Саясат • 23 Тамыз, 2022

Орталық Азия елдерінің интеграциясы қандай?

1175 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Экономика және саясат инс­титуты өткізген «Жаңа дәуір­дегі Орталық Азия елдерінің интеграциясының перспективалары» атты дөңгелек үстелде Орталық Азия ел­дері басшыларының IV Кон­суль­тативтік кездесуінің қоры­тындылары талқыланды.

Орталық Азия елдерінің интеграциясы қандай?

Жиында әлемдегі геосаяси жағдай­дың ушығуына байланысты Орталық Азия мемлекеттері экономикалық тұрғыда өзара ықпалдасуды арттыруға тиіс деген пікірлер айтылды. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс, Беларусь елінің бұл процеске жанама негізде кірігуі Ресей арқылы өтетін транзиттік жолдарды күрделендіріп жіберді. Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жолдар да саяси тетіктерге айналып кете жаздады. Мұның барлығын Орталық Азия мемлекеттері көріп-біліп отыр. Енді Ресей аумағы арқылы өтетін транзит­тік жолдарды басқа аймақтармен алмастыруға тек Қазақстан емес, Орталық Азия елдері де мүдделі. Бұл шешімге әлемдік өзгерістер мен басқа елдердің аймақтық және жаһандық блоктарға қосылуы әсер еткені даусыз.

Жиынды ашқан институт директоры Ержан Салтыбаев аймақтағы елдер сан алуан сын қатерге тап болып отырғанын атап өтті. «Жаһандық қауіпсіздік дағдарысының әсерін алдымен аймақ елдері қаттырақ сезеді. Ендігі бағыт – «Сын-қатерлерге қалай жауап береміз?» деген сұраққа жауап іздеу. Себебі бұл бәріміз үшін маңызды», деді ол.

«Бізге бірінші кезекте интеграция­лық жобаларды бірге пайдалану маңызды: 75 млн халқы бар Орта­лық Азия мемлекеттері өздерінің мүмкіндіктерін, әлеуетін толығымен пайдаланып отырған жоқ. Бізге дәл қазір мүмкіндігімізді пайдаланып, тығырықтан шығудан өзге жол жоқ. Түркі елдерінің одағы немесе Тұран идеясы әзірге меморандумдар деңгейінде. Орталық Азия елдері бір-бірімен байланысын стратегиялық келісімшарттар шеңберінде заңдас­тырған, ынтымақтастықты алға жыл­жытуға бізде заңдық-эконо­мика­лық тұрғыда барлық мүмкіндік бар. Енді соларды алға жылжыту керек», деп атап өтті Е. Салтыбаев.

Жиында сөз алған Қазақ-Герман университетінің профессоры Рустам Бурнашев сын-қатерлерге «нақты» жауап беру принципін ұсынды. Оның айтуынша, қажет болған жағдайда бүкіл аймақ болып жұмылу керек. Сарапшы Орталық Азиядағы ынты­мақтастық талпыныстары осыған дейін де талай рет байқалғанын атап өтті. «Инвестициялық серіктестік шынымен жүзеге аса бастаса, ол қай елдерде және қандай бағытта жүруі мүмкін деген сұрақтарға жауап іздеу маңызды. Қазақстан мен Өзбекстан – экономикасы бойынша Орталық Азиядағы ең ірі екі мемлекет. Аймақтағы өзге елдер осы екі елдің саясатына қарап бет түзейді. Осыған дейін Түрікменстанның электр энергия­сын Өзбекстан арқылы Қазақстан мен Қырғызстанға жеткізу мәселесі барлық тараптың келісімімен келісілген. Алда да келісуді, бірігіп шешуді тосып тұрған жайттар баршылық», деді ол.

«Теориялық тұрғыдан алғанда ОА елдерінде қордаланып қалған, шешімін күткен мәселе жетеді. Солар­дың ішінде Қазақстаннан Өзбекстан­ға астық тасымалын шешу мәселесін жеке-дара қарастыруға болады. Біз осы күнге дейін Ташкентке тек бидай тасымалдаумен айналысып келдік. Енді бұл бағыт өзгерді, тек бидай емес, ұн экспорттағымыз келеді. Мұндай алыс-беріс барысында орын алуы мүмкін келіспеушіліктерді консорциумдар мен ортақ кәсіпорындар құру арқылы шешуге болады», деген сарапшы интеграциялық жобаларды жүзеге асыру арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ететінімізді де қаперге салып өтті.

