Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2022

Тірлігінің кенеуі кеткен Тегістік

2394 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Ескі «Хонда» көлігі асфальт жолдың апшысын қуырып, жүйткіп келеді. Бағытымыз – Ресеймен шекара түбінде орналасқан Тегістік елді мекені. Рульдегі Ерғанат есімді азамат әлгі ауылда туып-өскенін, қазір қалада тұрақтаса да туған топырағына аңсары ауып тұратынын айтады.

Тірлігінің кенеуі кеткен Тегістік

Суреттерді түсірген автор

Облыс орталығынан шық­қанда тұп-тура 220 шақырым жүреміз деп ескертіп те қойған. Алдыңғы орынға жайғасып алып, жүргізуші жігіттен бағыт түзеген өлке жайында асықпай сыр суыртпақтай бастадым.

Тегістік – қазығы ерте заманнан қағылған, бүгінде қаңсып қалған Аралдың күйін кешкен, көнерген қазақ ауылы екен. Тереңкөл өңіріндегі елді мекендердің көбі орысшаға жүйрік, мектептерінің басым бөлігі аралас екені мәлім. Бұл жерлерге тың игеру жылдары өзге ұлт өкілдері көп шоғыр­ланып, жергілікті халықтың тілі де, мәдениеті де өзгеріске ұшыраған. Көп ауылдағы қаракөздеріміздің бойынан ұлтымызға тән ұшқын таба алмайсыз. Ал Тегістік жұртының жөні бөлек, кезінде қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы болыпты. Мектебі де ана тілімізде білім беріп, одан түлеген түлектер бүгінде өмірдің әр саласында абыройлы қызмет етіп жүр.

Тереңкөлге жете бергенде кілт шы­ғыс­қа бұрылып, Жаңақұрылыс ауылдық округін бетке алдық. Аудан орта­лығынан асқалы жолай кездескен барлық ауыл біткеннің атауы орысша Ивановка, Львовка, Фрументьевка, Березовка, Воскресенка, Трофимовка деп жалғасып кет­е береді. Атаулардың барлығы оно­мас­тикалық өзгерістерге сұранып тұр. Трофимовка – Жаңақұрылыс округінің орта­лығы болып саналады. Оған табан тіре­генде «Тегістік» деген бағыттағыш бел­гі көзімізге жылыұшырай кетті. Бұл жер­де асфальт та бітіп, кәдімгі дала жолы басталды. Тегістікке дейін тағы 18 ша­қырым екен.

Байқаймын, соңғы екі аптада аспаннан бір тамшы жаңбыр тамбаса да, жайдақ жолдың ойпаң тұстарында әлі күнге су жатыр. Жолдың екі жағы егіс­тік жер, жаңбыр жауса, ортасына қақ тұ­ра­тыны, жеңіл көліктердің бұл жерден өте алмайтыны белгілі ғой. «Бұл жолмен көктем мен күзде жүру мүмкін емес. Камаз-дың өзі батпаққа тұрып қалады. Қыста қар жапалақтап, жел үп етсе, жүре алмаймыз. Боранды күндері 3-4 тәулік жолдың аршылмай жататыны бар. Шұғыл шаруа болса көбі тракторға отырып жетеді. Осының барлығы ауылда адамдардың көп тұрақтамайтынына себеп», деді Ерғанат. Топырағы құнарлы жер екендігі, жолай кездескен атыраптың барлығы егістікке пайдаланылатыны кө­рініп тұр. Тереңкөлдегі ірі астық өсіру­ші, «Покровка» ЖШС басшысы Виктор Деккер ауыл айналасындағы танап­тардың барлығын иеленіп алыпты. Ара-арасында шоқ болып өскен қайың тоғайлары болмаса, бұл өлкеге табан тіреген жан сары даладан зерігіп кететіндей-ақ.

* * *

Тегістікке жеткенде сұрқы қашқан жа­быраңқы ауылдың келбеті айқын­да­лып сала берді. Кіргеннен бірінен соң бірі қаңырап, бұзыла бастаған саман үйлер, төбесі опырылып түскен қоралар ана­дайдан көзге түседі. Ауылда небәрі 12 отбасы, жалпы саны 31 адам ғана қа­лыпты.

