Экономика • 12 Қыркүйек, 2022

Электронды сауда проблемасы қалай шешіледі?

395 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл бөлшек саудадағы e-commerce (электронды сауда-саттық) үлесі төмендеп жатыр. Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасованың айтуынша, 2022 жылдың қаңтар-шілдесінде электронды сауда үлесі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендеген. Әдепкі 7 айда жалпы бөлшек сауда көлемі – 7,5 трлн теңге, соның ішінде электронды сауда нарығының көлемі 654 млрд теңгені құраған.

Электронды сауда проблемасы қалай шешіледі?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Аталған кезеңдегі электрон­ды сауда үлесі 8,7 пайыз бол­ды. 2021 жылы электронды сау­да нарығының көлемі 1,3 трлн теңгеге жеткен еді. 2021 жыл­дың қорытындысы бо­йынша бөл­шек сауда нарығының көлемі 13,5 трлн теңге болып, соның құрамындағы e-commerce үлесі 9,6 пайызды құрады. Осылайша, биыл қаңтар-шілдеде оның үлесі төмендеді», деді вице-министр.

Соңғы екі жыл цифрлы үде­ріс­терді айтарлықтай жедел­дет­ті. Цифрлы қызметтер азаматтар үшін бұрынғыдан да же­ңіл әрі қолжетімді бола түсті. Үде­ріс аясында электронды сауда-саттық өте тез дамыды. Со­ған қарамастан биыл онлайн сауда үлесі төмендеп отыр. Бұған аза­мат­тардың интернет игі­лі­гін пайдаланбауы да себеп. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 76,6 пайыз интернет пайдаланушысы электронды сауда жасауға қажеттілік туын­дамағанын алға тартқан. Пай­даланушылардың 17 пайызы дүкендерге өзі барып, тауарлар­ды ұстап көріп сатып ал­ған­ға ештеңе жетпейтінін айтыпты. 4,3 пайыз пайдаланушының ин­тернет қолдануда тәжірибесі жоқ болса, 2 пайызы тауарды алуға және қайтарып алу процесіне сенім білдірмейді. Сондай-ақ бірқатар клиент төлем қауіпсіздігіне және тауарды жет­кі­зіп беру қауіпсіздігіне алаң­дап, бұл жаңашылдықты қажет етпейді.

Азаматтар тарапынан туындап отырған сенімсіздіктің негізі де жоқ емес. Мұны вице-минис­тр­дің өзі де растайды.

«Адамдар негізінен тауарды қайтару процесінің тым ұзақ­қа созылып кететініне, тауар­дың сипат­та­маға сай кел­ме­уіне шағым­да­нып жатады. Егер әлемдік маркетплейстер қайтарымды үш күн ішінде банк картасына жіберсе, ресейліктер 90 күнге дейін тежейді. Көп жағдайда бұл ақпан айынан бері басталған ахуалға байланыс­ты» дейді.

Оның айтуынша, тағы бір проблема – ЕАЭО тәртібіне сәйкес шетелдік маркетплейстер өздерінің кепілзат қоймасын Қазақстанда сала алмайды.

– Мен көптеген сервисті сы­нап, шетелден тапсырыс бере­мін. Сонда байқағаным – Қ­ы­тай сайтынан келу­ге тиіс сәлем­деме Латвиядағы қой­ма­дан әке­лінеді. Не болмаса басқа елден. Қы­тай­дың бізбен ше­ка­ра­лас ел екеніне қарамастан, тауар бас­қа елдегі қоймадан келіп жатады. Шетелдік сатушылар үшін әйгілі та­уарларды көтерме нұсқамен Қа­зақ­станға алып келу тиімді болар еді. Бұл жерден Ресейдің кейбір қалаларына, Орталық Азияға апару үшін қолайлы ло­гис­тика бар. Алайда біздің заң­намаға сәйкес шетелден әке­лін­ген тауарға кедендік баж са­лығы салынуға тиіс. Онлайн-сауда жасаушылар үшін мұндай салық төлеу тиімсіз. Біраз ел бұл проб­ле­маны шешіп, кеден заңнамасын қайта жазды. Енді оларда Aliexpress, Amazon секілді ірі гиганттардың қоймалары пайда болып жатыр. Қазақстан да осы бағытта жұмыс істеп жатыр», дейді Ә.Жанасова.

