Қазақстан • 15 Қыркүйек, 2022

Жұрттың жанайқайы – жайылым жайы

492 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Күні бүгінге дейін мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқан жер саясатының түйіні ұлттық фермерлердің элиталы мектебін қалыптастыру еді. Қала ауылға инвестор болады деп күткенбіз. Бірақ нәтижесі керісінше. Араға 30 жыл салып, жер саясаты мәселесінен туындаған проблемалар қайта күн тәртібіне шығып отыр. Жайылымдық жерлерді мемлекет иелігіне қайтару мәселесі күрделеніп кетті.

Жұрттың жанайқайы – жайылым жайы

Қулардың жерін қурай басты

Жасыратыны жоқ, елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жердің басым бөлігі санаулы «іскердің» иелі­гінде. Шұрайлы жерлерді меншіктеп алған­дардың кімдер екені де белгілі. Қалаған жерін түрлі жолмен меншіктеп, қоршап тастаған. Мақсатты пайдаланылмай, қурай басқан жерлердің көбі анықталса да ешқандай нәтиже байқалмайды.

Жайылымдық жер мәселесі 2015 жылдардан бері оқтын-оқтын көтерілгенін білеміз. 2015-2021 жылдары қанша гектар жердің мемлекет иелігіне қайтарыл­ғаны туралы деректердің басы ашық. Бірақ қайтқан жердің қандай мақсатқа қолданғаны туралы мәліметтер аз. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында жыл сайын мал жаятын өрістің азайып, көбі жекенің қолына өтіп кеткеніне баса назар аударған еді. «Жайылымдар, ең алдымен, ауыл тұр­ғындарына қолжетімді болуы керек. Жер­гілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйым­дастырмай отыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайы­лым таппай қиналуда. Жайылымның 99 па­йызы шаруа қожалықтарының иелігін­де. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жа­йылады. Қалған 46 млн га жа­йылым бос жатыр. Үкіметке Бас про­кура­турамен бірлесіп, осы жылдың соңы­на дейін осындай жайылымдарды қайта­рып алуды тапсырамын», деген еді Президент.

Статистикаға сүйенсек, еліміздегі жайылымдық жердің 80 млн гектары жарамды, 30 млн-ы деградацияға ұшы­ра­ған. Бас прокуратураның мәліметінше, 2019 жылдан бері 18 млн га бос және 3 млн га заңсыз берілген жайылымдар анықталған.

Жұмыс нәтижесі иелігіндегі жер телімдерін игеруге мүмкіндігі жоқ адамдар жасанды тапшылық тудыратынын көрсеткен. Салдарынан адал фермерлер мен ауыл халқы жайылымдарды пайдалану мүмкіндігінен айырылып, қолына құрық ұстап қалған. Жергілікті жерлердегі шаралар бойынша әкімдіктер қоғамдық жайылымдарды басқару жос­парларын бекіткен. Бұл – ауылдық елді мекендер маңындағы жайылымдық жер­лерді жеке адамдарға беруге жол бермеу үшін қолға алынған шара.

«Бүгінде елімізде шамамен 15 млн га қоғамдық жайылымдар жетіспей­тіні анықталды, бұл жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы проблемасын тудырады. Қалыптасқан жағдайды реттеу үшін биыл Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, Мемлекетке қосымша 5 млн га жерді қайтару жоспарланып отыр. Жергілікті жерлердегі шаралар бойынша әкімдіктер қоғамдық жайылымдарды басқару жоспарларын бекітті. Бұл ауылдық елді мекендер маңындағы жайы­лымдық жерлерді жеке адамдарға беру­ге жол бермеуге мүмкіндік береді», делін­ген Бас прокуратура таратқан мәлімдемеде.

Кірген ізі бар да, қайтқан із жоқ

Белгілі болғандай, жайылымдарды беру кезіндегі заңбұзушылықтар және тиісті бақылаудың жоқтығы үшін прокуратура органдарының қадағалау актілері бойынша 520 лауазымды адам, оның ішінде 42 адам мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттері үшін тәртіптік жауапқа тартылған екен.

