Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2022

Өрт қаупінің алдын алу – өзекті мәселе

683 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы кездері солтүстікқазақстандық төтенше жағдайлар қызметі тілсіз жаудың алдын алу жұмыстарын қауырт жүргізуге мәжбүр болып отыр. Осы жылдың 8 айында облыс бойынша 2 300-ге жуық өрт болған. Бұл былтырғыдан 9 пайызға артық. Соның салдарынан 30 адам қаза болып, 542 адам эвакуацияланды. Ал өрттің эпицентрінде қалған 181 адам құтқарылды. Өрттің көбі тұрғын үйлерден шыққан.

Өрт қаупінің алдын алу – өзекті мәселе

Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Рамил Камаловтың айтуынша, бүгінге дейін 142 мың адам тұратын 53 мың ауланың өрт қауіпсіздігі тек­серілген. Тексерістер бары­сын­да 5 мыңнан астам өрт қауіпсіздігін бұзу дерегі анық­талып, 1 200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Тексеріс жұмыстарын жүргізуге облыс әкімі Құмар Ақсақалов бекіткен сызбаға сәйкес полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар өкілдері мен волонтерлер де тартылған. Әйтпесе, осынша ауқымды жұмысты жалғыз төтенше қызмет өкілдері еңсере алмаған болар еді. Сонымен қатар өрт қаупін еске салып, оның алдын алу істерін көрсеткен 77 мыңнан астам жадынамалар тұрғындар арасына таратылған. Ал БАҚ-та 1 025 ақпарат жарияланып, 26 брифинг өткізілген.

Өртпен ойнайтын көбінесе балалар мен жасөспірімдер. Оларға да тілсіз жаудың қаупін түсіндіру үшін 100-ден астам интерактивті және ашық сабақтар жүргізілген. Бұған 4 мыңнан астам оқушы қатыстырылған.

Облыста 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өрт қауіпсіздігі бойынша айлық жарияланды. Бұл іс-шараның бары­сында әлеуметтік әлсіз топ­тар­дың үй-жайлары бақы­лауға алынып, олардың пеш­тері мен мұржаларының қауіп­сіздігі тексеріледі. Жасы­ратыны жоқ, көбіне осындай топтардың үйлерінен өрт шы­ғып жатады. Әсіресе ащы суға бой алдырған жандар өрт қаупін аяқасты ете береді. Міне, сондай тұрғын үйлер арна­йы бақылауға алынады. 2022-2023 жылдардағы жы­лыту маусымында облыс бо­йынша осындай 4 448 үй есеп­ке алынған. Оларда 12 560 адам тұрады, соның 5 мыңнан астамы – бала. Өрт сөндіру қызметі жылыту маусымы басталғанда іске қосы­лып, улы газ немесе түтін шы­ға бастаса дабыл қағатын арнау­лы аппараттарды да осын­дай үйлерге орнатуда. 2020 жылдан бері соның 2 281-і орна­тылған. Бұл іс Қызылжар мен Уә­лиханов аудандарында жақ­сы жолға қойылған, қазір осы екеуінде мұндай аппараттар толық орнатылды. Петропавл қаласында бұл іс сылбыр жүруде, осыны ТЖД бастығы арнайы ескертетінін айтты.

Басқа облыстарда болма­са да Солтүстік Қазақстан­да облыс әкімі Қ.Ақсақалов­тың арнайы шеші­мімен Пет­ро­­­павлдағы құрылыс-эко­но­­­ми­калық колледжінде «пешші» мамандығын дайын­дайтын арнаулы курс ашылған. Мұнда пеш қалаудың қыр-сырын үйрететін арнайы мамандар сабақ береді. Әзірге биыл алты адам ғана пешші мамандығын игеріп, сертификат алды. Қазір мұндайға көп адам күле қарағанымен пешті кез келген адам тұрғыза алмайтынын ұғу керек. Түтін үйге тарамас үшін оны далаға тарту жолдарын тек мамандар ғана анықтай алады.

Өрт қауіпсіздігін сақтау­дың тағы бір амалы – ескі, құлау­дың аз-ақ алдында тұрған үйлерді сүру. Осындай үйлер­дегі пештер де әбден ескіріп, өрт қаупін тудыратыны анық. 

Облыс әкімдігі өрт сөн­діру қыз­метіне жіті назар аударып, бюд­жет қаражаты есебі­нен оның техникалық мүм­кін­­­ді­гін арттыруды үнемі назар­­да ұс­тайды. Соңғы бес жылда ғана 737 млн теңгеге 32 ар­нау­­лы өрт сөндіргіш тех­ни­ка­­­лар алынды. Тек былтырғы жыл­­дың соңында 8 өрт сөндіру ав­то­цис­терналары сатып алынды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы