Үкімет • 29 Тамыз, 2022

Экономикадағы өсім және инфляцияны төмендету

228 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру жөніндегі заң жобалары қаралды.

Экономикадағы өсім және инфляцияны төмендету

Тақырып бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрі Әлі­бек Қуантыров және Ұлттық банк төр­ағасының орынбасары Ақыл­жан Баймағамбетов баяндама жа­сады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректер, Халықаралық қаржы ұйым­дарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулері ескеріле отырып қалыптастырылғанын айтып өтті. Осы бойынша бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде пайдаланылатын базалық сценарийде мұнайдың орташа бағасын барреліне 85 доллар деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ды құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4%. Бұл ретте экспорттың және экономиканың барлық негізгі салаларының өсуі күтілуде.

Экономиканы дамытудың үш сценарийі әзірленді

Халықаралық қаржы ұйым­дары­ның консенсус-болжамына сәй­кес 2022 жылы мұнайдың әлем­дік бағасы барреліне 104,2 доллар дең­гейінде күтілуде. 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3%-ды құрайды.

Сыртқы және ішкі пара­метрлердің өзгеруіне байланыс­ты Қазақстан экономикасын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған үш сценарийі (базалық, оптимистік және пессимистік) әзірленді. «Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 85 доллар деңгейінде және доллардың есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бо­йынша ішкі жалпы өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ды құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4%. Оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы барреліне 110 доллар болады (АҚШ долларының бағамы – 440 теңге деңгейінде анықталды). Экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2 % деңгейінде болжануда. Пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне 60 доллар болып,  ІЖӨ-нің болжамды нақты өсуі орта есеппен 3,5%-ды құрайды», деп түсіндірді Ұлттық экономика министрі.

Инфляция барлық сценарийде 2023 жылы 7,5-9,5% дең­гейінде, 2024 жылы – 4-5% дең­гей­інде, кейіннен 2025-2027 жылдары 3-4%-ға дейін төмендейді деп бел­гіленді.

Министрдің айтуынша, бюджет­тік жоспарлау үшін негіз ретінде базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. Осы сценарийге сәйкес ІЖӨ-нің нақты өсуі 2023 жылғы 4%-дан 2027 жылы 4,2%-ға дейін жеделдейді. Но­миналды ІЖӨ 120,7 трлн теңгеден 177 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық базалық салаларында оң өсу күтілуде.

Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 3,1%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 3,5%-ды, тау-кен өндіру өнер­кәсібінде – 2,9%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің орташа жылдық өсуі – 3,9%. Құрылыс саласының болжамды өсуі орта есеппен 3,8%-ды, сауда – 5,7% болады. «Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 100 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 81 млрд доллардан 84,6 млрд долларға дейін, импорт 45,7 млрд доллардан 53,5 млрд долларға дейін өседі», деді Ұлттық экономика министрі.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жыл­дарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленді. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджет қағидаларына сәйкес мұнайдың кесімді бағасын ескере отырып айқындалды. Осылайша, заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2023 жылы барреліне 48,9 доллар, 2024-2025 жылдары барреліне 42,2-40,3 доллар деңгейінде бел­гі­ленді. Осыны ескере отырып, рес­публикалық бюджетке кепілден­дірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, 2024 жылы 2 трлн теңге, 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде белгіленді.

Жалпы сипаттағы транс­ферттердің көлемі өңірлердің қар­жылық дербестігін кеңейту және әлеуметтік игіліктер мен мем­лекеттік көрсетілетін қызмет­тердің қолжетімді болуын теңес­тіру, сондай-ақ орталық пен өңірлер арасындағы трансферттер көлемін біртіндеп қысқарту жөніндегі жаңа тәсілдер ескеріліп есептелді. Осыны ескере отырып, үш донор өңір – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау облысы айқындалды, олар бойынша бюджеттік алып қоюлар мынадай көлемде айқындалды: 2023 жылы – 487 млрд теңге, 2024 жылы – 536 млрд теңге, 2025 жылы – 577 млрд теңге.