Сарапшылар пайдаланылмай жатқан жер телімінің мемлекетке қайтарылған ізі бар да, қайтқан із жоқ екенін айтады. Олардың пайымынша, бос жатқан 18 млн га жердің 5 млн-ы, яғни 27 пайызының мемлекетке қайтарылғанының өзі – жеңіс. Ендігі жерде тәуелсіз сарапшылардың назары «Жекенің иелігінен өткен жердің ендігі тағдыры не болады? Жері жоқ аға­йынға қандай шарттармен беріледі, қолын­да қаржысы аз немесе мүлдем жоқ ағайын тағы да үлестен қалыс қалып қой­май ма?» деген тақырыптарға ауа бастады.

Экономика ғылымдарының докторы Қуаныш Айтаханов мемлекеттің жер саясатындағы олқылықтары жайылымдық тапшылығы, көші-қон, ішкі миграцияны реттеу мәселесіне кері әсерін тигізіп жатқанын айтып берді. «Мал өсіруге ықыласты ағайын жер тапшылығынан қолдағы малын қораға байлап бағатын жағдайға жетті. Көші-қон саясатын жайылымдық жерлерді немесе пайдаланбай жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару жұмыстарымен қатар жүргізу керек. Күні бүгінге дейін қазақ көшінің бетін солтүстікке бұру керек деген пікірлер жиі айтылады. Қазір солтүстікке қоныс аударамын деген әрбір отбасына кемі 100 гектар жерді жалға беруге мүмкіндік бар. Бірақ солтүстіктегі құнарлы жерлер  – ірі шаруалардың қолында. Солтүстік, орталық аймақтардағы жайылымдық жер мәселесін шешпей, демография, көші-қон немесе ішкі миграция мәселелері реттелмейді», дейді Қ.Айтаханов.

Оның айтуынша, сол кездегі олқылықтың орнын толтыруға Үкімет те мүдделі. «Қазір қандай жердің кімдерге тиесілі екенін анықтаудың да, оларды кері қайтарудың да тетіктері жеткілікті. Жер мәселесі, әсіресе пайдаланылмай жатқан жайылымдық жер мәселесін мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауында тұр. Егер осы түйін түбегейлі шешілсе, күні ертең ірі жер иеленушілердің иелегіндегі жер мәселесі де күн тәртібіне шығатыны анық», дейді ол.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Тепе-теңдікті теңселтті

Қ.Айтахановтың айтуынша, қазір қаржылық саясат, несие, тіпті лизингтік жүйе ірілендірілген шаруашы­лықтардың, ірі жер иеленушілердің пайдасына жұмыс істеп тұр. Елдің орталық, солтүстік аймақтарында бидай алқап­тарында жүрген комбайндарды, техникаларды ауылдағы ағайын бес-алты гектар жері бар алқабына пайдалана алмайды. Демек егер жер мәселесі, ауылдағы ағайынның пайлық үлесін қайта көтеру мәселесі туындаса, оған үлкен дайындықпен бару қажет. Басқаша болса, ауылдағы ағайын тағы да барынан айырылып, жер сипап қалуы әбден мүмкін. «Осыдан бес-алты жыл бұрын Қытай Халық Республикасына барып, ауылдағы фермерлердің жұмысымен танысып қайттым. Шаруалар егістік алқаптарында да, тіпті үй аулаларында үлкендігі ірі қошқардай шағын тракторлар­мен жерін баптап жүр. Қолдағы бес-алты гектар жерін игере алмай, жал­ға беріп жүрген ауылдағы ағайынға квази­сек­тордағы қаржы ұйымдары арқылы осындай техникалар алып берсек, жер реформасының күре тамырына қан жүгіреді», деп сөзін түйіндеді Қ.Айтаханов.

