15 Мамыр, 2014

Ықпалдастық – ынтымақ ырысы

787 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
интеграцияЕуразиялық интеграция Үшінші жаһандық индустриялық революция қарсаңында бізге жалпы стратегиялық басымдық береді.

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

_MG_4889

БЭК елдеріне экспорт артуда

2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Кеден одағы елдерімен сыртқы тауар айналымы 24,3 миллиард долларды құрады, бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 29 пайыз артық. 2014 жылдың басында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының индус­трияландыру картасына 927 жоба енгізілді, оның ішінде 2010-2013 жылдар аралығында 651 жоба іске қосылды. Осы жобалардың ішінде 547 жоба тікелей тауар өндіруге бағытталса, қалған 104 жоба инфрақұрылымдық, энергетикалық және мұнай саласының жобалары болып табылады. Жалпы алғанда индустрияландыру картасына кіретін пайдалануға берілген жобалардың 84 пайызы тауар өндіруге, 16 пайызы инфрақұрылымдық энергетикалық және мұнай саласына бағытталған. Жобалардың басым көпшілігі ішкі рынокты қамтамасыз етіп, толық қуатында жұмыс істей бастағаннан кейін ғана сыртқы рыноктарға шығады. Бүгінгі таңда іске қосылған жобалардың 12 пайызы тауар экспорттаумен айналысады. Индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың іске қосылуына байланысты дайын өнімдер экспорттау көлемінің өсімі 860,8 миллион долларды құрады немесе индустрияландыру картасы бойынша іске қосылған жобалардың үлесі 7,8 пайыз болды. Қазақстан тауарлары экспортталатын негізгі елдер Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қытай, Украина, Әзе­р­байжан, Моңғолия, Польша және басқа мемлекеттер болып табылады. Машина жасау өнімдері (жылу бөлу колонкалары, әртүрлі мақсаттағы қон­дырғылар, арматуралар, трансфор­матор­лар, аккумуляторлар, кабель өнім­дері, электровоздар, жүк авто­мобиль­дері және автобустар, меди­циналық техникалар мен құралдар) негізінен Ресей, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, БАӘ, Әзер­байжан және басқа елдердің рыногына экспортталады. Химия өнеркәсібінің өнімдері (аммиак, гексаметафосфат натрийі, силикаттар, дәрі-дәрмек өнімдері, тыңайтқыштар, бояулар және лактар, жағармайлар, пластмасса құбырлар, пластмассадан жасалған бұйымдар және полимерлер, полиэтилен орағыштар) негізінен Ресей, Қырғызстан, Украина, Өзбекстан, Польша, Түрікменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Чехия және басқа елдердің рыноктарына экспортталады. Өсімдік тектес және мал өнімдері (ет, сүт өнімдері, ұн, тамырлар, өсімдік майы, мал майы, кондитер бұйымдары, макорон бұйымдары, сусындар) негізінен Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Моң­ғолия, Грузия, Әзербайжан және басқа елдердің рыноктарына экспорт­талады. Еліміздің көптеген кәсіпорындары Ресей және Беларусь мемлекеттерінің салалық кәсіпорындарымен өзара тиімді және тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл ретте тау-кен металлургия өнеркәсібі саласында «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Евраз Каспиан Сталь» ЖШС, «Сантехпром» ЖШС, «Kazmetiz» ЖШС, жеңіл өнеркәсіп саласында «Семей тері-тон комбинаты» ЖШС, «КазСПО-N» ЖШС, машина жасау саласындағы мынандай бірлескен кәсіпорындарды – «Азия АВТО Казахстан» АҚ, «СамАЗ» ЖШС, «Агромашхолдинг» АҚ, құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсіп саласында, «Экотон Батыс» ЖШС, «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС, «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС, «Химия өнеркәсібі саласында», «Еврохим-Удобрения» және басқа кәсіпорындарды атап айтуға болады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».

