Ал оны төсеу кезінде 90 градустан 130 градусқа дейінгі температуралық режімді сақтау шарт. Сондықтан алдын ала үлкен көлемдегі шикізатты өндіру технологиялық жағынан тиімсіз.
Міне, жеті-сегіз жыл жөндеусіз қызмет етеді деп жоспарланған жол осындай жайттардың себебінен бар болғаны екі-үш жылға ғана шыдайды да, тоза бастайды. Сосын, амалдың жоқтығынан мемлекеттің қаржысын ысырап қылып, жолды қайтадан жөндеуге тура келіп жатады.
Былтырдың өзінде «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» битум сынамасына 1 400-ге жуық тексеру жүргізіпті. Сонда жоғарыда айтқан тексерулердің 300-і сапасы бойынша нормативтерге сай болмай шыққан.
Осы орайда Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетовтің ел газеті «Egemen Qazaqstan»-ның» осы жылдың
9 тамызындағы санында жарыққа шыққан «Жол азабын жүрген білер» атты мақаласындағы мына жолдар еріксіз ойға қалдырады. «Былтырдың өзінде Жол активтері ұлттық сапа орталығы 1 400-ге жуық битум сынамасын тексеруден өткізді, оның 300-і сапасы бойынша нормативтерге сай болмай шықты. Осыған орай Мемлекет басшысының жолдардың сапасын арттыру жөнінде тапсырмасына сәйкес елімізде битумды ҚР СТ ұлттық стандартына сәйкестендіріп шығару керек деп ойлаймын. (ГОСТ стандартын пайдаланудың күшін жою керек). Себебі ол стандарт битум сапасы бойынша қатаң талаптар қояды, оның ішінде асфальттың уақытқа төзімділігі де бар. Бірақ Энергетика министрлігі осы ұсыныстарымызды елемей келеді. Елімізде битумды сырттан алып келуге тыйым салынған да, ал экспорттауға рұқсат бар. Елде өндірілген битумдар көбіне қырғыздарға жөнелтіледі. Битум тапшылығын жою үшін Ресей нарығын ашу керек немесе экспортты тоқтату қажет», деп жазады автор.
Сонымен қатар Бағлан Баймағамбетов елімізде битумды сырттан алып келуге тыйым салынып, ал экспорттауға рұқсат бар екеніне қынжылыс білдіреді. Мәселен, біздің елде өндірілген битумдар көбіне қырғыз еліне тасымалданады екен. Сол себепті автор битум тапшылығын жою мақсатында Ресей нарығын ашу керек немесе экспортқа тыйым салынуы керек деп санайды.
Ал өңірде жол саласы бойынша 40 жыл жұмыс істеп, бірталай басшылық қызметтерде болған еңбек ардагері Алматай Жүнісов те «бас-басына би болған» мекемелердің басын біріктіріп, агенттік құру керек деген пікірді қолдайды. «Жүйенің тізгіні бір қолда болуы керек. Сонда ғана жұмысты нақты жауапты адамнан сұрау мүмкіндігі туады», дейді А.Жүнісов.
Сондай-ақ жол саласының ардагері бүгінде кадр мәселесінің күн тәртібінде өте өткір тұрғанына алаңдаушылық білдіреді. «Қазір, – дейді еңбек ардагері, – жол саласындағы механизмнің бәрі күрделендірілген, көбі автоматтандырылған. Мұны меңгеретін білікті мамандар керек. Ал олар бізде жоқтың қасы...».
Еске салар болсақ, таяуда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «ҚазАвтоЖол» мен «Қазавтодор» кәсіпорындары біріктірілгені белгілі. Осы орайда жауапты мамандардың көбі мұнымен тоқтамай, жол саласындағы күрделі жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру үшін өз алдына бөлек агенттік немесе комитет құру мәселесін жиі көтере бастады. Ал мұндай ұйғарымға негіз боларлық дәлелдер мен себептер жетіп артылады.
Қарағанды облысы