Қоғам • 23 Тамыз, 2022

Стратегия – нақты нәтижеге жетудің жолы

271 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһандық нарықта қалыптасқан ахуал Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Қым­бат­шылық пен инфляция бізде де шарықтап кетті. Үкімет пен сала­лық министрліктер экономикадағы кем­ші­ліктер мен жіберілген қателіктердің себептеріне тереңірек үңіліп, оларды шешуде бейқамсыздық көрсетуде.

Бұлар әкімдермен бірлесе әрекет етіп, жер-жердің өзіндік ерекшеліктерін мұқият ескере келе шешім қабылдап, сол өңір тұрғындарының қажеттіліктері мен ұзақмерзімдік мүддесінен шығатын іспен айналысудың орнына адами өлшемі шамалы макроэкономикалық көрсеткіштерге жүгінуде. Сондықтан бірінші кезекте ауқымды жұмыстарды бастамай тұрып, оны іске асырудың жолдары нақтылануы керек. Қазір қай министр осы тұрғыда халыққа түсінікті, «дауды төрт бұрышты, қамшыны екі ұшты» етпей, ешбір сұрақ тудырмайтын жоғары сапалы бағдарламасымен және ісімен мақтана алады? Жоқ, әлде біз осы күнге дейін ескі екпіннің шырмауында жүрміз бе?

Білмеймін, әйтеуір қашан көрсең де мемлекеттік бағдарлама және ұлттық жобалар арқылы табыс көздерін көтеріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға күш салып жатқан министр­лер мен әкімдер. Бірақ қымбатшылық пен ақшаның құнсыздануынан бас көтере алмай жүрген азаматтар ондай «қияли» болжамдарға енді сене қоймас. Үкіметтің бағаның өсуі мен инфляциялық үдерістердің өршуін бәсеңдетуге бағытталған шараларды іске асыруға тырысып жатқаны түсінікті. Алайда ол инфляцияны төмендетуге қатысты жұмыстың бір бағыты ретінде апта сайын Премьер-министрдің төрағалығымен өтетін кеңестерде қажетті тауарды бөлу жүйесін қалыптастыруға қатысты неғұрлым жүйелі мәселелерді, сол сияқты импортты алмастыратын жобаларды жүзеге асыру сияқты сұрақтарды талқылаумен шектеліп отыр. Есептерде сөздерді ойнақшыту арқылы халықты қанағаттандырып, оларды «жұбату» мүмкін емес. Өйткені тұрғындар орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар тарапынан халық сенетіндей, нақты нәтижеге әкелетіндей және жағдайды тұрақ­тан­дыратындай әрекеттер көрінбейді. Осыдан барып жағымсыз көңіл күй бірте-бірте азаматтардың бойын билеп, тиісінше, қоғамда сыни көзқарас көбеюде және проблемалар жинақталуда.

Сондықтан Үкіметтің инфляцияның бақы­лау­сыз өсуін еңсере алмай отырғаны көпті аңғартады және Үкімет пен Ұлттық банктің әлемде қалыптасып отырған үрдіске сілтеме жасап, туындаған мәселелерді шешудегі дәрменсіздігін білдіреді. Мұндай сылтау ұлттық экономиканың осал жерлерін көрсетіп, миллиардтаған бюджеттік қаржының құмға судай сіңуіне әкелуде. Моно және шағын қалаларды дамыту жөніндегі мемлекеттік жос­парларды іске асырудағы есеп берушіліктің жетіспеуі мен статистикалық ақпаратқа ха­лық­тың қолжетімділігі мен ашықтығының тө­мендігі осының дәлелі. Бұл қалалардағы су құбыры және кәріз желілерінің тозуы орта есеппен 61%-ды құрап, ал кейбір қалаларда ол 90%-ға жетіп жатса, есеп-қисап қайдан түзу болсын. Ал егер осының барлығы керісінше болып, тозғандарының 60 және 90 пайызы жаңартылған болса, онда моноқалаларды құтқару стратегиясы, оларды дамытудағы нақты ұстаным мен ортақ пікірдің жоқтығы сыналмас еді ғой. Экономиканың басқа да салаларына қаншама қаржы жұмсалуда. Өз кезегінде осы құйылған ақшаға сәйкес келетіндей жұмыс орындары ашылып жатыр ма? Әрине, жоқ. Өйткені, өкінішке қарай, олардың басым көпшілігі уақытша немесе мерзімдік сипат алуда. Министрліктер мен әкімдіктердің жұмыстары мен есептерінде нақтылықтан гөрі жалпы сөз тіркестерінің көп кездесетіні жасырын емес. Бұл «ақылдысымақ» сөздердің артында орын алып отырған қауіп-қатерлерге нақты жауап бере алмай отырғандық жатыр. Тіптен, тұрғындарды әлеуметтік дағдарыс­тар­дан құтқаруға бағытталған кейбір жобаларда жобалық-сметалық құжаттаманың болмауына жол болсын. Сондықтан бюджеттен бөлінген қыруар қаражаттың ұзақ мерзімді қайтарымына көңіл бөліп, оған бастарын ауыртатындар да шамалы. Осыдан барып, сәйкесінше, Үкімет жұмысының тиімсіздігі көзге ұрып тұр.

Олай болса, бүгінде күйіп тұрған мәсе­ле­лерді шешу үшін нақты секторды дамыту керек. Ол үшін экономика нарық заңына бағынуға тиіс, өндірісті дамытып, бизнесті жандандыру қажет. Еліміздің энергетикалық шикізаттарын сатудан түсетін кіріс қаржы экономиканы көтеру мен оны әртараптандыруға жұм­салып, жұмыс орындары ашылып, сол арқылы өндірістік шығындарды жабудың маңызы зор. Билік пен бизнестің аражігінің айқындалып, банктердің капиталы өсіп, олар ұзақ мерзімге арзан пайызбен несие бере алатындай болулары шарт. Сонда ғана ұлттық инвесторлар нарық сахнасына шығып бизнесті дамытады. Ал ол – мемлекеттің өркендеуінің кепілі.