Саясат • 13 Қыркүйек, 2022

Инвестициялар өсу үстінде

175 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Инвестициялар өсу үстінде

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров биылғы қаңтар-тамызда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,1%-ды құрағанын мәлімдеді. Нақты сектор 3,3%-ға, қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,3%-ға өсті. Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі жақсы қарқынмен дамып келеді. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 5,7%-ға дейін жеделдеді.

«Негізгі капиталға салынған ин­вес­тициялардың өсу қарқынының 5,7%-ға дейін жеделдеуі байқалады. Ин­вес­ти­ция­лар мемлекеттік басқару мен әлеу­меттік қамсыздандыруда 2 есеге, бі­лім беруде 59,1%-ға, әкімшілік және қо­сал­қы қызмет көрсетуде 30,1%-ға, сау­дада 21,9%-ға, қаржы және сақтандыру қыз­ме­тінде 20,2%-ға, жылжымайтын мүлікке қатысты жасалатын операцияларда 8,8%-ға, құрылыс саласында 15,7%-ға өсті», деді министр.

Аталған кезеңде сыртқы сауда айналымы 36,9%-ға өсіп, 74,3 млрд долларды құрады: экспорт 52,9%-ға өсіп, 48,9 млрд доллар болды, оның ішінде өңделген тауарлар 35,7%-ға өсіп, 14,3 млрд доллар болды, ал тауар импорты 25,3 млрд долларға жетті. Оң сауда теңгерімі 23,6 млрд доллар болды.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 7,9%-ға, оның ішінде автомобиль жасау 18,2%-ға, электр жабдықтары өндірісі 8,3%-ға, тамақ өнімдерінің өндірісі 3,5%-ға, сусындар өндірісі 7,5%-ға, пластмасса бұйымдарының өндірісі 5,1%-ға, да­йын металл бұйымдары өндірісі 2,4%-ға, химия өнеркәсібі 11,8%-ға, киім-кешек өндірісі 7,1%-ға өсті.

Биылғы қаңтар-тамызда 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 1,2%-ға төмен. Оң өсу 14 өңір бойынша тіркелді. Ең жоғары көрсеткіштер Түркістан, Алматы, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында бай­қалуда. Көрсеткіштің төмендеуі жаңа­дан құрылған Ұлытау және Жетісу облыс­та­рында, сондай-ақ Маңғыстау, Атырау облыстарында, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалуда.

Ә.Қуантыровтың мәліметінше, ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 4,3%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсуді Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қа­зақ­стан, Абай және Ақмола облыстары көр­сет­ті.

Аталған кезеңдегі республикалық бюд­жеттің атқарылуы туралы Премьер-Минис­трдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді. Оның айтуынша, осы кезеңде мемлекеттік бюджетке 10 трлн 85 млрд теңге кіріс түсті (жоспар 104,9%-ға орындалды), бұл ретте республикалық бюджет 6,8 трлн теңгеге (101,9%), ал жергілікті бюджеттер 3,3 трлн теңгеге (111,6%) толықтырылды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,4%-ға, республикалық бюджеттің шы­ғыс­тары 99,5%-ға, жергілікті бюд­жет­тердің шығыстары 97,6%-ға орын­далды.

Жекешелендірудің 2021-2025 жыл­дар­ға арналған кешенді жоспарында 675 нысанды сату көзделген. Көрсетілген кезеңде 57 млрд теңге сомасына 240 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Ә.Смайылов эко­но­микалық өсу­дің негізгі драйверлері өңдеу өнер­кә­сі­бі, машина жасау, оның ішінде автомобиль жасау, локомотивтер мен вагондарды қосқанда, басқа да көлік құралдарының өндірісі екенін атап өтті.

Өңдеуші секторда химия өнеркәсібі 2%-ға, жеңіл өнеркәсіп 7,5%-ға, металлургия 5%-дан астам және мұнай өңдеу 4%-ға өсіп, жоғары динамиканы көрсетті. Тау-кен өнеркәсібінде көмір өндіру 2,2%-ға, табиғи газ өндіру 3%-ға және кен өндіру 5%-дан астам ұлғайып, тұрақты өсім тіркеліп отыр.

Құрылыс секторында жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етіліп, 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығында, саудада, көлік және байланыс салаларында оң динамика тіркелген. «Барлық негізгі көрсеткіш Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қа­ла­сында өсіп отыр. Барлық өңір әкім­дік­тері экономиканың өсу қарқынын төмен­дет­пе­уі керек», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, тамыз айының қорытындысы бойынша елімізде жылдық инфляция 16%-дан асып кетті. «Өңір әкімдіктері мемлекеттік органдармен бір­лесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерінің өндірісін ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша жұмыстарды күшейтуі қажет», деді Премьер-Министр осы жағдайға орай.

