Қарапайым халықтың түсінігінше отбасындағы ерлі-зайыптылардың ұрпақсыз өтуіне тек әйел ғана айыпты деп саналып келгені шындық. Бірақ, ғылыми-зерттеудің нәтижесінде әйелдің бала көтермеуінің үштен біріне еркек кінәлі екені анықталған. Сондықтан да бедеуліктің себебін білу үшін ерлі-зайыптылардың екеуінің де дәрігерге тексерілгендері жөн. Сонда ғана бедеуліктің кімге байланысты екені белгілі болмақ. Ал кейде, тіпті ері мен әйелін бірдей емдеуге тура келіп жатады.
Әйел бедеулігінің себептеріне келсек, әйелдерде болатын бедеулік екі түрде кездеседі. Оның бірі – өмірлік бедеулік. Бұл ешқандай емдеуге көнбейді. Екіншісі, емдеуге болатын бедеулік. Егер тұрмысқа шыққан әйел үш жылға дейін себепсіз бала көтермесе, оны “бедеу емес пе?” деп күдіктену дұрыс емес. Өйткені, жаңа тұрмысқа шыққан әйелдердің он пайызы үш жылдан кейін ғана бала көтере бастайтындығын ғылым дәлелдеп отыр. Ал, кейбір әйел бір бала көтергеннен кейін қайтадан босанбай қалуы мүмкін. Бедеуліктің бірінші түріне ем қонбайтын себебі – әйелдердің жыныс мүшелерінің өсіп, кемеліне келмеуі немесе олардың туғаннан кеміс болып жаралуы. Бірақ, бедеуліктің бұл түрі өмірде сирек кездеседі. Кейде әйелдің жыныс мүшесі әдеттегідей жетіліп туғанымен де өмірде кездесетін түрлі қауіпті аурулардың әсерінен оны сақтау үшін әйелдің жатырын, яки түтігін немесе аналық безін операция жасап, алып тастауға тура келеді. Әрине, мұндай әйел бала көтеру мүмкіншілігінен айрылады. Сөйтіп, бедеулікке душар болады. Дегенмен де дәрігерлік тәжірибеде емге көнбейтін үмітсіз бедеулік сирек ұшырасады. Бала көтермеудің себептері аз емес. Тіпті, режімсіз ішкен бірыңғай тағам, әсіресе онда А,С және Е тәрізді құнды витаминдердің жетіспеуінен жыныстық бездерінің қабілеті бұзылады...
Туберкулезбен ауырған әйелдің де бала көтеру қабілеті бұзылады. Алайда, әйел негізгі науқасынан жазылғаннан кейін бедеулігі жойылып, бала көтереді. Сондықтан да туберкулезден әбден айыққанша, емделудің маңызы зор.
Жыныс органдарының қабынуы да әйелдерді бедеулікке жиі ұшыратады. Өйткені, қабынған ағзаның тіндері қатты өзгереді. Олар бір-біріне және көрші ағзаға жабысып қалады. Міне, осының салдары еркек ұрығының (сперматазойд) әйелдің ұрығымен кездесуіне үлкен кедергі жасайды. Егер жатыр қанатының түтігі қабынса, онық қуысы бітеледі, сөйтіп еркектің ұрығы әйелдің ұрық клеткасына өте алмайды. Сол секілді жатыр мойнының сілекей қабығы қабынғанда да (эндоцервит) әйел бала көтермеуі мүмкін. Қабыну үдерісінде жыныс мүшесі сұйық затын көбірек бөледі. Ол сұйық зат ұрықтың жолын бөгейді. Тіпті, оның қышқыл қасиеті күшті болғандықтан, еркектің тұқым клеткаларын жойып жібереді. Бұл секілді жағдай жатыр мойнының жалағында да (эрозия) жиі аңғарылады. Өйткені, жалағы бар қынапқа жиналған ірің еркек ұрығын өлтіріп жібереді де, әйел бойына ұрық бітірмейді.
