Өнер • 23 Тамыз, 2022

Оның ұстазы – табиғат

823 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ол сурет салуды бесінші сынып­тан бастаған екен. Әрине, талантқа талас жүрмейтіні шындық. Алға­шында балаң қиялмен әртүрлі дүниелерді ақ қағазға шимайлай бастаған оның өнерге деген аңсары мен ынтасы барған сайын айқындала бастайды. Оның аты – Хамит Файзуллин. Тіпті ол өзінен үлкен сыныпта оқитындармен жа­рысып сурет салып, олармен бәсе­кеге түседі. Өнерге шын пейілімен берілген адамда ғана мұндай риясыз ой, қабілет болатыны сөзсіз.

Оның ұстазы – табиғат

Оның қолында үнемі ақ парақты блокнот пен қарындаш жүретін. Бірде оған сынып жетекшісі Роза Мұхаммедқызы «суретті көшіріп сала берме, өз бетіңше еркін суреттер сал» деген ақыл-кеңес айтады. Со­дан соң еркін ойлауға, табиғатты аралап, оның сыры мен сиқырын ақ қағаз бетіне, майлы бояумен салуға талпыныс жасайды. Осындай ізденіс пен құштарлық оның есімін елге танытты. Кешегі бала суретші бүгін елінің сурет өнері саласына еңбек сіңірген қайраткерге айналды.

«Алдыма қойған басты арман , мақ­сатым – Әбілхан Қастеев сияқты суретші болу еді. Ол кісінің салған пейзаж­дық суреті менің нағашы апайымның үйін­де ілулі тұра­тын». Әне, сол ілулі тұрған Қастеевтің сал­ған суреті оның бала арманын ұштап, қияң­дарға, тіпті өнер көкжиегіне самғатты. Әбіл­хандай ар­дақты суретшіні өзіне ұстаз сана­ған Хамит Файзуллиннің қылқаламы да нашар туындылар салған емес.

Мамыр айының орта шенінде оның отбасы Жоңғар алатауының ете­гіндегі Бұрхан, Манжу, Жирен айғыр, Текше сияқты жай­лау­ларының біріне қо­ныс­танатын. Осы кезде ауыл әйелдерінің жұмыстан тыс кез­дегі үй тіршілігіне байланысты қосымша тағы бір әбігерлігі басталатын. Ол киіз басу жұ­мысы еді. Апалары киіз басқанда айнал­соқтап қасынан шықпайтын бала сурет­ші қазақ өміріндегі кей құбылыстарға, тұрмыстық заттардағы бояуларға қызығып, оны үлкендерден сұрап, жөнін білуден жа­лықпайтын. Киіз басуға арналған түрлі-түсті жүн үйінділері қызыл, жасыл, күл­гін, көк түстермен қатар жасыл, сары, алқызыл түстерге боялатын. Сол көз тартар бояуларды көргенде оның көзі жайнап, қуанғаннан қол шапалақтап, тіпті есі шыға айқайлайтын. Сосын өз жұмысымен әбігер болып жүрген апасынан: «Апа, мына жүндерді қайдан алдың, мына бояулар қойдың үстінде неге жоқ?» деген сұрақ қоятын. Апасы бояудың қаладан келетінін, ақ жүндерді онымен бояйтынын айтып, түсіндіретін.

Есейе келе ол суретші болып қалып­тас­қан кезде осы түстердің қанықтығы мен таза­лығы оның палитрасынан ойып орын алды. Бояулар тазалығы өнердегі өмірлік ұстанымы болды.

Суретші Хамит Файзуллин бояу түс­те­рімен қатар оның мән-мағынасын терең түсінуге тырысты. Қандай түсті қай кезде пай­далану керектігін анық білетін қыл­қалам шеберіне айналды. Әрбір түс белгілі бір мағынаға ие екенін де ол өзінің салған туындыларымен дәлел­деп бере алды. Со­сын ол бояулар сыры деген ұғымның аясында «Қызылқия. Ұрпақ жалғасы», «Шапқын­шылық», «Өмір тынысы», «Жарық пен қа­раңғы», «Итшілеген өмір», «Дүние жалған» деп аталатын бірнеше картина жазды.

Оның ұстазы – табиғат. Сол үшін де ол көптеген картинасын табиғат­тан алды, жұртқа ұсынды. Соңғы кезде ол түбегейлі пейзаж жанрында қылқала­мын сілтеп жүр. Нәтижесі жаман емес. 2021 жылы Ук­раина мемлекетінде өткен Әлемнің үздік пей­зажист суретшілерінің халықаралық көр­месінде лауреат атанып, Диплом мен алтын Сертификат және естелік медальға ие болды. Зерттеп көрсек, суретшілер үшін мұндай сыйлық 5 жылда бір рет қана беріледі екен.

Сөз арасында оған «Суреттері­ңіз­ді сатасыз ба? Кімдер алады?» деген сұрақ қойдық. Ол: «Суреттері са­тыл­ма­ған суретші бейшара дейді екен. Постим­прессионист суретші Ван Гогтың тірісінде бір ғана суреті сатылған екен. Ал қазір ол суретшінің жұмыстары жүздеген миллион доллар тұрады. Бұл қатарға тағы он шақты суретшіні қосуға болады. Аш-жалаңаш жүрсе де, өнерін тастамағандар. Мен де сал­ған суреттерімді сатамын. Біреулері неге арзан сатасың десе, екінші біреуі тым қымбат дейді. Кей­біреулері ой нең кетті, бір жұмысыңды бере сал­майсың ба, былай-былай сүйкей сала­сың ғой дейді шіркіндер. Оның артын­да қанша еңбек, қанша жол жүру, мате­риалдық шығындар тұрғанында біздің бауырлардың шаруасы жоқ. Туған күндерде, үйлену тойларында сыйлап та жүрмін. Картина­ларымды көбінесе өркениеті, мәдениеті дамыған мемлекеттердің азаматтары, кол­лек­ционерлері алады», деді. Шынында, бұл ең­бекті сату емес, еңбекті бағалау бол­мақ. Еуро­пада кез келген үйде жоқ дегенде 6-7 картина ілулі тұрады. Олар сол картиналардан рухани ләззат алады. Эстетикалық, талғампаздық мәдениетін көтереді.

Хамит Файзуллиннің керемет бір туындысы Желтоқсан оқиғасына арнал­ған. Бұл суретте жан, ұлттың ділі, дала мінезі, тіпті мейірім менмұндалап тұр. Қайта-қай­та қарай беруден көз жалы­ғар емес. 2006 жылы Желтоқсан оқиға­сы­на 20 жыл толу қарсаңында, қаза бол­ған боздақтарға бір картина арнау оның ­ойында болды. Сол себепті ол Желтоқ­сан алаңын айналып, рух алаңын оймен кезді. Осы картинасын қалай салғаны туралы ол: «1986 жылы біз ауылда едік. Кө­зіме бірден «ақ үй» түсті. Сол кездегі «Ком­пар­тия­­ның орталық комитеті» орналасқан ғи­ма­­рат. Яғни жебе осы үйден атылды. Бар­лық бұй­рық осы үйден шығып жатты емес пе? Бей­күнә жастардың қызыл қаны тө­гілген ақ қар үстіне жастық пен махаб­бат­тың символы бол­ған раушан гүлдері келді көз алдыма. Ақбоз аты­нан түсіп, ұрпақтарының батырлығы­на ­тағ­зым етіп, кең даланың гүлдерін алаңға қойып жатқан Сақ жауынгерінің бейнесі көз алдыма көлденеңдеді», деп өткен шақты еске алды.

Алаңда тұрған Тәуелсіздік монумен­ті оған әсер берген болуы керек. Міне, аталған кар­тинаның туу себебі осылай еді. Сіз су­ретті бажайлап қарасаңыз, бәрі айқын көрі­ніп тұр. Ұлт тағдыры, рух айнасы, тіпті өт­кен күннің елесі де сонда жасырынған сияқты.

Ол – аңшылық тақырыбында картиналар жазуды ұнататын суретшінің бірі. «Аң­шы таңы», «Қансонардан қайт­қанда», «Қабы­ландармен аң аулау» сияқты картиналар оның қоржынын толтырды. Қазақ саятшылары бұрын аңға шыққанда тазы иттердің орнына қабыландарды ертіп аң аулағанын қылқамның құдіретімен жас ұрпаққа түсіндірді. Майталман қылқалам иегері Хамит Файзуллин туралы жазылып та жатыр, әлі талай жазылар. Бірақ біз оның өз туындыларында қазақы өмір мен алуан түрлі бояуды сәтімен сәйкестіріп, терең үндестіргенін айтқымыз келді. Тағы да айтарымыз, оның ұстазы – табиғат.