Үкімет басшысы мәселені қоры­тын­ды­лай келе мемлекеттік орталық органдар мен өңірлер басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Халықтан түсіп жатқан шағым көп

Үкімет отырысында «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен техно­ло­гиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Мәселе бойынша баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ұлттық жоба аясында мемлекеттік қызмет көрсетудің 175 бизнес-процесіне жаңа әдістеме бо­йынша реинжиниринг жасалғанын айтты. Осы жұмыс нәтижесінде жұмсалатын қағаз саны мен қажетсіз бюрократия жо­йылды. 2025 жылға дейін барлық 5 мың бизнес-процеске толық реинжиниринг жасалатын болады. Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыс­ты­ру жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, бүгінде олардың үлесі 94%-ға жетті. Сондай-ақ 9 мемлекеттік қызмет түрін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, бейнеқызмет арқылы алу мүмкіндігі іске асырылды. Жыл соңына дейін оның саны 44-ке дейін жеткізілмек. ХҚО-ларды жаңғырту жоспар бойынша жүзеге асырылуда, қазірдің өзінде 8 жаңа фронт-офис халыққа қызмет көрсетіп жатыр. 2024 жылға дейін 115 ха­лыққа қызмет көрсету орталығы жаң­ғыртылады.

Kaznedra бірыңғай платформасы бо­­йынша бүгінде тестілеу режімінде minerals.gov.kz сайты іске қосылды. Қа­зір­ден бастап пайдаланушының жеке кабинетінде интерактивті картаға басыл­ған жер қойнауы туралы 1,5 мың электронды есеп қолжетімді. Платформа арқылы жер қойнауын барлауға тиісті лицензияға өтінім беру және уәкілетті мемлекеттік органмен өзара электронды хат алмасу мүмкіндігі бар.

Құрылыс және көлік салаларын цифр­­­ландыру аясында E-Qurylys платформасында 92 республикалық автомобиль жолдарының құрылысын бақылау процесі жүзеге асырылып жатыр.

Ауыл шаруашылығы саласында 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап субси­дия­лау­дың жүйесі іске қосылды. Мұнда фермерлерге қажетті мемлекеттік қолдау жөніндегі барлық ақпарат жиналған, бұл фермерлерге шығындарды 30%-ға қысқартуға, жалпы құжаттармен әуре-сарсаңды қысқартуға мүмкіндік береді.

Отын-энергетика кешені саласында барлық АЖҚС қосылған мұнай және газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі пайдалануға енгізілді. Енді жанармай және өзге шикізаттың сатылуы мен қоры туралы ақпарат онлайн түрде қолжетімді болады.

Білім беруді цифрландыру бойынша маңызды жобалардың бірі – оқулықтар портфелін цифрлық форматқа көшіру. Бүгінде қолда бар 670 баспа оқулығының 97%-ы цифрлық форматқа көшірілді. Жыл соңына дейін 100% цифрландырылады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық жоба аясында ғылыми экожүйенің бәсекеге қабі­лет­ті­лі­гін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр­ Ұлттық жобаны іске асы­ру IT-сала­дағы ішкі жалпы өнімнің үле­сін 5%-ға дейін ұлғайтып, қолданбалы ғылыми-зерттеулерді қаржыландыруда жеке сектордың үлесін кемінде 50%-ға арттыруға тиіс екенін айтты. Сонымен қатар оның аясында азаматтарға әлеу­мет­тік қолдау алуды жеңілдетуге мүмкіндік бе­ретін жобалар пулы іске асырылып жатыр.

«Жақында пилоттық негізде іске қосылған «Отбасының цифрлық картасы» жобасы – осы тәсілдердің бірі. Бұл жоба атаулы әлеуметтік көмек алуға мұқтаждық тууы мүмкін 480 мыңнан астам отбасын және зейнетақы төлемдері мен жәрдемақы алып отырған 100 мыңға жуық азаматты қамтуға мүмкіндік берді. Жобаны биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, «Әлеуметтік әмиян» жүйесін іске қосу және инвесторларға нақты уақыт режімінде минералдық ресурстардың деректер банкіне еркін қол жеткізуге мүмкіндік беретін Kaznedra платформасын енгізу жоспарланып отыр.

Премьер-Министр Үкімет алдында ғылыми-зерттеулердің нәтижелілігі мен экономиканың түрлі секторында қолданылуын арттыру сияқты маңызды міндет тұрғанын атап өтті.

Осы орайда Ә.Смайылов соңғы жыл­­дары ғылым туралы заңнамаға бір­­­­ша­ма өзгеріс енгізілгенін және оны қар­жы­лан­ды­ру 2 есеге жуық өскенін айтты. «Бізге жұмсалған қаражаттың тиімді қайтарымы қажет. Отандық ин­дустрия, ғылыми қоғамдастық, уни­верситеттер мен бизнес барынша өзара тығыз байланыс орнатуы қажет. Ғы­лы­ми жетістіктер өндіріске енгізіліп, халыққа нақты пайда әкелуге тиіс. Ғы­лым министрлігі бұ­ған ерекше назар аударуы керек», деді Ә.Смайылов осы жағ­дайға байланысты.