Жатыр ішіндегі сілекей қабығының қабынуы (эндометрит) еркек пен әйел ұрығының қосылуына кедергі жасамайды. Бірақ сол тұқымдық екі клетка қосылуынан пайда болған ұрық-клетка жатырдың ауырған сілекей қабығына жабысып, табиғи жағдайдағыдай өсе алмайды. Әйелдің бала көтермейтіндігінің тағы бір себебі осы.
Кейде дәрігерсіз өз бетімен бала түсіргеннен кейін (аборт) қабыну үдерісі басталады. Ғылыми дерек бойынша, бедеуліктің 70 пайызы осы өз бетімен бала түсіргенге байланысты. Әсіресе, тұңғыш көтерген баланы алдыру өте қауіпті, себебі – ондай әйел өмір бойы бедеу болып қалуы ықтимал. Сондықтан да себепсіз абортқа бару, әсіресе, оны дәрігерлік мамандығы жоқ адамға жасату әйелдің өміріне қауіп туғызады.
Еркек бедеулігінің себебі неде? Еркектің ұрығы клеткалардан тұрады. Олардың бір милилитрінде 60 миллиондай ұрық болуға тиіс. Егер ұрықтар саны одан кем болса, ондай ұрықтың бала жасауға шамасы келе бермейді. Жыныс клеткаларының кемдігі, яғни оның болмауы (азооспермия) кейбір ұзын бойлы, қыл мойын, жас жігіттерде жиі кездеседі. Бұл секілді жағдай олардағы уақытша құбылыстың, болмаса тұрақты бедеуліктің белгісі болуы мүмкін.
Кейбір адамдардың жыныс қатынасы мен ішімдікке құмарлығы, денедегі қоректік заттардың алмасуының бұзылуы немесе сульфамиды секілді дәрілерді дәрігердің бақылауынсыз өз бетімен ұзақ ішуі де ұрықтың сапасын кемітеді, қасиетін жояды.
Ұрықтың тіршілігін, оның санын және қабілеттілігін тек лабораториялық зерттеу арқылы ғана анықтауға болады. Айталық, микроскоппен қарағанда, жыныс клеткалары шабан қозғалып жүрсе, олардың бала болуға шамасы келмейтіндігін аңғартады.
Әйелдердегідей еркек бедеулігінің тағы бір себебі, жыныс органдарының қабынып ауруына байланысты. Әсіресе, дұрыс емделмеген және асқынған соз ауруы еркекті бедеулікке жиі ұшыратады. Кейде бала кезде болған жыныс органының жарақаттануы да тіпті ол асқынбаса да, ұрық шығаратын жыныс бездерінің қабілетін нашарлатады. Мұндай еркектің жыныс қатынасында өзгеріс болмаса да әйелінің бала көтермеуі ғажап емес. Сондықтан жастарды төбелестен және жыныс мүшесіне зиян келтіретін қимылдардан сақтай білу қажет болады.
Бедеулікті емдеу медицинадағы күрделі мәселенің бірі.
Бедеулікті емдеп жазу оңай емес. Кейде оған ұзақ жылдар керек. Сондықтан біздің айтар кеңесіміз, дәрігердің белгілеген емін орындау, емнің ақырына шыдау мақсатқа сөзсіз жеткізеді.
Маржан ЖАҚЫПОВА, Жанат АНЕТОВ, дәрігер-гинекологтар.
МЕКТЕП ИНСПЕКТОРЫ
Солтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаментінде тәртіп күзетінде жүрген 303 әйел бар. Біз бүгін Петропавл қалалық ІІБ Кәмелеттік жасқа толмағандар бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Бәшенова Роза жайлы әңгімелесек деп отырмыз.
