Қазақстан • 08 Қыркүйек, 2022

Еліміздің медиа өкілдері өзара ынтымақпен жұмыс істейді – Дархан Қыдырәлі

274 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін – Халықаралық журналистер ынтымақтастығы күні. Атаулы датаға байланысты БАҚ өкілдерін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі фейсбуктегі парақшасында құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еліміздің медиа өкілдері өзара ынтымақпен жұмыс істейді – Дархан Қыдырәлі

«Бұл атаулы күннің шығу тарихы баршаға белгілі деп ойлаймын. Журналистика қай заманнан қауіпті мамандықтың бірі. Журналистер әрдайым оқиғалардың ортасында, түрлі жағдайлардың алдыңғы шебінде жүреді. Жұртшылыққа жедел жаңалық жеткізу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істейтін әріптестеріміздің кейде өміріне қатер төнетін сәттер де кездеседі.

Жалпы біздің елімізде медиа өкілдері өзара ынтымақпен жұмыс істейді, бір-бірін қолдап жүреді. Бұл – жақсы үрдіс. Тиісінше мемлекет журналистердің заңды кәсіби қызметін қорғайды әрі әріптестердің кедергісіз жұмыс істеуі үшін құқықтық кепіл болу жағын қарастырады.

Мәселен, Қазақстанда журналиске қоғамдық маңызды мақсаттар үшін іс атқаратын адам ретінде, кәсіби қызметін жүзеге асыруына байланысты оның ар-намысын, қадір-қасиетін, өмірін, денсаулығын және мүлкін қорғауға кепілдік беріледі», деп жазды Д.Қыдырәлі.

Осы орайда ол министрлік бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту, журналистердің құқығын қорғау бағытында біраз жұмыс атқарып келе жатқанын айтты.

«Бүгін «Әділ сөз» және Геннадий Бендицкий қоры «Журналистер тәуелсіздік және қауіпсіздік үшін» атты дөңгелек үстел өткізіп жатыр. Біздің министрлік іс-шараны бірге ұйымдастырды. Мемлекет мүддесі жолында қызмет ете берейік, әріптестер!», деп жазды министр.