Елорда • 12 Қыркүйек, 2022

«Бәйтеректің» 20 жылдығына – 20 күй

683 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бас қаламыздың сәнін келтіріп, сымбатын арттырып тұрған зәулім сарайлар жетерлік. Әр ауданның өзіне тән ерекше ғимараттары да бар. Соның бірі – 2002 жылы 29 тамызда есігін айқара ашқан елордамыздың символы – «Бәйтерек» монументіне биыл 20 жыл толып отыр. Балалар жылының аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, «Алтын домбыра» ұлттық өнер орталығы және «Бәйтерек» монументі бірлесіп, «Бәйтеректің» 20 жылдығына – 20 күй атты іс-шара ұйымдастырды.

«Бәйтеректің» 20 жылдығына – 20 күй

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз», деген еді.

«Ақын Қадыр Мырза Әлінің «На­ғыз қазақ қазақ емес, нағыз қа­зақ – домбыра» деген сөзі бар. Сон­дық­тан бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – жас буын өкілдерінің қатысуымен «Бәйтеректің» ең биік нүктесінде қазақтың домбырасын күмбірлетіп, күй шерту. Бәріңізге мәлім, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылын жариялаған болатын. Біздің де мақсатымыз осындай дарынды, қабілетті балаларды қолдау, әрі қарай өнерлерін шыңдауға ынталандыру», деді «Бәйтерек» монументінің директоры Әділ Орынбасарұлы.

Бәйтерек 20 жыл бойы миллион­да­ған адамға, елорда тұрғындары мен қонақтарына естен кетпес әсер қалдырғаны анық. Монумент бірегей ғимарат бола отырып, оның тамыры Қазақстанның өткен тарихын қадір­лей­тін, бүгініне берік тірек болатын және нық әрі сенімді жүзеге асырылып жатқан болашағын бағалайтын мемлекетті бейнелейді.

«Осыдан біраз уақыт бұрын шә­кірттерімізбен Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығына орай 30 күй орын­дағанбыз. Бүгін міне, осы дәс­түрді үзбей жалғастырып, өзі­­міздің орталықтың жалынды жастарымен күй шашуымызды алып келіп отырған жа­йымыз бар. Себебі бүгін – мереке. Елорданың есі­гінен енген әрбір мей­манның келе­тін керемет жері – «Бәйтерек» монументіне 20 жыл толып отыр. «Бәйтерек» тек қана Есіл ауданында орналасқан қонақ­тар­дың келіп-кететін орны емес, бұл мемлекетіміздің, тәуел­сіз­ді­гі­міз­дің символы деп қарауымыз керек. «Бәй­те­рекке» қарап бүгінгі бал­дыр­ған­дарымыз биік болуға, асқақ болуға талпынады. Көне тарихымызды көз алдымызға әкелетін қасиетті қара домбырамыз десек, оны үйренуге, шертуге қызыққан балаларымыз елдің ертеңгі болашағы. Қазіргі жаһандану дәуірінде, түрлі ақпараттар толассыз ағылып жатқан кезеңде ұлтының ұлы мұрасын ұлық­тап, бабасынан қалған бағалы аспапты жанына серік еткен жастар ұлттық иммунитетпен қаруланса, әділетті Қазақстанның жар­қын бо­ла­шағын жасайды деп ой­­лаймын. Біздің орталық та осы мақсат жолында еңбек етуде», деді әнші, «Алтын домбыра» ұлттық өнер ор­та­лығының көркемдік жетекшісі Ескендір Ибрагим.

Ұйымдастырушылардың сө­зі­не қарағанда, іс-шараның бас­ты мақсаты – өскелең ұрпаққа ру­хани-адамгершілік және пат­риот­тық тәрбие беру, белсенді аза­мат­тық ұстаным мен патриотизмді, маңызды рухани-адамгершілік және әлеуметтік құндылықтарды, қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрыптарын дәріптеу. «Бәйтерек» монументіне қыдырып келген қала қонақтары да күй тыңдап рухани ләззат алғандарын жасырмады.

«Бүгін өзімнің отбасыммен, неме­ре­леріммен «Бәйтерекке» келдім. Ішіне кіргеннен бастап құлағыма дом­быраның үні келді. Жоғары қа­батқа көтерілгенде әдемі киінген, қолына домбырасын ұстаған жас­тарды көргенде, олардың шерткен «Балбырауын», «Келіншек», «Ерке сылқым» күйлерін тыңдағанда тіпті толқыдым. Ұялы телефоннан, теледидардан күй тыңдап жүрміз ғой, бірақ көрермен болған бөлек екен. Ерекше әсер алдым. Елордамызға келген са­йын келетін «Бәйтерек» монументіне 20 жыл толған екен. Осы аралықта қаншама қонақ келді десеңізші. Ел­ді­гіміздің ерекше символы іспетті қасқайып тұрған «Бәйтерегіміз» бәрі­міз­ге мақтаныш сыйлайды. Бүгінгі күй шерткен бүлдіршіндерге жарқын болашақ тілеймін», деді Алматыдан қыдырып келген Қарлығаш есімді қонақ.