Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2022

Мәнері бөлек Маңғыстау

544 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Маңғыстау өңірінің қолөнер туындылары өзіндік үлгісімен ерекшеленеді. Бағзыдан мал шаруашылығын басты бағыт еткен өлкеде төрт түлік өнімдерін азық-түлік етіп пайдаланумен қатар, тұрмысқа, тіршілікке қажетті бұйым ретінде тұтыну да кең қолданысқа ие.

Мәнері бөлек Маңғыстау

Жүн сабау мен түту, талдырма басу, ою ою, түр салу, киіз бен текемет басу, өрмек тоқу, түбіт өңдеу, ұршық иіру, алаша, сырғалақ пен бау-басқұр тоқу, тері өңдеу, көрпе құрау, киім тігу, тоқыма тоқу, зергерлік бұйымдар мен ағаш бұйымдар жасау – қай-қайсысы да Маңғыстауда өте жоғары деңгейде дамыған. Яғни қолөнер бағыты шеберліктің шыңын бағындыра өркендеді. Еш жерде білім алмаса да атакәсіпті уақыт талабынан қалдырмай түрленте дамытып жүрген шеберлердің еңбегі зор. Жабдықтау мен безендіруде қиял мен қол шеберлігін қабыстыра жұмсап, озық үлгілерге қол жеткізген маңғыстаулықтардың киізүй ұстауы мен жасантуы көпке танымал.

Өңірде туризм заман талабына сай негізгі бағыттардың бірі ретінде танылып келеді. Бұл тек табиғи ерекшеліктерді емес, өңір тұрғындарының ұлттық ұстынын, өнімін, қолөнерін таныту арқылы ұлт тарихы мен мәдениетін, дүниетанымын, ой-өресін танытуға мүмкіндік береді. Ақтауда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында алғаш рет ұйымдастырылған форумның мақсаты – өңірдегі қолөнершілердің басын біріктіріп, бүгінге жеткен қолөнерді шетелдерге экспорттауға бағыт-бағдар беру. Аталған форум қолөнер сала­сын­дағы жетістіктерді көрсетумен бір­ге өзекті мәселелерді анықтауға сеп болды. Облыс аумағынан 70-тен астам кә­сіп­кер қатысқан көрме-жәрмеңке «Маң­ғыстауда қазақ ұлттық кодын сақ­тау­дың кепілі ретінде қолөнершілікті жандандыру және этнотуризмді дамыту» тақырыбындағы өңірлік форумға ұласты.

Жиынға JICA жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігінің сарапшысы, Қырғыз Республикасындағы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының бас консу­ль­танты Акихиса Харагучи, Қа­зақстан қол­өнер­шілер одағының президенті Айжан Бекқұлова бастаған отандық, ше­телдік сарапшылар мен мамандар, қо­нақтар, шеберлер мен тұрғындар қа­тыс­ты.

– Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан Маңғыстау елінің күн­де­лік­ті тыныс-тіршілігінде ұсталар басты рөл атқарған. Темірден түйін түйген олар ел сұранысын орындап, өткен ға­сырдың алпысыншы жылдарына дейін ауыл шаруашылығында негізгі жұмыстарды атқарды. Сонымен қатар өңірімізде қолөнер шеберлерінің басым көпшілігі киізүй жабдықтарымен айналысады. Қазақ халқының төл өнері – қолөнердің жаңғыртылуы ұрпақтан-ұрпаққа тарала бермек. Мәңгілік мұра етіп қалдырған қолөнерімізді жол ортаға тастамай келешек ұрпақтың бойына сіңіру баршамызға парыз. Әрбір дүниенің, әрбір бұйымның қандай шеберлікпен, еңбекпен жасалғанын бүгінгі ұрпақ сезіне білуге тиіс. Әрине, заман талабына сәйкес ата мұрасын жастарға жаңа бағытта ұсыну мен дамытуды кәсіпкерлікпен ұштастыру, жаңғырту, қазына көзіне айналдыру қажет. Осы тұста этнотуризмді қолға алып, қолөнершілікті үйреніп қана қоймай, одан табыс табуға да қолдау керек. Осы мәселе бойынша бірге жұмыс істеуіміз тиіс, – деген Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев келесі жылы қолөнершілерге бө­лі­­нетін грант саны көбейетінін жет­кіз­ді.

Форум барысында Достық үйі ғима­ра­тының алдында киізүйлер құ­ры­­лып, 100-ден аса қолөнер шебе­­рінің бұйымдары көрмеге ұсы­ныл­ды. Маңғыстау облысындағы қол­өнер­ші­лік­тің қазіргі жағдайы, этно­ту­ризмнің болашағы туралы «Қол­өнер­ші­лік және табыс» тақы­ры­бын­да спикерлер ке­ңі­нен баяндап, саланы дамыту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

– Қазақтың ұмытылып бара жат­қан қолөнерінен семинар, тренинг, тәжіри­бе­лік жұмыстар жүргізіліп, бірқатар үйренушіге көмек қолын создық. Әрине, бұл ретте бір реттік семинар, тренингтер аздық етеді, өміршең іс жүргізу үшін ұлттық қолөнерді жылдар бойы дамыту, ұрпаққа үйрету, насихаттау шарт. Біздің ұсынысымыз соңғы жылдары жоғары орындардың назарын аудартып, сең қозғалды. Өңір қолөнерін қолдаушылар Ақтау қаласынан шеберлер орталығын ашу бастамасын 2017 жылдан бері облыс басшыларына айтып келеді. Бұл ұсынысымыз биыл қолдау тауып, теңіз жағалауынан орталық ашуға мүмкіндік алдық, – дейді Маңғыстау облысы қол­өнершілер одағының президенті Әуес Сағынаева.

са

Форум аясында қолөнерді кәсіпке ай­н­алдырып, табыс табумен қоса, аза­мат­тарды жұмыспен қамтып отыр­ған шеберлер өңірдің әлеуметтік-эко­но­ми­калық дамуына қосқан үлесі үшін Маңғыстау облысы әкімінің Алғысхатымен марапатталды.

– Қазақ өнерін көріп таңғалдым, керемет дүниелердің куәсі болдық, эко­логиялық таза өнімді тұрмыста пайдаланып, кәдеге жарату әдістеріне зер салдық. Бізбен бірге бірнеше сарапшы мамандар келді. Байқауымызша, екі елдің бір-бірінің мәдениетінен, қолөнер бұйымдарын жасаудан үйренер тұстары көп. Біз де өз тәжірибемізбен бөлісіп, ұтымды әдістерді үйретуге, шеберліктерін арттырып, туындыларын шетке экспорттау үшін бірлесе жұмыс жүргізуге, ақыл-кеңес беруге дайынбыз, – деді JICA агенттігінің бизнесті жылжыту жөніндегі кеңесшісі Митсуо Мураяма.

Маңғыстау қолөнерінің бүгінгі дең­ге­йін таразылауға, көкжиегін кеңейтуге арналған форум мағыналы, әр шебер өз туындысын көпшілік назарына ұсынған көрме қызықты өтті.

Қазақтың қолөнерін заманауи тұр­ғы­дан дамытып, үлкен нарыққа алып шығуға ынталы қолөнер шеберлерінің ниеті ізгі, ісі үлгі.

 

Маңғыстау облысы