Бұл ретте Премьер-Министр бірқатар бағыт бойынша бұрын белгіленген жос­парлар мен кейбір көрсеткіштердің орын­дал­мағанын атап өтті. Пациенттердің денсаулық жағдайын үздіксіз бақылау және проактивті медициналық қызмет көрсету үшін eHealth бірыңғай экожүйесін әзірлеу жұмыстары уақтылы жүргізілген жоқ. Сонымен қатар «Цифрлық агро­кә­сіпорын» және «Цифрлық карьер» жобаларын іске асыру барысында да сұрақтар бар. Жер мен жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастрын автоматтандыру және орталықтандыру рәсімі аяқталған жоқ.

«Жалпы, интернет-қызметтердің сапасына сұрақтар бар. Алыстағы елді ме­кен­дерді айтпағанда, ірі қалалары­мызда интернет байланысының сапасы  барлық жерде бірдей жақсы емес. Халықтан түсіп жатқан шағым көп. Егер интернет байланысы жақсы болмаса, цифрлық платформалардың және ақпараттық жүйелердің пайдасы жоқ. Цифрлық даму министрлігі бұл мәселені  ерекше бақылауда ұстау керек», деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ ол цифрландыру саласын­дағы барлық мүдделі мемлекеттік орган­дардың және ұйымдардың жұмысын үйлес­тіруді күшейту қажет екенін айтты. 

Сөз соңында Ә.Смайылов ақпараттық жүйелердің істен шығуын азайтатын жүйелі шаралар қабылдауды, биылғы жылдың соңына дейін «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» жобаларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2023 жыл­дың соңына дейін Kaznedra платформасын іске қосуды тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-Министр елдің ғылыми-техникалық дамуына жеке инвестицияларды кеңінен тарту үшін жаңа ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар құруды басым инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Отын бойынша ахуалды қатаң бақылау қажет

Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәсе­лесі қаралды. Мәселе бойынша баяндаған Энергетика министрі Болат Ақшолақов ішкі нарықты мұнай өнім­дерінің қажетті көлемімен қам­тамасыз ету үшін жанармай бекеттері мен мұнай базаларындағы отын қоры ұлғайтылғанын, оны жеткізу бағыттары оңтайландырылғанын, өнімсіз делдал­дарды алып тастау және Қазақстан аума­ғы­нан отын шығаруды шектеу бо­йынша шаралар қабылданғанын айтты.

Бұдан басқа, Энергетика министр­лі­гінде және жанармай бекеттерінің ірі желілерінде жанар-жағармай бағасын негізсіз көтеру және оны сатудан бас тарту мәселелері бойынша азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін колл-орталықтар құрылды.

Премьер-Министр жанармай нары­ғын­дағы жағдайды тұрақтандыру үшін Үкіметтің барлық қажетті шұғыл шараларды қабылдағанын атап өтті. Әр облыста мұнай базалары мен ұсақ жанар-жағармай құю бекеттерін бақылау жө­ніндегі комиссиялар құрылды, зауыттарда мұнай өңдеу және дизель отынын өндіру көлемі ұлғайтылды, сондай-ақ зауыт­­­тардан мұнай базаларына және бар­лық өңірдегі жанармай құю бекет­те­рі­не дейін мұнай өнімдерінің логистикасы жолға қойылды.

«Мұнай өнімдерін әкетуге жол бермеу мақсатында қажетті экспорттық шектеулер енгізілді, дизель отыны ішкі нарыққа делдалдарсыз жеткізіледі. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жанар-жағармай нарығындағы ахуал бір қа­лып­қа келіп жатыр», деді Ә.Смайылов өз сөзінде.

Дегенмен жағдайды үнемі назарда ұстап, қатаң бақылау қажет. Мысалы, кейбір өңірлерде сұйытылған газ тап­шы­­лығы пайда болды. «Сондықтан ке­шенді жұмысты одан әрі жалғастыру керек, өңірлерде отын тапшылығы мен іркілістер болмауға тиіс», деді Премьер-Министр осы проблема жа­йында.

Сөз соңында Ә.Смайылов 15 қыр­күйек­тен бастап жанармай құю стансаларында жанар-жағармай босатуды есепке алудың цифрлық жүйесін енгізуді, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеңілдікті дизель отынын бөлу жүйесін енгізуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңірлердегі халықты сұйытылған газбен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар 2023 жылдан бас­тап Энергетика министрлігіне мұнай өнімдерін сату кезінде өнімсіз делдалдарды қатыстырмайтын мұнай өңдеудің жаңа жүйесіне көшуді міндеттеді.