Р.Бурнашевтің бұл пікірін Тәжікстан Президенті жанындағы Стра­тегиялық зерттеулер орталығы­ның аймақтық қауіпсіздікті зерттеу бөлімінің басшысы Комрон Хи­доятзода да құптады. Тәжікстандық сарапшы айтып өткендей, көпвекторлы саясат – біздің елдер үшін әлемдік аренада әрекет етудің ең тиімді әрі дәлелденген нұсқасы.

«Орталық Азия елдері үшін ең бас­ты мәселе – аймақтың қауіпсіздігі. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оны біз тек бірлескен күш-жігермен ғана шеше аламыз», деген сарапшы транзиттік бағыттарды әртараптандыру мәселесі күрделі деңгейде қалып отыр­ғанын жеткізді. «Егер бұл мәсе­лелер мемлекетаралық келісімдер деңгейінде шешілмесе, Орталық Азия елдеріне қарсы қай­талама санкцияларды енгізу ықти­малдылығы сейілмейді. Ал бұл эко­номикалық дағдарысқа әкелуі әбден мүмкін. Біз әлемдік державалар арасындағы теке тірестің салдарын бастан кешіріп жатырмыз, олардың арасында біздің басты экономикалық және саяси серіктестеріміз – Ресей мен Қытай да бар. Біздің елдер үшін басты қауіп сыртқы ойыншыларға ықпал ету әрекеттері болып табылады. Тәжікстан мұндай интеграциялық форматты мәселелерді шешу құралы ретінде консультативтік кездесу өткізуді қарастырып жатыр» деп атап өтті К.Хидоятзода.

Өзгермелі әлемде Орталық Азия елдері қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қою керегін бұған дейін де айтылып келеді. Ал сол «өзгермелі әлемде Орталық Азияның рөлі және ықпал ету мүмкіндігі қандай?» деген мәселе сарапшылар үшін жеке-дара талқылауды қажет ететін салмақты тақырып.

Жиынға сарапшы ретінде шақы­рыл­ған Financial Freedom қоғам­дық қорының директоры Расул Рыс­мамбетов ОА елдеріне ортақ қаржы институты керегін қаперге салды. Сарапшы айтып өткендей, интеграция деген түсінік мемлекет басшылары арасында «кім бірінші немесе кім аға мемлекет» деген мәселені туындатады. «Ендігі жерде аймақ елдері арасында бір-бірін бәсеке көретін ұғым емес, бір-бірімен тең дәрежедегі елдер деген түсінік басым болуы керек. Қазақ­стан­дық кәсіпкерлер Өзбекстан мен Ауғанстан шекарасында сауда орта­лы­ғын құруға, инвестиция салуға дайын. Тіпті Тәжікстан мен Қырғызстан ара­сындағы қақтығыс аймағының әлеуеті аймақ дамуының алғышартына ай­нала алады. Аймақты дамытуға қар­жы көзі жеткілікті» деп атап өтті сарапшы.

Орталық Азия үшін шикізатқа байланған экономиканы әртараптан­дыру – ортақ проблема екені айтылып та, жазылып та жүр. Бұл мәселеде 5 мемлекет бірлесе жұмыс істегенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл мәселе қазіргі таңда мемлекеттік деңгейде ашық айтыла бастады.

БҰҰ мәліметтерінде Орталық Азия елдері Ұлы Жібек жолын жандандыратын болса, алдағы 10 жылда ішкі жалпы өнімін 2 есеге ұлғаятын көрінеді. Бұл фактор шикізатқа тәуелді аймақ елдерінің экономикасына үлкен көмек болары анық. Демек осыған дейінгі айтылған мәселелердің бәрін ОА елдерінің ортақ нарығын қалыптастыруға жасалған қадам деп бағалауға болады.

 

АЛМАТЫ