Оның сөзіне қарағанда, қа­жет­ті заңнамаға өзгеріс енгізу жұ­мыс­тары жүріп жатыр. Бірақ процедура бір жылға со­зылуы мүмкін. Осы ретте ми­нис­трлік «Қазпошта», DHL және FedEX базасында бонд-қой­ма­лар құрылысының қанат­қақ­ты жобасын бастау туралы шешім қабылдаған. Мұндай қой­малардың қолданысқа берілуі қа­зақ­с­тандықтар және өңір­дегі басқа да елдер үшін тауар жет­кізу мерзімін әлдеқайда же­ңіл­­дет­пек. Маркетплейстер аталған қой­маларда тауарларды кеден­дік рә­сім­деусіз сақтай алады. Қазір таңдап алынған операторлар елдің кеден қызметімен интеграция рәсім­дерін бастап кеткен. Егер бәрі сәтті өтке­рілсе, қанатқақты жоба жыл со­ңы­на де­йін толық режімде жұмыс істей бастайды.

Сарапшының есептеуінше, қазір еліміздегі электронды коммерция үлесі бүкіл нарықтың 11 пайызын алады. Бұл Ресейдегі көрсеткіштен де жоғары. АҚШ нарығындағы e-commerce үлесі 26 пайыз болса, Ұлыбританияда 30 пайызға тақау, ал Қытайда 30-дан да жоғары. Ozon Marketplace бас директоры Мөлдір Рыса­лие­ваның сөзіне сүйен­сек, Қазақстандағы электронды сауда үлесі 2025 жылға таман 20 пайызға жақындайды.

«Бұл ретте офлайнмен қатар ди­житалдағы логистикалық ин­фра­құ­ры­лымды да дамыту өте ма­ңызды», деді ол елордада өткен e-commerce day форумында сөй­леген сөзінде.

e-Bay Central Asia hub жетек­ші консультанты Фабиана Ста­ше­лина Қазақстандағы онлайн-сауда нарығында күшті ойыншы­лар жи­нақталып жатқанын жеткізді. Ол бұл тұрғыда Орта­лық Азия мен Қа­зақстан онлайн сауда плат­фор­ма­ла­рының шетел­дік қол­дану­шы­лары тарапынан үлкен қызы­ғу­шы­лық тудыратынын айтты.

Forbes басылымының жазуынша, электронды сауда әлемде үлкен сұранысқа ие. 2021 жылы жаһандық нарық көлемі 4,9 трлн теңгеге жеткен. Statista болжамы бойынша, 2025 жылға таман әлемдік e-com нарығы 7,3 трлн теңге межесін ба­ғындырады.

«Сақталып отырған белсенді тен­денцияның бірі – маркет­п­лейс­тердің көбеюі. Amazon, e-Bay және AliExpress сияқты маркет­плейс­тердің сатылымы әр жыл сайын тұ­рақты өсуде және бұл кате­­го­рия­ға әлемдік электронды ком­мер­цияның үштен екісі (67 пайыз) тиесілі. Мысалы, eMarketer дерегі бойынша, тек Amazon-ның өзіне бүкіл АҚШ-тағы онлайн-сауданың 41,4 пайызы тиесілі. Бір жағынан әлеуметтік платформалар мүм­кін­­­дігінің шектеулі екеніне қа­ра­мас­тан компаниялардың 20 па­йы­зы өз өнімдерін TikTok және Instagram арқылы сатқысы келеді», деп жазады басылым.