Ұлттық экономика министр­лігінің басшысы атап өткендей, қал­ған 17 өңір бойынша бюд­жеттік субвенциялар көлемі 2023 жылы – 4,9 трлн теңге, 2024 жылы – 5,2 трлн теңге, 2025 жылы – 5,7 трлн теңгені құрады. Жалпы сипат­тағы трансферттердің көлемі рес­публикалық бюджеттің пара­метрінде ескерілді.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюд­жеттің жобасы туралы» заң жобасы туралы баяндады. Заң жобасы Бюджет кодексіне сәйкес, елі­міздің 2027 жылға дейінгі әлеу­меттік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді.

2023 жылы түсімдер 17,8 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр.

Келесі жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт ағым­дағы жылмен салыстырғанда 1,8 есеге азая отырып, 2,2 трлн теңге мөлшерінде тартылады. «Бюд­жет тапшылығы 2023 жылы жал­пы ішкі өнімнің 2,7%-ынан кезең-кезеңімен 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-ына дейін төмен­деуімен жоспарланған. 2023 жылы шығыстар кірістер мен тап­шылықты ескере отырып, 2022 жылдың жоспарынан 2,2 трлн тең­геге ұлғаяды және 21 трлн теңгені құрайды», деді Е.Жа­маубаев.

Бюджет параметрлері бюджет­тік заңнамамен орнатылған ке­піл­дендірілген трансферт, шы­ғыс­­тардың өсу қарқыны және бюд­­жет тапшылығы бойынша ереже­­лерге сәйкес келеді. «2023 жылы әлеу­меттік салаға 8 трлн теңге көле­мінде қаражат жоспарланды. Шығыстар зейнетақы мен жәрдем­ақы төлеуге, білім беру, денсаулық сақтау салаларын, мәде­ниет және спортты дамытуға, жастарды ынталандыруға бағыт­талатын болады», деді Қаржы министрі.

Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2023 жылға 2,1 трлн теңге көзделді.

Өз кезегінде Ұлттық банк төра­ғасының орынбасары Ақыл­жан Баймағамбетов Ұлттық банк­тің елдің 2023-2027 жылдарға арналған макроэкономикалық даму болжамдарын әзірлеуге қатысқанын айтты. «Біздің бол­жа­мымыз бойынша, инфляция 2023 жылдың соңына қарай ба­залық мөлшерлемеге қатысты қабылданатын шешімдер, контр­циклдық бюджет қағидаларын іске асыруды жоспарлау, сыртқы инфляциялық қысымды рет-ретімен төмендету және осы жылғы жоғары база есеп айырысуларынан шығу аясында қазіргі деңгейден 7,5-9,5%-ға дейін баяу­лайды. Қазіргі уақытта Ұлттық банкте кезекті болжамды раунд өткізіліп жатқанын, оның нәтижесі осы жылғы 5 қыркүйекте жария­ланатынын атап өтемін. Орта мерзімді кезеңде жаңа күтпеген өзгерістер орын алмаса, инфляция 2024 жылдың соңына қарай нысаналы дәлізге жуықтайтын болады», деді А.Баймағамбетов.

2023 жылы төлем балансының әдіснамасы бойынша, тауарлар экспорты Үкімет белгілеген шикі­зат­тың жоғары бағасын сценарийлік түзетуге байланысты 80,9 млрд дол­ларға дейін қалыптасып, 0,9%-ға аздап төмендейді.

Ұлттық банк төрағасы орын­басарының айтуынша, тауар им­порты жоғары деңгейде қалып, 45,7 млрд доллар болады. Ше­телдік өнімге өсіп келе жатқан сұраныс халық пен бизнес­тің қажеттіліктерін өтеу үшін қа­зақ­стандық өндірістің жетіспеу­ші­лігіне, сондай-ақ фискалдық шығыс­тардың үлкен көлеміне байла­нысты болып отыр.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Әлеуметтік міндеттемелер толық орындалады

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр үшжылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін толық және уақ­тылы орындауға, сондай-ақ ағым­дағы жағдайда экономиканы сапалы және орнықты дамытуды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. «2023-2025 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі 4-4,1% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2025 жылға қарай 3-4%-ға төмендейді деп жос­парлануда. Республикалық бюджет кірістері 2023 жылы 3 трлн теңгеге ұлғаяды. Осылайша, рес­пуб­ликалық бюджет кірістерінің жоғары деңгейде өсу қарқынын қамта­масыз етеміз», деді Ә.Смайы­лов.

Үкімет басшысы Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттер едәуір төмендейтінін атап өтті. Олар 2023 жылы 1,4 трлн теңгеге, 2024 жылы тағы 800 млрд және 2025 жы­лы тағы 500 млрд теңгеге азаяды. «Бұл – өте маңызды аспект. Ке­пілдендірілген трансферт Ұлт­тық қорға мұнай секторынан түсетін түсімдердің көлемінен аспай­тын болады. Ал бюджет шығыс­тарының өсуі инфляция меже­сін ескергенде, ұзақ мерзімді эко­номикалық өсудің орташа дең­гейінен аспайды. Жалпы алғанда, бюджет жобасы теңгерімді», деді Премьер-Министр.

Ә.Смайыловтың айтуынша, бюджет әлеуметтік сипатқа ие. Әлеу­меттік салаға 2023 жылы 8 трлн теңге көзделген. Экономи­каның нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамыту, бизнесті қолдау, көлік инфрақұрылымын дамыту және газдандыру басым бағыттар болып табылады. «Біздің міндетіміз – бюджет қаражатын тиімді пайдалану», деді Премьер-Министр.

Ұсынылған заң жобалары үшін дауыс беру процедурасынан кейін Үкімет басшысы Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне Премьер-Министр Кеңсесімен бірге заң жобалары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Қант импортының үлесі 17%-ға дейін қысқаруға тиіс

Үкімет отырысында алдағы жылдары қант саласын дамыту жөнінде мәселе қаралып, Премьер-Министр бірқатар тапсырма берді.

Ауыл шаруашылығы минис­трінің міндетін атқарушы Әбіл­хайыр Тамабек Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес, Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленгенін мәлімдеді. Ол қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайтуды, жаңа суармалы жерлерді іске қосуды, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, тұқым шаруашылығын дамытуды, қант қызылшасын қайта өңдеу бо­йынша зауыттардың қуаттылығын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруды, сон­дай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды көздейді.

Жоспарды іске асыру 2026 жылға қарай қант импортының үлесін 58-ден 17%-ға дейін азай­туға мүмкіндік береді. Аталған сала бойынша Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев пен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.

Талқылауды қорытындылай келе, Ә.Смайылов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен нарықты отандық өнімдермен толық­­тырудың Үкіметтің стратегия­лық міндеті екенін айтып өтті. «Қа­лыптасқан жағдай кейбір тауар­лық позициялар бойынша, әсі­ресе қант нарығында пробле­малардың бар екенін көрсетті. Біз қант тапшылығы мен оның қым­баттауына қатысты халықтың наразылығын көріп отырмыз. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы тара­пынан да әділ сын айтылды. Осы­ған байланысты саланы дамы­ту бойынша кешенді жоспар әзір­ленді», деді Премьер-Министр.

Ә.Смайылов бірінші кезекте қант зауыттарын отандық шикі­затпен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын айтты. Ол үшін егіс алқап­тарын 11,5 мыңнан 38 мың гектарға дейін, яғни 3 есе арттыру жоспарланып отыр. «Бұл алдағы бес жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін жыл сайын 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің айтуынша, қант зауыттарын барынша жаңғыртып, өндірістік қуатын арттыру қажет. «Жалпы, қантпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақталды. Қанттың қажетті қоры бар. Дүрлігуге жол бермеу үшін қант бағасына қатысты түрлі келеңсіздіктің алдын алып, алыпсатарлық әрекеттер мен қажетсіз делдалдарды анықтау қажет», деді Ә.Смайылов.

Сөз соңында Премьер-Ми­нистр Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігіне Сауда және интеграция министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспарды толық көлемде орындауды тапсырды.

Ауыл шаруашылығы министр­лігіне Сауда және интеграция ми­нистрлігімен, «Бәйтерек» хол­дингімен бірлесіп, қант зауыттарын жаңғырту және шикізат сатып алуға айналым қаражатын толық­тыру үшін жеңілдікпен кредит беру мәселесін пысықтау жүктелді.

Ауыл шаруашылығы министр­лігіне Павлодар облысының әкім­дігімен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, өңірде қант қызылшасы өндірісінің көлемін кеңейту шараларын қабылдап, Павлодар облысында жаңа қант зауытын салу мәселесін пысықтау тапсырылды.

Сауда және интеграция ми­нистр­лігіне ішкі нарықты демпинг­тен қорғау үшін қантқа ең төменгі бөлшек сауда бағасын белгілеу мәселесін пысықтау міндеттелді.