Мәселен, қаламгердің «Сэм және Сэмиха» деген әңгімесін алайық. Мұнда қазіргі қоғамдағы келеңсіз бір көріністі арқау етеді. Басты кейіпкердің есімі – Сапаргүл. Ауылда әке-шешесінен тағылымды тәрбиесімен өскен бойжеткен кейін қалаға келіп, жоғары білім алады. Тәп-тәуір қызметке орналасып, ел қатарлы жұмыс істейді. Бір бөлмелі қонысқа қол жеткізеді. Былайша, көңілі тоқ, уайымы жоқ деп айтуға болады. Сөйтсек, Сапаргүлдің де нәзік жүрегінің түкпірінде жұрттан жасырып, өз-өзін іштей жеп жүрген арман-мұңы бар. Анасы үнемі қызына: «Жалғыздық бір Аллаға жарасқан» деп жиі айтады екен. Ал ол болса: «Айтса ше? Бұл дүниеде не оңай, айта салу оңай. Ал мықты екенсің, сол өзің айтқаныңды орындап көрші! Ә, қалай екен! Ендеше, әуелі айтпай тұрып, ойланып алған мақұл!» Бұл – өзінің ойы». Сөйтіп жүргенде, қалада туған, ауқатты отбасыдан шыққан, бүгінгі күннің талғамымен сәнді киінген жігітпен танысып, аз уақыт ішінде тұрмыс құрады. Жігіттің аты – Сатымсай. Бірақ ол есімі оған ұнамайды. Тым қазақы, ескі есім деп санайды. Әкесі оған: «Бір кездері сондай батыр бабамыз болған, сол кісідей жүректі, елге сыйлы болсын деген ниетпен атағанбыз» дейді. Бірақ оның қадірін білетін бала жоқ. Солай жаңа шаңырақ көтерген отау иелері өздерін заман талабына сай есімдерін «Сэм және Сэмиха» деп өзгертеді. Сырт қарағанда, Сэм де жаны нәзік сыпайы жігіт. Көпшілік оны мәдениетті деп қабылдайды. Сапаргүл – Сэмиха болса, өмірлік жолдасына лайық болу үшін бұрынғы қазақы әдеттерін қойып, жаңаша болуға тырысады. Өзін барынша еркін ұстап, тілін де бұрап сөйлеп, қазақша-орысша араластырып айтуға машықтанады.Онысы жұбайына ұнайды. Сэм де оған жиі ақыл айтып, өз айтқанымен жүргізе бастайды. Бірде олар жақын сыйласып жүрген достарымен қала сыртындағы саяжайға демалуға барады. Еліріп, лепіріп тұрған жастар ащы судан да тартынбайды. Қызық енді басталады. Енді масайып алған олар арсыз қылықтарға көшеді. Тіпті қыза-қыза келе, олар бір-бірінен әйелдерін уақытша алмастыруды айтады. Сондай кезде Сапаргүл – Сэмиханың төбе шашы тік тұрып, құйқасы шымырлап қоя береді. «Бұл не? Еркіндік, ерік деген осындай бола ма екен?! Қыздар сендерге не жоқ. Ар, ұят, намыс деген қайда? Намысы үшін жанын да қия білген қазақтың қыздары емессіңдер ме?...» деп құрбыларын жөнге шақырады. Оны елеп жатқан ешкім болмайды. Қайта, Сэм әйелінің достарының алдында ұятқа қалдырғанын айтып, оған жұдырығын түйіп, тістерін қышырлатады. Ақыры Сапаргүл улаған-шулаған ортадан қашады. Осы оқиғадан кейін жас жұбайлар ажырасады. Автор Сэмиханың ойы арқылы. «Бұл қай заман?! Мен қай кезде, қай уақытта өмір сүріп жатырмын? Кімдермен, қандай жастармен замандас болып отырмын. Менікі қай мораль?... Марқұм анам айта беретін «Арың – асыл қазынаң» деген қағида әлдеқашан әдіре қалғаны ма?! Біз жастар-ау, кімге, қайда еліктеп барамыз?!» деп шығарманың түйінін тұжырымдайды. Расында, туындыдан қаламгердің ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың дәстүрінен, иманды, адами қасиетінен алыстап бара жатқан жас ұрпақтың болмысын жан шырылымен жеткізгенін терең түсінесіз..
Жазушының «Сәби қайнаға» деген шағын әңгімесінде де алып-жұлып бара жатқан оқиға жоқ. Жайма-шуақ көңілге толы сезіміңізді дір еткізер оймақтай ғана туынды. Басталуынан әңгіменің не туралы екенін ұға қоясыз. «Қаһарман шалды ауылдың бар келіні «герой қайнаға» деп атаушы еді. Жалғыз ғана Нұрсұлу елден ерек «сәби қайнаға» деп әп-әдемі атты тауып алыпты» деп баяндайды автор. Нұрсұлу – ауылдағы жалғызбасты келіншек. Күйеуі соғыстан оралмағаннан кейін қайтып ерге шықпаған. Әлдилеп, қолғанат болатын баласы да жоқ. Қылықты келіншекті ауылдың бәрі ерке келін атайды. Обалы нешік, әдемі, көрікті әйелді қайрақшы Қаһарман қария да іштей ұнатып, «жанарымен жеп қоя жаздап» жүреді. Бірде ақсақал сылқым замандасының қайшысын қайрап береді. Бірақ қайрап берген қайшысы өтпей, сұлу келіншек ақсақалға қайтып әкеп береді. Осы жердегі үзіндіге, үзіндідегі ойға зер салыңыз: «Шал тұңғыш рет өзі қайраған заттың кері қайтқанын көріп тұр. «Қайратым тайды ма, кәрілік жеңді ме мені... Заман шіркін, дәурен шіркін, төбемнен қош деп ұшқаны шығар бұл. Бар өмір, қысқа ғана жалғыз жалған...осымен аяқталуға тақағаны ма, уай, дүние-ай!... Істеген ісіңнен ши шыға бастаса, бітпегенде несі қалды оның? АҺ-Һ!» деп үзілдіріп баяндайды автор. Қысқасы, бұл әңгімеден «Адам қартайса да, көңіл шіркін қартаймайды» деген емеурінді іштей ұғасыз.