
Облыстық әкімдікте өткен арнайы жиында жергілікті полиция департаментінің басшысы Ерлан Файзуллин өткен жеті айдың қорытындысы бойынша тас жолдың бойындағы қайғылы оқиғалар санының арта түскенін мәлімдеді.
– Жеті айдың қорытындысына сәйкес облыс бойынша жол-көлік оқиғалары 8,2%-ға, қаза болғандар саны 57%-ға, жарақат алғандардың қатары 16,7%-ға өсті, – деп хабарлады Е.Файзуллин.
Полиция басшысы келтірген деректерге сай, апаттарға көбіне жеңіл көлікті тізгіндегендер кінәлі болады екен. Мұндай жағдайдың 176 дерегі тіркеліпті. Ал 11 жағдай автобус жүргізушілерінің жауапсыздығынан болған. Тек үш оқиғада жүк көліктерін басқарғандар жазықты болып танылған.
Өкініштісі сол, жол-көлік оқиғаларында кәмелетке жасы толмағандардың саны артып кеткен. Бұл орайда полиция басшысы балалардың қатысы бар апаттардың 29-дан 43 пайызға дейін өсе түскенін мәлім еткен деректі келтірді.
Өте үлкен транзиттік өңірге жататын Қарағанды облысындағы автомобиль жолдарының ұзындығы тоғыз мың шақырымнан асады. Тек, республикалық маңызы бар жолдардың өзінде 54 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 42 адам қаза тапқан, ал 86 адам зардап шегіпті. Статистикаға сенсек, жол бойындағы бақытсыз оқиғалардың басым бөлігі Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Сарышаған күре жолдарына тиесілі болып шығады.
Облыстың бас полицейі жол апаттарының негізгі себептерін де жіпке тізіп атады. Мәселен, бақытсыз жағдайлардың дені жол қозғалысы ережелерінің сақталмауынан, жүргізушілердің көлік тәртібі мен өзара сыйластыққа мән бермеуінен туындайды екен. Жалпақ тілмен айтқанда, темір тұлпарларды тізгіндеген кейбір тұрғындар ереже мен тәртіпке түкіріп қойып, күре жолдың үстінде құйын-перен зымырайды да, өзінің ғана емес өзгенің де өмірін қауіп-қатерге байлап беріп жүр.
Бұдан бөлек, жол апатының жиілеуіне бағусыз жүрген мал да қомақты «үлес» қосып жүр. Жол бойын торлы қоршаулармен, арнайы белгілермен және жануарларды шағылысатын элементтермен қамтамасыз ету жағы әлі күнге дейін ақсап жатыр. Яғни қараусыз қалған мал жол үстіне шығып кетіп, көп жағдайда жануарлардың көліктермен соқтығысқан оқыс оқиғалары жиілеп тұр.
Сонымен қатар Ерлан Файзуллин елді мекендердегі апаттың басым бөлігі жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатынын атап өтіп, жауапсыздық пен немқұрайдылықтың салдарынан бейбіт уақытта адамдардан айырылып жатқан жағдайға қатты қынжылыс білдірді.
Әлбетте, тәртіп сақшылары жол апаты көбейіп, айдың-күннің аманында адамдар қаза тауып жатқанда қол қусырып қарап отырған жоқ. Мәселен, Қарағанды мен Теміртауда жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында автобус аялдамаларына кіретін жерлерді бағдаршамдармен реттелетін қиылыстарға көшіру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Сонымен бірге жол қауіпсіздігін сақтау жолында басқа да пәрменді шаралар қабылдануда. Мысалы, апаттар жиі болатын қауіпті учаскелерде қосымша 10 автопатруль қойылды. Және күн сайын жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру жағы да ширатыла түскен.
Бүгінде «Қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 110 аппаратты-бағдарламалық кешен орнатылып, олардың көмегімен 89 850 ұйғарым тіркелген. Сондай-ақ 11 мобильді аппаратты-бағдарламалық кешен де тиімді жұмыс істеп тұр. Яғни олар бүгінге дейін 17 879 бұзушылықты анықтаған.
Өкінішке қарай, облыста жолдарды жөндеу және жасанды жарықтандыру мәселелері әлі де толығымен шешімін таппаған. Көлік құралдарының техникалық жағдайы да сын көтермейді. Осы орайда облыс басшысы көліктік бақылау инспекциясының жұмысын сынға алып, жіберілген кемшіліктерді дереу жоюды тапсырды.
Сонымен қатар облыс әкімі Жеңіс Қасымбек полиция департаментіне, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына 2022-2023 жылдарға арналған жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуына талдау жасауды және оның орындалуы туралы баяндауды жүктеді.
Иә, күңіреніске толып кеткен күре жолдың бойындағы жағдайды түзеу үшін қатаң шаралар қабылдамасқа болмайын деп тұр. Ереже-тәртіп дегендерді елең қылмай, елдің өміріне қауіп төндіріп жүрген пенделерді жөнге салу үшін бұл іске прокуратура органдарының да белсене араласқаны жөн болар еді.
Қарағанды облысы