Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2022

Әділетті мемлекет құрудағы маңызды қадам

8365 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет мүддесі бәрінен жоғары. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Парламент палаталарының біріккен отырысында жария етілген Қазақстан халқына Жолдауының өзегі осы сөз болды.

Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам – бұл біз үшін қастерлі үштаған. Елдіктің үштағаны. Өсер елдің, өркенін кеңге жаяр жұрттың, қапысыз қоғамдық дамудың, өміршең ұлттық ұстын мен ұстанымдардың белгісі. Бүгінгі Жолдаудың саяси салмағының басымдығы, ауқымының кеңдігі, мәні мен мағынасының тереңдігі де осы қастерлі үштаған – үш ұғымнан анық көрінді. Әділдік қағидаты, біртұтастық идеясы, береке байламы – біздің барымыз да, нарымыз да осы. Бұлар бар жерде – біз бармыз, еңсесі биік, ертеңі жарқын, мұраты нақ, мақсаты анық халық бар. Үмітсіз ұлт, армансыз адам болмайды. Мемлекеттің ұлы үміті де осында.

Берекелі қоғам – бесігінде перзенті уілдеген, қазанында асы, дастарханында наны, қоймасында қоры, қорасында малы бар, татулығын ту еткен, ынтымағы ырысқа ұласқан, бір атаның баласындай мәмілелі де ымыралы жұрттың қоғамы емес пе. Мұндай қоғам ең жауапты кезеңде екіұдай болып жарылып, бөлінуге емес, бірігуге бейім, бір тудың астында тұруға ынталы. Бір мақсат, бір тілекке жұмылуға құлықты. Осындай қоғам ғана біртұтас ұлттың, біртұтас ұлттық мүдденің жолына қызмет етеді. Ал осы екінің бірі болмаса, екіншісі де – тұл. Біртұтас ұлт берекелі қоғам жасайды, берекелі қоғам біртұтас ұлтқа айналады. Біртұтас ұлт қана әділетті мемлекет құра алады. Біріне-бірі байланған, біріне-бірі айналған, бірінсіз бірі жоқ осы үштаған – біздің ұлттық идеямыз.

Президент Жолдауындағы үштаған ұғым және оның жақын жылдар бедерінде жүзеге асуға тиіс бес бағдары: жаңа экономикалық сая­сат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, баршаға тең мүмкіндік, ұлтың табысын тең бөлу, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң үстемдігі – Жаңа Қазақстанды құру үшін жасалған жалпыұлттық референдумнан кейін іске асқан батыл реформалардың сабақты жалғасы деп білеміз. Осы реформалар әлеуметтің әлеуетін арттыруға, азаматтық қоғам мен заң үстемдігі салтанат құратын әділетті Қазақстан құруға нақты қадамдар болды.

Президент Жолдауында көпшіліктің көкейінде көп уақыттан бері жүрген көп мәселені қозғады. Жасырып, жаба тоқымай тарқатып айтты. Халық игілігі үшін игерілме­ген иесі көп иен жердің, сұрауы көп судың, экономикамыздың күретамыры – жолдың жайы сөз болды. Реформалар ел өмірінің бірде бір қажетінен айналып өткен жоқ. Түйткілді мәселелер тасада қалмады. Ұлттық байлықты тең бөлу мен баршаға бірдей мүмкіндік беруден бастап отбасы өмірі, денсаулық сақтау, білім беру, зейнетақы жүйесі мен зейнет жасы, жер қойнауын игеру, агроөнеркәсіп, бәрі-бәрі қамтылды. Жолдаудан кейін әр тақырып талапшыл ортада талқыға түсті. Сонда байқағанымыз, елді қуантқан ең маңызды жаңалық – еңбекақыны нарықтық жағдайға сай өсіру, ұлттық қордан ұрпаққа берілер енші, білім алуға берілетін жеңілдетілген несие және бір жыл ішінде жүз мың жасты жұмысқа орналыстыру болды. Мұның бәрі де ел ішінде көптен айтылып жүрген күрделі мәселелер еді. Ел Президентінің Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының нақты жұмыс істеп тұрғанын халық сезіне бастады. Жолдауда Мемлекет басшысы ел бірлігі мен ұлт тұтастығын баса айтты. Осы құндылық – ұлттың байлығы, қоғамның қазынасы.

Қасіретті қаңтар оқиғасы іштегі бітеу жарадай болмауға тиіс. Халықты қуантқан тағы бір жайт – Мемлекет басшысының қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты бір реттік рақымшылық жариялайтындығы. Кездейсоқ құрбандар мен өз кінәсін түсінген көп жастың болашағын қорғау – мейірлі мемлекеттің қамқорлығы. Дана халқымыз «адасқанның айыбы жоқ, айналып үйірін тапқан соң» дейді. Арандап қалған азаматтарға рақымшылық жасау – парасаттылық белгісі деп түсінеміз.

Әрине, Жолдауда айтылған ең басты мәселе – Президент сайлауы. Алдыңғы Жолдауында Мемлекет басшысы көп артықшылықтан бас тартқан еді. Енді Мемлекет басшысы президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Бұл, біздің пайымдауымызша, демократияның даңғыл жолына жасалған үлкен қадам.

Біз бәріміз – осы мемлекеттің бөлшегіміз. Әділетті кезеңнің жаңа парағы ашылғанда сергектік пен жауапкершілік танытуымыз керек. Өскен ел, өрелі жұрт екенімізді көрсетуге тиіспіз. Өйткені ел мен жердің тағдыры, ұлттың болашағы – өз қолымызда.