Мазмұнды іс-шараны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ жүргізіп, оқырманға жол тартқан жаңа кітапта қазақтың соңғы ханы Кенесарының тағдыры мен ол өмір сүрген тарихи кезең айшықты суреттелгендігін жеткізді.
Трилогияның бас қаһарманы – халық, Кенесары кейпіндегі азаттық аңсаған халық. Көркем туындыда Қазақ хандығының байрағын биіктеткен айбынды Абылай бабамыздан бастап, оның соңғы ханы – Кенесарының қаза болғанына дейінгі және одан кейінгі дәуір қамтылған. Сүйекті шығармадан Әз Бөгенбай, Таймас, Әбілғазы ақылмандар, Ағыбай, Наурызбай, Иман, Жоламан, Жанқожа, Есет, Тәнеке батырлар, Нысанбай жырау, Байзақ, Батырбек датқалар секілді және Сыздық сұлтанның халқымыздың азат ел болып өмір сүруі мен бұқараның басын біріктіруге қаншама еңбек сіңіргендігін пайымдайсыз.
Таныстырылымда байыпты баяндама жасаған академик Уәлихан Қалижанұлы ұлт тарихындағы Абылай хан мен Хан Кененің, сондай-ақ азаттық жолында басын бәйгеге тіккен асыл ерлер туралы салмақты ой қозғады. «Заман бір орнында тұрмайды. Тарихтағы аласапыран қазақты талай сүргіленге салды. Жоңғардың қырғыны, патша басқыншылығы, оның соңын қызыл империя жалғастырды. Үш жарым миллион қазақ қырылды. Ұлт зиялылары атылды, жер аударылды. XX ғасыр қазақтың әрі өшу, әрі өсу ғасырына айналды. 1986 жылғы студент –жастардың Желтоқсан көтерілісі сөніп бара жатқан ұлттық рухты қайта тірілтті. Кенесары бабаның рухы әлі тұрақтай алмай жүр. Ұлттың рухы Қайрат Рысқұлбековті, Ләззат Асанованы тарих сахнасына шығарды. Хан Кененің киесі осы залда да тұр. Оны жеткізген жазушы, қайраткер, тәуелсіздіктің рухын көтеріп, трилогиясын ұсынып отырған Әділбек Ыбырайымұлы» деп жоғары баға берген ғалым өз баяндамасында Башқұрт ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті көсемі Ахмет Зәки Уәлидің өз ұлтына аманат етіп қалдырған бір сөзін мысалға келтірді. «Башқұртым ел болам десең, сен қазақтан қол үзбе. Өйткені қазақтардың дербес мемлекет құру дәстүрі бар. Кенесары тәрізді азаттыққа шақырған қаһарман ханы бар. Ол болашақта сөз жоқ, тәуелсіздік алады. Сонда сен башқұртым орыстың құшағында қалып қойма» депті башқұрт көсемі.
Одан кейін сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров қоғамды бір енжарлық жайлап алғандығын айта келіп: «Трилогия өмірге келді деген үлкен дүние. Ертеде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері» жарыққа шыққанда бүкіл қазақ зиялылары қуанған. Енді соңғы жылдары трилогия түгілі әңгімені повесть деп, повесті роман деп шатастырып жүргенде үш кітапты бірдей жазып тастаған қаламгер ініме таңғаламын» десе, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы: «Кенесары хан туралы жақсы роман жазылу керек деп жүр едім. Ол туған халқының арман-мүддесі, тағдыры, еркіндігі жолында басын құрбандыққа шалды. Мұндай ерен ерлерді халық ешқашан ұмытпайды. Тарихшылар тарихымызды әр қырынан індете зерттеп жатқанын білемін. Енді ғылыми лабораториядан шыққан сол дүниені өндіріске енгізу керек. Оны енгізетін әдебиет. Міне, соның бір белгісі ретінде тарихи романды қолымызға ұстап отырмыз», деді.
Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп кітап авторы әдебиетке тегеурінді, қуатты, адам жанын тербейтін жыр жинақтарымен келгендігіне маңыз беріп: «Ақындық деген – рух. Марқұм Ақселеу ағамыз айтқан еді: «Кітап деген қыз бала секілді. Ұзатылған қыз бала қайда барады, кімнің қолына түседі, бағы жана ма – соның барлығы да тағдырына байланысты деп. Сондықтан бір емес үш кітапты, яғни үш қызды ұзатып отырған тойыңыз құтты болсын! Тұжырып айтқанда, осы Астана елорда болғанда ең алғашқы ескерткіш Кенесарыға қойылды, енді бүгін Астана қайтадан астана болғанда Әділбек үш томдық еңбегімен Хан Кенеге тағы бір ескерткіш қойып отыр» деп жиылған жұртты бір серпілтсе, Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай жазушылардың барлық уақытта да алда жүретіндігін сөз етті: «Сонау Кеңес дәуірінде де тарихшылардан бұрын, осы Ілияс Есенберлиннен бастап, жазушылар көп дүниені бірінші шығарды. Енді Жаңа Қазақстанда да жазушылар алға шығып, соны көрсетіп отыр. Әділбектің тәуелсіздік тұрғысынан алып жазып отырған тарихи трилогиясы, шындығында, қомақты дүние. Анығын айтқанда, өркениетті елдердің тарихына үңілгенде олардың көрші мемлекеттермен ара қатынасын терең ашып жазбағандығын байқаймыз. Ал автордың біздің өзбекпен, қырғызбен ара қатынасымыздағы тарихи, әдеби -мәдени жағдайларды қазіргі азаматтар санасының сүзгісінен өткізіп жазғаны – меніңше, болашағымызға да, өзіміздің кім екенімізді тануға да әсері тиеді деп ойлаймын» деп көлемді шығарма жазған қаламгерге жылы ілипатын білдірді.
Әдеби шара аясында «Семсер жүзіндегі серт» атты үш томдықтың тұсауы кесіліп, сондай-ақ Мәди Айымбетов, Әлімжан Құртаев, Роза Мұқанова, Несіп Жүнісбаев, Талғат Батырхан, Айгүл Кемелбаева және басқа да зиялы қауым өкілдері тарихты тереңнен қозғап, баһадүр бабалар рухын жаңғыртқан трилогия туралы пікірлерін білдірді.
Кеш соңында туынды авторы Әділбек Ыбырайымұлы жиналған қауымға шығарманың жазылу тарихын қысқаша айтып өтті.
«Романның «Семсер жүзіндегі серт» деп аталуы, сол кездегі бабаларымыз бүкіл сертін қылыштың жүзін сүйіп бекіткен. Ал Кенесары басы шабылар сәтінде «Қылша мойным семсердің жүзінде тұрғанда серт етем, орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат! Солар рухымды қайта тірілтеді, басқыншылыққа қарсы күресімді қайта жалғастырады! Қазақты осал жұрт демеңдер, жауын алмай қоймайды! Хан Кене құласа да, қазақтың туы жығылмайды!» деп, ұрпағына Тәуелсіздік жөнінде аманат қалдырды. Аманат, Кие, Серт, Рух бізді асқақ биіктерге апарады» деп осы іс-шараны ұйымдастырған Ұлттық академиялық кітапхана ұжымына алғысын айтты.