«Жасыл дәліз» – сәтті жоба

2013 жылғы 23 желтоқсаннан бастап Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Бақты» (Қазақстан Республикасы Шығыс Қазақстан облысы) және «Покиту» (Қытай Халық Республикасы ШҰАР) өткізу пункттерінде «Жасыл дәліз» жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты – Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға келетін жеміс-жидек өнімдерінің тез өтуін және кедендік ресімдеуін қамтамасыз ету. Бұл жоба 2012 жылғы қыркүйекте екі елдің премьер-министрлерінің уағдаластығымен іске қосылды. Жобаны іске асыру ерекшеліктерін 2013 жылғы желтоқсанның басында Пекин қаласында Қазақстан делегациясының ресми сапары шеңберінде Қазақстан мен ҚХР кеден қызметінің басшылары талқылады және келісті. «Жасыл дәліз» жобасы іске қосылған сәттен бастап Қазақстанға жалпы салмағы 13,9 мың тонна, 15,2 млн. АҚШ доллар сомасында көкөніс және жеміс-жидек әкелінді. ҚХР-дан «Бақты» өткізу пункті арқылы өткізілетін өнімдердің 29,2%-ын қызанақ, 21,1%-ын алма, 19,5%-ын қияр, 9,1%-ын бұрыш, 3,8%-ын орамжапырақ, 2,4%-ын апельсин, 1,9%-ын баклажан, 1,5%-ын мандарин құрайды. Кеден органдары өткізу пункттерінде кедендік ресімдеу уақытын қысқарту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда. «Бақты» кеден бекетінде жағдай жасау үшін қайта құру жүргізіліп, өнімді өткізу үшін кедендік бақылаудың автоматтандырылған жаңа жүйелерімен (ТЖБАЖ, ИТҚ) жабдықталып, бұдан басқа бөлек жолақ бөлінді, ауылшаруашылық өнімінің тоқтаусыз өтуін қамтамасыз етуіне жауапты, құзырлы ведомстволардың қызметкерлері анықталды, бұл шекарада кезекті болдырмауға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Сондай-ақ, өткізу пунктінде жүргізілетін кедендік тексеру саны «Жасыл дәліз» жобасына дейін 661 және жүзеге асырылғаннан кейін 29 тексеріп қарауға қысқарған. «Бақты» өткізу пунктінде «Жасыл дәліз» жобасын кіргізгенге дейін көлік құралдары өткізу пунктін орта есеппен 270 минутта өтетін. Қазіргі уақытта «Бақты» өткізу пунктінде кедендік тазартудың және көлік құралдарын өткізудің орташа уақыты 51,6 минутты құрайды. Бұл көрсеткіш Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес келеді, онда өткізу пункттерінде 2014 жылға кедендік операцияларды жүргізуге 75 минут жұмсалады деп белгіленген. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Кеден органы жеміс-жидек өнімдерінің бақылаусыз өткізу ниеті жоқ. Бұған заңнамада қарастырылған кедендік ресімдеу және бақылау рәсімдері қолданылады. «Егемен-ақпарат».

