Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2022

Шұғадағы шаттық

607 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Облыс орталығынан да, аудан орталығынан да шалғайда орналасқан Шұға шағын ауыл болса да, іргесі сөгілмеген, ырысы төгілмеген елді мекен. Жуырда осыған тағы бір мәрте көзіміз жеткендей болды.

Шұғадағы шаттық

Шұға дегенде ойымызға Бей­біт Майлин жазған «Шұға­ның белгісі» оралары анық. Ауылдың ерекше атауын есті­генде, «жазушының әйгілі шығар­масымен қандай байланыс бар?» деп сұрайтындар да көп. Ауыл үлкендерінің айтуынша, екеуінің арасында ешқандай байланыс жоқ. Шұға – әйгілі әнші Естайдың елі – Ақкөл-Жайылманың бір пұшпағы. Ауылдың қай уақыттан бері Шұға аталғаны, неге олай аталғаны туралы нақты дерек жоқ. Үлкендердің айтуымен жет­кен болжам ғана бар екен. Олар­дың айтуынша, ертеде бұл төңіректе Шұға есімді парасатты бәйбіше болыпты. Соның құрметіне аталған деседі. Бұлай болмауы да мүмкін. Өйткені қазақ­тардың әйел есімін жер-су атауына беруі сирек кездеседі ғой. Жалпы, шұғаның матаның бір түрі екені баршаға мәлім.

– Архив деректеріне сүйенсек, Шұға ауылы әр жылдары Жалғыз құдық және 10-шы ауыл деп те аталған екен. Павлодардың мемлекеттік архивінде сақталған ескірген екі картадан «Шога», «Шега» деген атау кездеседі. Орыстар тілі келмеген соң Шұ­ғаны «Шога», «Шега» деп жазған секілді. Бірінші карта «Павлодар округінің картасы» деп аталады. 1920 жылғы екен. Біздің ауылдың қазіргі аумағы «Шега» деп көрсетілген. Екінші карта 1931 жылы құрастырылған. Бұл карта «9-шы және 10-шы ауыл кеңестерінің еңбек секторының аумақтарын зерттеудің схемалық сызбасы» деп аталады. Бұдан бөлек, архивте біздің ауыл туралы деректер сақталған ескі папка бар. Мұқабасында «1929 жылға арналған Қызылағаш ауданы 10-шы ауыл кеңесінің «Шога» ауыл шаруашылығы артелінің жерге орналастыру материалдары» деп жазылған. Бұл папкада ауылда өткен жиындардың хаттамалары, ондағы отбасылардың тізімі бар. Төте жазумен жазылған па­рақ­тар да жүр. 1929 жылғы 13 шіл­деде әзірленген отбасылық тізім бар. Онда есімдері аталған адам­дардың біразының ұрпақтары қазір ауылда тұрып жатыр, – дейді ауылдың ардагер ұстазы Сираж Ахметжанов.

Қысқасы, ауылдың қай уа­қыттан бері Шұға аталғаны тура­лы ресми дерек жоқ. Ал архивтен табылған картадағы деректерге сүйенсек, Шұға деген атаудың берілгеніне 100 жылдан асып кеткен сыңайлы.

Жуырда ауыл халқы алыс­тан менмұндалап тұратын жаңа стелланың ашылуына орай «Шұ­ғада туған – шын бақыт!» деген атаумен дүбірлі мереке ұйым­дастырды.

– Қазір отбасылық той-думан­ның дені қалада өтетін болды. Ауылға көп жағдайда өлім-жі­тімге ғана барады екенбіз. Әри­не, туған топыраққа жаназа мен құдайы асқа емес, тойға жи­нал­ғанның жөні бөлек. Сондықтан биыл ауыл азаматтары Шұғаның кәрі-жасына ортақ бір шара ұйым­дастыру жағын ойластырған еді. Оған «сылтау» да табыла кетті. Ауылдың кіреберісіндегі жазу ескірген екен. «Ендеше, алыс­тан менмұндалап тұратын стелла орнатайық» деген идея тасталды ортаға. Стелламызды салтанатты түрде ашып, ауылдың ой­дағы-қырдағы кәрі-жасын тегіс жинап, ұлан-асыр болма­са да, жас ұрпақ өнеге алар іс-шара ұйымдастырылды. Бір атап өтер­лігі, бұл іс-шараға әу бастан сырттан адам тартпауға келіскенбіз. Солай болды да. Стелланың сыз­басын ба, сұлбасын да, сыр­лауын да ауыл жігіттері атқарды. Әйтпесе, дәл осындай жұмыс­тар­мен айналысып жүрген ше­бер­лерді жалдауға болатын еді. Стелланың дайын үлгілерін таң­дай салуға да мүмкіндік бар еді. Біз сәл қиындау жолды таң­да­дық және мұнымыз өте дұрыс бол­ған секілді. Салтанатты концертте де өзіміздің өнерпаздар ғана өнер көрсетті, – дейді іс-ша­раны ұйым­дастырушы Ербол Дүй­се­нов.

Жаңа стелланы ауыл азаматтары өз күшімен жасағанын атап өту керек. Идея авторы – Мақсұт Секенов. Ал жаңа стелланың сызбасын жергілікті тұрғын Әкімбек Ержанов жасаған. Әріптерді темірден ойып, дәнекерлеген – На­риман Аханов. Кәсіби түрде сырлау жұмыстарымен Дарын Мейрамов айналысты. Стелланы ашу бақыты ауыл ақсақалдары Тоқтыбай Уәлиханов пен Тұр­сынтай Шілтібаевқа, сондай-ақ биыл мектеп табалдырығын ат­таған Балым Ерланқызы мен Досымжан Манатұлына бұйырды.

Ұйымдастырушылар бұл іс-шара үлкен той алдындағы дайындық екенін еске салды. Ауыл халқы алдағы уақытта бұ­дан да ауқымды іс-шара өткі­зуді жоспарлап отыр. Бұл күні Шұға ауылында көкпар, дәстүрлі садақ ату, қошқар көтеру, арқан тарту, гір тасын көтеру се­кіл­ді спорт түрлерінен жарыс­тар ұйым­дастырылды. Қошқар көте­руде баянауылдық Әділхан Қа­былда жеңіске жетсе, гір тасын көтеру сайысында шұғалық Азамат Мәуеновке тең келер ешкім болмады. Көкпар додасында Ақкөл ауылының командасы жеңіске жетті. Екінші орын Жолболды жігіттеріне бұйырса, үштікті Шұ­ға көкпаршылары түйіндеді.

Ауылға түскен келіндер Шұ­ғаны «ақсақалы көп ауыл» деп атайды. Шынында да, бертінге дейін бұл ауылда ақсақалдар институты жұмыс істеген. Ала­қандай ауылдан Алашқа аты мәлім азаматтар да көп шыққан. Мәселен, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын ұзақ жылдар басқарған белгілі ғалым Тасболат Шаяхметов, ардагер тележурналист Жұмасейіт Бижан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жұмағали Қоғабай, таэквондодан үш дүркін әлем чем­пионы, атақты Мұстафа Өзтү­рік­тің шәкірті Исатай Кабеков, бел­гілі театр әртісі Бекболат Оқа­сов осы ауылда туған.

 

Павлодар облысы,

Ақтоғай ауданы