Саясат • 22 Қыркүйек, 2022

Салық жүктемесі азаяды

1127 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Салық кодексіне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

Салық жүктемесі азаяды

Атап айтқанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да мін­детті төлемдер туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжат жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Ведомство басшысының ай­туынша, заң жобасында бірнеше мәселе ескерілген.

«Бірінші блок – еңбекақы қорына жүктемені азайту. Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жол­дауын­да жиынтық жүктемені азайта оты­­рып, микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірың­ғай төлемді енгізуді тапсырған болатын.

Қазіргі уақытта еңбекақы қорынан мөл­шер­лемелері, есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлем төленеді. Бұл төлем­дерді бір төлемге біріктіру ұсыны­лады. Әлеуметтік аударымдар мөлшері қыз­­мет­­керлерге төленетін болашақ төлем­дерге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр.

Бірыңғай мөлшерлемеде міндетті зейнетақы жарналарын енгізу және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің өсуі ескеріледі. Төлемді арнаулы салық режімдеріндегі микро және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданады. Сома бірыңғай жиынтық төлем тетігіне ұқсас бөлінеді. Осылайша, бірыңғай төлем салықтар мен еңбекақы төлемдерін есеп­теуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді», деді Ә.Қуантыров.

Түзетулердің екінші бағыты сала­лық заңнамалардағы өзгерістермен байланысты. Жеке тұлғалардың банкрот­тығы кезінде салық салу мәселелерін реттеу қарастырылған.

«Мәселен, банкрот деп тану үшін сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баждың мөлшерін, сондай-ақ берешекті есептен шығарған жағдайда салық тәуекелдерін алып тастауды анықтау ұсынылады. Келесі норма жер қойнауын пайдалану саласына қатысты. 2024 жылдан бастап мемлекеттік балансты жүргізу тоқтатылады. Қорлар жаңа жүйе бойынша бағаланады. Осыған байланысты пайдалы қазбаларды өндіру салығын салу объектісі өзгертілмек», деді Ә.Қуантыров.

Министрдің сөзіне сүйенсек, түзету­лердің келесі бөлігі отандық тауар өндіру­шілерді ынталандыруға бағыт­талған. Балық аулау кәсіпорындары балықты өңдеу кезінде қосылған құн салығын 70 пайызға азайту жоспарда бар. Қазір мұндай жеңілдікті балық өсіруші қожалықтар қолданады.

«Қант өндірісін ынталандыру үшін шикі қант импортын қосылған құн салығынан босату, сондай-ақ қант өндіру­шілер үшін қосылған құн салығы бойын­ша жеңілдіктің қолданылу мер­зімі ұзартылады. Келесі норма тазар­тылған алтынды сатуға қатысты. Қазір Ұлттық банкке мұндай алтынды сатқанда қосылған құн салығынан босатады. Осы норма алтынды зергерлерге де сату кезінде қолданылады. Сондай-ақ электр желілерін ірілендіру мәселесі шешіледі. Энергия беруші ұйымның электр желілерін өтеусіз алуы кезінде салық міндеттемелерінің туын­дауын болдырмау ұсынылады.

Түзетулердің төртінші блогі көлік жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған. Теміржол көлігі саласында нөлдік тарифті қолдана отырып, жолаушыларды тасымалдаушыларға магистралдық теміржол желісі қызметтерін көрсету кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген. Азаматтық авиация саласында сертификаттар бергені үшін алымдарды алып тастау бойынша нормалар енгізіледі, өйткені қызметтерді өзін-өзі қаржыландыратын ұйым көрсетеді. Сондай-ақ транзиттік әуе кемелеріне жанармай құю кезінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдануды кеңейту ұсынылады. Қазір жеңілдікті тек әуежайлар қолдана алады. Автомобиль тасымалдарын дамыту үшін шығарылған жылы 7 жылдан аспайтын ершікті тартқыштарды бастапқы тіркеу үшін алымнан босатылады», деді ведомство басшысы.

Бесінші бағыт жеке тұлғалардың төлемдеріне қатысты. Тіркеу функция­сын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беруге байланысты азаматтық хал актілерін тіркеу үшін төлемдер алып тасталмақ.

«Беттер санына байланысты Қазақ­стан азаматының паспортын беру үшін мемлекеттік баждың сараланған мөл­шер­лемелері, сондай-ақ балалар үшін мем­лекеттік бажды 2 есеге төмендету ұсынылады. Бұдан басқа, чек бермеу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу, ипотекалық кредит бойынша берешекті есептен шығару, жалдау құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алған кездегі салықтық тәуекелдер алып тасталады.

Алтыншы блок – салықтық әкімшілендіру мәселелері. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін тиісті сақтық қағидатын енгізу ұсынылады. Бизнес субъектілері өздерінің контрагенттерінің адалдығын тексе­реді, осылайша тиісті сақтықты көрсе­теді. Сондай-ақ салықтық әкімші­лен­діруді оңайлату, сондай-ақ нақтылау және редакциялық сипаттағы нормалар қарастырылған», деді Ә.Қуантыров.

Бұдан бөлек, жалпы отырыс барысында «2011 жылғы 19 желтоқсандағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыс­тық жолмен алынған кірістерді заңдас­ты­ру­ға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификация­лау туралы» заң жобасы талқыланды. Бұл құжат жөнінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.  Бұл Хаттамаға 2021 жылғы 20 шілдеде Мәскеу қаласында қол қойылды.

«Хаттамамен Кеден одағының кеден­дік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы 2011 жылғы 19 желтоқсандағы шартты Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шартқа және Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы 2017 жылғы 11 сәуірдегі шартқа, сондай-ақ оларда қолданылатын терминология мен ұғымдық аппаратқа сәйкес келтіру бөлігінде өзгерістер енгізіледі», деді Е.Жамаубаев.

Жиында «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістер­ді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Министр Е.Жамаубаевтың айтуынша, Келісімге 2021 жылғы 20 шілдеде Мәскеу қаласында қол қойылған.

«Осы Келісімді әзірлеудің мақсаты – жеке тұлғалардың қолма-қол ақша қаражатын Еуразиялық экономикалық одағынан шетелге өткізу бойынша ақпарат алмасу. Келісімде кедендік Еуразиялық экономикалық одақ арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу тәртібі айқындалған.

Ақпараттық өзара іс-қимыл Еуразия­лық экономикалық одаққа мүше бір мем­ле­­кеттің уәкілетті, құқық қорғау және кеден органдарының екінші мүше-мем­ле­кеттің жауапты органына сұрау салу­лары бойынша жүзеге асырылады. Алма­су жолаушылардың кедендік декла­ра­циясында және тауарлар декларациясын­да жеке тұлға мәлімдеген ақпарат ұсынылады.

Өзара іс-қимыл жасау тәртібінде сұрау салудың мазмұны, оны орындау мерзімдері, оған қол қоюға уәкілетті лауазымды тұлғалар, сондай-ақ сұрау салуды орындаудан бас тарту мүмкін жағдайлары көзделеді. Келісімде өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу шеңберінде алынған ақпараттың құпиялылығы, оны қорғау, сақтау және жою туралы нормалар, сондай-ақ мұндай ақпарат рұқсатсыз таратылған жағдайда мүше мемлекеттер қабылдайтын шаралар қамтылады», деді Қаржы министрі.

Сондай-ақ жалпы отырыс барысында Жетінші сайланған Мәжіліс өкілеттіктерін іске асырудың үшінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспары туралы баян­далды.

Бұдан бөлек, Мәжіліс бірқатар заң жобасын жұмысқа алды. Жалпы отырыс соңында депутаттар тиісті мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауал­дарын жолдады.