Игілігі көп іс

Облыс орталығындағы Шымкент конгресс холында облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтың төрағалығымен «Еуразиялық экономикалық одақ –экономикалық ынтымақтастықтың жаңа перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Мамытбеков, ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Дулатов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және басқарма басшылары мен бір топ кәсіпкерлер, сондай-ақ, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынның ашылуында алғашқы сөзді алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Оспанов Еуразиялық экономикалық одақтың ел үшін маңыздылығы жөнінде тоқталып өтті. – Бүгінгі басқосудың негізгі мақсаты – Елбасы бастамасымен құрылғалы жатқан Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігін тілге тиек етіп, интеграциялық үдерістің дамуына қолдау білдіру, – деді өңір басшысының бірінші орынбасары. – Өздеріңізге белгілі, 2010 жылдан бері Кеден одағы аясында Ресей, Белоруссия елдерімен еркін сауда-саттық жасап келеміз. Осыған байланысты Қазақстанда көп­те­ген экономикалық жағымды жаңа­лықтар орын алды. Кеден одағы өзара ықпалдастықтың бірінші бағыты болса, келесі кезең экономикалық одақ құру мәселесіне келіп тіреледі. Ресей, Белоруссиямен кедендік кедергілерді алып тастаудың арқасында экономикамыз біршама өсті. Айталық, соңғы екі жыл ішінде өңірімізде тауар экспортының дамуы 2,7 есе артты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Кеден одағы елдеріне жалпы көлемі 311 миллион АҚШ долларын құрайтын тауар жөнелткен екенбіз. Бұл Оңтүстік Қазақстан үшін өте үлкен көрсеткіш саналады. Экспортқа шығарылған тауар­лардың ішінде негізгі үлесті ауыл­шаруашылық өнімдері құрайды. Ал экономикалық одақ жөнінде айтар бол­сақ, бұрын біздің нарығымыз 17-ақ мил­лион адаммен шектелетін. Инте­гра­цияның екінші сатысы – одаққа бірі­гіп, еркін саудаласудың мүмкіндігін арт­тырғаннан кейін бізге 170 миллион халықтың нарығы ашылатын болады. Сондықтан біздің кәсіпкерлер осы мүмкіндікті сәтті пайдалануы керек. Және бәсе­келестігі жоғары ортада сапалы әрі заман талабына сай тауарлар шығарып, еркін нарықта жұмыс жасай білулері тиіс. 2013 жылдың қорытындысына сәйкес, Кеден одағы елдерімен арадағы сыртқы тауар айналымы республикада 24,3 миллиард АҚШ долларына жетіп жығылды. 2010 жылы бұл көрсеткіш 18,8 миллиард долларға тең еді. Яғни төрт жылда экспорттан түскен табыс 29 пайызға жоғарылаған. Облысқа келер болсақ, былтыр Ресей мен Белоруссияға, жоғарыда айтып өткеніміздей, жалпы сомасы 311 миллион АҚШ долларына тең тауар экспорттаппыз. 