Ауылдан бала күлкісін ести алмадық. Осыдан 4-5 жыл бұрын орта мектеп жа­был­ғалы баласы барлардың бар­лығы округ орталығына көшіп кеткен. Қазір мұнда тұрып жатқандардың ең жасы 53-те. Атақоныстарынан ажырамай­мыз деп отырғандардың барлығы зей­нет алдындағы немесе қарттық кезең­ге мойынсұнған жандар. Осы ауыл­дың тумасы, кезінде мектепте мұ­ға­лім болған Қайрат Алтаев 2000-жылдардың басында білім ошағында 100-ден астам бала, 27 мұғалім болғанын ай­тып еді. Қазір оқу орнының есігі жа­бық, ауласындағы ойын құралдары қирап, қоршауы құлап, қаңырап тұр. Оған қарама-қарсы тұстағы мәдениет үйінің есігі де құлыптаулы. Осынау сұ­рық­сыз көрініс жүрегімізге қанжардай қа­далды. Кезінде айрандай ұйыған қа­зақ ауылының осыншама бейшара күйге түсіп, келешегі жоқ деп танылып отырғаны ауыр ойға қалдырады.

– Жасым 60-та, жалғыз тұрамын. Ауыл­да жұмыс деген атымен жоқ. Бәрі­міз­дің күніміз малға қарап отырған жайы бар, қарағым. 20-ға жуық ірі қара, 5-6 жылқым бар. Биыл шөп шауып, тасып жеткізуге 300 мың теңгедей қаражат шығындадым. Мемлекеттен бір тиын да көмек алмаймыз, тіпті трактор отынына да жәрдем жоқ. Бар күнкөрісіміз күзде мал тапсырып, содан түскен ақшаға жыл бойына өмір сүруге мәжбүр боламыз. Етті ауданға немесе қалаға апаратындай жағдай жоқ, алыпсатарлар килосын 1700 теңгеден алып кетеді. Әрине арзанға беріп жатқанымызға ішіміз удай ашиды, басқа амалымыз болмаған соң қайтеміз. Кезінде Кеңес өкіметі тұсында ет да­­йындау пункттері болған еді. Соны қайта жаңғыртып, ақ адал еңбегімізбен өсірген түлігімізді лайықты бағаға сатып алса екен деген тілегіміз бар. Жолдың жағ­дайын өздерің байқаған боларсыңдар, қиыр­шық тас төсеп беріңдер деген өті­ні­шімізді ешкім құлаққа ілмейді. Абырой болғанда былтыр КБМ құрып, ауызсудың литрін 2 теңгеден сатып алып ішеміз. Ауыл маңында табиғи су көзі болмағандықтан мал суаруға артезианды пайдаланамыз. Оның сорғышы да уақыт сайын істен шығып, ауыл адамдарына ақша қосып сатып алуға тура келеді. Елді мекенде дәрігер де жоқ, ауырсақ Трофимовкаға баруға тура келеді. Қыста жол жабылғанда қиын, – деп мұңын шақ­ты ауыл тұрғыны Ернар Жұмадіров.

Ауылдағы ақсақалдардың үлкені Қимамиден Қаппасовтың үйіне арнайы барып, сәлем бердік. Жасы 83-ке келген қария тың көрінеді, елдегі жаңалықтарды қалт жібермей қарап отыратынын, газет-журналды жаздырып оқитынын айтты. Жүзі жайдары қария кезінде Тегістікке жақын жерде Сталин колхозы болғанын, сонда туып, 1958 жылы осы елді мекенге табан тірегенін жеткізді.

р

– Жаңылмасам ауылда Кеңес өкі­ме­ті жылдары бірнеше мың адам тұр­ды. Те­гіс­тік атауы бұл жерге ел қон­ға­лы ата­­лып келеді. Байқап отырған бо­лар­сың­дар, ауылда бала жоқ. Балалы түтін­дер, жастар қалаға жайлы тұрмыс іздеп қоныс аударды. Тәуелсіздіктен кейін құрылған біраз шаруа қожалығы бар еді, олардың барлығы тарап тынды. Айналамыздың барлығын Деккер деген азамат иеленіп, егінін салып отыр. Алайда одан ауылға келген игілік жоқ. Өзімнің алты балам бар, бесеуі аудан мен облыс орталықтарында қызмет істеп жатыр. Балаларым үнемі болысып, отын-суымды қамдап береді. Осы үйдегі тір­лік­тің барлығы қолымдағы ұлдың мой­нында, – деп баяндады Қимамиден қарт.

