Ол түсінікті де. Шөп бағасы қымбаттап, мал бағу қиындап кеткендіктен болар, тышқақ лақты да ешкімге қимайсың. Бұрындары ауылдағы ағайын сүйіншіге, байғазыға бір тоқты атайтын. Қазір құрбан айттың кезінде немесе ет таусылғанда пышақ қайрайтын болғанбыз. Иә, қимайтын да жөні бар. Көзге көрінбейтін ақша ғой. Көптеген ауылдарда жұмыссыз отырған жандардың басты байлығы да, сенері де – төрт түлігі. Өткенде балаларын мектепке дайындау үшін семіз малын тапсырып, киіндірді емес пе?!
Мал санын көбейту бір бөлек, оны бағуды дұрыс ұйымдастыра білу де маңызды. Мұны айтып отырғанымыз, тәртіп сақшылары мал ұрлығының басты себебі қараусыз қалған төрт түлік екенін айтады. «Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл» тақырыбы бойынша өткен брифингте Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Құдияр Нұрсейітов еліміздегі ахуалға тоқталды.
– Мал ұрлығының 70 пайыздан астамының басты себебі бақташысыз мал жаюмен байланысты болып отыр. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша тіркелген 1015 мал ұрлығының (2021 жылы – 1219) 709-ы төрт түлікті қараусыз қалдырғаннан туындаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен жергілікті атқарушы органдарға ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша құзырет берілді. Ережеге сәйкес оларды бақылаусыз жаюға тыйым салынады. Тиісті ережелерді бұзғаны үшін 3-тен 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (17 751) мөлшерде айыппұл салу көзделген.
Мал ұрлығын анықтау және оның жолын кесу мақсатында министрлік ветеринарлық бақылау қызметкерлерінің және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіп тұрады. Мал ұрлығының топтық түрімен күресу үшін өңірлерде тұрақты негізде жедел-іздестіру топтары жұмыс істейді. Олар мал базарлары мен мал сою орындарында рейдтер жүргізеді. Қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстың осы түрін төмендетудің тұрақты үрдісіне қол жеткізілгенін атап өткен жөн. Биыл олардың саны 17 %-ға (1219-дан 1015-ке дейін) төмендеді, ашылуы 60 пайызға дейін жақсарды. Ұрланған 5 мың мал басының 3 мыңға жуығы (2906) немесе 56 пайызы табылып, заңды иелеріне қайтарылды, – дейді Құдияр Нұрсейітов.
Белгілі болғандай, жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 60 қылмыстық топ ұсталған. Ал Павлодар облысында көптеген ірі заң бұзушылықтарға қатысы бар 1 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Былтыр қыркүйек айында аталған облысқа қарасты Екібастұз қаласында 7 адамнан құрылған әккі топ құрықталған-ды. Олар базарда ресми түрде ет сатумен айналысқандықтан әу баста күдік тудырмаған. Кейін жымысқы әрекеттері әшкере болып, қолға түсіп отыр. Белгілі болғандай, қылмыстық топ әр апта сайын жергілікті ірі шаруа қожалықтарынан 1-2 қараны ұрлауды әдетке айналдырған. Олардың 8 қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Ал Ақтоғай ауданында ұсталған қылмыстық топ мал етін көршілес орналасқан Ақмола облысына жөнелтіп отырған. Биыл 22 сәуірде сол Павлодар облысында құрамында 5 адам бар өңіраралық қылмыстық топ құрықталған. Олардың қатысуымен Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының аумағында мал ұрлығының 6 фактісі анықталды. Пысықайлар барлығы 167 бас мал ұрлап, жалпы шығын сомасы 77 млн теңгеден асқан.
Тағы бір мысал. Түркістан облысының полиция департаменті қызметкерлері 2022 жылдың көктемінен бастап Сарыағаш және Келес аудандарының аумағында жылқы және ірі қара мал ұрлығымен айналысқан 4 адамнан тұратын қылмыстық топты қолға түсірді. Ұсталғандарға 18 мал ұрлау фактісі дәлелденіп, 12 млн теңгеден астам сомаға 26 бас мал ұрланғаны анықталып отыр.
– Қазіргі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарлама мал ұрлығына қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған. Мал ұрлығына қарсы іс-қимылда тек полицияның емес, барлық мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың да күш-жігері қажет екенін айтқым келеді. Қауіпсіздіктің ең қарапайым нормаларын сақтау, атап айтқанда үш жақты шарт жасасу жолымен малды қараусыз қалдырмау қажет (мал иесі-әкімдік-бақташы). GPS трекерлерді орнату арқылы малды бақылаудың заманауи әдістерін кеңінен қолдану да артық етпейді, – дейді Қ.Нұрсейітов.
Бұрындары мал ұрлығы жалғыз учаскелік полиция қызметкерінің жұмысы сияқты қаралатын. Бүгінде Ішкі істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, ветеринарлық қызмет және жергілікті әкімдік мамандарымен бірлесіп, кешенді жұмыстар атқарылуда. Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» деген арнайы бап енгізіліп, дүние-мүлкін тәркілеумен 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Әрине, жазаның күшейтілуі қылмыстың азаюына сеп болатыны түсінікті. Мал ұрлығымен айналысатындар жалғыз жүрмейді. Қылмыстық топ құрып, айласын асыруға тырысады. Әр ауылда сыбайластары бар болуы мүмкін. Оларды құрықтау мақсатында жедел алдын алу іс-шаралары жиі ұйымдастырылады. Тұрғындармен де түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Тәртіп сақшылары әрдайым базарларды, мал соятын орындарды, бұрын мал ұрлығына қатысы болған азаматтарды бақылауда ұстауда. Мал ұстаған ағайынның бәрі бірдей GPS трекер орнатуға шамасы жетпес. Десе де, заманауи құрылғылардың ұрлықтың алдын алуға көмегі көп екені дәлелденуде. Малды сырғалау жұмыстары да жүйелі атқарылуға тиіс.