2011 жылы бұл көрсеткіш өз валютамызбен есептегенде бар-жоғы 117 миллиард теңгені құраған болатын. Бүгінгі таңда индустрияландыру картасы аясында 705,2 миллиард теңгені құрайтын 170 жоба іске асырылуда. Бұған қосымша тағы 52 жобаны қолға алу жоспарлануда. Бұл жобалардың жалпы құны 416 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Осының барлығы да нарықтың кеңейіп, сұраныстың артуының арқасында мүмкін болуда. Сондай-ақ, шетел инвесторларының қатысуымен 29 инновациялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың құны 1,9 миллиард АҚШ долларына тең. Дөңгелек үстел барысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Абдуллаев, «Шымкент» ӘКК ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алпысбаев, ОҚО кедендік бақылау департаментінің басшысы Жасұлан Ахметов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов баяндама жасады. Олар Елбасы бастамасымен келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енетін Еуразиялық экономикалық одақтың ел экономикасы үшін кең мүмкіндіктер ашатынын және интеграция атаулының елге қандай пайда әкелетінін бүгінгі Кеден одағының өзінен-ақ айқын көруге болатынын тілге тиек етті. Мәсе­лен, өткен жылы жалпы өңірлік өнім көлемі облысымызда 2,1 триллион теңгеге жетті. Индустрияландыру картасы аясында 28,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 198 миллиард теңге тұратын 524 жоба мақұлданды. Экономика түзеліп келе жатқандықтан облыста құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар саны да жылдан-жылға артып келеді. Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында Оңтүстіктің сыртқы сауда айналымы 523,1 миллион АҚШ долларын құрады. Баяндамашылар Кедендік одағы елдері арасындағы тауар айналымы жыл сайын 15 пайызға артып отырғанын атап өтті. – Біздің кәсіпорын 2010 жылы іске қосылды. Содан бері қарқынды жұмыс істеп келеді. Кеден одағының арқасында біз өнімімізді Ресейге шығаруға мүмкіндік алдық. Онда біздің кәсіпорын өндірген шикізатты тұтынатын зауыттар көп. Кедендік жеңілдіктер мен арнайы экономикалық аймақта қарастырылған қолайлы жағдайлардың арқасында көршілес Өзбекстан және Қытайдың тауарларына бәсекелестік тудыра алатын өнім шығаруға қол жеткіздік. 2010 жылы Ресейге 1200 тонна мақта целлюлозасын жөнелтсек, биыл бұл көрсеткіш 3 есеге артты, – дейді «Хлопкопром Целлюлоза» ЖШС бас директоры Қайнар Абасов. Әнуар ЖҰМАШБАЕВ.