Ауылда дүкен болмаған соң, азық-түлікті жұрт Трофимовкадан, болмаса аудан орталығынан тасып әкеледі екен. Ол үшін такси жалдауға мәжбүр. Себебі Тегістікке жүретін автобус та жоқ. Тереңкөл мен округ орталығын жал­ғайтын автобус мұнда мүлде кел­мей­ді, тіпті жол машақатын жақсы біле­тін ауданның такси жүргізушілері де аттап басқысы жоқ. Қас қылғанда жуықта Трофимовкада «Қазпошта» бө­лім­шесі жабылып қалған. Енді ауыл тұрғындары электр жарығы мен телефон байланысының төлемақысын төлеу үшін 120 шақырым жердегі ауданға сабылып жүрміз дейді. Бұрын газет-журнал аптасына бір мәрте келіп тұрса, енді ол да жоқ. Сондықтан ауыл жұрты бар ақпаратты теледидардан ғана көреді. Ұялы телефон байланысы ауылдың бір­неше жерінде ғана ұстайды, оның өзі нашар. Ал мобильді интернет деген мұндағылар үшін беймәлім дүние.

Тыл ардагері Мәнзура Қасым­жа­но­ваның үйіне де бардық. Кейуана 93-ке келіпті. Анамның құлағында мүкісі бар деген ұлы, осы ауылдың имамы Ерболат әңгіменің тиегін өзі ағытты. Ал­пысты алқымдап қалған азамат әкесі Балташ Қасымжанов соғыс ардагері болғанын, Беларусь, Прибалтика майдандарында танк жүргізушісі болып жау­ды талқандағанын мақтанышпен баяндады. Бірде қазақ танкисі фашистердің 1 танк, 2 автокөлік, 30 офицер мен жауын­герлерінің көзін жойып, бұл ер­лігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталыпты. Қырғыннан елге аман оралған майдангер 2000 жылы 80-ге келіп қайтқан. Мәнзура әжей соғыс уақытында тылда көппен еңбек еткен. Қазір екі ұлы анасын бағып-қағып отыр.

«Ауылдың болашағы не болады?» деп сұрағанымызда тұрғындар бұған онша-мұнша бас қатырмайтынын, егде тартқан жандарға күнделікті қоңыр тіршіліктен басқа еш нәрсе қажет емес екенін ұғындық. Қамықтық. Себебі жылдар бойғы оқшау тірлік жергілікті жұртты бұйығы өмірге қамап қойған. Мұнда бұрыннан тұрып жатқан зейнеткер Гүлнәр Әлмұханова елде қалып қойған қарттардың барлығы балаларын ауданға, болмаса қалаға жібергенін, жастар үшін ауыл ит байласа тұрғысыз жерге ай­налғанын жеткізді. Не жұмыс, не әлеу­меттік мекемелер болмаған соң мұнда келіп тұруға ешкімнің жү­ре­гі да­уала­майды. Ал жуықта осы елді ме­кен­­нен Трофимовкаға қоныс аудар­ған Мұхаметбәри Әубәкіров қолында мүгедек қарындасы барын, өзінің алатын зейнетақысы 60 мың теңгеден аспайтынын айтып, әкімдік аудан орталығынан үй алып бермей отырғанына шағымданды. Округ орталығынан берілген ескі үйдің тоз-тозы шыққан. Қазір жөндеу жүргізіп жатырмын дейді.

* * *

Тегістіктің түлегі, облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров тектілердің ізі қалған қасиетті мекен әлі де бұрынғы қалпына келіп, гүлденеріне имандай сеніп отыр. Бұл өлке - тарихи оқиғалар мен тұлғалардың жері. Атақты Сейілдә қажы осы жерде бала оқытқан. Діни тұлға Уфадағы «Ғалия» медресесінен білім алып келгеннен кейін діни ағартушылық қызметке кіріседі. Ел арасынан шәкірт жинап, медресе ашқан. Одан кейін айналасына иманды әрі дәулетті адамдарды тартып, мешіт салды.