Розаның ішкі істер органдарында қызметте жүргеніне алты жыл болды. Ол қызметті Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавлдағы Бензострой ауданында орналасқан №24 қалалық мектепте мектеп инспекторы болып бастады. Бес жыл осы мектепте қызмет атқарған Розаның жұмысына ұстаздар қауымы үлкен баға беріп отыр. “Мектебімізде тәрбиесі төмен балалар аз болған жоқ. Роза болса бұл балалармен күні-түні жұмыс істеп, оларды дұрыс жолға қоюға тырысты. Күндіз мектеп қабырғасында оларды бақылауда ұстаса, кешке қарай мекен-жайлары бойынша аралап, немен айналысып жатқандарын тексеріп өтетін. Түнде көше қаңғырып жүрген балаларды үйлеріне апарып, ата-аналарының қолдарына тапсырады, бала тәрбиесіне дұрыс көңіл аудармайтын ата-аналармен алдын алу жұмыстарын жүргізіп, балаларының болашақтарын ойлауға шақыратын, – дейді мектептің әлеуметтік ұстазы – Розаның біздің мектептен басқа мектепке инспектор болып ауысып кеткеніне бір жылдан асты. Ал біз әлі күнге дейін оны мектепке шақыртып, көмек көрсетуді сұраймыз”.
Роза қазір қаланың басқа ауданында орналасқан қазақ мектеп гимназиясында жұмыс істейді. Бұл мектептің ашылғанына үш жылдай ғана уақыт болды, сол себепті жаңа мектепке тәжірибесі мол инспекторды жіберуге шешім қабылданып, Роза осында жіберілді. Розаның айтуынша, бұл мектепте 903 бала оқиды. Мектеп оқушылары арасында кері қылықтары үшін тіркеуде тұрған жасөспірімдер жоқ.
“Жұмыс барысында біз балаларға байланысты әр түрлі жағдайлармен кездесеміз, – дейді Роза. – Баланың дұрыс өсуі, болашақта жақсы азамат болуы, оны қоршаған ортаға байланысты. Ата-аналары спирттік ішімдіктер ішсе, қасындағы құрбылары жастайынан әртүрлі нашар іске әуес болса, онда бұл баланың болашағы қандай болмақ. Кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспектор болғасын, біз көбіне осындай балалармен жұмыс істейміз. Әрине, баланың аты бала, өкінішке қарай кейбір ата-аналар бала тәрбиесімен мүлдем айналыспайды, оларға дұрыс көңіл бөлмейді. Сондықтан бұндай балалар бақылаусыз қалып, ойларына келгендерін істеп жатады. Жаман әдетке тез үйреніп, кейде тіпті қылмыскерлер қатарын толықтырады. Ал бала үшін ата-анасының қамқорлығы өте маңызды. Сол себепті біз ата-аналармен де ұдайы жұмыс жүргіземіз. Олармен алдын алу әңгімелерін өткізіп, әкімшілік жауапкершілікке де тартамыз. Ата-ана құқығынан айыру бұл ең соңғы шара. Балаға әке-шешесінен артық адам жоқ екенін айтып та керегі жоқ. Бірақ, балаларының мектепке бармайтынына көңіл бөлмей жүргендерін қоя тұра, оларды дұрыс киіндірмей, дұрыс тамақ бермей, өздері азғындап бара жатқан ата-аналар да кездеседі. Бұл жағдайда, әрине, балалардын өмірлеріне, болашақтарына қауіп төніп тұрғасын, олардын әке-шешелеріне қатысты ата-ана құқығынан айыру шарасын қолдануға тура келеді.
Баланың жақсы өсіп-жетілуін үйде ата-ана, ал мектепте ұстазы, мектеп инспекторлары қадалаған жөн. Сондай-ақ, баланың күнделікті мінез-құлқын бақылап, достарына да қарау керек. Сол себепті мектеп инспекторларының қызметі өте маңызды, ол үлкен жауапкершілікті талап етеді”.
Қызметтен бос уақытты Роза үйінде күйеуі Досанмен және баласы Дамирмен өткізгенді жақсы көреді. Және де гүл өсіріп, оларды күтумен шұғылданады. Оның үйінен әртүрлі гүлдерді көруге болады. Бала кезімнен гүлдерді жақсы көремін, жұмыстан шаршап келгенде осы гүлдер менің көңілімді көтереді, оларға өз сырларымды да айтып отырамын, – дейді Роза.
Розаның ойынша, ана қандай жағдайда болмаса да, жұмыс барысында болсын, үй шаруасында болсын өзін әйел ретінде санауы керек. Рас-ау, балаға анадан жақын адам бар ма?!
Қанат ҚАСЕНОВ, СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.