Интеграция және инвестициялық ахуал

Кеден одағы мен БЭК-ті құру­дағы маңызды мақсаттардың бірі еліміздің инвестициялық тар­тымдылығын көтеру және өнімді өткізу рыноктарының кеңеюі арқылы өңдеу өндірісін дамыту болып табылады. Оған Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің артуы дәлел. КО құрылғаннан бастап еліміздің өңдеу өнеркәсібіне тартылған ТШИ көлемі 88 пайызға өскен, дәлірек айтсақ, 2012 жылы 3,4 млрд. АҚШ долларын құраған. 2009-2012 жылдар арасында ТШИ-дың жалпы көлемі 34 пайызға өс­кен, нақтыласақ 21,4 млрд. АҚШ до­л­­ларынан 28,3 млрд. АҚШ долларына жет­кен. 2013 жылы елімізге келген тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 24,1 млрд. АҚШ долларын көрсеткен. Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестициялардың өсуі КО мен БЭК-ке мүше-мемлекеттермен тауар айналымына да тиімді әсер етті. Осылайша 2009 жыл мен 2013 жыл арасында әріптес мемлекеттермен тауар айналымы 88,3 пайызға дейін өсіп, 24,2 млрд. АҚШ долларын құрады. КО елдеріне Қазақстан экспорты көлемінің өсуі де байқалады.  Өңделген тауарлардың үлесі жалпы экспорт көлемінде 44,9 пайыздан 54,6 пайызға өскен, ал 2013 жылы 3,2 млрд. АҚШ долларын көрсеткен. Өңделген дайын тауарлардың экспортына құбыр, түтіктер мен профилдер, жүк автокөлігі, мойынтірек, құбыр желісіне арматура, фосфинат, аккумулятор, жез сым, кондитерлік өнімдер мен шоколадтар, мақта талшығы, ұн және басқалар кіреді. Көлік құралдары мен қара металл, пластмасса, резеңке, қағаз және тұрмыстық техника мен басқа дайын өнімдер экспортында да жағымды өзгерістер байқалады. Қазақстанның КО елдеріне алғаш рет елімізде өндірілген жүк көліктерінің экс­порты 14,8 млн. АҚШ долларын құраған. Елімізде 10 арнайы экономикалық аймақ құрылып, жұмыс істеуде. Ел экономикасына инвестиция тарту құралының бірі ретінде бұл арнайы экономикалық аймақтардың дамуы ерекше назарда. Осы ерекшелікті ескере отырып, қазақстандық тарап КО шеңберінде 2010 жылы  АЭА бойынша келісімдерге қол қою барысында 2017 жылға дейін арнайы экономикалық аймақтар шеңберінде жұмыс жасайтын кәсіпорындарға қарастырылған жеңілдіктер мүмкін­дігін сақтап қалды. 2014 жылдың 17 наурызындағы Премьер-Министрдің қаулысы бойынша инвесторлар үшін инвес­тициялық ахуалды жақсарту және жаңа ынталандыру құралдарын жасақтау мақсатында жұмыс тобы құрылды. Инвестиция тартуға байланысты кешенді жоспар жасауға ұсыныстар әзірлейтін жұ­мыс тобы басым бағыттар бойын­ша заңнамаларға өзгерістер мен қосымшалар енгізуді ұсынып отыр. Алғашқы шаралар есебінде «Инвестициялар туралы» Заңға өзгерістер енгізу, инвесторлармен инвестициялық келісімшарттар жасау тетіктерін қайта қарау ұсынылуда. Оның ішінде, мемлекеттік қолдауға қосымша шаралар енгізу бойынша корпоративтік кіріс салығын төлеуден 10 жылға дейін босату және басқа да шаралар қарастырылған. Сонымен қатар, салық, экологиялық, көші-қон, тариф салалары бойынша жасалатын инвестициялық  келісім­шарттарда «тұрақты» ұғымын енгізу ұсынылуда. «Бір терезе» ұғымын  енгізіп, рұқсатнама құжаттары мен ақпарат беру өкілеттіктерін ИЖТМ инвестиция бойынша комитетіне беру, шетелдік компаниялардың құрылымдық бөлімдері бас­шы­ларына инвесторлық виза беру, 90 тәулікке дейін неғұрлым жақсы дамыған елдер азаматтарына бір­жақ­ты тәртіпте визасыз режімге қол жеткізу секілді ұсыныстар да талқыланбақ. Үкімет тара­пы­нан қабылданған осы шаралар мен факторлар еліміздің инвес­тициялық тартымдылығын арт­тыруға септігін тигізіп отыр. 2013 жылы Бүкіләлемдік банктің «Doing Business» бизнесті жүргізу жай­лылығы жөніндегі индексінде Қазақстан 185 ел іші­нен 50-орынға шықты, ал «Инвесторды қорғау» көрсеткішінде 10-шы, «салық салу» бойынша 17-орында тұр. Сондай-ақ, аталмыш банк елімізді инвестицияны салу барысында ең тартымды 20 ел қатарына кіргізген. Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Екі елге де еншілес