– Ел ішінде мынадай бір аңыз бар: Алла үйінің құрылысына біреулер ақшалай қолдау білдірсе, енді біреулер алтын білезігін, алқасын, сақинасын берген екен. Құрылысшылар мен ұсталар елдің көмегімен жиналған алтынды бал­қытып, одан мешіт күмбезінің басына орнататын айшығын жасайды. Сейілдә қажы қырық күн, қырық түн құран оқып, қырық бірінші күні әлгі айды мешіт күмбезіне орнатқан екен. Дәл сол күні күнбатыстан алапат өрт шығып, ауылға жақындайды. Қажы атамыз қолына Құранын алып оқып, Алла Тағаладан алапат өрттің басылуын тілеп жалбарынады. Құдайдың құдіретімен тілегі орындалып, ел-жұрт өрттен аман қалыпты. Содан кейін ел арасында «Сейілдәнің қырық бірі» деген сөз қал­ған. Алайда мешіт пен медресенің тағ­дыры көпке бармады, Кеңес билігі кезінде бұзылып, материалдарын мектеп салуға пайдаланған екен. Сол тұс­та күмбездегі алтын ай жоғалып кет­кен. Алтын айшық – маңайдағы ел­дің құты, жәдігер табылса өңірдің де бере­кесі кіреді дейді қариялар. Тағы бір қызық мәлімет, кеңестің жер барлау жұмыстарын жүргізетін ұшақтары Павлодар облысы аумағындағы екі нүктенің үстіне келген кезде радарлары өшіп қалып отырған. Оның бірі – Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп кесенесі болса, екіншісі – осы Сейілдә қажының жатқан жері. Міне, атамыздың ерекше қасиетті адам екенінің бір дәлелі осы,-дейді Ербол Мәтіұлы.

Тегістіктің жұрты аруағымен рухтанатын тағы бір тарихи тұлға – атақты Қошман батыр. Патшалы Ресейге қар­сылығын ашық білдірген, 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісте ел бірлігін сақ­тап, ауылдастарын талай қиындық пен аштықтан аман алып қалған дала ба­тырының зираты дәл шекараның тү­бінде жатыр. Одан соң осы жерде дүниеге келген, заманында Тереңкөл болысын басқарған, кейін Алаш қозғалысына қа­тысқан қоғам қайраткері Ілияс Жан­қа­ра­ның, Кеңес өкіметі ор­на­ғанға де­йін мектеп ашып, бала оқытқан ағайынды Жұмабаевтардың есімдері де соң­ғы уа­қыт­та көп аталмайды. Жұма­баев­тар елге алғаш өн­ді­ріс әкелген, ауыл­да май зауытын сал­ған белсенді тұл­ғалар болыпты. Кеңес Ода­ғы­ның Батыры Құдайберген Сұра­ға­нов та осы өңір­дің тумасы.

Тегістіктің тегін ауыл болмағанын кезінде қазақ өнерін жарып шыққан тұлғалардың мұнда ат ізін жиі салуынан аңғарсақ керек. Күш атасы Қажымұқан, әйгілі әнші-композиторлар Майра, Иса Байзақов, Құдайберген Әлсейітов, ақын Қабдыкәрім Ыдырысов шекарадағы ауыл­да қона жатып, ел-жұртты өнерімен сусындатқан. Ел үлкендерінің айтуынша, мұнда тіпті наурыз мейрамы 1986 жылдан тойлана бастаған. Сондай тектілердің аяғы тиген қасиетті топырақ бүгінде жүдеп-жадап, қамқорлық танытпасақ қаңырап қалғалы тұр.

р

* * *

Жоғарыда Тегістік Ресеймен шека­ра­ның дәл түбінде орналасқанын айттық. Бұл топырақтың құйқалы, жері шұрайлы екенін ескерсек орманды орыс елінен төнетін геосаяси қауіптің де бары рас. Енді бір 5-10 жылда мұнда адам қалмайтыны анық. Ауыл жойылса, онсыз да байтақ жерімізге көз алартып отырған алпауыт елдер егін егеміз деген желеумен Тегістікке қолқа салуы мүмкін дейді сырттағы жанашыр азаматтар. Сондықтан елді мекен айналасын жыртып, астық өсіріп отырған «Покровка» серіктестігіне аудан билігі міндет артуы керек деп есептейді.

– Жерді жалға алғандар ауылға жұ­мысшы күшін, әсіресе отбасылы жас­тар­ды көшіріп әкелгені дұрыс. Мұнда жұмыс орындары құрылса, жұрт ағылып қалаға көшпес еді. Бұған қоса кезінде 10 мыңның үстінде қой өсірген кеңшардың әлеуетін қайтару да артықтық етпес. Оған жайылым жер жетеді. Менің бала кезімде ауылда 286 үй бар еді, көшеге ойынға шыққанда әр үйден 4-5 бала төбе көрсететін. Қазіргі күні оңтүстіктен келіп жатқан отбасыларды, шетелден қоныс аударған қандастарымызды Тегіс­тік­ке апарып, алдына мал, бастарына үй берсе дейміз. Қаңырап тұрған баспаналарды жөндесе, әлі де біраз уақытқа шыдайды. Бір-екі жылда жерсініп, өздері-ақ тұрып кетер еді, – дейді Ербол Қайыров.

Округ орталығындағы орта мектептің мұғалімі Берік Әбідрахман да туған ауылын түлетуді армандап жүрген азаматтың бірі. Беріктің 2017 жылы Астанада өткен ЭКСПО көрмесіне Тегістіктен велосипедпен барып қайтқаны есімізде. Қазір Трофимовкада отбасымен тұрып жатқан ол ауылда мектеп ашылса елдің алды болып барар едім дейді. Негізі туған ауылындағы білім ошағының ғимараты қай кезде ашса да сақадай сай тұр. Мектеп жабылар алдында жанында жаңадан қазандық та салынып берілген екен. Ол да бүгінде қаңтарулы. Беріктің ойынша, аудан басшылығы ғимаратты мектеп лагеріне айналдырса болар еді. Жақын жылдары өңірге бәрібір бір лагерь салуға тура келеді. Ендеше, дайын тұрған ғимаратты пайдаланса болмас па?! Лагерь ашылса, ауылда жұмыс орын­дары ашылып, одан соң жол да түзе­лер еді. Осылайша, елді мекеннің тамырына біртіндеп қан жүгірер еді.

Өкінішке қарай, аудан басшысы Азамат Маңғұтов қазіргі уақытта Тегістікке қатысты еш даму жоспары жоқ екенін хабарлады. Ауылдағы жұрттың қазіргі уайымы Сейілдә қажының басына кесене тұрғызу дейді ол. Бірақ Жаңақұрылыс округінде қалталы бола тұра, көмек қолын ұсынып отырғандар өте аз. Жергілікті «Покровка» ЖШС, Фру­ментьевкадағы «Писегов» ШҚ, Бере­говойдағы «Щербак» ШҚ және басқа да өзге ұлт өкілдері басқарып отырған шаруашылықтар аудандағы «Рухани жаңғыру» қорына көмек көр­се­туде өте белсенді көрінеді. Сол қара­­жатқа қажының басына құрылыс жүр­гізілмек.

Тегістікке қатысты пәлен деп айту қиын дейді әкім. Себебі ол жерде не жұмыс, не тұратын дені дұрыс үй бол­ма­ған соң оңтүстіктен келіп жат­қан­дар да барғысы келмейді. Әуелі баспана салып бастаған жөн болар. Бірақ ауданда ондай жоспар әзірше жоқ. Қазір Береговой мен Фрументьевка ауылдарына қоныс аударып келіп жатқандар көп. Алдағы уақытта ол жерлерде жаңадан үйлер тұр­ғызылуы мүмкін. Ал Тегістіктің мәселе­сін облыс, республика көлемінде шешпесе, аудан билігі шешуге қауқары жоқ екен­дігін кесіп айтты.

Осылайша, көз алдымызда тағы бір қазақ ауылының шоғы өшіп барады. Шекара шебіндегі мекенді сақтап қалу­ға мүдделі азаматтардың мақсаты жоғары болғанымен, қолдарында қаржысы жоқ. Тегістік қайта жаңғыра ма? Ол – уақыт таразысындағы мәселе.

 

Павлодар облысы,

Тереңкөл ауданы,

Тегістік ауылы