Әдебиет • 22 Тамыз, 2022

Абайдан түскен сәуле

423 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абайдың жақсы көрген іні досы, суырыпсалма ақын Көкбай Жанатайұлы өз дәуірінің от ауызды, орақ тілдісі болған кісі. Оның тапқырлығы мен талантына разы болған Абай үнемі қасынан тастамай ертіп жүрген деседі. Әйтпесе, сол дәуірде аты шығып, атағы аспандап тұрған аға сұлтанның ұлына еретін кісі табылмай қалды дейсіз бе? Бәріне оның адалдығы мен айбынды ақындығы жауап беріп тұр.

Абайдан түскен сәуле

Көкбай ақында «Ұсақ байларға» деген сатиралық өлең бар. Өлеңді оқып отырып мырс ете түсерсіз де ойланасыз.

«Семейдің байлары бар көтермелі,

Құр бекер мақтанады бекер нені.

Ғинуар расчеты болған күні,

Мырзаның әуселесін көрер ме еді.

Ұсақ бай, сырың бізге айқын сенің,

Қырдың аңқаулары ғой бар жегенің.

Өзіңді сорып жатыр үлкен байлар,

Білмейсің түпкі есепте кім жегенін?»

Ақын ұсақ байлар арқылы сол кездегі қоғамның, ол қоғамды құраушы халықтың жағдайын ашып айтады. Мұнда өлең тілімен айтқан сөз халыққа жұғымды, тез таралғыш келетінін де ақын басты назарда ұстап отыр. Сосын ол бір сәт Семей саудагеріне шүйлігеді:

«Семейдің саудагері қызылтанау,

Жегені тамағына ет пен палау.

Жалғыз атқа шананы жегіп алып,

Жау малындай сабалап кеткені анау.

Өңшең қудың жеккені бір-бір қотыр,

Тоты құстай сыланып қатыны отыр.

Ғинуар деп байлардан кездеме алып,

Қырға барып салады ойран топыр».

Сол кездегі саудагердің не істейтінін, кімді алдайтынын Көкбай арқылы қазақ қоғамы білсе ойланар ма еді, кім білсін? Абай Құнанбайұлымен 25 жыл жолдас болған Көкбай ақынды хакімге серік еткен де оның оқшау таланты еді. Тіпті Абай қалаға барған сайын Көкбай сынды талантты жастарды жинап, хал-жағдайларын сұрап тұрғанын Қайым Мұхамедханов өз жазбасында анық жазады. Демек Абайдан түскен сәуле ақын Көкбайдың көзін ерте ашқанын айта кеткен жөн. «Сол кезде Абай айнала­сындағы бар ақынның ішінде суырып­салма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай мұны өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие қып шығарды» деген Мұхтар Әуезовтің сөзі Көкбайдың ақындық бейнесін ашып береді.

Көкбай ұстазы Абайға жалғыз шумақ жыр арнапты:

«Жәннатта жайың болғыр

Абай құтып,

Қасыңда бос жүріппін шатып-бұтып.

Осындай ен дарияны жайлағанда,

Тым болмаса қалмаппын

тына жұтып».

Бұл өлеңнен ақынның хакім досын қаншалықты бағалайтынын, оған деген бағасының тым терең екенін жалғыз-ақ шумақтан білеміз. Ал Көкбайдың бірінші жолдағы «Абай құтып» дегені ойландырады. Ол Құнанбайдың ойшыл ұлын ХІІ ғасырда өмір сүрген ойшыл, ақын, Низамидің әйгілі «Хұсрау мен Шырын» поэмасын қыпшақ тіліне аударған Құтыппен теңестіріп отырған болар. Бәрі де мүмкін, Көкбай үшін – Абай ұлы, Абай – жалғыз. Жалғыз демекші, ол Абайдан кейін тағы бір ұлы тұлғаны «жалғызымсың» деп жырға қосады. Ол Әлихан Бөкейханов еді.

«Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,

Ұл тумақ сендей болып аз-ақ тағы.

Өгіз өліп, болмаса арба сынып,

Өмірің өткен жансың азаптағы.

Бал тамған, ханзадам-ай, қаламыңнан,

Тәңірім айырмасын талабыңнан.

Қалған жоқ қоныс қонбай ақылыңа,

Қазақтың хан, қырғыздың

манабынан».

Арнау өлең әрі қарай Бөкейхановтың негізіне тартып туған ұл екенін сипат­таумен жалғасады.

«Анау бір Орынборда екі жігіт,

Сенен соң жұрт солардан

қылады үміт.

Қазақтың шаңырағын көтергелі,

Болып жүр ойларында тамам ұлт», – деу арқылы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың да тұлғалық бейнесін ашады. Қалай десек те, біз Көкбай ақынның жырларын оқып отырып, оның арнау өлеңге тым шебер, ұста екенін білдік. Бұған оның «Оразбайға», «Көкшеге», «Ақоязға», «Базаралыға», «Сараң байға» деп кете беретін арнау жырлары дәлел.

Ал Көкбай Жанатайұлында «Сабалақ» атты 33 беттік көлемді поэма бар. Өзі айтқандай ақын бұл туындысында өткен-кеткен тарихтан сыр қозғайды. Абылай ханның толық өмірбаяны қамтылған бұл жырдың Көкбай ақынның қаламынан шығуы да тегін емес. Әрине, ол бұл поэ­маны ұстазы Абайдың тапсырмасы бо­йынша жазып шыққан.

«Көп кісі қалмақ шауып қарсыласты,

Екі қол ұран салып араласты.

Өңгеріп құтылмастай болғаннан соң,

Ұстап ап айдарынан кесті басты.

Беліне байлап алды айдарынан,

Тастамай аты менен сайманынан.

Бұрынғы Сабалақ деп ойлар емес,

Қараса жан шошитын айбарынан».

«Сабалақтың» – Абылайдың ұрыс­тағы келбеті, міне, осылай сипатталады. Оқыған адамға аталған поэма хан Абы­лайдың ғұмыры ғана емес, бір ұлттың сол замандағы өмірін көз алдыңызға әкеледі. Бір сөзбен айтқанда, Көкбай ақын қалай жазса да, жүрекке жеткізіп, өлместей етіп жазған ақын. Өйткені, оның санасына, жан дүниесіне, тіпті қаламына хакім Абайдың сәулесі түскені шындық.