Бірлескен кәсіпорындар Еуразиялық экономикалық кеңістік қалыптастырудың басты нышандарының бірі. Елдерге ортақ мұндай құрылымдар әсіресе шекаралас аймақтарда тиімді нәтижелер бере алатыны бүгінгі күнге дейінгі бірыңғай экономикалық байланыстар мысалында да айқын көрінді. Бұған Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетін республикамыздың батыстағы қақпасы Ақжайық аймағынан да жарқын жетістіктер мен мерейлі мысалдар келтіруге болады. Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан алынған деректер мұнда Қазақстан мен Ресейдің он үш бірлескен кәсіпорны құрылғанын көрсетеді. DSC_0404 DSC_0399 Талдаулар мен сараптаулар бұлардың бірқатары белгілі бір уақыт аралығында қызметін тоқтатса, керісінше, дені уақыт пен өтпелі де күрделі кезеңдер сынына төтеп беріп ұзақ жылдардан бері көршілес елдердің мүддесі үшін жүйелі де тұрақты жұмыс жасап келе жатқанын айғақтайды. Солардың бірегейі мен байырғысы Орал қаласындағы «КамАЗ» автокөлік орталығы. Аталған кәсіпорын Ресейдің «КамАЗ» ААҚ-тың республиканың батыс өңіріндегі бірден-бір ресми диллері. Орамды орталық «КамАЗ» автокөлігі мен оның арнайы техникаларын әрі қосалқы бөлшектерін сату­мен айналысады. Сонымен бірге, Ресей мен Қазақстан арасындағы бірлескен кәсіпорын «КамАЗ» көліктеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу ісін қоса атқарады. Айталық Ресейдің Набережные Челны қаласы аумағында орналасқан «КамАЗ» ААҚ-та жылына орта есеппен 150 мың жүк автокөлігі шығарылса, соның белгілі бір бөлігін Батыс Қазақстан облысындағы заңды және жеке тұлғалар алады. Оның құрастыру сапасына сын айту қиын-ақ. Жыл өткен сайын бірлескен кәсіпорын өнімдеріне сұраныстың артып келе жатқаны да оның мәртебесін биіктете түседі. Әсіресе, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыс­тарындағы агроқұрылымдардың аталған жүк көліктеріне деген сұраныстары мен ықы­ластары ерекше деуге болады. Не нәрсенің де бағамы мен қадір-қа­сиетіне тиісті салыстырулар арқылы көз жеткізуге болатыны белгілі. Егер осын­дай қисынға сайсақ бұрын аталған аймақтардағы шаруашылықтар өздеріне келетін техниканың он пайызына жетер-жетпес көлемін алса, қазір бұл көрсеткіш жиырма бес пайыз деңгейінде. «КамАЗ» бірлескен кәсіпорнының Орал қаласындағы өзге өндірістік құры­лымдарға да тигізіп отырған көмегі көп. Мысалы, мұндағы «ОралАгроремМаш» АҚ олардан өрт сөндіру және комму­налдық қызметке қажетті техникаларды құрастыруға керекті құрал – шассиді алып өз өндірістерін өркендетуде. – «КамАЗ» маркалы арынды да алымды техникаларға деген сұраныстың жоға­ры­лауын Қазақстанның экономика­лық әлеуетінің артуымен байланыстыра аламыз. Сондай-ақ, мұндай жағымды жайт, шағын және орта бизнес пен ауыл шаруа­шылығын қолдау бағытында қолға алынған байыпты бағдарламалардың жемісі екені анық. Мұндай оң факторды екі елдің арасындағы басшыларымыз бен әріптестеріміз де жоғары бағалап отыр. Бұл халықаралық интеграцияның басты бағыты – өзара тиімді экономикалық байланыстың кемел көрінісі бола алады, – деді газет тіл­ші­сі­не екі елге ортақ қызметтің жай-күйі жө­нін­де «КамАЗ» Орал автокөлік орта­лы­ғы ЖШС-ның бас инженері Виктор Кузнецов. Біз бірлескен кәсіпорнында болып мұндағы инженер-техник қызмет­кер­лермен ой-пікір алмасу сәтінде олар өзара тиімді экономикалық байланыстардың жыл өткен сайын жақсарып, тереңдей түскенін жеткізді. Сонымен бірге, олар Кеден одағының қызметі басталған кезде көптеген кедендік кедергілер алынып тасталғанын айтып берді. Ең бастысы, Біртұтас экономикалық кеңістік бірлескен кәсіпорындардың дамуына оң ықпалын тигізіп келеді. Осы шеңберде мемлекеттік бағдарламаға қатысып ортақ ісіміздің көкжиегін кеңейту үшін жеңілдетілген несиелер мен өзге де көмектер алуға мүмкіндіктеріміз мол дейді олар. Әрине, өмір де, өндіріс те бір орында тұрмайды. Бүгінгі интеграциялық байланыстар үрдісі қоятын талаптар ауқымы кең. Соған сәйкес «КамАЗ» Орал автокөлік орталығы да қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсартуды әрі оның ауқымын көтеруді мақсат тұтады. Бұған кәсіпорынның қазіргі аумағы тарлық етіп жүргені де жасырын емес. Бұл ретте ұжым жанашырлары жергілікті атқарушы биліктің қолдауы мен көмегіне де үміт артады. Олардың бірлескен кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар арасындағы іскерлік байланыстар екі елдің экономикалық ынтымақтастығын одан әрі көтеруге септігін тигізетініне сенімдері мол. Темір Құсайын, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы. Суретте: «КамАЗ» бірлескен кәсіпорнындағы көліктер.

Ілгерілеуде іркіліс болмайды

Есенгулов Такталифум СадуовичӘлемдік экономиканың дамуы интеграциялық байланыстарға тәуелді екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Қай елдің де дербес ілгерілеуі қиын. Ел экономикасының тінін бекіту тек осындай өзара тиімді әріптестік арқылы келеді. Сондықтан Елбасы Н.Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі бастамасынан күтер үмітіміз зор. Мұны қазіргі уақыт талабы деу орынды болмақ. Өңірде жер асты қазба байлықтары мол. Әсіресе, облыс аумағы қара алтынға бай. Егер осындай байланыстар болмаса, оның игілігін қазіргідей деңгейде көру қиынға түсер еді. Облыстың мұнай-газ саласы тарихында 1997 жылдан бастап жаңа даму кезеңі басталғаны да күні кеше сияқты болатын. Сол жылы мұнайлы өңірге ірі халықаралық инвестор Қытай Ұлттық мұнай-газ корпорациясы келді. Бұл Қазақстан мен Қытайдың мұнай-газ саласындағы әріптестігінің басы еді. Осы жылдарда компания серпінді дамып, мұнай өндіруді арттырып келеді, жыл сайын қаржы салу көлемі де арта түсуде. Сондай-ақ, газ дайындау артып, алауға жағылатын газ көлемі төмендеуде. Өткен он алты жылда салаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 6,3 миллиард АҚШ долларын құрады, мұнай өндіру 6 миллион тонна межеге жетті. Қазір «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ еліміздегі ірі мұнай-газ операторларының бірі болып табылады. Акционерлік қоғамның халықаралық экологиялық менеджмент жүйесінің ИСО14001 сертификаты бар. Компания Жаңажол және Кеңқияқ кен орындарындағы өз жұмысын ырғақты жүргізіп келеді. Каспий маңы ойпаты шығыс бөлігінің орталық аумағында барлау жұмыстарымен айналысуда. Акционерлік қоғамның инвестициялық қызметіне деген сенімнің нақты дәлелі 2012 жылы мамыр айында Северная Труба кен орнында күкіртті сутегі шикізатын өндіруге келісімшарт жасалуы болып табылады. Компания жаңа кен орнында мұнайды өнеркәсіптік өндіруге көшті. Бұл кен орнындағы қара алтынның қоры акционерлік қоғамның және аймақтың экономикалық дамуына маңызды кепілдік болып табылады. Өндірістік және әлеуметтік мақсаттағы нысандар салынды және жаңғыртылды. Акционерлік қоғамның стратегиялық дамуына сәйкес мұнайға ілеспе газды жоюдың 2006-2011 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылды. Осы мақсатта қысқа мерзімде компания жұ­мыс істеп тұрған газ өңдеу зауыты қайта жарақтандырылып, екінші газ өңдеу зауыты салынды, үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытының бірінші кезегі іске қосылды. Компания Ресейдің қон­дырғылар дайындаушы зауыттарымен бұрыннан байланысы бар. Ресейдің кәсіпорындары тек өз өнімдерін жеткізіп қана қоймайды, жұмысшыларды осы қондырғыларда жұмыс істеуге оқытып, үйретеді. Акционерлік қоғамның жұмыс­шылары жыл сайын Мәскеу, Санкт-Петербург, Йошкар-Ола, Чебоксары қалаларында тәжірибеден өтіп, кәсіптік шеберлігін жетілдіреді. Өткен жылы акционерлік қоғам өз қызметінің негізгі бағыттары бойынша ойдағыдай нәтижелерге қол жеткізді. Жылдық мұнай өндіру көлемі 6 миллион тоннаға жетті, капитал салудың жалпы көлемі 1,2 миллиард АҚШ долларын құрады. Есепті кезеңде мұнай мен газ өндіру тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Жаңа ұңғымалардың тиімді жұмыс істеуіне бұрғылау жұмыстарын ұйымдастыруды жақсарту, сондай-ақ, жаңа технологияларды енгізу есебінен қол жеткізілді. Өткен жылы компания Жаңажол кен орнындағы алынуы қиын қорларды игеру бойынша белсенді жұмыс жүргіз­ді, Кеңқияқ тұз асты кен орнында ұңғы­маларды пайдаланудың газ-лифтілік әдісіне көшуді жеделдетті, сондай-ақ, Кеңқияқ тұз үсті кенішінде өнімді қабат­тарға қосымша перфорация жасау ойдағыдай жүргізілді. Өткен жылы Н8309 екі ұңғылы көл­денең ұңғыма пайдалануға берілді. Бұл CNPC тарихында шетелдік жобалардағы тұңғыш ұңғыма. Ол 2012 жылдың аяғында Кеңқияқ тұз асты кен орны да бұрғыланды. Компания газ өңдеу зауытының екінші және үшінші кезегінің құрылысын жоспарланған кестеге сәйкес жүргізуде. «Жаңажол ГТЭС-45» құрылысының барлық жер және тұғырлық жұмыстары аяқталды, қондырғылардың бір бөлігі орнатылды. Осы газ-турбина стансасында электр қуатын өндіретін жоғары температурада және сағатына 330 тонна қысыммен жұмыс істейтін үш бу және қуаты 80 МW болатын екі газ турбиналары орнатылады. Электр қуатын өндірудің ең жоғары көлемі 160 МW, инвестиция көлемі 193460 мың АҚШ долларын құрайды. Ол Жаңажол газ-турбиналы электр стансасы кен орнының электр қуатына деген қажеттілігін толығымен жабады, сондай-ақ, компанияның электр қуатына тәуелсіздігін және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, өндірістік шығындарды кемітеді. Сонымен бірге үшінші зауытты бумен қамтамасыз етеді. Акционерлік қоғам өндірістік қауіп­сіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс­тарды тұрақты жүргізеді. Осының арқа­сында жыл ішінде ірі өндірістік және экологиялық апаттарға жол берілген жоқ. Компания үстіміздегі жылы да табыс­ты жолды жалғастырып келеді. Биыл кемінде 5,9 миллион тонна мұнай өндіру көзделуде. Салынатын инвестиция сомасы 1080 мың АҚШ доллары шамасында болады деп күтілуде. Бұдан басқа газ қорларын ашу жұмыстарын күшейту, Жаңажол газ өңдеу зауытының екінші және үшінші кезектерінің құрылысының қарқынын жеделдету және «ГТЭС-45» стансасын кеңейту көзделуде. Мұның өзі аймақта мұнай және газ өндіруді дамытуға алғышарт жасайды. Компания өзі жұмыс істей бастаған он алты жылда интенсивті дамуға қол жеткізді. Мұнай өндіру үздіксіз өсіп келеді, инвестиция салу көлемі, жұмыс тиімділігі мен бюджетке түсетін салық көлемі жыл сайын арта түсуде. Газ дайындау және жою көлемін арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және әлеуметтік маңызды шараларға мол қаржы бөлінуде. Тек соңғы үш жылда ғана бұл мақсаттарға 6 миллиард доллардан астам инвестиция салынды. Компания қазақстандық кәсіп­орындардың өнімдері мен қызметтерін тұтынуға басымдық беруде. Соңғы үш жылда қазақстандық тауарлар үлесі 10,3 пайызға, қызметтер 9,9 пайызға, жұ­мыстар 3,5 пайызға өсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша компания пайдаланатын тауарлардың 17,0 пайы­зы, жұмыстардың 71,0 пайызы және қыз­меттердің 90,0 пайызы қазақстандық үлестің еншісінде. Осы бағыттағы жұмысты дамыту мақсатында қазақстандық тауар өндірушілер үшін ашық есік күні ұйымдастырылды. Ашық есік күні аясында ұйымдастырылған көрмеге 20-дан астам кәсіпорын қатысып, өз тауарларын, жұмыстарын, қызметтерін ұсынды. Бұл компанияның қазақстандық үлесті арттыруына алғышарт жасайтын болады. Мұндай өзара тиімді әріптестік бағытындағы шараларды өткізу дәстүрлі үрдіске айналады. Жалпы, мұнай-газ саласына мол инвестиция салу арқылы қаржының қайтарымдылығына қол жеткізудің алғышарттары жасалып отыр. Бұл компанияның өңір экономикасының дамуына алда да серпін беретінінің нақты мысалы болса керек. Такталифум ЕСЕНҒҰЛОВ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты. Ақтөбе облысы.