Экономика ғылымдарының докторы Әзімхан Сатыбалдиннің пайымдауынша, бүгінгі жер саясатының кейбір қателіктері тап алғашқы жылдардан басталған. «Үлес бөлу кезінде қолында билігі барлар жердің басым бөлігін өздеріне қаратып алып жатқан кездерде «Үкімет өлтірмейді» деген үміт басым болды, көз алдында өтіп жатқан заңсыздықтарға жайбарақат қарады. Кейін жабайы нарықтың беталысын байқап қалғандар «Банкроттық туралы» заң арқылы қалған жерді өздеріне қаратып, кейбір аудан, облыс көлеміндегі болашақтың қорына қалдырылған жер үлесін де ханталапайға түсірді. Жер реформасы арқылы қазақтан шыққан фермерлерді қалыптастырамыз деген үкілі үміт ірі жер иеленушілер мен кедейлер тобын қалыптастырды. Орта таптың үлесі әлі тым төмен», дейді сарапшы. «Елде жер реформасы жүріп жатқанда Мәскеуге жол түсті. Мәскеудің орталығында 4 бөлмелі пәтері, қызметі бар литвалық танысым бәрін тастап еліне кететінін айтты. Елінде жер реформасы басталып, әрбір азаматқа 10 гектардан жер үлестіріліп жатқанын естіген соң жат елде жаны байыз тауып отыра алмаған. Еліне барып, экономикасын көтеруге үлес қосып, балаларының болашағын тарихи Отанының болашағымен байланыстырды», дейді Ә.Сатыбалдин.

Қала ауылға инвестор болса...

Ә.Сатыбалдиннің айтуынша, жерді қайтару жұмыстарын партия жанынан құрылған жер комиссиясы емес, мемлекеттік құзырлы органдар жүргізуі керек. «Бұл үшін арнайы мемлекеттік құрылымдарды құрып, облыс, аудан әкімдіктері жанынан артық жерлерді анықтайтын басқармалар ашу қажет. Қазір мемлекетті монополиядан тазарту жұмыстары жалғасып, заңсыз жолмен қол жеткен активтері қайтарылып жатыр. Енді сол тәжірибені жер иеленушілерге қатысты қолдану керек», дейді ол.

Бұл жұмысты да кезең-кезеңмен жүргізу керек екенін айтады сарапшы. «Арқаны кеңге салуға болмайды. Қазақтың иен байтақ жері игерілмей бос жатыр деген фейк ақпараттан әлем құлағдар болып қалды. Күні ертең үйінің шатырына егіс егіп жүрген азаматтарды Қазақстанға уақытша қоныстандыру мәселесі әлемдік деңгейде көтерілуі бек мүмкін. Біз бұл міндеттерді халықтың табысын арттырумен қатар жүргізуіміз керек. Халыққа жер игеруге мүмкіндік беретін тетіктердің бәрін сыннан өткеру керек. Мысалы, басы артық қаржысына дүкен немесе қонақүй салып, өзіміздің азаматтарға 20-30 жылға жер жалға берілсін. Бұл қалалықтардың ауылға инвестор болуына жол ашады. Дәл қазір қазақтан шыққан фермерлер класын қалыптастыратын мүмкіндік туып отыр. Мұны уыстан шығарып алуға болмайды», деп сөзін түйіндеді Ә.Сатыбалдин.

Ал қаржыгер Мақсат Халық үлкен мегаполистердегі әлеуметтік проблеманың ушығып кетуіне жер тапшылығы себеп болғанын айтады. «Қазір ауылдағы жағдай қиын. Әкімдер нақты көрсеткішпен жұмыс істеу керек. Әке-шешесінің қарауындағы құстың ұясындай жерден тапқан табыс жыртығын жамауға жетпейді. Халқы тығыз қоныстанған оңтүстік аймақтарда аудандық немесе ауылдық жер қоры есебінен жайылымдық жер емес, пайлық үлес мөлшерін қайта қарайтын кез келді. Бұл міндеттерді қазір атқармасақ, күні ер­тең күрмеуі одан сайын күрделеніп кетуі мүмкін. Егер жайылымдық жер мәсе­лесі шешілсе, ауыл жастары ауыл шаруа­шылы­ғына бет бұрады. Біз Әділетті Қазақ­стан­ның экономикасын осындай жолмен ғана көтереміз», деп сөзін түйіндеді М.Халық.

 

АЛМАТЫ